20Ноя

ХХ ғасыр басында Варшавада білім алған қазақтар

ХІХ және ХХ ғасырлардың тоғысы білім алуға ұмтылған талапты қазақ жастарының көбеюімен ерекшеленді. Қарастырып отырған кезеңде озық университеттерге оқуға түсіп, білімін шыңдаған дарынды қазақ жастарының саны біртіндеп артып, кейін олар ұлттық зиялы қауымның өзегін құрады.

Жоғары білім алуды мақсат еткен қазақ жастарының негізгі орталықтары ретінде империя астанасы – Санкт-Петербургті және қазақ жеріне жақын орналасқан, халқымыздың көптеген зиялы қауым өкілі түлеп шыққан Қазан қаласын ерекше атауымыз қажет.

Дегенмен білім қуған қазақ жастарының географиясы тек осы екі қаламен ғана шектелмей, Мәскеу, Киев, Тарту, Томск, Каир, Бомбей, Ыстамбұлға дейін жеткен. Варшава қаласы да осылардың қатарында. Мақалада Варшаваның жоғарғы оқу орындарында білім алған санаулы қазақ жастарының өмірі мен қызметі, жалпы тағдыры туралы кеңірек мағлұмат берілген.

Қарастырып отырған кезең поляк жерін Ресей, Аустро-Венгрия мен Герман империялары бөліске салып, тәуелсіздігінен толық айырған уақыт еді. Сол кезеңде Ресейдің қол астына өтіп, басында Поляк патшалығының астанасы болып, кейін губерниялық қалаға айналған Варшава тағдыр тәлкегіне түскен поляк халқының мәдени, саяси және рухани өміріндегі орталығы міндетін атқарды.

Патшалық Ресейде ХХ ғ. басында Варшава халық саны бойынша Санкт-Петербург пен Мәскеуден кейінгі үшінші орында болды. Онда бірнеше жоғары оқу орындары, атап айтқанда: Императорлық Варшава университеті (қазіргі Варшава университеті), Варшава политехникалық институты (қазіргі Варшава политехникалық университеті), Варшава ветеринарлық институты мен Варшава консерваториясы жұмыс істеді. Сол кезеңде аталған оқу орындарында отаршыл орталықтың бақылауымен білім беру толықтай орыс тілінде жүргізіліп, студенттікке үміткерлер поляк жерімен қатар, Ресей империясының өзге де аумақтарынан қабылданатын.

Қанай Боранбаев

ХХ ғасырдың басында қазақ жастарынан Варшава университетінде болашақ білікті заңгер, Қазақ АКСР-нің Әділет халық комиссары (министрі) әрі Республиканың прокуроры болған Қанай Боранбаев білім алған. Ол 1896 жылы сол кезеңдегі Жетісу облысының Верный уезіне қарасты Қастек болыстығының №2 ауылында (қазіргі Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Амангелді ауылы) аңшының отбасында дүниеге келген. Әкесі Боранбайдың негізгі қызметі орман күзету болған. Суықтөбе тауына аңшылыққа келіп жүрген Верныйдың шенеуніктері аңшының отбасымен етене араласып, әр нәрсені білуге әуес бала Қанайға көздері түседі. Уақыт өте сол азаматтардың ұсынысымен сегіз жасар Қанай Верныйдағы 8 сыныптық классикалық гимназияға оқуға қабылданады.

Қанай Боранбаев жетісулық әріптестерімен бірге (солдан оңға қарай екінші. ХХ ғ. 20 ж.)

Аталған орта оқу орны 1876 жылы ашылған. Әкелі – балалы Зенковтар, П. Гурдә сынды сәулетшілердің қызметінің нәтижиесінде, Нарын (қазіргі Уәлиханов), Колпаковский (қазіргі Достық), Губернатор (қазіргі Қазыбек би) және Гимназическая (қазіргі Төле би) көшелері қиылысатын квадратта қалаға қайталанбас көрік берген Верный гимназиясының оқу ғимараттары мен мұғалімдер үйлерінен тұратын тұтас сәулет кешені салынады. Қазіргі уақытта Верныйдың бұрынғы ерлер және әйелдер гимназиялары ғимараттарында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің жекелеген институттары, Алматыдағы Сорбонна институты (Патша дәуірінде ерлер гимназиясының бас ғимараты), С. Бегалин атындағы мемлекеттік балалар кітапханасы мен Түркия Республикасының Алматыдағы Бас консулдығы орналасқан.  

Гимназияны бітірген соң, Қанайдың жекелеген сыныптастары жоғары оқу орындарына түсуге даярлана бастайды. Бастапқыда Қанайдың Тифлистегі (Тбилисидегі) әскери училищеде оқымақ жоспары болған. Қанайдың інісі – Рысқұлбектің берген мәліметіне сәйкес, Верныйдағы шенеуніктердің бірі Варшаваны алыссынып, баласына келген жолдамадан бас тартады. Оқу бөлімінде жұмыс істейтін азаматтардың бірі оның орнына Қанайдың құжаттарын даярлайды. Сөйтіп, оқуға Қанай түсіп, алыстағы Варшаваға аттанады.

Варшава императорлық университеті Заң факультеті студенттерінің қолға тиген 1912/1913, 1913/1914 оқу жылдарындағы тізімдерінен, емтихан тапсыру туралы құжаттарынан Қанайдың аты-жөні кездеспеді. Сондықтан Қанай Варшава университетіне студент ретінде І дүниежүзілік соғыс басталған 1914/1915 оқу жылы қабылданды деп топшылауға болады. Бірақ, Қанайдың күйеу баласы, танымал ақын, Қазақстанның халық жазушысы –Хамит Ерғалиевтің (1916-1997) мақаласында келтірген дәлелдеріне сәйкес, Боранбаев алдымен Қазан университетінде білім алып, Варшава университетіне кейінірек оқуға қабылдануы да мүмкін. Қалай болғанмен де жас Қанай 1914 жылы жаздың соңында Польша астанасына жеткен.

Империялық мүдденің кесірінен тұтанған І дүниежүзілік соғысөрті миллиондаған отбасыны шарпығандығы белгілі. Қанай келген кезде Варшава тоғыз жолдың торабында орналасқан қала болғандықтан, солдаттар мен қару-жарақ тиелген эшелондар ерсілі-қарсылы ағылып, жергілікті отарлық биліктен маза кеткен, қаланың әдеттегі өмірінің шырқы бұзылған беймаза уақыт. Варшава осындай қалыпта тағы бір жыл өмір сүрді. Тиісінше, Қанай Боранбаев та Варшавада өзінің бір академиялық жылын өткізген.

1915 жылы мамыр айында Горлице түбінде (Польшаның қазіргі Малопольша воеводтығындағы қала) біріккен аустро-неміс күштерінің жеңісі, маусым-тамызда Висла мен Буг өзендері арасындағы неміс әскерінің кезекті жеңістері орыс әскерін поляк жерін тастап кетуге мәжбүрледі. Немістердің күн санап жақындауынан Варшавадағы империялық басқару органдары мен мекемелердің қызметкерлері және олардың отбасы мүшелері асығыс түрде эвакуацияланды. Шұғыл түрде көшірілетін нысандардың тізіміне Варшава университеті де енгізілді.

Қысқа уақытта оқу орнының мүлкі 300 вагонға тиеліп, 1915 жылы шілдеде Мәскеуге эвакуацияланды. Ел астанасына енді көшкен Варшава университетінің басшылығына жоғары билік ұзақ уақыттан бері жоғары оқу орнын ашуды мақсат еткен Дондағы Ростов қаласына көшуді бұйырады. Күз айларында ректор Сергей Веховтың басшылығымен оқытушы-профессорлық құрам мен студенттер бар жалпы саны 700 адам Дондағы Ростовқа келіп орнығады. Сол студенттердің арасында Қанай Боранбаев та қалаға жеткен.

Қанай Боранбаевтың өмір жолын зерттеп, зерделеу арқылы оның ғұмырының екі жылы (1916 және 1917 жж.) туралы мәлімет аз екендігіне көз жеткіземіз. Тұлғаның өмірбаянындағы қызметтік лауазымдардың тек 1918 жылдан басталатындығын және болашақ қайраткердің Варшава университетінде тек 3 жыл оқығанын негізге алсақ, ол 1914/1915 жылы 1-курсқа қабылданған деген қорытындыға келуге болады. Демек, Қанай Боранбаев Варшавадағы бір курсты аяқтаған соң, Дондағы Ростовқа көшкен Варшава университетінде 1915/1916 және 1916/1917 оқу жылдары білімін жалғастырған болып шығады.

