15Фев

Туризм: Бизнес бастау үшін нені білу керек?

Пандемия туризм индустриясына кері әсерін тигізді, бірақ бүгінде ол біртіндеп қалпына келіп жатыр. Әлемде жаңадан бизнес бастап жатқандар өте көп, алайда табысты бизнес құру бәрінің қолынан келе бермейді. Бұл материалда біз бизнесіңізді неден бастау керек, қандай дағдылар мен білімді игеру керек және пайдалы ақпаратты қайдан іздеу керектігі туралы баяндаймыз.

Нарықты зерттеңіз

Ең алдымен, сіз қандай бизнес бастап, қандай нәтижеге жеткіңіз келетінін түсінуіңіз керек. Сондықтан алдымен зерттеу жүргізіңіз. Туризм, оның бағыттары мен трендтері туралы толығырақ оқып, ішкі және халықаралық аренада туризмнің дамуын бақылаңыз. Отандық және шетелдік нарықты зерттеңіз. Қалаңызда туризм және бизнес тақырыбы бойынша өтетін іс-шараларды іздестіріп, қатысыңыз. Онда сіз сарапшыларды тыңдап, пікірлес адамдарды, тіпті серіктестерді таба аласыз. Оларға сұрақтар қойыңыз, болашақ бизнесті дамыту бойынша кеңес сұраңыз.

Оқыту курстарынан өтіңіз

Оқыту курстары тақырыпты терең әрі жан-жақты түсінуге көмектеседі, сондықтан оларды назардан тыс қалдырмаған жөн. Мысалы, қазір «Байтақ жер» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздері бойынша тегін онлайн курс қолжетімді. Ол экологиялық және этнотуризмге кіріспе, клиентке бағдарлану, сауда-саттық, әлеуметтік желілермен жұмыс, қаржы және басқа да бағыттар бойынша 10 бейнесабақтан тұрады. Барлық сабақтарды YouTube-тегі арнадан көруге болады.

«Байтақ жер» жобасының мақсаты – туризм саласындағы ауыл кәсіпкерлерін қолдау және олардың табысын арттыру. Жоба Ақмола облысының Зеренді, Қорғалжын және Сандықтау аудандарын қамтиды. Оған шағын және орта бизнес кәсіпкерлерін оқыту, оларды қаржыландыру, сондай-ақ жастармен жұмыс істеу компоненттері кіреді.

Тақырыпты мұқият зерттеп, жаңа білімді игергеннен кейін сіз қандай ресурстар қажет екенін, бизнесіңізді қандай ықтимал қауіптер күтетінін түсіне аласыз. Сізге нақты әрі  реалистік идеяны ойлап табу оңайырақ болады. Алайда оны бірден жүзеге асыруға асықпаңыз. Оны достарыңызға, таныстарыңызға, мүмкіндігінше тиісті саланың мамандарына көрсетіңіз, олардың пікірлерін, ескертулерін тыңдаңыз және қажет болса өзгертулер енгізіңіз. Жоспарыңыздың әлсіз жақтарын неғұрлым тез байқасаңыз, соғұрлым жақсы.

Қажетті дағдыларды үйреніңіз

Әрі қарай, бизнесті бастау үшін «қатты» (hard skills) және «жұмсақ» (soft skills) дағдылар қажет. Егер сізде қандай да бір дағдылар нашар дамыған деп ойласаңыз, алаңдаудың қажеті жоқ. Қаласаңыз, оларды жаттықтыруға болады.

«Қатты» дағдыларға маркетинг, менеджмент (туристік менеджмент, ивент менеджмент), қаржылық және экономикалық біліктілік, өнімді әзірлеудегі, тұрақтылық пен экология салаларындағы білім жатады.

