4Мам

Пластик өзені

Ганга өзені

Гималайдың батысында екі өзен – Бхагирати мен Алакнанда қосылып, Үндістанның санскритше «қасиетті қосылу» дегенді білдіретін Девапрайаг қаласында Ганга өзенін құрайды. Ганга өзенімен ағып жатқан пластик қалдықтардың мөлшері жылына 6 200 метрикалық тоннадан асады.


Ганга өзені – Үндістандағы қасиетті су жолы. Ол сонымен қатар мұхитты ластайтын өндіріс қалдықтарының негізгі көзі.

Кейінгі он жылда әлем мұхиттарда пластик қоқыстың көбейгенін байқап, ұлғайып келе жатқан дағдарысты шешуге сан алуан күш-жігер бағыттағанымен, жеткіліксіз болды. Болжам бойынша, 2040 жылға дейін теңізге түсетін пластиктің көлемі 3 есеге, яғни жылына 29 млн метрикалық тоннаға жетеді. Бұл бүкіл әлемде жағалау сызығының әр метрі үшін орташа есеппен 50 кг пластик қоқыстан келеді дегенді білдіреді.

Ғалымдар мұның алдын алуға әлі де кеш емес дейді. Бірақ болмашы қадамдар енді мәселені шешпейді.

Мұхиттағы пластик қалдықтар планктоннан бастап балыққа, тасбақа мен китке дейін көптеген жабайы табиғатқа өмірлік қауіп төндіріп отыр. Қалдықтардың мұхитқа қалай түсетіні туралы мәлімет аз. Бірақ өзендер, әсіресе, Азиядағы өзендер пластиктің негізгі көзі екені анық.

2019 ж. National Geographic қоғамы ғылыми-зерттеу экспедициясын қаржыландырды: Ганга – Солт. Үндістан мен Бангладеш арқылы өтетін, әлемдегі ең үлкен, халық тығыз орналасқан өзен бассейндерінің бірі. Үндістан, Бангладеш, АҚШ және Ұлыбританиядан келген 40 ғалым, инженер, көмекші қызметкерлер тобы өзен арнасын қатты кеңейтетін муссон жаңбырына дейін және одан кейін басынан аяғына дейін екі рет жүріп өтті. Өзеннен, оның маңындағы жер мен ауадан сынама алып, 1400-ден астам тұрғынмен сұхбат жүргізе отырып, Гангаға және сол өзеннен Үнді мұхитына түсетін пластиктің қайдан және қалай келетінін, сондай-ақ оның түрін анықтауға тырысты.

«Мәселені шешу мүмкін емес, егер оның не екенін білмесеңіз», – деді экспедиция жетекшілерінің бірі болған Джорджия университетінің қоршаған орта инжиниринг профессоры Дженна Джамбек. Оның 2015 жылғы новаторлық зерттеуі теңіздегі пластик негізгі экологиялық проблемалардың бірі екендігіне әлем назарын аударды. Оған жыл сайын мұхиттарға орта есеппен 8,8 миллион метрикалық тонна плас­тик түсетінін анықтаған есебі де кіреді. Көп сарапшы сияқты, Джамбек те мұның шешімі пластиктің басым бөлігі шығатын жердегі қалдықтарды азайту және қадағалау деп санайды.

Джамбекті Бенгал шығанағындағы өзеннің сағасынан 800 км жерде Ганганың оңтүстік жағалауында орналасқан ежелгі үнді қаласы Патнада кездестірдім. Джамбек жерге қарап, дүкендер мен дәмханалар қатарын бойлап келе жатты. Ол қоқыстарды бөлшектеп санап, әрбір қоқыс туралы ақпаратты оның орналасқан жерін тіркейтін телефон қосымшасына жазды. Екі миллионнан астам халқы бар, тез дамып келе жатқан Патна қаласында қоқыс жинау муниципалитет тарапынан 2018 жылдан бастап жүргізіліп бастады. Ал көшеге қоқыс тастау тәжірибесі бұрыннан келе жатқан мәселе.