 Бастапқыда Варшава университетінің басшылығы Дондағы Ростовты уақытша тұрақ ретінде қарастырған. Алайда ұзаққа созылған соғыс, одан кейінгі империя тағдырына нүкте қойған 1917 жылғы Ақпан революциясы басшылықтың бұл үмітінің ақталуына кедергі болды. Нәтижесінде, университет 1917 жылы мамырда «Дон университеті» ретінде қайта құрылды.

Ал Варшавадағы университет қалада билік орнатқан неміс басшылығының рұқсатымен 1915 жылғы қарашадан бастап өз жұмысын  жалғастырады. Оқу үдерісі жаңа ректор, танымал дәрігер әрі қоғам қайраткері Юзеф Бруджинскийдің басшылығымен толық поляк тіліне көшірілді.   

Ростов қаласындағы Варшава университетінің жұмысын қалыпты жағдайға көшіру қиынға соқты. Материалдық базаны негізге алмағанның өзінде елдегі күрт өзгерген саяси ахуал, өңірдің өзіндік ерекшелігі оқу орнының алғашқы жылдардағы жұмысына айтарлықтай тежеген.

Қанай Боранбаев туралы қалам тартқандардың деректерінде осындай аласапыранда студенттердің саяси үйірмесіне қатысқаны үшін оның оқудан шығарылғандығы туралы мәліметтер кездеседі. Өлкеде қалыптасқан саяси дүрбелеңді ескерсек, мұндай тұжырым шындықтан алыс болмауы мүмкін.

Қалай болғанда да Қ. Боранбаев 1918 жылдан бастап мемлекеттік қызметке кіріскен. Елдің басым бөлігін қамтыған азамат соғысы жас жігіттің өмірлік жолында басқа таңдау қалдырмаған да еді.

1918-1919 жылдары Қанай Боранбаев Жетісу облысы бойынша Түркістан төтенше комиссарының көмекшісі, агенті, қазақ-қырғыз босқындарының мәселесі бойынша Шыңжаңға барып қайтқан Жетісу облыстық атқару комитеті елшілігінің, облыстық атқару комитетінің мүшесі; 1919 жылы РКП (б) Мұсылман бюросының мүшесі, 1919 жылы 24-30 мамырда Түркістан мұсылман коммунистерінің бірінші өлкелік конференция төралқасының мүшесі; 1919-1920 жылдары Жетісу мәселесі бойынша Түрікаткомның (Түркістан АКСР-нің Орталық Атқару Комитеті) және Түркістан АКСР үкіметінің Жетісу комиссиясының мүшесі мен хатшысы, түркі-мұсылман жастарымен бірге Түркістанның саяси егемендігі мен азаттығы үшін күресіп, 1920 жылы Түркістан Коммунистік партиясы Жетісу облыстық комитетінің және Мұсылман бюросының Жетісу облыстық бөлімінің мүшесі; 1920-1921 жылдары 3-Түркістан атқыштар дивизиясы Революциялық-әскери трибуналының мүшесі; 1921-1922 жылдары Жетісу облыстық Төтенше комиссия коллегиясының мүшесі, тергеу бөлімінің меңгерушісі; 1923 жылы Түркістан АКСР үкіметінің жанындағы Қытайдан қазақ-қырғыз босқындарын Жетісуға қайтару бойынша комиссияның мүшесі және Шәуешектегі төтенше өкілетті өкілі сынды жауапты қызметтерде болды.

Осылайша, жаңа саяси жағдайда, ұстанған саяси көзқарасына байланысты университеттің үш курсын тәмамдаған Қанай Боранбаев кеңес үкіметіне үлкен үміт артты, Орталық Азияда «әділеттілік пен теңдік» орнату үшін бар ынтасымен еңбек етті. Бірақ үміт артқан үкіметі өзінің түбіне жететіндігін сол жылдары қайдан білсін?!

Боранбаев қызметінің қызықты бір кезеңі – Қытайда жұмыс істеген жылдары. Хамит Ерғалиевтің мақаласынан Қанай Боранбаевтың Шығыс Түркістанға, дәлірек айтқанда, Құлжадағы консулдыққа жіберілгендігін білеміз. Бұл шешім Жетісудың облыстық-қалалық партия комитеті мен облыстық атқару комитетінің 1922 жылғы 22 мамырдағы қаулысында көрініс тапқан.

