Алтайдан Атырауға дейінгі ұлы даламыздың ұлан-ғайыр төсінде бір уақыттарда жөңкіле көшкен ақбөкеннің сан мыңдаған үйірі өріп жүрді. Қазақ ежелден киік деп те атаған даланың осы бір кербез тағысы Мұз дәуірінен аман өтіп, бүгінгі заманымызға жеткенге дейін талай қырғынды бастан өткерді. Оның көпшілігінде табиғаттан емес, адамзаттан жапа шекті. 20-шы ғасырда аңшылық-шаруашылық мақсатпен ауланып, саны азайса, 90 жылдары браконьерліктің кесірінен қатты қырғынға ұшырады. Түрлі індеттер де оңай тиген жоқ. Сөйтіп популяцияларына жойылу қаупі төне бастады.
Мысалы, 2000 жылдар басында Жайық популяциясының саны 10 мыңға әрең жетсе, саны ең көп болған Бетпақдала популяциясы (1971 жылы миллион басқа дейін жеткен) 2015 жылы жаппай қырылып, 242,5 мыңнан 36,2 мыңға дейін азайып кетті. Ал Үстірт популяциясына жататын бөкендер саны 2015 жылы 1270-ке дейін азайды. Үш популяцияның да саны тек 2016 жылдан бері ғана қалпына келе бастады. 2022 жылы Жайық популяциясының саны 800 мыңнан асса, Бетпақдала бөкендері 490 мыңға таяды. Ал биыл көктемдегі әуеден санау нәтижесі бойынша елдегі барлық киік саны 1,9 миллионды құраған. Әлбетте көңіл қуантарлық бұл меже – үлкен жетістік. Бұған киікті атуға қатаң тыйым салып, қорғау және бақылау шараларын күшейткен Үкімет пен елдегі табиғат қорғау ұйымдарының, тұтастай қоғам өкілдерінің, ғалымдардың бірлескен күш-жігерінің арқасында қол жеткізілгені анық.
Осындай бірлескен күш-жігердің бір мысалы ретінде елімізде 2006 жылы іске қосылған «Алтын дала» бағдарламасын айтуға болады. Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы (АСБК) еліміздің Экология және табиғи ресурстар министрлігімен және халықаралық ұйымдармен бірлесіп жүзеге асырып жатқан бұл бағдарлама дала экожүйелері мен түздегі хайуанаттардың негізгі түрлерін зерттеуді көздейді. АСБК атқарушы директоры Вера Воронова осы жоба жөнінде былай дейді:
– Біз бағдарлама аясында ақбөкендерді спутниктік таңбалауды жүргізе бастадық. Яғни, иен даладағы жануарды ұстап, оған спутниктік таратқышы бар қарғыбау тағылады. Соның арқасында күн сайын жануардың қайда жүргені, қай жерлерде жайылғаны туралы мәліметтер ала аламыз. Осы орайда, бұл бағдарламаға 2017 жылы Каспий құбыр консорциумы (КҚК) үлкен қолдау көрсеткенін айта кеткен жөн. Аталған компания осындай спутниктік қарғының бірден 30 данасын сатып алуға қаржы бөлді. Нәтижесінде біз 2018 жылы киіктердің өрістері туралы, олар үшін маңызды орындар жайында көптеген мәлімет алдық. Сол деректерді ғылымға, табиғатты қорғау ісінде қолдандық.
Расында да, спутниктік қарғыбау ғалымдар үшін ғана емес, киік қорғау саласындағы қызметкерлер үшін де өте пайдалы болыпты. АСБК бұл деректерді «Охотзоопром» өндірістік бірлестігі» РМҚК-ге жіберіп отырған. Олар оны рейд жоспарлауға – ақбөкендер қайда жүр, қай маусымда қай жердің күзетін күшейткен дұрыс деген бағытта тиімді пайдаланып отырған.
Вера Воронованың айтуынша, Каспий құбыр консорциумы киікті қорғау мен зерттеу ісіне аса қажетті спутниктік қарғыбаумен ғана шектелмей, ұшқышсыз ұшатын аппарат сатып алуға да демеушілік көрсеткен. Ал 4 жарым сағатқа дейін ұша алатын мұндай аппараттың кермиықтай керіліп жатқан қазақ даласында жөңкіліп жүрген киікті санау, бақылау үшін таптырмас көмекші құрал екенін айтудың өзі артық.
Ұшқышсыз ұшу аппаратында камералар бар, соның көмегімен ландшафттарды түсіреді және сол арқылы қай жерде қандай жануарлар жүргенін көруге болады. Оның үстіне аппарат қашықтан басқарылып, бірнеше сағат ішінде мыңдаған кадр жинай алады. «Бұл түз тағыларын тікұшақпен жүріп санағаннан әлдеқайда арзан әрі тиімді», – дейді В. Воронова.
Киік саны күрт құлдыраудан кейін жылдам өседі
«Зоология институтының мамандары киік саны құлдыраудан кейін бірден жылдам өсетінін әуелден-ақ ескерткен. Талай рет осылай болған», – дейді осы институтың биоценология және аңшылықтану зертханасының меңгерушісі Константин Плахов. Оның айтуынша, киік санының күрт өсуіне дайындалу керек еді. Бұл жердегі бар айырмашылық сол, бұрын ең саны көбі негізінен Орталық Қазақстан аумағын мекендейтін Бетпақдала популяциясы болса, 2015 жылғы эпизоотиядан 200 мың бөкен қырылып қалғандықтан, басымдық Батыс Қазақстандағы Жайық популяциясына ауысты. Ал бұл популяцияның қазіргі саны бұрын-соңды тіркелген межеден әлдеқайда жоғары. Бұл да түрді сақтау, қорғау бойынша қабылданған іс-шаралардың оң нәтижесі екені күмәнсіз. Дегенмен, киік санының тез өсуі мемлекеттің, ғылыми ұйымдар мен қоғамның алдына кезек күттірмейтін шешімдер мен кешенді қадамдарды қажет ететін жаңа міндеттер қоятынын да ұмытпау керек.
Ғалым айтып отырған осы жылдам өсім, яғни қазіргі ақбөкен саны қоғамда екінші бір мәселені тудырды: киік егін салып, мал баққан шаруалардың мазасын кетіре бастады. Шаруалар былтырдан бері киік мал жайылымы мен шабындыққа ортақтасып, егінді таптап жатқанын, үлкен шығынға батқандарын айтып, дабыл қағуда. Осыған байланысты қоғамда киік санын қолдан реттеу мәселесі ортаға шықты. Негізгі ұсыныстардың бірі, әрине, белгілі бір мөлшерін (10%) атуға рұқсат беруге тіреледі. Алайда бұған қоғамда түбегейлі қарсылардың қарасы басым.
К.Плаховтың айтуынша, бұл бірі екінші тарапты естімейтін, тыңдағысы да келмейтін фермерлер мен экобелсенділер арасындағы дау емес. Іс жүзінде, қалыптасқан ахуалдың мемлекеттік шешімі ізделіп жатыр. «Бір ересек киік тәулігіне 7 кг-ға дейін азық жеп, 5 литрге жуық су ішетінін білген жөн. Яғни, Жайық популяциясындағы 1,13 млн киік оның көктемгі санын ғана ескергеннің өзінде, күн сайын 8000 тоннаға дейін азық не 6000 тоннаға жуық су тұтынады. Әлбетте, мұндай жағдайда тақырлану, суаттардан айырылу, эпизоотияның туындауы, малдың қырылуы секілді экологиялық қатерлер едәуір артады. Бұл киіктің ауыл шаруашылығы дақылдары егісі мен жайылымдарына да әсерін айтарлықтай күшейтеді. Демек, кешенді сипатқа ие түпкілікті іс-шаралар қажет. Мұндайда киік санын шектеудің негізгі амалы ретінде орнықты аңшылық кәсіпшілікті қайта қалпына келтірумен қатар, осы түр популяцияларын басқару қағидаттарын әзірлеу мен енгізу мәселесі де өзекті бола түседі», – дейді ғалым.
Жайықтан – Бетпақдалаға
Алмасбек Садырбай, ауылшаруашылық сарапшысы:
– Біздің пайымдауымызша, мәселені шешудің бірден-бір амалы – киікті көшіру. Неге? Біріншіден, билік киікті атуға рұқсат беру арқылы қоғам сыны мен наразылығына ұшырағысы келмейді. Ал мәселені жылы жауып қоюға Батыс Қазақстан облысындағы бұқара да, экологтер де, шаруалар да мүмкіндік бермейді. Өйткені киік көбейген сайын жергілікті халыққа, жергілікті экономикаға зиянын тигізіп жатыр.
Сондықтан біздің мынадай ұсынысымыз бар: Киікті Бетпақдалаға қарай көшіру. Бұл – қаржы жағынан да, ізгілік пен өркениеттілік тұрғысынан да оң шешім. Бұл іске тіпті Оралдан бастап, Семейге дейінгі кең далада орналасқан шаруалардың өзі көмектесуге дайын. Ең бастысы – биылғы күзден қалдырмау керек. Келер көктемде саны тағы көбейіп, эпизоотия, ветеринария бойынша мәселелер туындауы мүмкін.