98 күндік экспедиция барысында Джамбек пен оның командасы өзен бойындағы 18 қала мен ауылда әрқайсысының ұзындығы шамамен қалалық бір орамға тең 146 бөлікті сүзіп шықты. Олар 89 691 қоқыс бөлшегін тіркеді. Сонымен қатар жақын маңдағы дүкендерде сатылатын өнімдердің каталогын жасады. Өйткені, Джамбектің айтуынша, қандай қоқыс көшеге тасталатынын, қайсысы өңделетінін білуіміз керек.

«Қоқысты жерге тастауға тыйым салғыңыз келе ме? Салық салғыңыз келе ме? Тағы не істегіңіз келеді? – деп сұрады ол. – Немесе, мысалы, пластик пакеттерге тыйым салған болсаңыз, ол іске аса ма?».

Ганга өзенінің қоқыстары

30 жастағы балықшы Бабу Сахни мен оның сегіз жасар ұлы Химаншу Кумар Сахни Ганганың саласы – Пунпун өзенінің жағасына жақындап келеді. Бүкіл Үндістанның ауылдық жерлерінде қоқыс жинау сирек және осы сияқты бей-берекет орындар жиі кездеседі. Мұхиттағы пластик қалдықтардың көпшілігі құрлықтан шайылып келіп түседі.


Джамбек құжаттаған пластик бұйымдардың ішінде ең көп кездесетін үштікте: тамақ орайтын үлдір, темекі тұқылы және темекі «қалталары». Ластанған заттардың 40 пайызға жуығында халықаралық бренд атаулары, соның ішінде АҚШ-та не Ұлыбританияда орналасқан компаниялардың брендтері болды. Джамбектің осы зерттеуді жүргізудегі мақсаттарының бірі – осындай компаниялардың назарын проблемаға аудару еді.

«Бізге осыдан 8 000 шақырым жердегі адамдардың келіссөзге келгені және өзгеріске ашық болғаны қажет», – деді ол маған. Климат өзгерісі сияқты, көбі мұнай мен газдан жасалатын пластик қалдықтар да көмірсутекке қатысты әдеттеріміздің теріс салдары. Тиісінше оның әсері де, проблеманың шешімдері де жергілікті және жаһандық мәнге ие. Патнада Джамбек тіркеген қоқыстың кем дегенде бір бөлігі жол жиегіндегі ашық кәрізге түседі. Одан әрі үлкен құбыр арқылы өзенге түсіп, Бенгал шығанағына бет алады.

Ганга өзені – әлемдегі ең үлкен өзендердің бірі. Оған миллиард үнділік жанды тазартатын құдіреті бар тірі Құдай Ана Ганга ретінде табынады. Басы Гималайдың батысындағы Тибеттен небәрі бірнеше шақырым жердегі Ганготри мұздығынан басталып, тік тау шатқалдарынан төмен ағып, Үндістанның құнарлы солтүстік жазығына түседі. Онда өзен шығысқа қарай субконтинент арқылы Бангладешке өтіп, 10 үлкен су саласы қосылып кеңейеді. Ганга Брахмапутра өзеніне қосылған тұстан Бенгал шығанағына құяды. Бұл Амазонка мен Конгодан кейін мұхитқа құятын әлемдегі үшінші ірі тұщы су. Ол Үндістанның 1,4 млрд халқының төрттен бірінен астамын, бүкіл Непалды, Бангладештің бір бөлігін сумен қамтамасыз етеді.

Өзеннің қасиетті саналғаны соншалық, жаулаушы әскерлер мен жолнұсқа көтерген туристер өзен суын киелі су ретінде алып, алыстағы үйлеріне әкетіп отырды. XVII ғасырдағы саудагерлер ұзақ жүзу сапарларында басқа суға қарағанда, Ганганың суы сол күйі сақталады деп сенді.

Өкінішке қарай, Ганга кейбірі британдық отарлау кезеңіне жататын жүздеген зауыттың улы қалдық суларымен ұзақ уақыт бойы ластанған әлемдегі ең лас өзендердің бірі болды. Зауыттар күн сайын жүздеген миллион литр тазартылмаған күшән, хром, сынап және басқа металдарды төгеді. Пластик – осы қатарға қосылған ластаушының соңғы түрі.

