Өткен аптада тағы да «Бұйратау» ұлттық паркінің ғажайып табиғатына тамсанып, сурет түсіріп, Әжібай, Бозайғыр көлдерін аралап қайтқанбыз. Жолбасшымыз Қанат Күлбаев – ұлттық парктің инспекторы. Алты жасынан бастап осы маңайдағы ауылда жылқы бағып өскен, жер жағдайын жақсы білетін азамат екен. Көзі де қиядағыны шалатын қырағы. Жер шолып келе жатып, біресе сол жақты, біресе оң жақты нұқсап, «әне, ана тұста 2-3 арқар кетіп барады» дейді. Менің көзіме ештеңе көріне қоймайды. Ал фотоаппаратпен қарасам, расымен көз ұшында кетіп бара жатады. Өкініштісі, суретке түсіргенге тым алыс. Сөйтіп, жақыннан ештеңе кезікпей келе жатқанда, «Оң жаққа қара!» деген Қанаттың дауысы қатты шықты.
Мәссаған, бір үйір арқар жөңкіле жосып, алдымызды кесіп өтуге таяп қалыпты. Бір-екі сурет болса да түсіріп қалуға тырысып, жалма-жан фотоаппаратқа жармастық. Аяқты жануарлар аял қылсын ба, 60-70 қадамдай жерден ағызып өте шықты. Небәрі 4-5 рет қана шыртылдатып үлгердім.

О, ғажап! Бес кадрдың төртеуі бұлдырап, біреуі ғана анық түсіпті. Бұған дейін тек көз ұшынан, онда да фотоаппараттың обьективін дүрбі қылып көргеніме мәз болып жүргенде, мынау мен үшін үлкен олжа болды.

Қазақстан арқары (Ovis ammon collium)
Сарыарқа таулары, Балқаштың солтүстік жағалауы мен Алтайдың Қалба, Тарбағатай, Маңырақ, Сауыр алқаптарынада таралған. Өткен ғасырдың 70-жылдары Ұлытауда жойылып кеткен.
Таудың далалық аумақтарын мекендейді. ХХ ғасырдың 60-80 жылдары мал шаруашылығының қарқынды дамуы, әсіресе қой шаруашылығы арқарлар мекендейтін жер көлемін азайтып жіберді, ал 90-жылдары мал санының азаюына байланысты арқар өрісі қалпына келе бастады.
Сарыарқа тауларында 90-жылдардың басында 9,7 мыңдай бас арқар мекендеген. Ал 2005 жылдың күзіндегі санақта 4,5 мың арқар тіркелген.
Еліміздегі арқар түрлері туралы кеңірек мағлұмат алғыңыз келсе, мына мақаланы оқып көріңіз: Арқар https://nationalgeographic.kz/2023/03/03/arqar/
Автор: Айбын Шағалақ

Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз.