10Қар

Бозжыра шатқалы

Маңғыстаудың көрікті жерлері дегенде, ойға ең алғашқылардың бірі болып осы Бозжыра шатқалы түседі, себебі ол өлкенің ең әдемі символы. Бұл ғажайып мекен ғалымдардың айтуынша, миллиондаған жылдар бұрын тау түзілімдерінің бұзылуынан пайда болған.

Фото: Ерболат Шадрахов

Ерекше нысан Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласынан 300 километр жерде, Қарақия ауданы аумағында орналасқан.

Табиғи ескерткіш әктастардан құралған бір бірін қайталамайтын шөлді ландшафтардан, биіктігі 250 метрге жететін таңбалы тастардан тұрады.

Фото: Фархат Қабдықайыров

Қазіргі таңда Бозжыра шатқалы еліміздің мақтан тұтар ең танымал туристік орындарының бірі. Бұл жер жайлы естіген кез келген адам мұнда келіп, бір көруді армандайды, себебі бұл жердің сипаты – табиғаттың ең үздік суретші екенінің айғағы. Маңайға жақындаған сәтте көз алдыңызда керемет картина ашылады, ал ол шын мәнінде әр деталін қолмен ұстап көруге болатын табиғи картина екеніне сену қиын.

Бозжыраға барған сәтте саяхатшылардың көзіне ең бірінші болып «азу тістер» түседі. Бұл биіктігі 200 метрге жететін, бор үйіндісінен көтерілген әктас шыңдар.

Фото: Александр Кузнецов

Шатқалды тамашалап жүріп, қаңылтыр ұлу қабықтарын, акулалардың тістерін кездестіруге болады.

Табиғаттың шеберлігі сонда, мұнда бәрі ақ түсті және барлығы ерекше үйлесіммен жаратылған: каньондар, шыңдар, мұнара таулар, жер. Сол себепті де Бозжыра шатқалы ерекше әсер қалдырады, құдды керемет кино туындысын түсіруге арналған алып алқап секілді.

Егер Маңғыстауға жолыңыз түсе қалса, міндетті түрде Бозжыраға келіп, керемет көріністен ләззат алыңыз. Жергілікті турис­тік компаниялар бұл аймаққа сәуір-мамыр және қыркүйек-қазан айларында келуге кеңес береді. Қыс мезгілінде Маңғыстаудың желі адам шы­датпайды. Ал жаз мез­­гілінде ауа температурасы өте жоғары болады. Сондықтан бұл кереметтен толық ләззат алу үшін жылы, жайма-шуақ ауа райын таңдағаныңыз дұрыс.

Айта кетейік, Бозжыра шатқалы Маңғыстау облысындағы ерекше қорғалатын аймақтар тізіміне кіреді. Сондықтан табиғатқа зиян келтіруді мүмкін кез келген іс-әрекеттен тартынғаныңыз жөн. Артыңызда экологиялық із қалдырмағаныңыз абзал.