Шығыс Түркістан – қазақтар жергілікті ұлт болып саналатын, Қытайдың Қазақстанға іргелес аймақтарының бірі. 1916 жылғы патша билігіне қарсы ұлт-азаттық қозғалысына қарсы аяусыз күш қолданылуы және 1917 жылы майданнан Жетісуға қолындағы қарумен орала бастаған орыс-казак солдаттары жергілікті қазақ-қырғыздарды қырғынға ұшыратып, ол тарихта «Жетісу апатының» туындауына алып келді. Бір ғана 1916 жылдың өзінде Түркістан генерал-губернаторы А. Куропаткиннің ұйымдастырған жазалау акцияларының салдарынан Қытайға үдере көшкен қазақ-қырғыз отбасыларының саны 65 мыңға (300 мыңнан астам адам) жеткен. Олардың біраз бөлігі Қытайдан қысым көріп, 1917 жылдың көктемінде атамекендеріне қайта оралса, қалғаны Қытайда қалып, ауыр жағдайда құқықсыз босқындардың күйін кешті.

Қанай Боранбаев сол күйсіз жүрген қазақ, қырғыз ауылдарын осы екі елдің қанаттас жатқан жерлеріне көшіріп, орналастырумен айналысады. Бұл ақпараттың шынайылығын Қанайдың інісі Рысқұлбек те растаған.

1923 жылдың соңында Қанай Боранбаев өзі туып-өскен Жетісу губерниясының (Қазақ АКСР-нің құрамындағы 1924-1928 жж. әкімшілік-аумақтық бірлік) прокуроры лауазымына тағайындалды. Бұл қызметті ол 1924 жылдың қарашасына дейін атқарған. Ұлттық-аумақтық (мемлекеттік) межелеу барысында бұрынғы Жетісу облысының Қазақ АКСР құрамына енген солтүстік бөлігінің негізінде жаңадан құрылған Жетісу губерниясының алғашқы прокуроры болып жұмыс істеу, әрине, оңай шаруа емес еді. Дегенмен білікті маман бұл істің үддесінен шыға білді. Жетісу халқының арасында атқарған игі істері үшін құрметке бөленіп, «Қанай төре» атанады.

Араға уақыт салып, 1924 жылдың қарашасында жаңа лауазымға – Қырғыз (Қазақ) АКСР Әділет халық комиссары және республика прокуроры лауазымына тағайындалады. Боранбаевтың аталған қызметке келуі еліміздегі сот, прокуратура құрылымдарының жаңадан қалыптасып жатқан тұсы еді. Сондықтан жаңа басшы жұмысына ерекше құлшыныспен кіріседі. Салаға жоғары оқу орнын тәмамдаған, білімді кадрларды жұмысқа алуға күш салады. Қанай бұл қызметті 1925 жылдың мамырына дейін атқарды.

Кейін 1926 жылы Орал қаласы мен Орал губерниясында прокурор қызметінде болады. 1925 жылы Қазақстан өлкелік комитетінің бірінші хатшылығына Филип Голощекин (1876-1941) тағайындалды. Голощекин командасына, Қазақстан өлкелік комитеті жауапты хатшысының орынбасарлығына оның ескі танысы Николай Ежов (1895-1940) қабылданды.

Голощекин жергілікті халықтың ділін, ғасырлар бойы қалыптасқан шаруашылығы мен тұрмыс-тіршілігін ескерместен «Кіші Қазан» атауымен Қазақстанда ұжымдастыру науқанын өткізді. Ұжымдастыру науқанының қарсаңында елде мал басы – 40,5 млн. болса, 1933 жылы – 4,5 млнға дейін төмендеді. Негізгі кәсібі мал шаруашылығы болған қазақ халқы аштыққа ұшырап, едәуір бөлігі қырылды. Аштықтан өлген халық саны туралы зерттеуші ғалымдар арасындағы пікір әрқалай. Мысалы, тарихшы Талас Омарбеков құрбандар санын – 2230,3 мың деп көрсетсе, тарихшы-ғалымдар Ж.Б. Абылхожин мен Қ.С. Алдажұманов іргелі зерттеу еңбектерінде зұлмат жылдары Қазақстан өз халқының 2 миллионға жуық адамынан айрылғанын анықтаған. Ал тарихшы-демограф С. Айымбетовтың есептеуі бойынша ашаршылықтан 2,5 миллион қазақ қырылған.

