Біздің тағамдарымыздың көбі біз бас тарта алмайтындай етіп жасалады. Сарапшылар бұл тенденцияның денсаулыққа тигізер ұзақ мерзімді салдары бар екенін айтады.
Тәуелділік туралы айтқанда, әдетте біз шылым мен ішімдік туралы ғана ойланамыз. Бірақ ересектердің 14 пайызы мен балалардың 12 пайызына әсер етіп жатқан тағы бір тәуелділік бар: тамаққа тәуелділік.
Бізді еліктіріп тұратын майлы, қантты тағамдардан аулақ жүру әсте мүмкін емес, әсіресе мереке күндері. Сарапшылар бұл жай ғана сезім күйі еместігін айтады: кейінгі жарты ғасырдағы азық-түлік тенденциясына сай, америкалық ересектер тұтынатын тағамның жартысынан көбі ағзадағы май мен қант сенсорларына әсер етіп, дофамин бөлу үшін шектен тыс өңделген тағамдар.
Осы өңделген азық-түлік өнімдері біздің көбірек тұтынуымыз үшін биологиямызды өзімізге қарсы пайдаланып отыр. Мичиган университетінің психология кафедрасының доценті және 2022 жылдың наурыз айында тағамға тәуелділіктің таралуының соңғы көрсеткіштерін бағалаған зерттеу тобының мүшесі Әшли Гирхардт: «Біз қант пен май да адамды алкоголь мен темекі секілді өлтіретінін, алдын алуға болатын өлімге әкелетінін түсіне бермейміз», – дейді.
Сарапшылар тамаққа тәуелділік туралы білетінімізді қайта қарап, оны ауыздықтау және өмірді сақтау үшін не істей алатынымыз туралы жаңа мәселе көтеріп отыр.
Тамақ біздің миымызға қалай әсер етеді?
Азық-түлік біздің миымызға әртүрлі күрделі жолдармен әсер етеді. Мидың тамаққа ең маңызды реакцияларының бірі – нейротрансмиттердің, дофаминнің бөлінуі. Көпшілік ойлайтындай, дофамин рақаттану сезімін арттырмайды. Ол бізге аман қалу үшін қажетті нәрселерді, мысалы құнарлы тамақ жеу және ұрпақ көбейту сияқты әрекеттерді қайталауға итермелейді. Дофамин неғұрлым көп бөлінсе, соғұрлым сол әрекетті қайталау ықтималдығымыз жоғары.
Біз май мен қант жеген кезде ауыздағы сенсорлар мидың қозғалыс пен марапатқа (қолпаштау) байланысты бөлігі – стриатумға дофамин бөлу туралы хабар жібереді. Бірақ бұл ауызша сенсорлық процесс оқиғаның бір бөлігі ғана», – дейді Вирджиния технология институтының Фралин биомедициналық зерттеу институтының ассистенті Александра ДиФелисеантонио. Оның айтуынша, ішекте де май мен қантты тіркейтін, миға дофамин бөлуге сигнал беретін екінші сенсор бар.
Зерттеушілер қант ішке түскеннен кейін қалай ішектен миға сигнал берілетінін әлі де анықтап жатқанымен, майдың ішектен миға сигнал беру жолы жақсы зерттелген. Май ішектің жоғарғы бқлігіне түскен кезде хабарлама кезеген жүйке (ас қорыту және тыныс алу сияқты бірнеше бейсаналық функцияларды басқарады) арқылы артқы миға, одан соң стратиумға жеткізіледі.
Май мен қантқа бай тағамдар стриатумдағы дофаминді қалыпты деңгейден 200 пайызға арттыруы мүмкін. Бұл АҚШ-тағы ең көп таралған екі тәуелділік – никотин мен алкогольдің әсеріне жақын. Басқа зерттеуде қант дофаминді 135-140 пайызға көтереді деп көрсетсе, тағы бір зерттеуде май оны 160 пайызға арттыратыны айтылады. Ал есірткілер мүлдем басқаша – кокаин қалыпты дофамин деңгейін үш есеге, ал метамфетамин 10 есеге дейін көбейте алады.
