Автор: Нұржауған Мұқанова
Сарыарқаның төрінде, Ақмола мен Қарағанды облыстарының түйіскен тұсындағы «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық паркі – табиғи байлықтың, сирек өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің қазынасы. Бұл аймақ көркем ландшафтысымен ғана емес, сонымен бірге флорасының алуан түрлілігімен де ерекшеленеді. Мұнда өсімдіктердің 610 түрі тіркелген, олардың ішінде 10 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Соның бірі – табиғаттың нәзік туындысы, көктемнің хабаршысындай болып гүлдейтін ашық құндызшөп (Pulsatilla patens).

Ерте көктемде, жапырақтары толық жайылғанға дейін-ақ гүлдеп үлгеретін бұл түр халық арасында «ұйқышөп» деп те аталады – мұндай атау жануарлар құндызшөптің тамырын жалағанда ұйықтап қалады деген нанымнан шыққан.
Ғылыми ботаникалық сипаттамасы

Морфологиялық ерекшеліктері: Ашық құндызшөп – сарғалдақтар тұқымдасына жататын, жерге жақын жайыла орналасқан жапырақтар шоғы бар, көпжылдық шөптесін өсімдік. Оның қоңыр түсті, тік өскен тамыры және биіктігі шамамен 7–15 см-ге жететін тік сабағы болады. Өсімдіктің өне бойын жібектей жұмсақ түк басқан. Сабағының орта шенінде оны қоршай орналасқан тілімделген жапырақтар шоғырланады, ал түп жағындағы жапырақтары сағағы ұзын, саусақ тәрізді үш салалы бөліктерге бөлінген. Гүлдері ірі, ашық күлгін, кейде ақшылдау көкшіл немесе қызғылт реңкті, жеке-жеке сабағының ұшында өседі.

«Ашық құндызшөп тұқым шашу арқылы көбейеді. Наурыздың соңы – сәуір мен мамыр айларында қар еріп, күн жылына салысымен гүлдей бастайды. Гүлдеген кезінде жапырақтары кішкентай болады, яғни өсімдік алдымен гүл ашып, кейін жапырақ жаяды. Гүлдеген соң, мамыр-маусым айында, көптеген жаңғақша тәрізді тұқым түзіліп, 20-25 күн дегенде жетіледі. Әр тұқымның ұзын қауырсынды қылтаны оның желмен таралуына септігін тигізеді», – дейді «Бұйратау» МҰТП ғылым және мониторинг бөлімінің бастығы Фируза Исмаилова.

Экологиясы және өсу ортасы: Ашық құндызшөп өскен жерлердің экожүйесі әдетте адам аяғы көп тие бермейтін, табиғи қалпы сақталған аумақтар болуы қажет. Өсу шарттары ретінде құндызшөп құмды-құнарсыз, бірақ жақсы құрғайтын топырақты, күнкөзі мол ашық кеңістікті талап етеді. Бұл өсімдік қуаңшылыққа төзімді, суық көктемге бейімделген ерекшелігімен көзге түседі. Қарағайлы, қайыңды ормандардың шеттерінде, сирек ағашты ашық алаңдарда, бұталардың арасы мен құрғақ беткейлерде кездеседі. Әдетте құмды не қиыршықты жақсы құрғатылған топырақта өседі. Қазақстанда және көршілес аймақтарда ашық құндызшөпті көбіне сирек қарағайлы орман ішіндегі шағын шалғындардан, өзен-бұлақ жағалауындағы күн жақсы түсетін жерлерден байқауға болады, өйткені бұл өсімдікке жарық көп түсетін ашық кеңістік қажет. Сондықтан қалың орман ішінде немесе биік шөп басқан бұта арасында сирек ұшырасады.
Қазақстандағы таралу аймағы
Бұйратау ұлттық паркінен бөлек, ашық құндызшөп республиканың солтүстік және шығыс өңірлерінде шоғырланған. Нақты айтқанда, бұл түрдің таралу аймағына Тобыл-Есіл өзендері алабы (Солтүстік Қазақстан мен Қостанай облыстары), Ертіс маңы (Павлодар облысының қарағайлы ормандары), Көкшетау маңы (Ақмола облысы, соның ішінде Бурабай ұлттық паркі), Қарқаралы тау сілемдері (Қарағанды облысы) және Алтайдың тау бөктерлері (Шығыс Қазақстан облысы) кіреді. Мысалы, Көкшетау өңіріндегі Бурабай ұлттық паркінде бұл гүл сирек те болса өседі. Қарқаралы тауларында, Ертіс өзені бойындағы құмды қарағайлы орманда және Алтайдың құрғақтау беткейлерінде шағын популяциялары кездеседі. Қазақстанның басқа аймақтарында (батыс, орталық және оңтүстік өңірлерде) ашық құндызшөп тіркелмеген немесе өте сирек (жекелеген тарихи гербарий деректері ғана бар). Бұл өсімдік негізінен орманды дала климатын ұнатады, ылғалы молдау, жазы онша аптапты емес аймақтарға бейімделген.
(Сізге қызықты болуы мүмкін материал: Бұйратауда бизон жүр)
Ертеде халық ашық құндызшөптің емдік қасиеттерін байқап, түрлі ауруға қарсы ем-домға қолданғаны белгілі. Бірақ біз бұл өсімдіктің құрамында улы әсер ететін биологиялық белсенді заттар – протоанемонин, анемонин және тритерпеноидты сапониндер бар екенін, адам уланып қалуы ықтимал екенін және оның Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген сирек түр екенін ескертеміз.
Қорғалу мәртебесі
Халықаралық деңгейде ашық құндызшөп бірнеше қорғау тетіктеріне енгізілген. Бұл түр Еуропа елдерінде күрт сиреп кеткендіктен, халықаралық табиғат қорғау ұйымдарының назарына ілініп отыр. IUCN Қызыл тізімінде Pulsatilla patens түрі бағалауға дерек жеткіліксіз түр ретінде белгіленген (2011 жылғы бағалау бойынша Data Deficient мәртебесі берілген), яғни жаһандық популяциясына нақты қауіп-қатер дәрежесі толық анықталмаған. Дегенмен Еуропада бұл гүл құрып кету қаупі жоғары және құрып бара жатқан түр саналады. Ашық құндызшөп CITES конвенциясының тізіміне енгізілмеген (себебі халықаралық саудада көп ұшыраспайды), бірақ Еуропа фаунасы мен флорасын қорғау жөніндегі Берн конвенциясының I қосымшасына кірген – яғни Еуропада қатаң қорғалатын өсімдіктердің бірі. Сонымен қатар Еуроодақтың Habitat директивасы бойынша бұл түр II және IV қосымшаларда көрсетілген (қауіп алдында тұрған түр ретінде арнайы қорғауға алынған және жиынтық ареалының маңызды бөліктерінде Natura 2000 желісі арқылы қорғалуға тиіс). Шынында да, Еуропада Pulsatilla patens өсетін 120-дан аса қорық-аумақ (Natura 2000) белгіленген.

Беларусь, Латвия, Литва, Эстония, Украина секілді елдерде бұл өсімдік мемлекеттің қорғауына алынған. Ресей Федерациясының көптеген облысында жергілікті Қызыл кітаптарға енген (әсіресе шекаралас Алтай, Батыс Сібір аймақтарында). Сол сияқты АҚШ пен Канадада бұл түр кең таралғанымен, жергілікті кейбір штаттар мен провинциялар деңгейінде сирек түр ретінде бағаланады (мысалы, АҚШ-тың Иллинойс штатында жойылып бара жатқан түр деп саналады).
Қазақстанда ашық құндызшөп 1981 жылдан бері республиканың Қызыл кітабына енгізіліп, II санат – сирек кездесетін, таралу аймағы шектеулі түр мәртебесі берілген. Бұл оның елімізде жойылып кету қаупі әзірге тым жоғары емес, бірақ саны аз әрі тұрақсыз екенін білдіреді. Қызыл кітапқа енуі өсімдікті зақымдауға, жинауға заң жүзінде тыйым салынғанын және арнайы қорғау шаралары қолданылатынын көрсетеді. Қазақстанда ашық құндызшөпті кез келген мақсатпен (дәрілік шикізат үшін болса да) жинау заң бұзушылық болып саналады.
Қауіп-қатерлер, популяция жағдайы және сақтау шаралары
Ашық құндызшөптің саны азайып, сирек түрге айналуына негізінен антропогендік факторлар әсер етіп отыр. Ең әуелі, адам әрекеті нәтижесінде өсімдіктің табиғи мекен ортасы қысқаруда. Тың жерлерді жыртып, егіншілікке пайдалану, орман алқаптарын кесіп, жерді шаруашылыққа игеру – құндызшөптің өсетін далалық және орманды алаңқайларын азайтып жіберді. Рекреациялық жүктеме, яғни адамдардың табиғат аясына көп шығуы (көбіне демалу орындары – ұлттық парктерде) да сирек гүлдерге қауіп төндіреді. Көктемде гүлдеген кезде әдемі гүлін жұлып алу, аяқпен таптау да өсімдіктің табиғи көбеюіне кедергі келтіреді. Табиғи факторлардан климат өзгерісі (құрғақшылық), орман өрті үлкен қауіп: өрттер қарағайлы орманды сиретіп қана қоймай, өсімдіктерді жойып жібереді немесе олардың тіршілік ортасын өзгертеді. Жоғарыда аталған себептерден Қазақстандағы және жалпы Еуразиядағы ашық құндызшөптің таралу аймағы қысқарып, популяциялары оқшауланып барады. Мысалы, «Бурабай» ұлттық паркінде бұрын бірнеше жерде өссе, қазір санаулы ғана шағын учаскеде сақталғаны тіркелген.

Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласу арқылы журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз.