12Қыр

Ыстық жаз. Экстремалды ауа райы алдағы оқиғалардың хабаршысы

Жер тарихтағы ең ыстық жазды өткерді. Ғалымдардың айтуынша, бұл ауытқу емес, бұл – климаттың өзгеруі үдеген сайын біз көретін апаттардың басы ғана.

Тік ұшақ Калифорния штатындағы Риверсайд аймағында шілде айында шыққан орман өртіне су шашып жатыр. Ғалымдардың айтуынша орман өрті, аптап ыстық, су тасқыны және т.б экологиялық апаттар климат өзгерісі үдеген сайын ушыға бермек. 
ФОТО: АЛЛЕН Дж. ШАБЕН, LOS ANGELES TIMES/GETTY IMAGES

2023 жылдың жартысынан астамы Солтүстік жарты шарды естен тандырған  апатты жыл ретінде есте қалуы мүмкін. 

Жаз айлары бірқатар экстремалды ауа райын ала келді: Бүкіл Канадада орман өрті  өршіді. Вермонтты су тасқыны басты. Атлантикада –  әдеттегіден ерте басталған ерекше дауыл маусымы.  Гауаийдың Мауи аралындағы өрт аптап ыстық пен циклондық желдің күшімен тарихи қаладан іс жүзінде түк қалдырмады (Қазақстанда да биыл орман, дала өрті өршігені белгілі – ред).

Еуропалық одақтың  «Коперник» климат өзгерісі қызметінің мәліметі бойынша, маусымнан тамызға дейінгі үш айлық кезең Солтүстік жарты шар үшін бұрын-соңды болмаған ең жылы жаз ретінде есте қалды. Осы жаздағы температура 1991-2020 жылдар арасындағы орташа көрсеткіштен 1.2°F (17,1°цельсий бойынша) жоғары және бұрынғы рекордтан 0,5°-қа жоғары.  

Central Celimete коммерциялық емес ұйымының жаңа талдауы осы температура мен климат өзгерісін тікелей байланыстыра отырып, маусым мен тамыз аралығында 3,9 млрд адам климат өзгерісі салдарынан 30 не одан да көп (температура кемінде үш рет көтерілген) ыстық күнді бастан өткергенін айтады.  

 «Соңғы үш айда іс жүзінде ешкім де  жаһандық жылымықтың әсерінен қашып құтылған жоқ, – деп мәлімдеді баспасөз хабарламасында Climate Central ұйымының ғылым жөніндегі вице-президенті Эндрю Першиң. – Біз талдау жасай алған әрбір елде, тіпті осы кез жылдың ең суық мезгілі саналатын Оңтүстік жарты шарды қоса алғанда, болуы қиын, кей жағдайда тіпті мүмкін болмайтын температураларды байқадық.  Мұның бәрі адам іс-әрекеті тудырған климат өзгерісінің әсерінен. Көміртегімен ластану – осы маусымдағы рекордтық ыстықтың айқын себебі».

Климаттық байланыс

Климаттың өзгеруі мен осы жаздағы экстремалды ауа райының арасынан байланыс табу қиын. Бірақ бұл іс қолынан келетініне кейбір ғалымдардың сенімі күшейіп келеді.

Climate Central қорытындыларын жариялау үшін БАҚ-қа арналған брифингте сөйлеген Лондон имперлік колледжінің физигі Фредерик Отто АҚШ-тың көп бөлігін түтінге ораған Квебектегі орман өрттері климаттың антропогендік әсерден өзгеруі салдарынан шамамен 50 пайызға қарқындырақ болғанын мәлімдеді. Ал өрт шығуына ықпал еткен ауа райы жағдайларының ықтималдығы климаттың жылынуы себебінен кемінде екі есе артқан.  

Бірақ World Weather Attribution бастамасының тең  құрылтайшысы Отто экстремалды ауа райы құбылыстарының тууына қатысатын құрамдауыштардың көптігіне байланысты сандық бағалаулар әртүрлі әдістер мен модельдер арасында айтарлықтай әрқилы екенін мойындайды. 

Дәл осы себепке орай кейбір ғалымдар климаттың өзгеруі биылғы экстремалды ауа райына қалай әкелгені туралы жалпылама терминдермен айтқанды жөн көреді.