Ф. Голощекиннің қатыгез саясатына, жергілікті халықтың мүддесін ескерместен жүргізе бастаған реформаларына алғашқы сын айтушылар қатарында Қанай Боранбаев да болған. Голощекинмен кикілжің орын алғанын қайраткердің інісі – Рысқұлбек Боранбаев та растайды. Голощекин мен Ежовтың қаһарына іліккен Қ. Боранбаев көп ұзамай қызметте төмендетіліп, Жетісу губерниялық атқару комитетінің қарамағына жіберіледі.

Күндердің күнінде өзінің жақын досы, мемлекет қайраткері – Ораз Жандосовтың мағлұм етуімен әрі кеңесімен, Голощекин тарапынан төнген қауіпке байланысты Боранбаевтар отбасы Қырғызстанға қоныс аударады. Қырғызстанда қызметте жүргенде Орта Азия университетінің (бұрынғы Түркістан мемлекеттік университеті) ауылшаруашылық факультетін сырттай оқып бітіреді. Осылайша, тікелей төнген қауіпке байланысты заңгер қызметінен басқа салаға ауысуға мәжбүр болады.

1931 жылы Өзбек КСР Жер шаруашылығы халық комиссариатының шақыруы бойынша орталық аппаратта зоотехник болады. Бірақ Қанай Боранбаевқа жаңа жерде де тыныштық бермейді. Осы себепті ол Самарқан облысына қарасты «Қизил чорвадор» қой совхозына техникалық директор лауазымына ауысады. Сонда жүргенде «халық жауы» деген жалған айыппен қамауға алынады.

Өзбек жерінде 1932 және 1935 жылдары екі рет сотталып, бірінде «ұлтшыл», «контрреволюцияшыл» деген айып тағылады. Алғашқы үш жылдық үкімі бітуге таяғанда тағы бес жыл қосылып, «Сиблагқа» жөнелтіледі. Сөйтіп Қанай Боранбаев алыстағы Магаданнан бір-ақ шығады. Онда НКВД үштігінің 1938 жылғы 5 қаңтардағы шешімімен ату жазасына кесіліп, үкім 15 қаңтарда орындалады.  Жетісуден шығып, Варшавада білім алған, Қазақ АКСР-нің Әділет министрі әрі республика прокуроры болған Қанай Боранбаев өмірден осылай өтеді.

Қудалаудың зардабын бауырлары Рысқұлбек пен Сәкебай да тартады. Олар ұзақ жылдар қырғыз жерінде тұрып, елге тек ХХ ғ. 60 жылдары  оралады.

Өз дәуірінде халқы құрметтеп «Төре» деп атаған, Жетісудың дүлділдері Жамбыл мен Кенен жырына қосқан Қанай Боранбаевтың есімін ақтау, елі үшін еткен еңбегін, игі істерін ұлықтау жолында күйеубаласы –  ақын, халық жазушысы Хамит Ерғалиев көп жұмыс атқарды. Ақынның әйелі – Гүләнуар Қанай Боранбаевтың туған қызы.

Бүгінде, Қанай Боранбаевтың аты өзінің туған өңірінде, елінде танылып келеді. Есімі энциклопедиялар мен тақырыптық еңбектерге енгізіліп, мақалалар жарық көруде.

Әбілмәжін Күшіков

Қанай Боранбаевтан өзге поляк жерінде Әбілмәжін Күшіков, Ахмет Тұнғаншин мен Әшірбек Шалымбетов сынды азаматтар оқыған. Олар – Варшава ветеринарлық институтының түлектері.

Варшава ветеринарлық институтының көрінісі. Сол кезең фотосы

Ветеринар мамандығына оқыған қазақ студенттерінің бірі – Әбілмәжін Түсіпұлы Күшіков. Бұл тұлғаны зерттеу барысында А. Сағындықұлының құрастыруымен 2013 жылы жарық көрген «Жәкула болыс: азаттық ашқан ақиқат» атты кітапқа енген, журналист-алаштанушы Болат Мұрсәлімнің «Алаштың ұмыт қалған бір арысы» атты мақаласы кеңінен пайдаланылды.

Өмір жолына көз жіберсек, Әбілмәжін Күшіков патша заманындағы әкімшілік-аумақтық құрылым Семей облысы, Зайсан уезі, Өкпеті болысында 1892 жылы дүниеге келген. Атасы Күшік Тоқболатұлынан: Жәбін, Жәкула, Түсіп, Шабдан, Шамғұн тарайды.