Осыған, кейде нәжіс бактерияларының өлімге әкелген жағдайларына қарамастан, Ганганың тазалығы туралы мифке деген сенім сақталып отыр. Бұл өзенді тазарту бойынша ұзаққа созылатын әрекеттерді қиындатуда. Дэвистегі Калифорния университетінде Оңтүстік Азия тарихынан сабақ беретін Судипта Сен «Ганга: Үнді өзенінің сан алуан тарихы» кітабын жазуға 14 жыл жұмсады.

«Өзен шын мәнінде екі өзен», – деді Сен. – Өзен өзін-өзі тазарта алады және сиқырлы қасиеті бар деген сенім бар. Өзен өзін-өзі тазарта алса, онда біз неге бұл туралы алаңдауымыз керек?»

Ганга туралы бұл оқиға желісі жазғы муссон маусымы кезінде, өзен толып-тасығанда нығаяды. Өзеннің бірнеше ірі саласы бірігетін Патнада муссон ағыны оны одан сайын күшейтіп, астанасы Патна саналатын, басым бөлігі ауылдық елі мекеннен тұратын Бихар аумағын үнемі шайып кетеді. Бір күні таңертең National Geographic экспедициясының мүшелерімен бірге Патнадан Ганганың солтүстік жағына өтіп, шетінде банан пальмалары өскен, фермерлер мен балықшылар тұратын шағын ауылға бардым.

Тозған көк нейлонды балық торлары үйіліп жатыр. Суда қалдырып кеткен ау – Гангадағы өзен дельфиндеріне, тасбақаларға және кәмшаттарға қауіп төндіретін пластикалық ластанудың негізгі көзі.

Калькутта

Калькуттадағы Маллик Гхат гүл базары Дурга Пужа фестивалінің қарсаңында ығы-жығы. Ганганың саласы Хугли өзені жағасында 1850 ж. бері жұмыс істейтін онда тірі гүлдермен қатар пластик гүлдер де бар. Екеуі де кейде сый-тарту ретінде өзенге шашылады.


Чипс пакеттері мен басқа да қоқыс шашылып жатты. Бірде-бір қоқыс жәшігі көрінбеді. Өзенге түсетін баспалдақтың үстінде отырып, адамдардың ертеңгілік жұмыстарын бақыладым. Төмендегі баспалдақта бес әйел лас суға кір жуып отырды. Бірнеше ер адам шомылуға келді. Әрқайсысы сусабынмен шайынып, пластик пакетін де өзенге тастады. Шомылып болғасын, қолдарымен Гангаға су ұсынып, сыйынды.

Калькуттада гутам мукерджи есімді гүл сатушымен кездестім. Ол маған бірнеше жыл бұрын жаңа жұлынған гүл сатудан бас тартқанын айтты. Біз Азиядағы ең үлкен және әйгілі көтерме гүл базарларының бірінің ортасында тұрдық. Оның дүкенін Calendula officinalis тұқымдастары мен басқа да хош иісті гүлдер сататын дүңгіршектер қоршап тұр. Мукерджи Қытайдан әкелінген пластик гүлдерінің табиғи гүлдерден артықшылығын атап өтті: олар арзан, табиғи көрінеді және солып қалмайды.

Пластик өнімдерінің Үндістанға жаңалық болғаны соншалық, оның хинди тілінде баламасы жоқ.

1990 жылдары әлемдік пластик индустриясының тез өсуі Үндістан экономикасын либерализациялаумен тұспа-тұс келді. Пластиктен жасалған қол жетімді тұтыну өнімдері өмірді жақсартты. Сақтау контейнерлері, пакеттер және тамақ орайтын пакеттер тағамды ұзақ сақтауға көмектесті. Аяқ киімі жоқ балалар арзан аяқ киім сатып алды, ал арзан синтетикалық маталар оларға киім киюге мүмкіндік берді.

Онжылдық аяқталмай тұрып, Үндістанды пластик қаптама қалдықтар басып қалды. Ол барған сайын көбейіп, бақылаусыз деңгейге жетті. Содан бері мәселе қалалардан тыс ауылдық жерлер мен қорықтарға жетті, онда леопардтан бастап, түлкілер мен құстарға дейінгі көп жануар пластик жейтіні байқалды. Гималайдың бөктеріндегі Раджаджи ұлттық саябағындағы пілдер қоқыс орындарында пластик жеп жүр.

