24Июл

АТОМ ЭЛЕКТР СТАНСАСЫ қажет пе?

Уран өндірісі мен уран қоры бойынша алдыңғы орында тұрған Қазақстан Алматы облысындағы Үлкен ауылында атом электр стансасын салмақ. Алайда қоғам пікірі біржақты емес. АЭС құрылысын қолдайтындар да, оның салынуына түбегейлі қарсылар да баршылық. Ұзақ жылдар бойы алапат жарылыстар жасалған Семей ядолық полигонының зардабын тартқан елде мұндай қарсылықтың болуы заңдылық та. Ядролық сынақты көзбен көріп,  қасіретін тартқандарды, өмірге кембағал болып келгендерді, жастай солғандары айтпағанда, ұрпақтан ұрпаққа берілген сәулеге ұшырау дертінен жапа шеккендер арамызда жүр.  Сондықтан «Қауіпті атом» қозғалысы Қазақстанда АЭС салу мәселесіне мораторий жариялау керек деп есептейді. Қозғалыс өткізген қоғамдық талқылауда биолог Қайша Атаханова Семей ядролық полигонының проблемасы әлі күнге дейін өзекті екенін айтты. «Полигон 18 мың шаршы шақырым жерді алып жатқанымен, радиоактивті ластану 300 мың шаршы шақырымнан асқан. Мен қатысқан зерттеулердің бірінде сол маңдағы адамдарда гендік мутация 1,7 есе көп болып шықты. Сонымен қатар тұрғындардың екінші ұрпағының радиацияға сезімталдығы жоғарырақ екенін білдік. Ата-анасы сәулеленуге ұшыраған балалардың арасынан 13 адам қатерлі ісікке, 4 адам глаукомаға, 14 адам тері ауруына, 6 адам туабітті жүрек дертіне шалдыққанын анықтадық. Нагасакиде зерттеу жүргізген ғалымдардың да еңбектері осыған ұқсас. Радиация келесі ұрпақтарға да қауіп төндіретіндіктен, мұндай атом стансаларын салу туралы шешім шығарғанда абай болуымыз керек. Бұл – адамдардың денсаулық мәселесі», – дейді ол.

ХАЛЫҚТЫҢ ХАБАРДАР БОЛУЫ МАҢЫЗДЫ

Жиырма жыл бұрын атом энергетикасына қарсы шыққан «Экофорум Қазақстан» қауымдастығының төрағасы Светлана Могилюк халықтан оларға бейтаныс мәселе туралы шешім қабылдау ұсынылып отырғанын, көбі АЭС туралы толыққанды білмейтінін айтады. «Адам денсаулығына радиацияның ықпалы туралы деректер жоқ, – дейді ол. – Елімізде сынақ жүргізілген, радиация тараған полигондар бар. Бірақ оның адам денсаулығына қалай әсер еткенін ешкім айтпайды. Объективті ақпарат бермейді». Сондықтан оның айтуынща, бұл шешімді қабылдарда, мұның ұзақмерзімді салдары болатынын білуіміз керек.

Расында да, халқымыздың біраз бөлігі ел аумағында АЭС салу мәселесінен бейхабар екенін арнайылап жүргізілген сауалнама көрсеткен.

Мәселе әділ ұйымдастырылған референдум арқылы шешілуі керек. Халық оған дайын емес екенін жеткізсе, бұл да – шешім

Ал энергетика және экономика саласындағы сарапшы Әсет Наурызбаев мемлекет атом стансасының тек жағымды жағын көрсетуге тырысып жатқанын, арасында жалған тезистер де барын айтса, кей сарапшылар референдумды әділ өткізуге баса мән беру қажеттігін айтады. Бізде ұзақмерзімді жобаларға қатысты үнемі проблемалар туындап жатады. Соңына дейін жетпейді. Жемқорлық мәселесі де бар. Одан кейін ешкім жауапкершілік алмайды. «Мені экологиядан бұрын, осы жағы алаңдатады, – дейді «Әлеуметтік-экологиялық қор» қамқоршылық кеңесінің төрағасы, қоршаған орта және климат өзгерісі мәселелеріне маманданған заңгер Вадим Ни. – Мәселе әділ ұйымдастырылған референдум арқылы шешілуі керек. Халық оған дайын емес екенін жеткізсе, бұл да – шешім».

