31Қаз

Деменция қандай дерт? Оның диагнозын қою неге қиын?

Деменцияның түрі көп, оның көріністері мидың қай бөлігі зақымданғанына байланысты білінеді.  Бұл ауру жайлы нені білуіміз керек?

Когнитивті функцияның төмендеуіне көптеген процесс әсер етуі мүмкін, бұл деменция диагностикасын қоюға талпынған дәрігерлерге айтарлықтай қиындық туғызады. Көбіне МРТ (магнитті-резонансты томография) мен КТ (компьютерлі томография) адам денсаулығына қауіп төндіретін деменцияға қатысы жоқ дерттерді анықтауға қолданылады. Ал суретте көрсетілген  ПЭТ (позитронды-эмиссиялық томография) амилоидты бүртіктерді тауып, сол арқылы тамыр және маңдай-самай деменциясын анықтауға көмектеседі.
ФОТО: MASSIMO BREGA, Ғылыми фотокітапхана

Стив Селвин 70 жастан асқан шағында алжи бастағаны білінді: ол өткен оқиғалар мен қазіргі болып жатқан жағдайларды шатастырып алатын болды. Берклидегі Калифорния университетінде оқытушы болып қызмет істейтін танымал статистик жұмысынан да бас тартты. «Біз ол әлденені уайымдап жүр не күйзеліске түскен шығар деп ойладық», – дейді қызы Лиз Селвин.

Селвин ақыл-ой алжасуының бастапқы кезеңінде еді, алайда оның белгілері біртіндеп өзгеретіндіктен, бастапқыда психикалық саулықтың бұзылуымен шатастырып алу оп-оңай. Профессор жадындағы  когнитивті  фунцияның бұзылғанын көпке дейін жасыра білді, дейді Лиз. Көп ұзамай үйіне бөтен адамдарды кіргізіп алатын болды. Не айтқанын ұмытып қала береді. Не жегенін де есіне түсіре алмайды.

Лиздің әкесі казір,  арада 10 жыл өткен соң, Калифорниядағы ақыл-есті емдеу орталығында тұрып жатыр.

Альцгеймер ауруы және онымен тығыз байланысты деменциядан зардап шегетіндер көп. Әлемде осы дертке 55 миллионнан астам адам, соның ішінде АҚШ-та кемі 6,5 миллион адам шалдыққан. Ойлап қарасаңыз, көбіміз осы аурумен ауырған адамдарды көрдік, көріп те жүрміз.

Маңдай-самай деменциясына шалдыққан актер Брюс Уиллис нақты диагноз қойылғанға дейін ұзақ уақытқа созылған тексеруден өткенін ескерсек, миды зақымдайтын дерттің формасы мен себебін табу өте қиын екенін түсінеміз.

Деменция – түрлі ауру мен жарақаттар салдарынан ми жасушаларын бұзып, оларды бір-бірімен жалғайтын синапстарды үзіп жіберетін синдром, дейді Ұлыбританиядағы Кембридж университетінің  нейробиологі Тимоти Риттман. Бұл біртіндеп адамның ойлау, талдау, көңіл күй мен іс-әрекетті басқару қабілетін, қимыл-қозғалысын нашарлата береді. Оның өмірді қиындататыны соншалық, науқастар басқаның көмегінсіз қалыпты тіршілік ете алмай қалады. Математиканың нағыз білгірі болған Стив Селвин бір-ақ күнде қарапайым банкоматты қолдана алмай қалған.

Бұл дертке көбіне қарттар шалдыққанымен, «ол қартаюдың қалыпты бөлігіне жатпайды», дейді Риттман. Деменция белгілері мидың қай бөлігі зақымданғанына қарай білінеді. Кейбір түрлерін меңдетпеуге болады, бірақ емдеуге келетіні өте аз. Ми-жұлын сұйығының ағуынан туындайтын бір түріне ғана ем қонады, ал басқаларына жасалатын ем-шаралардың шипасы жоққа тән. Дәрі-дәрмек те аз, барының қаупі жоғары, пайдасы аз, дейді Лос-Анжелестегі Сидарс-Синай медициналық  орталығының нейрохирургі Уоутер Шивинк.