«Орманның жанында ауыл тұрғындары қоқыс тастайтын жерлер көп, жабайы аңдар сол жерлерден азық іздейді», – деді қорықшы Мұхаммед Юсуф біз саябақтың шалғындары мен биік қарағайларын қарап келе жатқан кезде. Пластик қалдықтармен күресіп жатқан елдердің барлығында дерлік бірінші мәселе – көп бөлігі қолданғаннан кейін бірден тасталатын қаптама. Бүкіл әлемде ол жыл сайын өндірілетін 438 миллион метрикалық тонна пластиктің 36 пайызын құрайды.

Нейлон торлары

Нейлон торлары әлемдегі ең ірі ішкі судағы балық шаруашылығының бірі – Ганга өзенінде көп пайдаланылады және жиі ауыстырылады. Өзенде жоғалған немесе лақтырылған торлар тасбақаларды, кәмшаттарды және жойылып кету қаупі бар өзен дельфиндерін шырмап қалуы мүмкін. Уақыт өте келе олар да микропластикке ыдырайды.


Үндістанның проблемасы жан басына шаққандағы тұтынумен ғана емес, қалдықтардың тиісті түрде жиналмауымен де байланысты. АҚШ-та адам жылына орта есеппен 130 кг пластик қалдық шығарады. Бұл әлемдегі ең жоғары көрсеткіш және бір адамға 20 кг келетін Үндістаннан алты есе көп. Бірақ АҚШ-та қоқысты жинау және жоюдың азды-көпті жұмыс істейтін жүйесі бар.

Үндістан қалаларында қоқыс жинау көбінесе тиімсіз және жинау деңгейі төмен. Үнділердің шамамен үштен екісі тұратын ауылдық жерлердегі жағдай көңіл көншітпейді. 129 миллион халқы бар, көлемі Жапониядай Бихар штатында пластик қалдықтар өртеледі немесе кез келген жерге тасталады, онда оларды жем іздейтін сиырлар мен басқа да жануарлар байқаусызда жеп қояды. Немесе Ганга өзені шайып кету үшін жағалауға тасталады.

Лондон зоологиялық қоғамының теңіз және тұщы су саласының маманы және экспедицияның тең жетекшісі Хизер Колдиуи өзен бойын аралап жүріп, оның қуатын басқа қырынан танығанын айтады. Олар барған бір үлкен қалалық қоқыс тастайтын орын өзеннің жағасына жақын болғандықтан, Ганга өзені муссон жаңбыры кезінде оның бір бөлігін шайып кетіп отырған.

«Кент не одан шағындау елді мекенге барсаңыз, қалдықтарды басқару жүйесі мүлдем жоқ, – деді Колдиуи маған. – Ақиқатында, қалдықтарды жоюдың ең үлкен инфрақұрылым қызметін өзеннің өзі атқарып отыр». Адамдар қоқыстарын шайып кетсін деп, құрғаған өзен арналарына тастайды.

«Бұл оңай түзетілетін нәрсе емес. Өзенді қалдықтарды басқарудың балама жүйесімен ауыстырсаңыз, ол өте қымбатқа түседі».

Оның орнына өзеннің өзіндегі қалдықтарды жинаса қайтеді?

Кейбір ғалымдардың жан-жақты зерттеуі теңізге құятын өзендердегі қалдықтарды 80 пайызға азайту үшін іс жүзінде мыңнан астам өзенді тазарту керек екенін көрсетті.

Дегенмен Азия, Африка және қос Америкада қазіргі уақытта өзендерді тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр және оның белгілі бір пайдасы бар. «Mr.Trash Wheel» – 2014 жылдан бері Балтимордың ішкі айлағында қоқыс жинайтын қайық. Бірақ ең өршіл өзен тазартқыш – Нидерландтағы «Ocean Cleanup» коммерциялық емес ұйымының негізін қалаушы 27 жастағы Боян Слат.

Слат жасөспірім кезінен-ақ Тынық мұхитының солтүстігінде пластиктен құралған қалқымалы теңіз қоқыстарын жинау туралы «Great Pacific Garbage Patch» жоспарын жариялаған кезде танылды. Ол 30 миллион доллар жинап, өзінің керемет өнертабысын: су бетінен қалдықтарды жинайтын ұзындығы 600 метрлік U-тәрізді тоспаны іске қосты.

Осы уақытта Слат өзендерге назар аударды. Оның ұйымы қанша өзен пластиктен ластанудың елеулі көзі екенін көрсететін жаңа зерттеуді қаржыландырды. 2019 жылы ол күн энергиясымен жұмыс істейтін баржа ұсынды және ең нашар мыңдаған өзенді бес жыл ішіндетазалау жоспарын жариялады. Пандемия жұмысты шегерді; Әзірге Слаттың «Тоспалары» Индонезияда, Малайзияда, Вьетнамда және Доминикан Республикасында жұмыс істейді. «Pacific» құрылғысымен бірге олар 1 миллион кг-нан астам қоқыс жинады.

Слат үлкен континенттік өзендерден, соның ішінде Гангадан пластикті сүзіп алуды бұрыс әдіс деп санайды.

«Ганга өзені тым кең, ал қоқыс шашырап жатыр, – деді ол. – Ең жақсы стратегия – кіші өзен салаларын тазалау, «атыраудағы қалаларға (Дакка мен Калькутта) барып, осы қалалардың шағын ағындарына қолдану».

Үндістаннан оралғаннан кейін Балтимордың оңтүстігіндегі «Mr. Trash Wheel» құрылғысын ойлап тапқан Джон Келлетке бардым. Ол қоқыс тазалайтын төртінші құрылғысының жұмысын аяқтап жатқан еді. Бұл төрт құрылғы 1,6 миллион кг қоқыс жинап, порттың көрінісін түбегейлі өзгертті. Бірақ Келлетт жаһандық талпынысқа күмәнмен қарады.

«Бір уақытта бір өзеннің мәселесін шешу арқылы мұхиттарды тазартамыз деп ойламаймын. Тазалау – саясаттағы және мінез-құлықтағы өзгерістермен қатар жүруі керек», – деді ол.

тері кептіру

Тері зауытының жұмысшылары теріні кептіру үшін Калькуттадағы канал жағасындағы ағаш тіректерге іліп жатыр. Канал Ганга атырауы мен Бенгал шығанағына қарай зауыт қалдықтарын, пластик қоқыстарды және басқа да ластаушы заттарды тасымалдайды.


Қайта өңдеуге сату үшін үй шаруашылықтарынан пластик қалдықтарды жинайтын компаниялар, сондайақ полигондарда немесе көшелерде қоқыс жинайтындар сияқты «бейресми сектор» болмаса, Үндістанда қалдық жинау одан бетер қауқарсыз болар еді.

Саны шамамен 1,5 миллион адамға жететін осы жұмысшылардың арқасында Үндістан көшелерінде көп пластик бөтелкелерді көрмейсіз. Бөтелке – қайта өңделетін ең құнды материал. «Плас­тик қалдықтар қоқыс жинаушылардың табысының жартысына жуығын, ал ПЭТ бөтелкелері жиналған пластиктің жартысына жуығын құрайды», – деді қоқыс жинаушыларды қолдайтын «Chintan» коммерциялық емес ұйымының директоры Бхарати Чатурведи.

Үндістандағы қалдықтарды қайта өңдеудің жоғары деңгейі негізінен 60 пайызын құрайтын бейресми секторға байланысты. Бірақ қайта өңделмейтін заттардың құны жоқ, сондықтан пакеттер, азық-түлік орайтын пакеттер, сашелер үнді көшелерін қоқысқа толтырып, Ганга өзеніне ағып кетеді.

Өткен жылдың қазан айында Премьер-министр Нарендра Моди «Таза Үндістан» науқанының екінші кезеңін бастады. Екінші кезең мақсаттарының бірі – қалаларды қоқыстан тазарту. Моди үкіметі қалдықтарды энергияға айналдыру зауыттарын, яғни электр энергиясын өндіретін зауыттар салып жатыр. Сондай-ақ ол бір рет қолданылатын пластиктерді өндіруге және пайдалануға ұлттық тыйым салғанын жариялады. Ол шілде айында күшіне енеді деп жоспарланып отыр.