Тағы бір тамаша ұсыныс – киік бағуды кәсіпке айналдыру. Осылай көшіріп қана қоймай, белгілі бір бөлігін сол өңірдегі шаруалардың қамқорлығына беру арқылы марал сияқты өсіріп, болашақта өндіріске пайдаланылатын ауылшаруашылығы жануары ретінде қарастыру керек. Әрине, бұл айтуға оңай болғанымен, ғылыми қолдауды қажет ететін күрделі шаруа. Жергілікті шаруалар, ауылдар киіктің көбеюінен өзіне де пайда келетінін түсінгенде ғана оған жанашыр бола алады. Бұл әлемде бар үрдіс.
10 пайызын алу мәселенің шешімі емес
Иә, киік санының 10 пайызын алуға (атуға) рұқсат беру мәселенің шешімі емес. Мұны В.Воронова да айтады. Мысалы, 2 млн киіктің 10 пайызы – 200 мың киіктің өзі көп. Оны шегеріп алатындай Қазақстанда физикалық тұрғыда ресурс жоқ. Екіншіден, етін өңдейтін мүмкіндік аз. Бүгінгі таңда ет комбинаттары мен зауыттар ақбөкен етін үлкен көлемде қабылдауға дайын емес, инфрақұрылымға инвестиция салу қажет. Сосын киікті атуға болатын мерзімді де ескеру керек. Ақбөкенді қыркүйек пен қазан айлары аралығында ғана атуға болады. Себебі оған дейін күн тым ыстық, ал қараша-желтоқсанда күйек басталып, буаз киіктер көктемде төлдейді. Тіпті, сол 10 пайызын атып алу да жалпы санының өсуін тоқтатпайды. Себебі Кеңес Одағында мұндай жағдай болған кезде осы тақырыпта зерттеулер жүргізіліп, баға берілген. Даладағы киіктің 10 пайызын алғанымен, саны бәрібір өсе береді. Оны тоқтату үшін ақбөкендердің жалпы санының 20 пайызын, ал саны төмендей бастауы үшін 30 пайызын алу керек болады.
«Қазақстан Үкіметі ақбөкендерді атып алуға рұқсат берген күннің өзінде оны «реттеу» деп атаудың қажеті жоқ. Бұл «жабайы жануарларды орнықты пайдалану» деп аталады. Алайда бұдан шаруа қожалықтарының мәселесі шешілмейді. Басқа жолдарын іздестіру керек. Яғни, егістіктерді қоршауға өтемақылар беру, қандай да бір субдсидия бөлу, сақтандыру жолдарын қарастырған дұрысырақ. Өйткені иен далада тұяқты жануарлардың көбейгені пайдалы. Экожүйеде қаншама тонна таза биомассаның пайда болғаны экожүйеге, жерге де тиімді. Егер далада тұяқты жануарлар жайылмаса, желінбеген артық шөп өрттің жиі шығуына әкеледі. Қазір бізде дала өрттері неге өте көп? Өйткені жабайы жануарлар мен мал саны аз», – дейді В.Воронова.
Киік пен шаруаның «қақтығысын» жұмсарту немесе болдырмаудың бұдан басқа да жолдарын ұсынушылар жоқ емес. Солардың ішіндегі ерекше бір ұсыныс – А.Садырбай айтқан (жоғарыда) киік саны көп өңірдегі ақбөкеннің бір бөлігін киік саны аз өңірге көшіру және киік шаруашылығын ұйымдастыру.
Қалай болғанда да, Қазақстан киік санының өсіміне қол жеткізді. 2 млнға жуық киік, шын мәнінде, үлкен ресурс. Осыған байланысты туындаған мәселені шешу төңірегіндегі пікірталастың негізгі бағдары жоғарыда айтылғандай. Қоғам пікірінің екіге жарылуы, қалың көпшіліктің киікті атуға қарсы болуы белгілі бір деңгейде мемлекеттің де ұстанымына ықпал етіп, киіктерді атуға салынған тыйым 2024 жылға дейін ұзартылды. Келесі жылы қандай шешім қабылданатыны әлі белгісіз.
Бірақ қандай шешім қабылданса да, барлық ықтимал салдарлар мейлінше ескеріліп қабылданатын болады деп ойлаймыз. Себебі өткен жылдардың шежіресі көрсеткендей, киік санының күрт құлдырау ықтималдығы жоғары. Зоология институтының ұсынған деректеріне қарағанда, Қазақстанда жұт күшті болған 1917-1918, әсіресе 1927-1928 жылдары жүздеген мың бөкен қырылып, түрдің жойылып кету қаупі туды. Тіпті соның салдарынан киіктерге тән оқыра паразиті жойылып кеткен. Тура осыған ұқсас жағдай 1990 жылдары да болды. Ақбөкен саны 10 жыл ішінде – 1991-1993 жылғы 800-900 мыңнан 2003 жылы 21,2 мың басқа дейін қысқарып кетті.
Фото: Қайырбек Сариев