Әбілмәжін Түсіпұлы Күшіковтің тұлғалық қалыптасуына әкесінің бауырлары арасынан Жәкула Күшікұлының (1863-1933) ықпалы ерекше. Жәкула Омбы фельдшерлер мектебінде білім алған, өз заманының білімді де білікті азаматтарының бірі болған. Фельдшерлер мектебін тәмамдаған соң Жетісу облысы құрамындағы Пржевальскке (Қырғыстанның қазіргі Қарақол қаласы) фельдшер ретінде жіберіледі. Жәкула Күшікұлы қырғыз жерінде 1909 жылға дейін тұрып, арасында уездік басқарманың жауапты хатшысы лауазымын да атқарған.

Пржевальсктің Верныйға жақындығы, онда сапалы білім беретін 8-сыныптық классикалық ерлер гимназиясының болуы Жәкуланы бауырының ұлы Әбілмәжінді Верныйда оқыту туралы шешім қабылдауына ықпал етсе керек. Әбілмәжін қазақтың көптеген зиялы азаматы білім алған гимназияда 1902 – 1909 жылдары оқиды. Демек өзінен бірнеше жас кіші, Варшава университетінің болашақ студенті – Қанай Боранбаевты да жақсы білген. Ағасы Жәкула қызметін Семейге ауыстырған соң, ол да Семей гимназиясына ауысып, оқуын сонда 1912 жылы тәмамдайды.

Сөйтіп ол қиырдағы Варшава ветеринарлық институтына оқуға түседі. Институтта өзінің Верный ерлер гимназиясындағы сыныптасы Әшірбек Шалымбековпен, Жетісу облысынан Сұлтанаев (кей дерек көздерінде Сағынаев), Торғай облысынан Ахмет Тұнғаншин сынды жастармен бірге оқиды.

Варшавада білім алып жатқан қазақ жастары туралы «Қазақ» газетінің 1915 жылы жарық көрген кезекті №101 санында танымал ақын, публицист – Ғұмар Қарашев (1875-1921) «Варшавада қазақ студенттері» деген мақаласында хабардар етеді.

Мақалада торғайлық Ахмет Тұнғаншиннен басқа студенттер өз күшімен оқып жатқандығы, ал Тұнғаншиннің стипендия алатындығы жазылған. Қазақ жастары институттың кәсіби оқу құралдарына бай жаңа кітапханасын пайдаланып, теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыратыны, ал оқудан бос уақыттарында Варшаваның әсем саябақтарын аралап, қаланың мәдениет ошақтарына баратындары да айтылады.

Осы орайда олар 1913-1914 жылдары Варшава біріншілігіне қатысып, жүлделі орындар алған классикалық күрестен әлем чемпионы, қазақ алыбы – Қажымұқан Мұңайтпасұлының белдесулерінде ұран салып, жанкүйерлік танытты деп топшылауға болады. Себебі, көрермен жинау мақсатында балуандар күресі туралы хабарландырулар алдын ала көшелерге ілініп, мерзімдік басылымдарға жарияланатын. Хабарды біле тұра, жігіттердің даңқты жерлестерінің күресін көруге бармауы екіталай еді.

1897 жылғы Бүкілресейлік бірінші халық санағының қорытындысы бойынша Варшаваның халқы 683 692 адам болған, олардың тек – 49 997-ы орыстілділер еді. Сондықтан оқу толық орыс тілінде болғанымен, көшенің, жалпы қаланың қарым-қатынас тілі ретінде негізінен поляк тілі қолданылған. Үш жыл бойы Варшаваны қоныс қылған қағілез қазақ студенттерінің күнделікті қолданыстағы поляк тілін үйренбеуі, білмеуі әсте мүмкін емес еді.

ХХ ғасырдың басында, дәлірек айтсақ, 1901 жылы Варшава халқы 700 мыңнан астам адамды құрайтын, тіршілігі қыз-қыз қайнап жатқан шаһар еді. Дегенмен, оқу орындарының өзіндік ішкі өмірі бар болатын. Егер Болат Мүрсәлімнің жоғарыда аталған материалында берілген Ә. Күшіковтің дипломын негізге алар болсақ, студенттердің ветеринарлық ғылымның теориялық және практикалық негізін игерумен қатар, физика, ботаника, химия, зоология, минерология, салыстырмалы анатомия мен ауылшаруашылығы сынды пәндер курсын да игергендігін оқып білеміз.