Иллюстрациялар DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониториң жасау бюросы PAPERLAB зерттеу орталығымен бірлесіп, Конрад Аденауэр атындағы қордың қолдауымен азаматтар арасында 2023 жылы қазан айында «Қазақстандықтардың атом электр стансасы құрылысына көзқарасы» тақырыбында өткізген сауалнамасының деректері негізінде жасалды.

АТОМ ЭНЕРГЕТИКАСЫНЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҚТАРЫ

Атом электр стансасын салу керек дейтіндер елдегі көмір электр стансаларының әбден тозғанын, 1 кг уран 100 тонна көмір немесе 60 тонна мұнайға тең энергия шығаратынын, жылына 20 млн тонна көмірқышқылды газ шығарындысының алдын алуға болатынын айтады. «АЭС 24 сағат бойы күндіз-түні электр энергиясын береді. Бізге оны тек пайдалану керек. Екіншіден, қазір Алматыдағы ядролық физика институты мен Курчатовта ядролық реактор жұмыс істеп тұр. Ондай зерттеу реакторларын эксплуатациялау өндірістік реактордан да қиын. Әрі бізде Ақтауда 1970-1999 жылдар аралығында реактор болды. Бірақ онда қару-жараққа арналған плутоний шығатындықтан, оны өшірдік. Яғни қажет мамандар өзімізде бар», – деді бізге «Қазақстандық атом электр стансалары» ЖШС баспасөз қызметінің жетекшісі Еркебұлан Қожманбет. Сондай-ақ ол халықтың Чернобыль бен Фукусима апатын алға тартатынын, алайда Чернобыльда екінші буын реакторлары жарылса, Фукусимадағы апат жер сілкінісінен соң пайда болған цунамидің реакторға тиюінен болғанын әрі Қазақстан 3+, яғни постфукусима реакторларына басымдық беріп отырғанын айтты. Оның айтуынша, мұндай реакторлар судан жақсы қорғалған әрі тартылыс күшіне негізделіп жасалған.

«Бізге 24 сағат бойы электр энергиясын беріп тұратын базалық энергия көзі керек. Адамның ығына жығылатын атом энергетикасы мен су энергетикасы ғана. Ал күн және жел стансалары ауа райына тәуелді. Ядролық реакторлар ұзақ уақыт техникалық қызмет көрсетуді қажет етпестен жұмыс істеп, электр энергиясын үздіксіз әрі тұрақты түрде алуға мүмкіндік береді, – дейді Еркебұлан Қожманбетов. – Құрылыс пен ядролық реакторларға қызмет көрсету едәуір инвестицияны қажет еткенімен, ядролық отын шығыны аз болады. Әрі Қазақстанда уран көп қой».

Еркебұлан Қожманбетов АЭС салу жобасының әлеуметтік, экономикалық, техникалық және экологиялық пайдасы да бар екенін еске салады. Оның айтуынша, АЭС құрылысы кезінде 8 мыңға дейін жаңа жұмыс орны ашылады, эксплуатация кезеңінде 2 мыңдай сапалы кадр жұмыс істейді. Салық түсімі 2,5–3,0 млрд долларға дейін жетеді, елдің инвестициялық тартымдылығы артады.60 жылдан астам уақыт бойы энергиямен қамту мүмкіндігі туады. Сосын, әрине, көмірқышқыл шығарындысы болмайды.

Расында, солай ма? Атом энергетикасын «жасыл энергия» көзіне жатқызуға бола ма? «Жоқ!» – дейді кейбір сарапшылар.

АЭС – ЖАСЫЛ ЭНЕРГИЯ ЕМЕС

Біріншіден, атом энергетикасын «жасыл энергия көзіне» жатқызудың өзі даулы мәселе.  Мұнда тұтас ядролық отын цикліне назар аудару керек. Уран өндіру, оны байыту, АЭС құрылысын салу тізбегін толық циклде қарастырсақ, оны экологиялық таза энергия көзі дей алмаймыз. «Жасыл деуге келмейді, себебі бұл энергияны алу кезінде қоршаған ортаға тигізетін зияны бар, – дейді биолог, радиация тудыратын генетикалық бұзылулар бойынша маман, 2005 жылы Қазақстанға ядролық қалдықтардың коммерциялық импортына жол бермеу науқаны үшін Голдман экологиялық сыйлығының лауреаты Қайша Атаханова. Ол АЭС-ті екі басты айдаһарға теңейді. Бір жағынан, әрине, энергия береді, ал екінші жағынан радиациялық қалдықтары бар. Оны мың жыл бойы сақтау, лаңкестерден қорғау қажет. Кеңес одағы кезінде бәрін бірінші болып істеуіміз керек деген амбиция болды, бірақ одан кейін не болатынын ешкім ойламады. Қазір де станса салып алайық, қалғанын кейін көре жатармыз деген сыңай байқалады.

