13Янв

Жылан екен деп қалмаңыз

Қазақстанның оңтүстігінде шөлейтті жерлерді мекендейтін ерекше «жылан» бар. Жергілікті жұрт осы тіршілік иесін бұрыннан «сарыжылан» деп атап кеткен. Шын мәнінде ол ешқандай да жылан емес. Ұзындығы 135 см-ге дейін жететін әлемдегі ең үлкен аяқсыз кесіртке!

Сарыжылан – жердегі эволюцияның ерекше мысалы бола алатын қызық жаратылыс. Иә, бір қарағанда, жыланнан аумайды, бірақ эволюция барысында аяқтары жойылып кеткен бауырымен жорғалаушыға жатады. Олардың қаңқасындағы жамбас сүйек қалдығының әлі күнге дейін болуы байырғы бабаларының төрт аяқпен жүргенін дәлелдейді. Бұл өзгеріс оған қалың өскен өсімдіктер арасында жүруге және жерастында оңтайлы қозғалуға мүмкіндік береді.

Айғақ: «Сарыжылан – аяқсыз кесіртке, бірақ оның қаңқасында төрт аяқты бабаларының белгісі сақталған». Суретте сарыжылан қаңқасындағы аяқ сүйегінің қалдықтары қызылмен көрсетілген.

Қазба қалдықтарын зерттегенде сарыжыландардың 20 миллион жылдан астам уақыт бойы айтарлықтай өзгермегені белгілі болған. Ғылымда сарыжыланға Pseudopus apodus деген атау беріліп, ұршықсап кесіртке тұқымдастар қатарына енгізген.

Таралу аймағы

Сарыжылан Қазақстанның оңтүстік бөлігінде (Қызылқұм, Үстірт, Тянь-Шань), сондай-ақ Орталық Азия, Кавказ, Шығыс Еуропа және Жерорта теңізінің далалы және шөлейтті, таулы аймақтарында таралған.

Бейнежазба автордікі

Қорегі

Сарыжылан жемін аулауға әдетте таң мезгілі мен кешкі уақытта шығады. Олар жәндіктер мен өрмекшілерді, ұсақ кеміргіштерді, тіпті құстардың жұмыртқалары мен балапандарын да қорек ете береді. Аяғының жоқтығына қарамастан, денесіндегі бүкіл бұлшықетін пайдаланып, жылдам қозғала алады. Ұстайтын жемін қуып жетуге де, өзіне қауіпті жыртқыштан да қашуға қауқарлы. Сарыжыланның бір қасиеті – жердегі  болмашы дірілді сезетіндіктен, жыртқыш немесе жемі жақындағанын анықтай алады.

Тағы бір қызықты мәлімет – сарыжыландар тіршілігінің соңына дейін негізінен тұрақты жұп құрады. Мұндай жағдай бауырымен жорғалаушылар арасында өте сирек кездеседі.

Адамға қауіпті емес

Сарыжылан адамға қауіп төндірмейді және улы емес. Адаммен ұшырасып қалса, бой тасалауға тырысады, бірақ қауіп төнген жағдайда қатты ысылдап, жауын қорқыту үшін айбат шегуі мүмкін. Кейде қауіптен құтылу үшін басқа кесірткелер сияқты құйрығын тастап кете алады (автотомия). Дегенмен олардың құйрығы денесінің көп бөлігін құрайтындықтан, бұл әрекет олардың өміріне айтарлықтай кері әсер етуі мүмкін. Себебі, құйрығында қоректік заттардың маңызды қоры сақталады.

Сарыжылан туралы жалған мифтер

Өкінішке қарай, сарыжылан туралы қате түсініктер мен аңыз көп. Жергілікті тұрғындар көп жағдайда оларды улы жылан деп ойлап қалып, өлтіріп жатады. Бірақ, жоғарыда атап өткеніміздей, сарыжылан улы емес. Адамға еш зияны жоқ. Керісінше, жәндіктер мен ұсақ зиянкестердің санын реттеп, табиғатқа пайдасын тигізетін бейбіт жаратылыс иесі.

Тағы бір аңыз, яки жалған тұжырым – сарыжылан сорпасының емдік қасиетінің бар екені. Бұл да ешқандай ғылыми дәлелі жоқ, өрескел қате түсінік. Керісінше, оны ем ретінде пайдаланамыз деп зиян шегуіңіз мүмкін.

Біріншіден, сарыжылан Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген жануар, сондықтан оларды аулауға қатаң тыйым салынған. Заң жүзінде жауапкершілікке тартыласыз.

Екіншіден, көптеген бауырымен жорғалаушылар сияқты сарыжыланның да асқазан-ішек жолында, өкпесі мен басқа органдарында гельминттер (паразит құрттар) тіршілік етеді. Сол паразиттер адамға өтіп, денсаулыққа зиян келтіреді.

Мына сарыжыланды ұстап алған адамға қолындағы қандай тіршілік иесі екенін түсіндіріп, кеңірек ақпарат берген соң, ол кесірткені табиғатқа қайта жіберді. Фото автордікі.

Сарыжыланды қорғайық

Сарыжыландар саны тіршілік ету ортасының бұзылуы мен адамдардың жоғарыда айтылғандай зиянды әрекеттерінің кесірінен азайып барады. Мысалы, жоғарыдағы суреттегі сарыжыланды ұстаған адамға кездейсоқ жолығып қалып, фотоға түсіріп алдым. Біраз әңгімелесіп, мұның қандай тіршілік иесі екені туралы кеңірек мағлұмат беруге тура келді. Егер сізге сарыжыланды көру бақыты бұйырса, фото немесе бейнежазбаға түсірумен ғана шектеліп, өз жөнімен (тіршілік ортасына) кетуіне мүмкіндік беріңіз. Табиғаттың ұлы үйлесімін сақтауға үлес қосыңыз.

Қызыл кітапқа енгізілген басқа түрлерді де біле жүріңіз: Үкі. Құмай

Автор: Бекжан Бердіқұл, арнайы National Geographic Qazaqstan үшін.