Бірақ студенттердің мамыражай оқу үдерісін бүкіл Еуропаны шарпыған І дүниежүзілік соғыс бұзды. Майдандағы орыс әскерінің жағдайы нашарлауына байланысты жоғарыда сөз болған Варшава университеті секілді, Варшава ветеринарлық институты да 1915 жылы шілдеде шұғыл түрде тылға, Мәскеу қаласына эвакуацияланды. Институт ұжымы бір жылдай Мәскеуде тұрақтап, 1916 жылы маусымда Дондағы Ростов қаласынан 40 шақырымдай қашықта орналасқан Новочеркасск қаласына көшірілді. Сол уақытта Қанай Боранбаев Дондағы Ростовта кейінірек орын алған саяси дүрбелеңді көзімен көрсе, Варшава ветеринарлық институтында оқыған қазақ жігіттері оқу орнын төңкерістің алдында бітіріп үлгерді.

Осы орайда, Әбілмәжінмен қатар оқыған жігіттердің әрі қарайғы өмір деректері аз болғандықтан, мақаламызда негізінен аталған азаматқа бердік.  

Әбілмәжін Күшіков (фото Б.Мұрсәлімнің жеке мұрағатынан)

Оқуын бітіріп, елге оралған жас, өршіл Әбілмәжін де ел үшін тағдыршешті кезеңде алаш жолындағы қызмет жасаған аға буынның ортасынан табылды. Алайда 1920 жылы большевиктік биліктің тегеуірінімен «Алашорда» жұмысы тоқтатылып, Қазақ кеңестік республикасы құрылды. Уақытша жылымық кезеңі орнап, алаш зиялыларына кешірім жарияланады. Олар болса, Қазақ АКСР-нің мемлекеттік құрылымын негіздеуге барлық салаларда белсене атсалысты. Дегенмен Әбілмәжіннің өзі алаш зиялыларымен тығыз байланысы кейін өзін соттау үшін пайдаланылатындығын, әрине, білген жоқ.

Әбілмәжін Күшіковтің өміріне қатысты архив деректері әлі толық анықталып, зерделенбегендіктен, оның қызмет жолын белгілі бір жүйемен беру әзірге мүмкін емес.

Дегенмен 1920-1925 жылдары Әбілмәжін Түсіпұлының Семейде қызмет атқарғандығы белгілі. Оған дәлел – қалада Ыдырыс Мұстамбаевпен танысқандығын сөз етуі, сонымен бірге өзі гимназиялық танысы, белсенді алашордашылардың бірі, болашақ ғалым Әлімхан Ермековпен 1923-1925 жылдары жақын араласқандығы туралы ақпарат беруі. Ал Әлімхан Ермековтің Семейдегі Педагогикалық техникумда ұстаздық еткендігі мәлім.

Кеңестік биліктің нығаюымен экономикалық-шаруашылық сипаттағы реформалар белсенді жүзеге асырыла бастайды. Солардың бірі – жоғарыда сөз болған, Ф. Голощекиннің «Кәмпеске» науқаны еді. Науқаннан Әбілмәжін Түсіпұлын Варшавада оқытқан, өмірдегі ақылдасы, жол сілтеуші жанашыр ағасы, 1911-1920 жылдары Зайсан уезі Өтелі болыстығының болысы болған – Жәкула Күшіков те тыс қалмай, 1928 жылы дүние-мүлкі тәркіленіп, өзі Әулиеатаға жер аударылады. Соңынан Жәкула Күшікұлы Қытайға бой тасалауға мәжбүр болады.

 Туыстарының тәлкекке түсуі Әбілмәжінге үлкен соққы болғаны сөзсіз. 1931 жылы Әбілмәжінді алты жыл бұрын Семейде таныс, пікірлес болған құрдасы – Кәрім (Ғабдұлкәрім) Тоқтабаев Малдәрігерлік басқармасына қызметке шақырады. Арада жыл өте Кәрімнің орнына келген Қабылбек Сарымолдаев білікті маман – Әбілмәжінді қазіргі Түркістан облысы Қапланбектегі Исаев атындағы Мемлекеттік қой шаруашылығы институтына (Сарыағаш) жұмысқа жібереді.

 ХХ ғасырдың  20 мен 30 жылдарының басында қазақ зиялыларының едәуір бөлігінің Ташкентте болғандығы тарихи факт. Олар негізінен сондағы Орта Азия мемлекеттік университетінде білім алған, 1926-1928 жылдары жұмыс істеген.

Қазақ педагогикалық жоғары оқу орны (бұрынғы Қазақ ағарту институты) мен Қазақстанды зерттеу қоғамында оқып, қызмет еткен қазақ зиялылары көптеп шоғырланды. Қазіргідей шекараның болмауы Қапланбек оқытушыларының ташкенттік зиялы қауыммен күнделікті араластық – құраластық жасасуына мүмкіндік берген еді. Аталған жиын, басқосулардың негізгі тақырыбы сталиндік-голощекиндік ұжымдастыру науқанынан қырылған халықтың мәселесі мен ұлттың ертеңі болатын. Сол кезеңде Ә. Күшіков Қытайдағы туыстарымен ұдайы хат алмасып, Шығыс Түркістандағы бас көтерулерден жақсы хабардар болған екен. Ондағы қазақтың жай-күйі, елдің келешегі жиі әңгіме арқауына айналған көрінеді.

Оқу орнындағы осы жағдай НКВД назарына ілініп, институттағы: Файзулла Ғалымжанов, Әбілмәжін Күшіков, Мүсілім Ермеков, И. Жолдыбаев және Ғ. Нығмадилов есімді бір топ азаматтарға «Қапланбектің Алашорда тобы» ретінде айдар тағылып, істі болады.

Әбілмәжін Күшіковке: туысы Жәкула Қытайға қашқан; өзі Кеңес Одағына қарсы болған; Қапланбекте ұлтшыл – төңкерісшіл ұйым құруға қатысқан; Алашорда тобына кірген; студенттерді Кеңес Одағына қарсы үгіттеген; Қытайға қашу туралы идея таратқан; капитализмді насихаттап, «интервенция болады», «Совет үкіметі құлайды деген сөз шығарған» деген сынды айыптар тағылып, қайраткер үш жыл уақытын Карлагта өткізеді.

Лагерьден босап келген соң 1937 жылы 11 тамызда Семей қаласында қайта тұтқынға алынады. Ұсталғанда үшінші перзенті Болат небәрі 9 айлық нәресте екен. Осылайша Варшава ветеринарлық институтының түлегі, Қапланбектегі Қой шаруашылығы институтының доценті Әбілмәжін Күшіковке қатысты 1937 жылдың 1 желтоқсанында ату жазасы туралы үкім шығарылып, сол күні түнгі сағат екіде орындалған. Сөйтіп қазақ халқының зиялы перзенттерінің бірі Әбілмәжін Күшіков ХХ ғасырдың 30 жылдары Кеңестер Одағын тұтастай шарпып, мыңдаған отбасының шаңырағын шайқалтқан сталиндік қуғын-сүргіннің кезекті құрбанына айналады.

Бірақ қайраткердің тағдыры оның отбасы үшін ұзақ уақыт белгісіз болып келген. Сталин дүниеден өтіп, жылымық кезең орнаған тұста,  1956 жылдың 18 тамызында Әбілмәжін Күшіков ақталады. Сол жылдың 26 қарашасында жұбайы Мінвара Күшікова арнайы органдарға күйеуінің тағдырын білгісі келетіндігі туралы хат жолдап, Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінен (КГБ): «Күйеуіңіз 1943 жылы 20 тамызда жүрек ауруынан қайтыс болды» делінген жалған ақпарат алады. Әбілмәжіннің ұлы Болат 1990 жылы әкесінің қай жерге жерленгендігі туралы сұрау салып, хат жолдаған. Бірақ оның нақты қай жерге жерленгендігі әлі күнге дейін белгісіз.

Жасынан білімге деген құштарлығымен көзге түсіп, ХХ ғасырдың басында арман қуып Висла бойына келіп, Варшавада білім алған қазақ жастарының болашақ тағдыры осылайша аянышты күйде аяқталды. .Өздері құрбан болса да, қолға алған істері, атқарған қызметтері арқылы олар өз халқының алдындағы перзенттік парыздарын абыроймен орындап, тарихта өшпес із қалдырды.

Автор: Жандос Қарынбаев – қазақ-поляк тарихи байланыстары тақырыбын зерттеуші ғалым, PhD кандидаты