Бір жағынан, әрине, энергия береді, ал екінші жағынан радиациялық қалдықтары бар

Екіншіден, денсаулыққа әсері. Атом өнеркәсібі радиотоксинді «мәңгілік» радионуклидтер бөледі, мысалы, плутоний, йод-129, нептуний-237, технеций-99. «Бұлар аса қауіпті әрі денсаулыққа зиян. Германияда АЭС маңында 5 км жерде өмір сүретін бес жасқа дейінгі балаларда лейкемия 2,2 есе көп, ал басқа рак түрлері 1,6 есе жиі кездесетіні туралы зерттеу бар. АЭС маңында тұратындар ерте қартаятыны, көзі нашар көретіні, иммундық жүйесінің төмен екені, қан құрамының өзгергені байқалады», – дейді Светлана Могилюк. Ол тіпті Беларусь ТЖМ баяндамасында ресми органның өзі станса маңындағы радиоактивті сәулелену деңгейі 84%-ға өскенін мойындағанын алға тартады.

Үшіншіден, жоба қымбат. Мұнда болашақ шығындарды да ескеру керек.  Әсет Наурызбаевтың сөзіне қарағанда, АЭС салынған жағдайда жыл сайын 1,5 млрд доллар артық төлейміз. 20 млн адамға шаққанда, 30 мың теңгеден төлеп отырамыз деген сөз. Оның үстіне ядролық қалдықтарды көміп тастаудан басқа кәдеге жарату жолы әлі табылған жоқ. Бұл да ұзақмерзімді қаржыландыруды қажет етеді.

Тағы бір проблема – өзіміз уранды байыта алмаймыз, оны тек ядролық бес держава байытады. Демек, байытылған уран сатып алып отыруға тура келеді.

Төртіншіден, саяси тәуекелдер бар. «АЭС салып беретін мемлекет үшін ядролық реактор саяси тетікке айналуы мүмкін. Бізде технологиялық колониализм деген ұғым бар. АЭС-ті жаба салу, сатып жіберу немесе көміп тастау мүмкін емес», – дейді деколониялық антиядролық белсенді Әлішер Хасенғалиев.

Жиырма жылдың ішінде арзан энергия беретін термалды реакторлар шығуы мүмкін

Бесіншіден, қазір электр энергиясын өндірудің жаңа технологиялары жасалып жатқандықтан, уақыт өте келе АЭС қажеттілігі болмай қалуы да мүмкін. Кішкентай модульді атом реакторларынан бастап, термоядролық синтезге дейін зерттеліп жатыр. «Жиырма жылдың ішінде арзан энергия беретін термалды реакторлар шығуы мүмкін, – дейді Әсет Наурызбаев. –Энергияны өндіргеннен, синтездеу арзан әрі жылдам болатыны айтылып жатыр».

Экологтер Қазақстанда АЭС салу орны ретінде Балқаш көлінің маңы таңдалғанына алаңдайды. Балқаштан айырылып қалуымыз мүмкін дейді олар. Ал «Қазақстандық атом электр стансалары» ЖШС өкілі бұл қорқыныштың негізсіз екенін, АЭС Балқаш суының тек 0,3 %-ын пайдаланатынын, ал қазір ауыл шаруашылығы Балқаш суының 3%-ын алып отырғанын айтты. Сондай-ақ ол радиоактивті қалдықтар халықаралық стандарттарға сай көмілетінін, оған жауапты арнайы оператор болатынын жеткізді.

Бір байқағанымыз, атом энергетикасына қарсы шығатындар баламалы энергия көздеріне басымдық беру керек десе, АЭС салу керек деп отырғандар балама энергетиканың да қауіпті қалдықтары барын алға тартады. Жел және күн электр стансалары экологиялық таза, парник газдарын бөлмегенімен, ауа мен суды ластамағанымен, жел турбиналары мен күн панельдерін орнату да экожүйеге белгілі бір деңгейде әсер етеді дейді олар. «Бірақ радиацияны қоршаған ортаға басқа зияны бар қалдықтармен салыстыру нонсенс дер едім. Аккумуляторларға қажет металдарда да улы процестер жүреді, бірақ оны радиациямен салыстыруға келмейді. Ал радиация адамға гендік деңгейде әсер ететінін ұмытпау керек», – дейді Светлана Могилюк.

Бұдан бөлек, жел және күн стансаларын салу  атом энергетикасынан арзанға шығады. Яғни инвестор тартуға да жақсы. Қайша Атаханованың айтуынша, ядролық технологиялар қымбат. Қазір инвесторлар үшін атом энергетикасы емес, жаңартылатын энергия технологиялары тартымды. Жасыл энергия неғұрлым тұрақты, тәуекелдері айтарлықтай аз және жобаны жүзеге асыру мерзімі де ұзақ емес.

РЕСМИ ОРГАН НЕ ДЕЙДІ?

Қазақстанда АЭС салатын орын ретінде Алматы облысының Үлкен кентінің ауданы ұсынылып отыр. Энергетика министрлігі бұл таңдау бірнеше факторды ескере отырып қабылданғанын және нақты зерттеу референдумнан кейін айтылатынын жеткізді.

«Жүргізілген зерттеулердің қорытындысы бойынша, табиғи-климаттық факторларды (сейсмикалық қауіп, су ресурстарының болуы, жер бедерінің болуы, геологиялық құбылыстар және т.б.), елдің оңтүстігінде электр энергиясының болжамды тапшылығын ескере отырып, қуаты 2800 МВт-қа дейінгі АЭС құрылысына ең қолайлы аудан ретінде Балқаш көлінің маңында орналасқан Алматы облысының Үлкен кентінің ауданы (маңы –редактор) ұсынылды. АЭС алаңын таңдау және орналастыру ісін егжей-тегжейлі зерттеу АЭС салу бойынша өткізілетін референдумда оң шешім қабылданған жағдайда жобалау алдындағы құжаттаманы әзірлеу аясында жүргізілетін болады», – делінген министрліктің редакцияға жіберген ресми жауабында.

Ведомство Қазақстанда АЭС салу үшін 3 және 3+ жаңа буынның суы бар жеңіл су реакторлары қарастырылып жатқанын, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және радиоактивті өнімдердің қоршаған ортаға зиянын болдырмауға мүмкіндік беретін техникалық шешімдердің толық кешені іске асырылып жатқанын айтады.

«АЭС-тің сыртқы қабығы табиғи (торнадо, дауыл, жер сілкінісі, су тасқыны), техногендік және антропогендік (жарылыстар, ұшақтың құлауы және т.б.) әсерлерге төтеп бере алады. Осылайша, қазіргі заманғы үшінші буын стансаларында ыдырау өнімдерінің сыртқа шығуына жол бермейтін күмбез бар. АЭС салу және пайдалану кезінде қоршаған ортаны һәм халықты қорғау үшін қатаң қауіпсіздік шаралары сақталатынын атап өту маңызды. Құрылыс кезеңінде геологиялық және сейсмикалық жағдайларды ескере отырып, қауіпсіз учаскелер таңдалып, Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес қоршаған ортаға әсерді бағалау жүргізілетін болады. Сондай-ақ жобалаудың заманауи технологиялары қолданылады. Пайдалану барысында жабдыққа тұрақты мониторинг, тұрақты техникалық қызмет көрсету және жаңғырту, персоналды мерзімді оқыту және білімін тексеру жүзеге асырылады. Бұдан басқа, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік АЭС-ті іске асыру жобасының барлық кезеңінде Қазақстан Республикасының Үкіметіне қажетті консультациялық көмек көрсететінін атап өтеміз», – дейді ведомство өкілдері.

ҚАЗАҚСТАНДА АЭС-ТІ ҚАЙ МЕМЛЕКЕТ САЛУЫ МҮМКІН?

Қазақстан энергетика министрлігі АЭС салынатын жағдайда төрт елдің компанияларының ұсыныстары қаралатынын мәлімдеді. Олардың арасында Росатом (Ресей), Électricité de France (Франция), China National Nuclear Corporation (Қытай), Korea Hydro & Nuclear Power (Оңтүстік Корея) компаниялары бар.

Энергетика министрлігі АЭС-ті кім салатыны референдумда оң шешім қабылданған жағдайда вендорлармен, яғни осы шетелдік компаниялармен келіссөздер қорытындысы бойынша шешілетінін, таңдау кезінде реакторлардың техникалық сипаттамалары, экономикалық факторлар ескерілетінін айтты.

