Қапамсай – мың бояулы Маңғыстаудың төсінде орналасқан, күнгейден теріскейге қарай 4 шақырымға созылып жатқан шұрайлы шатқал. Оның ақ, ақшыл, сары түсті бор қабырғаларының биіктігі 70 метрге дейін жетеді. Солтүстік шығысында теңіз деңгейінен 200 метрде орналасқан Қапам тауы бар.
Ғалымдар осы сай арасындағы геологиялық іздерге қарап, бұрын осы жерде жіңішке, бірақ терең бұлақ ағып жатқан деп тұжырымдайды. Жансыз жартастардың түбінде жайқала өскен жасыл тіршілік соның айғағы сынды. Бүгінде бұл тоғай жаңбыр суынан нәр алып, бір қарағанда қу медиен болын көрінетін сайға көрік беріп тұр. Тұт ағашы мен долана кең таралған.
Табиғаттың шеберлігі сол, мұндағы жартастарда ұдайы жел мен жаңбыр суының әсерінен қуыстар пайда болған. Тіпті арнайы үңгілген үңгірлер сияқтанады. Төбесі бітеу болғандықтан, жартас түбіне күн түспейді, сәйкесінше мұнда үнемі қоңыр салқын болып тұрады.
Үңгірлерде ерте замандарда адамдар өмір сүрген деген тұжырым бар. Сондай-ақ мұнда шақпақ тастан, кремнийден құрал-саймандар жасайтын шеберханалар болған. Қазір де саяхатшылар тек әшекей ретінде ғана емес, ауыз суды тазарту үшін де пайдалануға болатын кремний тастарын жинағанды ұнатады.
Үңгірлерден бөлек, жартаста 3 метр биіктікте ойып жасалған шағын үңгір-үй бар. Оның ішкі қабырғасында адам бойынан аласа, ені 1 метрдей болатын кішкентай қуыстар ойылған. Мұны кім, не мақсатпен жасағаны, мұнда кім тұрғаны бізге белгілі емес. Алайда осы тұрғынжайдың іші қазір асүй жабдықтары қойылып, еденге алашалар да төселіп, тірлікке қолайлы етіп жасақталған.
Шатқал жартастарының жоғарғы жағына әртүрлі құстар ұя салған. Ал сай түбінде қазылған шағын індерден аяқ алып жүре алмайсыз. Мұнда мекендейтін кеміргіштер мен кесірткелер – жыртқыш құстардың негізгі қорегі. Бір кездері бұл сайда үстірт арқарлары өріп жүрген деседі, алайда қазір ірі жануарлардан тек аңғарда жайылып жүрген жылқы, түйе секілді үй малдарын кездестіруге болады.
Ел арасында таралған аңызға сүйенсек, бұл жер Қапам атаның құрметіне аталған. Ол осы жерде өмір сүрген, ал шатқал төбесіндегі үйілген көп тасты жергілікті жұрт Қапам әулиенің бейіті дейді. Аңыздарда ол кісі өкшесі жерге тиіп тұрса, қылыш өтпейтін, оқ дарымайтын, шоқпар батпайтын құдіретке ие болған деп сипатталады. Ал өкшесі жерден көтерілсе, кәдімгі пендеге айналатын көрінеді. Бұл құпияны әйелі қаскөйлерге ашып қойып, олар әулиенің намаз оқығанда маңдайы сәждеге тиетін сәтін аңдып тұрып, басын шапқан екен. Бірден өлмей, жартас ернеуіне таяп барып жығылған Қапам ата сол жерге жерленеді. Басы тұйық аңғар содан бері Қапамсай аталған деседі.
Ақтау қаласынан шамамен 135 шақырымда орналасқан бұл шатқалға жету аса қиын емес, жол талғамайтын көлікпен, жергілікті гидті ерте келсеңіз, мекеннің сұлулығы мен сырына қаныға түсеріңіз анық. Жол-жөнекей осы өңірдің өзге де көрнекті орындарына соғып кетуге болады. Мысалы, шатқалдан солтүстік-шығысқа қарай 7,5 шақырым қашықтықта «Шақпақ ата» жерасты мешіті мен қорымы, 30 шақырым жерде шар тәрізді конкрециялар алқабы – Торыш орналасқан.
Сай үстінен көкжиекке көз салсаңыз, Каспий теңізін де көруге болады.