Біз жейтін тағам қалай өзгерді?
Азық-түліктің миымызға қалай әсер ететіні туралы көбірек білген сайын, ол біз бас тарта алмайтындай етіп жасала бастады. Біздің ағзамыз май мен қант сияқты белгілі бір қоректік заттар шоғыры жоғары әрі қоректік заттардың бұрынғыдан көп қосындысы бар тағамдарға толы. Олар адамның сенсорлық қасиеттеріне әсер ететіндей болып дайындалады, мысалы, түрі тартымды балмұздақты жеу адамның тамақтан ләззаттануын арттырады.
Бұрын адамдар тағамды қоспасыз азық-түліктерден дайындады: мысалы, бәліштер ұн мен майдан жасалатын. Өнеркәсіптік өңделген тағамдар, керісінше крахмал, сутектендірілген майлар сияқты тағамдардан алынған заттардан тұрады. Жасанды хош иістендіргіштер, эмульгаторлар (май мен суды бірге сақтайтын) және тұрақтандырғыштар (тағамның құрылымын сақтайтын) секілді қоспалар тағамды тартымды етеді, бірақ сайып келгенде, өзімізге зиян келтіреді.
ДиФелисеантонио сияқты сарапшылар біз асыра өңделген тағамдар мен қоспасыз жасалған тағамдарды ажырата алуымыз керек деп санайды. Бұл айырмашылықтарды білу – тамақтанудан туындайтын денсаулық мәселелерін болдырмаудың алғашқы қадамы.
«Біз көпке дейін торт, піспенан, пицца секілді тағамдарды өзіміз жасап жеп келдік. Бірақ ультра өңделген тағам өндірісі гүлденген 1980 жылдарда ғана біз тамақтану салтына (әдетіне) байланысты туындайтын өлім мен аурудың өсуін байқадық», – дейді ДиФелисеантонио.
Асыра өңделген тағамдар клиникалық тәуелділік тудыруы мүмкін, дейді Гирхардт пен ДиФелисеантонио. Жылдамдық гипотезасына сәйкес, бір нәрсе сіздің миыңызға неғұрлым тез әсер етсе, сол зат соғұрлым тәуелділік тудырады. Көптеген өңделген тағам дофамин бөлінісін жылдамдату үшін ерте қорытыла бастайды.
Сонымен қатар әлеуметтік және психологияық факторларды ескермеу мүмкін емес. Өңделген азық-түлік әуелден қолжетімді болды әрі агрессивті түрде жарнамаланды. Бұл өңделген тағамдардың пайдалы емес екенін біле тұра, одан бас тарта алмайтын буын қалыптастастырды.
«Айналамыз осы тағамдарды еске салатын белгілерге толы», – дейді Гирхардт. – Фаст-фуд белгісін не сауда автоматын көргенде оның адамға әсерінің күштілігі сол, аш болмасаңыз да, тіпті қант диабетімен ауыратын болсаңыз да, зиянын біле тұра, сол өңделген тағамдарды алғыңыз келуі мүмкін. Олар барлық жерде бар: біз таңғы жиналыста ойық тоқаштан, түнде пицца жарнамасынан үнемі қашуға тырысамыз».
Бұрынғы тұжырымдар ескірді
Кейінгі жылдары сарапшылар тағамға тәуелділік туралы жаңа мәселелерді көтере бастады, өйткені бұрын айтылған тұжырымдар қате болып шықты.
Мәселен, еті үйрену пен бас тартудың салдарын алайық. Олар бір кездері тәуелділіктің негізгі элементтері болып саналды. Бұрын тағамға тәуелді адамдар бір нәрсені тұтынуды азайтқанда не тоқтатқанда пайда болатын жағымсыз физикалық және психикалық салдарларды (мазасыздық, жүрек айнуы және бас ауруы) болдырмау үшін өздерін мәжбүрлеп жей береді деп есептелген.
