Коллаген. Пробиотик. Түрлі әріптермен таңбаланған дәрумендер сіз барып жүрген дәріханада толып тұр, бірақ олар сізге қаншалықты пайдалы?
Бір таблетка ішіп алып, кенет күш-қуатыңыз тасып, теріңіз жақсарып, жүрегіңіз жазылып кететін болса ше? Бұл балық майы капсулалары, коллаген ұнтағы бар құтылар, магний таблеткалары мен дәруменнің түр-түрі толып тұрған дәріхананың биологиялық қоспалар сөресінің жанынан өткен сайын еститін уәдеңіз.
Әйтеуір құлаққа жағады да тұрады. Сондықтан 2025 жылға қарай биологиялық белсенді қоспалардың жаһандық индустриясы 200 миллиард долларлық деңгейге жетеді деп болжанып отырғаны таңғалтпас.
Алайда мен бұл қоспалардың қай-қайсысына да «қаншалықты пайдалы әрі бағасына лайық» деген сындарлы күмәнмен қараймын. Міне, қоспалар туралы біздің алдыңғы жазбамыздан алынған бірқатар тұжырымды «денсаулыққа қатысты шешім қабылдарда әрдайым дәрігермен кеңесіңіз» деген өте маңызды ескертумен толықтырып беріп отырмыз.
1) Бұл өнімдер қатаң бақыланбайды
Қоспалар туралы біз жариялаған барлық дерлік материал бір маңызды мәселеге тіреле береді: АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасы (FDA) бұл өнімдерді тамақ және дәрі-дәрмекпен бірдей реттемейді, яғни компаниялар өнімдерін нарыққа шығарар алдында мақұлдау үшін FDA-ға тексертуге міндеттелмеген.
Соның кесірінен ол өнімдердің сыртында өтірік ақпарат та жазылады. Кәсіби диетолог әрі Нью-Хемпширдегі тамақтану мен диетология академиясының президенті болып сайланған Джен Мессер тілшіміз Дэрил Остинге 57 биологиялық белсенді қоспаны талдауын көрсетті. Ол біздің 2023 жылғы қарашада шыққан мақаламызда «өнімдердің 84%-ында мәлімделген ингредиенттердің мөлшері басқа болып шыққанын, 40%-ында мәлімделген ингредиенттердің ешқайсысы жоқ екенін, ал 12%-ында тіпті «FDA тыйым салған, декларацияланбаған ингредиенттер анықталғанын» айтты.
Яғни, бұл компаниялар өнімдерінің затбелгісіне не жазатынын өздері біледі, FDA-ға тексертпей-ақ, дәлелдемей-ақ шығара береді. 2024 жылдың қаңтарындағы мақаламызда татқұлақ пен гериций сияқты саңырауқұлақ қоспаларының дамып бара жатқан нарығы туралы Кларк университетінің биология профессоры Дэвид Хиббетт: «Бұл кәдімгідей шектен шығып барады. Осы өнімдердің қазіргі өте ауқымды маркетингіне қатысты алғанда дәлелдер әлі де тым аз», – дейді.
2) Мультидәруменді де бәрі бірдей қабылдай беруге болмайды
Мен күнде бір мультидәрумен ішу денсаулық кепілі деп ойлап өстім, бірақ біз 2023 жылдың маусымында хабарлағандай, ол да бәріне бірдей жақпайды: күнде мультидәрумен қабылдауға кіріспес бұрын, дәрігермен ақылдасып алу керек.
Бұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, мультидәрумендер антибиотик не қан сұйылтқыш сияқты белгілі бір препараттарға кедергі келтіруі мүмкін. Екіншіден, бауыр немесе бүйрек ауруы бар адамдардың ағзасы мультидәруменнің құрамындағы қоректік заттардың жоғары деңгейін тиімді түрде сүзе алмауы мүмкін. Үшіншіден, пайдалы нәрсенің де шектеулі мөлшері болады. (Бұған сәл кейін тоқтала кетеміз.) Сайып келгенде, әдеттегідей, бәрі жеке қажеттіліктеріңізге байланысты.
3) Ағза барлық дәруменді бірдей қорытпайды
Денсаулық ахуалынан бөлек, басқа да факторлар бар екенін ескерген жөн. Мысалы, кейбір дәрумендердің ағзаға сіңірілуі де әрқилы болуы мүмкін. Бұл жағдай да оны тұтыну бойынша шешім қабылдарда үлкен мәнге ие.
Біз 2023 жылдың қарашасында жариялаған мақалада сарапшылар А және Е дәрумендерінен әсіресе сақ болу керектігін ескертті, өйткені олар майда ериді. Демек, ағзаңыз бұл қоректік заттарды дәруменнің басқа түрлеріндей тез ыдыратып, метаболизмнен өткізіп жібермей, келешекте пайдалану үшін бауыр мен май тіндерінде сақтайды. Сондықтан бұл дәрумендердің үлкен дозасын қабылдау зиян келтіруі мүмкін.
4) Артық қылам деп, тыртық қылып алмаңыз
Жоғарыда атап өткенімдей, дәрумен у да бола алады, яғни осы қоректік заттарды тым көп тұтынып қойсаңыз, олардың денсаулығыңызға пайдасынан гөрі зияны басым болмақ.
Мысалы, А дәруменін алайық: күнделікті 3000 микрограмнан артық тұтыну, сайып келгенде, буын ауруы, бауырдың зақымдануы және туабітті ақауларға әкеп соғуы мүмкін. Е дәруменін көп тұтыну басқа мәселелерді былай қойғанда, қанның ұюына кедергі келтіріп, қан кетуіне әкелуі мүмкін. Ал D дәруменінің шектен асуы жүректі айнытып, бұлшықетті әлсіретуі, сананы тұмандандыруы, құстырып, денені сусыздандырады.
5) Қоректік заттарды алудың ең дұрыс жолы – тамақ
Бізге 2023 жылдың наурызында Кливленд клиникасының диетологі Гейл Креши түсіндіріп бергендей, коллаген және С дәрумені сияқты бірталай қоректік зат әдепкі диетаны құрайтын тағамдарда көп. Ал денеңізге қажетті дәрумен, минерал, пробиотиктің бәрін талшыққа бай көкөністер мен жемістер сияқты тұтас, өңделмеген тағамдардан алуға болады. «Нашар тамақтанатын болсаңыз, пробиотик не пробиотикалық қоспадан пайда жоқ», – дейді Гейл Креши.
Автор: Эми Маккивер