«Қазіргі уақытта Министрлік «CNNC» (ҚХР, HPR-1000 реакторы), «Росатом» (РФ, ВВЭР-1200, ВВЭР-1000 реакторлары), «KHNP» (Оңтүстік Корея, APR-1400 реакторы) және «EDF» (Франция, EPR1200 реакторы) компанияларын әлеуетті жеткізушілер ретінде қарастыруда. Референдум нәтижесінде оң шешім қабылданса, ядролық технологияларды жеткізушіні таңдау реакторлардың техникалық сипаттамаларын, экономикалық факторларды және ұлттық мүддені қорғауды ескере отырып, вендорлармен келіссөз қорытындылары бойынша жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасының атом саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар әзірлеу үшін министрлік жанында Қазақстан Республикасының атом саласын дамыту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия жұмыс істейді. Оның құрамына мемлекеттік органдар мен салалық ұйымдар кіреді», – делінген министрлік хабарламасында.

Енді жоғарыда аталған компанияларға тоқталып өтсек.

Ресейдің мемлекеттік холдингі саналатын «Росатом» 10 елде 33 энергоблок салып жатыр. Олардың арасында Ресейден бөлек Түркия, Мажарстан, Мысыр, Үндістан, Беларусь, Бангладеш бар.

Франция үкіметіне бағынатын Électricité de France компаниясы ондағы 56 атом реакторына жауапты және әлем бойынша ең көп электр қуатын өндіреді. Әлемде 30-дан астам елде, соның ішінде АҚШ, Канада, Испания, Мексика, Сингапур, Аустралия секілді елдерде жұмыс істейді. Компания әлемде 40 млн тұтынушымыз бар дейді.

China National Nuclear Corporation (Қытай) компаниясы Қытайдағы АЭС-тердің жартысын бақылауда ұстайды. Батыс елдері бұл корпорацияның Қытай әскеріне қатысы барын жиі айтады әрі сол үшін санкция да салған.

Korea Hydro & Nuclear Power (Оңтүстік Корея) Кореядағы су элекр стансалары мен бес АЭС-тің жұмысын жүргізеді. Қазір Польшада, Чехияда, Словакияда, Сауд Арабиясында АЭС салып жатыр.

Бұл тізімнен мамандардың кейбірі  корей компаниясына басымдық беріп отырса, басқалары «Росатом» дұрыс дейді. Қазақстан «Росатоммен» жұмыс істесе, 10-15 млрд доллар үнемдейтінін алға тартатындар бар. Алайда Кореяның Біріккен Араб Әмірліктерінде төрт блокті 20 миллиард долларға салғанын айта кеткен жоқ. Әрі Корея Қазақстанға АЭС отынын өндіру технологиясын беруге дайын екенін айтқан.

Ал «Росатом» жобаларының бәріне шетелдік компаниялар қатысады. Мысалы, Түркиядағы «Аккуюда» турбиналарды америкалық GE компаниясы жеткізеді, ал бақылау жүйесі француздық Assystem арқылы. Мажарстандағы жобада басқару жүйесін Фраматомме француз компаниясы, Мысырдағы жобада Эль Дабаа құрылыс машиналарын KHNP корей компаниясы жеткізеді. Қазақстан АЭС-ті кім салатынын шешкен жоқ, бірақ General Electric-пен, кореялық KHNP, француздық Assystem-мен меморандум жасады. Украинадағы шиеленістен соң, Батыс елдері Ресейден барынша алыстауға тырысып жатқанын ескерсек, «Росатомға» санкция салынса, АЭС құрылысында қиындық туындауы мүмкін екенін де ескерген жөн.

Түйін

АЭС салу мәселесі мұқият талқылауды, жан-жақты саралауды қажет етеді. Әрине, елдің энергетикалық қауіпсіздігі үшін электр энергиясының үздіксіз өндірілуі өте маңызды. Алайда артықшылықтары ғана емес, кемшіліктері де бар: көп қаржы кетеді, қауіпсіздік пен  радиоактивті қалдықтарды тиімді басқаруды қажет етеді. Осының бәрін ескерсек, мұндай ұзақмерзімді жобада энергетикалық қауіпсіздік, экономикалық тиімділік пен қоршаған ортаны қорғау арасында теңгерім табу өте маңызды. Ал Қазақстандағы АЭС мәселесін әлі де терең талдап, талқылау қажеттігі байқалады. Ал сіз не ойлайсыз?

Автор: Гүлнұр Қуанышбекова

Иллюстрацияларды жасаған: Жігер Мұратхан