Алайда Үндістанда ұлттық заңнаманың жергілікті және штат деңгейінде орындалуы арасындағы алшақтық үлкен. Қалдықтарды басқарудың қолданыстағы федералдық нормалары «өте керемет, сіз қалағанның бәрі бар», – деді Үндістанның қоқыстарын зерттеуге арналған «Жұрт шығарған қалдықтар» кітабын Асса Доронмен бірге жазған Робин Джеффри. – Бірақ елде ешкім ұлттық нормаларға жете алған жоқ». Үндістан 35 жылдан астам уақыттан бері Ганга өзеніне ағынды сулар мен зауыттан шыққан қалдықтарды жіберуді шектеуге тырысып келеді, бірақ әлі көп жетістікке жете алмады.

Пандемия үкіметтің Үндістанды тазарту жобалары бойынша іс-қимылын бәсеңдетті. Бұл жаһандағы сияқты мұнда да пластик қалдықтардың көбеюіне әкелді, өйткені оқшауланған адамдар тамақты үйге алып кетуге және жеткізуге көбірек тапсырыс берді.

Ганга бассейні

Ганга бассейніндегі адамдар өзенге түсу үшін суды тазартады деп есептейтін Харидвардағы Чанди Гат сияқты баспалдақтарды пайдаланады. Үнділердің өзен тазартады деген сенімі жыл сайын, соның ішінде COVID-19 пандемиясы кезінде де миллиондаған зияратшыны өзенге тартты.


«Пандемиядан кейін азаматтық қоғам пластикті жақсы бағалайды», – деді Бүкіл Үндістанның пластик өндірушілер қауымдастығының бас директоры Дипак Баллани. «Сонымен бірге қоқыстың қоршаған ортаға тигізетін әсері туралы хабардарлық бірнеше есе артты». Басқа жердегі пластик өнеркәсібі сияқты, Балланидің тобы қайта өңдеуді қолдайды, бірақ тыйым салуға қарсы, өйткені жұмыс орындары жабылатынын және мәселе бір реттік плас­тикте емес, адамдардың олардан қалай құтылатындығында екенін алға тартады.

2016 жылдан бері Үндістан үкіметі пластик қаптама өндірушілерден өнімдерін жинау және қайта өңдеу шығындары үшін жауапкершілікті талап ететін жаңа ережелермен жұмыс істеп жатыр. Өндірушінің кеңейтілген жауапкершілігі немесе ӨКЖ деп аталатын ұқсас ережелер 1990 жылдардың ортасынан бері Еуроодақтағы пластик қалдықтарын шектеуге көмектесті.

Дегенмен мұхитқа түсетін пластик қалдықтардың мөлшері артып келеді. Pew Charitable Trusts пен лондондық қоршаған орта және инвестициямен айналысатын Systemiq компаниясы дайындаған баяндамада 2040 жылға қарай ол үш есе артады деп болжанды. Баяндаманың қорытындысы бойынша пакеттерге, бөтелкелерге қосымша алым туралы заңға және қайта өңдеу міндеттемелеріне жасалатын жергілікті тыйымдар, бизнеске әдеттегідей қатты әсер етпейді. Пластик қалдықтар мәселесін шешу үшін жоғарыда айтылғандардың бәрі қажет.

Бірақ бұл үкіметтерден пластик өндіру өнеркәсібін экономикалық ынталандыруларды түбегейлі қайта жасақтауды талап етеді. Атап айтқанда, құрлықта пластик өндірісінің екі есе артуына жол бермеуіміз керек, бұл – бизнесті әдеттегідей жүргізуге мүмкіндік берілсе, индустриядан күтілетін нәтиже.

2021 жылдың желтоқсанында Ұлттық ғылым, инжиниринг және медицина академиялары АҚШ-қа жаңа пластик өнімі өндірісін шектеуді қамтитын пластик қалдықтарды азайтудың ұлттық стратегиясын әзірлеуді ұсынды. Мұндай шектеу климат дағдарысын шешуге де көмектеседі; пластик өндіру өнеркәсібі әлемдік мұнай тұтынудың шамамен 6 пайызын құрайды. Бұл екі дағдарыс өзара байланысты.