Бизнесті сәтті басқару үшін сіз өз ісіңізді қалай басқаруды, қызықты өнімдерді әзірлеп, оларды қалай дамытуды және қаржылық шығындар жоспарын қалай құруды білуіңіз керек. Туризм саласында қоршаған ортаға залалы аз қызметтер мен оларды ұсыну түрлерін де білу қажет. Мысалы, сіз пластик өнімдерді азырақ пайдалана аласыз, туристердің қоқыс тастамауын қадағалай аласыз, оларды жергілікті тұрғындардан өнім сатып алуға, жергілікті қауымдастықтармен жұмыс істеуге ынталандыра аласыз.

«Жұмсақ» дағдылар туралы айтқанда, жақсы ұйымдастырушылық және коммуникациялық дағдылар, тайм-менеджмент, бір нәрсеге икемділік, тәуекелдер мен өзгерістерді қабылдауға дайын болу және жақсы дамыған нетворкиң, яғни пайдалы таныстар желісі өте маңызды.

Туристік бизнесте кәсіпкер клиенттің демалысын ұйымдастыруды өз мойнына алады. Сондықтан турдың сапасы жоғары болуы керек. Одан бөлек, мұқияттылық та маңызды – сіз өз уақытыңызды дұрыс басқарып, тапсырмаларды басымдық бойынша орналастыра алуыңыз қажет.

Сондай-ақ бұла сала клиентпен және серіктестермен үнемі байланыста болуды талап етеді. Ол үшін сіздің байланыс орнату және қарым-қатынас дағдыларыңыз жетік болуы керек. Сізге кәсіби және жеке өсуге көмектесе алатын пайдалы таныстар тауып, олармен байланыста болуға тырысыңыз.

Кез келген бизнестегі секілді сіздің ісіңізде де тәуекелдер болатынына дайын болыңыз. Оларға дайын болу және алдын алу, салдарын азайтуға тырысу өте маңызды. Бұл инновациялар мен өзгерістерге де қатысты: оларға бейімделе білу және қажет болса өз бизнесіңізге енгізу мәселе болмауы керек.

Тағы нені ескерген жөн?

Мәселен, клиенттерге төлем жасаудың қолайлы болуы маңызды. Қолма-қол, картамен немесе электронды түрде болсын, клиентке бағдарланған кәсіпкер кез келген төлем түрін ұсына алуы қажет.

Басқа бизнестермен бірлесіп жұмыс істеу – тамаша идея. Өзіңізге әрі серіктес табасыз, әрі клиенттік базаңыз кеңейеді. Бұл жағдайда өз салаңыздағы кәсіпкерлермен ғана емес, әртүрлі бағыттағылармен де ынтымақтастықта бола аласыз. Бірлескен өнім не қызмет әзірлеу,ортақ жарнама жасау немесе серіктесіңізбен бір-біріңіздің клиенттеріңізге жеңілдіктер ұсыну идеяларын қарастыруға болады. Ынтымақтастық мүмкіндіктері өте көп.

Интернеттегі белсенділігіңіз де өте үлкен рөл атқарады. Көбірек клиент қамту үшін кез келген адам сізді іздеу жүйелерінде, әлеуметтік желілерде, онлайн сайттарда оңай таба алуы керек. Әлеуетті клиентіңіз компанияңыздың өнімдерімен, тауар/қызмет түрлерімен, бағаларыңызбен қашықтан танысуға, олар туралы пікірлерді оқуға мүмкіндігі болуы керек. Барынша көп платформаларда (мәселен, 2GIS, Google Maps) тіркеліңіз, сайтыңызды әзірлеңіз, Instagram-да аккаунт ашыңыз. Мекенжай, телефон нөмірлеріңізді, фотосуреттер мен пайдалы сілтемелерді қосыңыз, клиенттерден пікір қалдыруды сұраңыз. Бұл клиенттерді тартуға көмектеседі.

Бұлардың бәрі – туристік бизнес ашу үшін қажетті аспектілер мен кеңестер. Бірақ сізді барлық сәтсіздіктерден құтқаратын тамаша рецепт жоқ екендігін де ұмытпау қажет. Ең бастысы – табандылық пен мақсатқа жетсем жеген құлшыныс.

Авторы: Айжан Жансұлтанова, «Байтақ жер» жобасының маманы