Бұған қоса науқас күтіміне жұмсалатын қаржы да қомақты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сәйкес, 2019 жылы деменция әлемдік экономикаға 1,3 триллион доллар шамасында шығын әкелген. Ауру адамды бағып-қағу негізінен отбасы мүшелері мен достарының мойнына артылады, салмақ көбіне әйелдерге түседі. Мұның эмоциялық, физикалық ауыртпалығы кейіннен білініп жатады.

Зерттеу жұмыстары аурудың себептері мен ықтимал факторын анықтау үшін генетикалық бейімділіктен бастап, өмір сүру салты, алған жарақаттар мен басқа аурулардың жанама әсеріне дейін қарастырды. Алайда көп сұрақ әлі жауапсыз қалып отыр.

Жалпы симптомдары

Жас ұлғайған сайын алжу ықтималдығы арта түседі және ерте білінетін белгілерінің түрі өте көп. Бірақ адамдар бір уақытта бірнеше жұмысты қатар алып жүретін жұмысбасты заманда заттарын ұмытып кету не жоғалтып алу, уақытты есептей алмау, көлік айдағанда шатаса беру сынды кейбір ауру белгілері дер кезінде еленбей қалады.

Дегенмен шатасу мен ұмытшақтықтың жиілеуі (күнделікті тіршілігіңді жасаудың өзі күрделеніп, сөйлеуге де қиналып қалу, сөздерді ұмыта беру, ақша ұстау мен ара-қашықтықты көзбен шамалаудан қалу) диагноз қоюды тездетеді. Кейбірінде жадының нашарлауы кісінің мінез-құлқына әсер етеді: олар ашуланшақ, уайымшыл, дөрекі, көңілсіз немесе қатал болып кетеді. Кейбірі басқалардан оқшаулануға тырысса, енді біреулер өзін ортада дұрыс ұстай алмай, айналасындағыларды шошытады.

«Деменцияның дендеуі бірқалыпты жүрген емес», – дейді Мэрилендтегі Джонс Хопкинс атындағы қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің зерттеушісі Мелисса Томс Минотти. Ғалым бұл саланы кәсіби ғана емес, жеке өмірінен де бақылап көрген. Оның әкесі  Ричард Томс пен орталықта емделіп жатқан басқа науқастардың «әр күні әртүрлі» болатын.

Альцгеймер дерті, Lewy-түйіршікті деменция мен тамыр деменциясы

Альцгеймер дерті – деменцияның кең таралған, ең танымал түрі.  Зерттеушілердің  есебінше, АҚШ-та деменциямен  5,8 миллион адам бетпе-бет келген.  Құрама штаттардың ауруларды бақылау мен алдын алу орталығының дерегіне сәйкес, 2060 жылы бұл сан 14 миллионға жетуі мүмкін.

Бұл ауруға екі нәрсе – бүртіктер мен шумақтар деп аталатын ақуыздардың шоғыры себеп болуы мүмкін. Олар ми жасушаларын зақымдап, біртіндеп өлтіреді. Бета амилоид  деп аталатын ақуыз фрагменті қан тамырындағы бүртік пен жүйке жасушасы арасында жиналады. Ал шумақтар жасушаның  ішіне толып қалатын Tau-ақуыздың шатысқан талшықтары. Жүйке жасушалары осы уытты заттарға толғанда өледі.

Басқа аурулар мен жарақаттар миға тікелей немесе жанама әсер ету арқылы деменцияны тудыра алады. Америкалықтардың 1 миллионнан астамы  Lewy денелі деменциямен ауырады. Таралуы Альцгеймер ауруынан кейін екінші орында тұрған бұл дертке мидың ойлау, жад және қозғалысқа жауапты жасушаларына альфа синуклеин ақуызының ауытқуға ұшыраған түзілімі тән. Науқастар галлюцинация, селкілдеп қалу мен ебедейсіздік, қан қысымының тұрақсыздығы, жүрек соғысының жиілігі сияқты ағзаның түрлі  дисфункциясын сезінуі мүмкін.

Жоғары қан қысымы немесе миға оттегі мен қан тасымалдаудағы кез келген тежеліс не зақымдану тамыр деменциясын тудырады. Белгісі кенеттен не біртіндеп байқалуы мүмкін. Инсульттен кейін барлығы бірдей тамыр деменциясына ұшырамайды. Дегенмен «бірнеше инсульттен кейін мидың ауқымды бөлігі зардап шегіп, қалыпты жұмысын тоқтатады. Әрі қарай қызметін атқаруға қажетті сау тін қалмайды» дейді Нью Йорктегі  NYU Langone Health-те «Дұрыс қартаю» институтын ашқалы жатқан Джозеф Кореш.

