6Қар

Түпқараған мүйісі

Егер бұл жерге бұрын бармаған болсаңыз, суретіне қарап, ә дегенде Жығылған мүйісіне ұқсатуыңыз мүмкін. Алайда бұл Жығылған емес. Әйтсе де, біршама ұқсастықтары бар екенін байқауға болады. Жығылған мүйісі жер сілкінісінің немесе тектоникалық тақталардың опырылуынан пайда болған болуы мүмкін деген болжамдар бар. Түпқараған мүйісі де тура осындай үдерістердің нәтижесінде қалыптасқан болуы ықтимал. Сондықтан да бұл мүйіс туристік нысан ретінде жақсы танымал.

Маңғыстау өлкесіндегі осы бір ерекше жер Түпқараған ауданының аумағында жатыр. Сұлулық пен тарихи ерекшеліктерді бір арнада тоғыстырған Түпқараған мүйісін әлемнің әр нүктесінен арнайы іздеп келетіндердің қарасы мол. Өйткені мұнда табиғаттың таңғажайып суреті мен теңіздің ауасынан ләззат алып, мамыражай демалуға болады. Балық аулаумен айналысатындар үшін де таптырмас орын болып саналады.

Мүйістің жоғарыдан алғандағы көрінісі картина іспеттес: мүйіс теңізге кіріңкі орналасқан және айналасы кемелермен қоршалған.

VIII-XII ғасырлардағы араб ғалымдарының жылнамасы осы жерде ежелгі қала болған деп пайымдайды.

Деректерге сүйенсек, Түпқараған ширек ғасырлар бойы Шығыс Каспийдің теңіз кеме қатынасының күзет бекеті ретінде қызмет еткен.

Айта кетейік, осы жерде, 1909 жылы Қазақстан мен Орталық Азияда тұңғыш рет радиостанса орнатылған.

Фотоларды Маңғыстау облысы әкімдігі ұсынған