«Негізі олай емес, –дейді ДиФелисеантонио. – Көптеген теория нашақорлықтың әдеттену немесе қатты құмартумен байланысты екенін көрсетеді. Есірткі тұтынуды жалғастыра беруге ықпал ететін нәрсе – осы».
Еті үйрену – затты тұтына берудің салдары. Адамның бір затқа ағзасы үйренген сайын, бұрынғыдай әсер алу үшін көбірек мөлшерде тұтынуы керек. Тамақтану жағдайында дофамин тапшылығы гипотезасы «егер біз бірдеңе жеп, одан жеткілікті ләззат алмасақ, өзімізді жақсы сезінгенше жей береміз» деп болжайды.
«Мен бұл гипотезамен келіспеймін, өйткені біз не істесек те дофамин бөлінеді. Брокколи жесек те дофамин бөлінеді, себебі ол ішекке қоректік заттар жеткізеді. – дейді ДиФелисеантонио. – Бірақ адам брокколи жеу секілді өзі қатты жақсы көрмейтін нәрселерді көбірек дофамин алу үшін ғана жиі істей бермейді ғой». Оның айтуынша, дофамин марапатын алу үшін қандай да бір шек жоқ.
Зерттеулер дамыған сайын, ғалымдар ағзамыз тағамға қалай тәуелді болатынына қатысты жауаптардан гөрі сұрақтарды көбірек қоюда. Біз дофамин барлық сұраққа жауап бермейтінін білеміз, өйткені тағамнан ләззат алуды күшейтетін ол емес. Зерттеушілер себеп болуы мүмкін басқа дәлелдерді тапты: 2012 жылғы зерттеу тамақ жеу рахаттануды арттыратын опиоидты рецепторларды ынталандыратынын көрсетті. Бірақ ғалымдардың бұл процес туралы білетіні өте аз, өйткені тірі ағзадағы опиоидтардың деңгейін өлшеу қиын.
Кейбір сарапшылар тағамды ұнату/ұнатпау мәселесінде ішектің жоғарғы бөлігіндегі сенсор рөл атқаруы мүмкін деп күдіктенеді. Басқалары бар гәп дене температурасынан бастап, аштық сезіміне дейінгінің бәрін реттейтін мидың маңызды бөлігі – гипоталамуста ма деп болжайды.
Зерттеушілер сонымен қатар қоректік заттардың қандай комбинациялары дофамин деңгейіне әсер ететінін білгісі келеді. Адамдарды зерттеу, өкінішке қарай, қымбат сканерлеуді және сәуле алуды қажет етеді. «Сіз бір адамды әртүрлі дәммен, комбинациялармен және заттармен 20 рет сканерлей алмайсыз, сондықтан біздің мүмкіндіктеріміз шектеулі», – дейді ДиФелисеантонио.
Гирхардт мұның шешімі анық, бірақ оңай еместігін айтады. Темекі шегуді шектеу үшін бағасын қымбаттату және кеңінен сатылымын тежеу сияқты негізгі әлеуметтік өзгерістерді негізге ала отырып, тәуелділік тудыратын тағамдарға да соны қолдануымызға болады.
Тамаққа тәуелділікпен күресудің басқа жолдары да бар. «Тәуелді ететін тағамдардан бас тарта алмағаныңыз үшін өзіңізді жек көрмеңіз, өйткені бұл оңай емес. Біздің биологиямызды өзімізге қарсы пайдаланып жатыр, – дейді Гирхардт. – Бұл тағамдарға аңсарыңыздың ауатынына не себеп? Соны анықтауға тырысыңыз. Мүмкін, ол белгілі бір эмоциямен, тіпті орын немесе тәулік мезгілімен байланысты шығар. Осыны түсінгеніңіз абзал. Бұл сіздің әлсіздік танытатын тұста оны еңсерудің балама амалдарын жасауға не стратегиясын құруға дайын болуыңыз үшін қажет».
Автор: Әлли Яң