«Қазба отындардан шығатын көмірқышқыл газымен ластану салдарынан антропогендік жылыну болмағанда, біз өткен жазда бұрын-соңды кездеспеген экстремалды ауа райы құбылыстарына куә болмас едік деп, үлкен сеніммен айта аламыз», – дейді Пенсильвания ғылым, орнықты даму және медиа орталығының директоры Майкл Ман.

Бірақ ол нақты оқиғаларды климаттың өзгеруімен байланыстыруға тырысатын талдаулар кейде жылымықтың ауа райының кеңірек, ұзақ мерзімді шарттарына қалай ықпал ететіндігінің әлдеқайда ауқымды көріністерін жіберіп алуы мүмкін деп санайды. Мысалы, жылымық реактивті ағындарға, солтүстік жарты шарды қоршап тұрған батыс желдерінің жолына ықпал етуі мүмкін.

Кейбір зерттеушілер Арктиканың жылынуы реактивті ағынды әлсіретіп, тропиктік аймақтардан келетін ыстық ауаның солтүстікке өтуіне және жылу толқындарының ұзаруына, орман өрттерінің өршуіне және Арктиканың еруіне ықпал етеді деп алаңдайды.

Ман дәл осы себепті (оның климат өзгерісі туралы соңғы кітабы айдың соңында жарық көреді):  «Мен осы оқиғалардың барлығына қатысты негізгі процестерге климаттың өзгеруі қалай әсер ететіні туралы жиі айтуды жөн көремін. Бір нәрсе айқын, мейлінше ыстық планетада жылу толқындары жиі әрі қарқынды болады, бірақ ыстық құрлықтар жазда буланудан көп ылғал жоғалтады», – деп түсіндіреді.  

Ман қарапайым жылу толқыны сияқты көрінген нәрсе тұтас аппаттар тізбегін тудыруы мүмкін. Құрғақшылықтың күшеюі одан да жойқын орман өрттеріне әкеледі. Ал жылы атмосфера су буын көбірек ұстай алады, сондықтан жаңбыр жауа қалса, ол мейлінше күшті болып, су тасқынына әкелу ықтималдығы да артады.

Америка университетінің Қоршаған орта туралы ғылым факультетінің қызметкері Стивен МакЭвойдың айтуынша, ауа райының болашағын түсінудің кілті «экстремалды және тұрақсыз оқиғалардың» көбеюін болжау болмақ.

 «Сіздің қазіргі жағдайыңыз міндетті түрде нашарламайды, – деп түсіндіреді ол. – Егер ол құрғақ болса, міндетті түрде одан сайын құрғамайды. Ал егер ол ылғалды болса, ол міндетті түрде бұдан әрі ылғалданбайды. Бірақ шыны керек, бұл өте оғаш жағдай. Менің айтайын дегенім, 2021 жылы Техас өзін қатырып тастайды деп күткен жоқ».

Жазғы ауа райын қайта бағамдау

Климат зерттеушілері өткен жаз ауытқулы жаз болмайтынымен келіседі. Бәлкім, келесі немесе оның арғы жылы осындай кең таралған экстремалды жағдайлармен бетпе-бет келмеспіз, бірақ бұл енді қайта-қайта болып тұрады.

«Экстремалды ауа райы жағдайларына келетін болсақ, бұған енді бой үйретуге тура келеді», – дейді МакЭвой. Бірақ оны 2023 жыл «жаңа қалыптылықтан» хабар береді деген ой қынжылтады.

 «Бұл тұжырымға қатысты түйткіл бар, – деп түсіндіреді ол. – Себебі қалыпты дегеніміз тұрақтылықты білдіреді. Ал біз жаңа қалыпта емеспіз, өйткені бәрі өзгеріп жатыр, әлі де өзгере береді».

Бұған Ман да келіседі.

«Мен кейде «жаңа ауытқу» терминін жөн көремін, бірақ бұл тұжырымның негізгі түйткілі – оның біз құдды бір жаңа климаттық жағдайға келгендей және оған қалай бейімделу керектігін анықтауымыз керек сияқты естілетіндігінде. Бірақ бұл одан әлдеқайда нашар. Біз планетаны жылытуды жалғастырған сайын, жағдай да нашарлаған үстіне нашарлай береді», – дейді ол.

Автор: Киран Малвэни