Үндістанда іс-әрекетке көшуге шақыру да өзектеніп, кең таралуда. Үндістанның Харагпур технологиялық институтының қоршаған орта инжиниринг профессоры Бражеш Кумар Дубей National Geographic экспедициясы аясында Ганга бассейнін аралап жүріп, экологиялық мәселелерден хабардарлықты арттыру үшін жұмыс істейтін көптеген оқшауланған шағын топтарды кездестіргеніне таңданғанын айтты.

«Біреу осы топтардың барлығын біріктірсе, көп нәрсеге қол жеткізіп, бұл мәселені әлдеқайда жақсы жолмен шеше алады. Мінез-құлық өзгереді, – деді Дубей. – Мен өте оптимистпін».

Патнадағы қоқыс

Патнадағы қоқыс орны Ганга алабында кең тараған проблеманы көрсетеді: қоқыстар тиісінше жиналмағандықтан, муссон жаңбырлары басқа қалдықтармен бірге өзенге шайып кететін жерлерде пластиктер шашылып жатты.


пластик қалдықтары

Ришикештегі әйел пластик қалдықтарды қолмен сұрыптап, ең құнды түрлеріне ерекше назар аударады: мысалы, киім тігу үшін қайта өңдеуге болатын полиэтилентерефталат немесе ПЭТ бөтелкелер.


Климаттың өзгеруіне қарсы күрес талпынысынан айырмашылығы – өзен бассейніндегі пластик қоқыстарды тазарту онда тұратын адамдарға пайдасы сол сәтте-ақ көрінеді. Бірақ климаттың өзгеруіне қарсы күрес сияқты, бұл күресті кейде аяқтау мүмкін емес сияқты көрінер, алайда планетаның қайтымсыз өзгеруінен аулақ болғымыз келсе, оның маңызы зор.

Үндістандағы сапарымның соңына қарай ені 350 шақырым Ганга дельтасының батыс жағында орналасқан Сагар аралына бардым. Сагар Бенгал шығанағының жағасында, Калькуттадан өзен бойымен 120 шақырым төменде орналасқан. Үнділер үшін өзеннің осы жерінің ерекше рухани мәні бар. Қаңтар сайын мыңдаған зияратшы аралға Ганга-Ана теңізбен жүздесетін жерде суға түсу үшін келеді.

Аралдың оңтүстік-батыс жағындағы жағажайда мен барған кезде қоқыс болмады; Ганга муссондық тазаруын жақсы өткізіпті. Бірнеше сиыр мен суға күл шашып жүрген жерлеу тобының, маусымнан тыс келген зияратшылардың жанынан өтіп бара жатып, Гангадан Сагарға осы күндері түсетін барлық басқа қоқыстар туралы ойладым.

Колдиуи тобының есебіне сәйкес, муссон жаңбырлары көзге түсетін қоқысты тазалап қана қоймай, өзеннің негізгі арнасынан Бенгал шығанағына дейін күніне 3 млрд микроталшықты алып кетеді. Сөйтіп олар да мұхиттарда ұлғайып жатқан ұсақ пластик фрагменттер ағынына қосылады. Олардың теңіз флорасы мен фаунасына зиянды әсерін адамдар енді ғана түсіне бастады.

Экспедицияның «Бөтелкедегі хабарлама» деп аталатын эксперименттерінің бірі пластиктің өзендерде және олардың бастауында қалай қозғалатынын жақсы түсіну үшін электронды трекерлермен жабдықталған 25 бөтелкеден тұратын флотты шығаруды қамтыды. Бангладештің сағасында үш бөтелке шығарылды. Теңізде пластик оңай қозғалады және бірнеше апта ішінде жүздеген шақырым жол жүре алады. Сагарға барғаннан кейін көп ұзамай мен тұрған жерден үш бөтелке өтті. Олар Шығыс Үндістанның жағалау ағысымен жүзді, баратын жері белгісіз еді.

Ганга өзені

Патнада қайықшы жақында салынған экспресс тас жолдың жанында Ганга өзенін зерттеп жүр. Елдің қарқынды дамуы пластикке деген сұранысты арттырды және оның пластик өнеркәсібі қазір әлемдегі ең ірілердің бірі.


 

 

АВТОР: ЛОРА ПАРКЕР ФОТО: САРА ХИЛТОН