Жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен Маңғыстауға табаныңыз тие қалса, оның тартымды табиғатынан бөлек, талайлы тарихымен танысу артық болмайды. Ол үшін Отпан тау тарихи-мәдени кешені – таптырмас орын.
Адай ата кесенесі, ескерткіштер кешені, суретшілер шеберханасы, мұражай көрмесі – осының бәрін Отпан тау мемориалдық кешенінен тамашалауға болады.
Кешен жобасы 2004 жылы ақын Сабыр Адайдың бастамасымен қолға алынып, сәулетші Көпбол Демесіновтің жобасымен салынған.
Отпан тау – Батыс Қаратау тау жүйесінде орналасқан Маңғыстаудың ең биік нүктесі (532 м). Бұл – жаугершілік заманда халыққа қорған болған ерекше мекен. Батырлар мен билер, ел ағалары осы жерге жиналып, ел тағдырына қатысты кеңескен, маңызды шешімдер қабылдаған жер. Әйгілі Адай батыр осы жерде елді біріктіру үшін, жау шапқанда халықты бір жерге шоғырландыру үшін ұран отын жаққан. Тау басында жағылған алау сонау Үстірттің үстінен көрініп, халыққа хабар берер белгі болған.
Бүгінде жыл сайын 14 наурыз – амал мерекесі қарсаңында бұл таудың басында ұран оты емес, бірлік оты жағылады. Алау жағу рәсімі елдің амандығы мен бүтіндігінің, тәуелсіздігінің мәңгілік нышаны ретінде орындалады. Одан бөлек, «көрісу» күні осы кешенде Адай ата ұрпақтары жиналып, ас береді. Әрі қарай мерекеге жиналған жұрт қазақтың дәстүрі мен мәдениетін паш ететін нағыз ойын-сауыққа куә болады.
«Адай ата – Отпан тау» рухани тарихи-мәдени кешені төмендегідей бірнеше құрылыстан тұрады: Адай атаның ордасы – Ақсарай; «Маңғыстау және жеті жұрт» деп аталатын тас дәуірінен осы күнге дейін мекендеген халықтар мен тайпалардың тарихы, мәдениеті бойынша жинақталған мәліметтер жүйеленген экспозициялық көрме залы; Адай ата кесенесі; «Ана келбеті» ескерткіші; Адай ата елінің елтаңбасы; Түркі халықтарының символы – көкбөрі ескерткіші; Ұран оты; батырлар алаңы мен «Ту төбе».
Таудың басына 362 баспалдақпен көтерілу керек. Бұл санның да өз мәні бар: Маңғыстауды мекен еткен 362 әулиенің рухына арналған. Тау басындағы Адай ата ескерткішінің биіктігі 37 метр, екі жағындағы мұнара атаның екі ұлы Құдайке мен Келімбердіні бейнелейді. Жанында биіктігі 15 метрлік «Ана келбеті» ескерткіші тұр, бұл Адай батырдың зайыбының – ананың бейнесі. Жүзінде айдың, жүрегінде күннің суреті өрнектелген. Бұл ананың жүзі айдай жарқын, жүрегі күндей ыстық дегенді білдіреді Сондай-ақ мұнда бостандық пен күш-қуаттың символы, ер түріктің тотемі –көк бөрінің мүсіні орнатылған. Ал сегіз қырлы (8 саны түркі халықтарында ғаламның шексіздігін білдіреді) Ақсарай ғимаратының жанында барыстың мүсіні қойылған.