Маңдай-самай деменциясы аталатын тағы бір деменция түрі мидың маңдайға жақын бөлігін зақымдап, адамның қоғамдық ортада өзін ұстауы мен эмоциясын басқару қабілетін өзгертеді. Ал самай (бастың екі жағында, құлаққа жақын) зақымданса, адамның сөздік қоры азайып, сөйлеуі қиындайды, тұрмыстық заттардың нендей нәрсеге қолданылатынын ұмыта бастайды. Ол басқа деменция түрлері сияқты генмен берілуі әрі оған орта жастағылар да ұшырауы мүмкін.

Вирусты инфекциялар, оның ішінде вирусты энцефалит, тұмау, герпес (ұшық) те, сондай-ақ  алкогольді шектен тыс ішу мен бас ми жарақатын алу жағдайлары да деменцияға әкелуі ықтимал.

«Деменцияға әсер ететін көп фактордың бірі – қабыну», – дейді Риттман. Вирус жұққан, инсульт алған немесе қатты соққы тиген жағдайда мидың жасушалары суланып, қабынған жерді қалпына келтіруге талпынады. Риттман жоғарыда айтылған жағдайлардан кейін ол жерде тыртық қалып қоятынын, ал ол мидың қалыпты функциясын бұзып, жасушалар арасындағы байланысты үзетінін айтады. «Мидағы ақуыздардың өзгеруіне әсер ететін дәл осы қабыну болуы ықтимал».

Жасы 70-тен асқан адамдардың көбінде есту қабілеті нашарлайды. Бұл да деменцияға әкеп соқтыруы мүмкін. Нұсқаулықпен берілетін кей дәрі-дәрмектер, соның ішінде асқазан қыжылын басуға, депрессияға, шыжыңдыққа, Паркинсон дерті симптомдарына және басқа да ауруларға қарсы дәрілердің кері әсері бар.

Оған қоса, соңғы зерттеулер кейбір адамдардың «аралас деменцияға»  шалдығатынын көрсетіп отыр. Бұған себеп болатын факторлардың сан алуандығы ауру белгілерінің неліктен әр адамда әртүрлі болатынын түсінуге аз да болса септігін тигізді.

Біз не білеміз? Нені білмейміз?

Джозеф Кореш ми өте күрделі болғандықтан, оны «соңғы шеп» деп атап, оның функциясын жүрекпен салыстырады. «Жүрек – бұлшықет қана емес, су құбыры іспеттес жүйе екенін байқауға болады. Ал ми өте нәзік нанокөлемдегі электрхимиялық машина іспеттес. Ол – ондаған ядро мен миллиардтаған жолдан тұратын алып желі».

Мидың әртүрлі бөлігі қандай қызмет атқаратыны, оларды бір-бірімен не байланыстыратыны туралы ақпарат жетерлік.  Корештің айтуынша, ендігі қадамдар химиялық өзгерістерді ми жүйесіндегі және қимыл-қозғалыстағы өзгерістермен байланыстыруға бағытталады.

Риттман  ми жасушасының  іші мен сыртына ақуыздар жиылса, оны микроскоп арқылы көруге болатынын айтады. «Бұл ақуыздар ми жасушаларына қалай әсер етеді? Когнитивті қабілетті қалай төмендетеді? – дейді ол. – Бұл сұрақтың жауабы миллиондаған долларға татиды».

Қатер тобына жататындарды анықтау

Генетикалық ауытқуы бар адамдарда Альцгеймер ауруы немесе маңдай-самай деменциясына шалдығу қатері күрт артады. Олардың миындағы функциялардың өзгерісі симптомдар білінгенге дейін 10 жыл бұрын байқалуы мүмкін. Бұл деменцияның басқа түрлеріне де қатысты ма, жоқ па, анықтау үшін  Риттман мен Кембридждің бір топ ғалымы жарты миллионнан аса  қатысушының денсаулығы, генетикасы, өмір салты мен ақыл-ой ұшқырлығы туралы деректер жиналған британиялық биобанкті сараптаумен айналысты. Сосын олар деменция диагнозы қойылған адамдардан басқаларына когнитивті функциялар бойынша тест жасады. Осы тест неврологиялық қызметтің төмендеуі ауру анықталғанға дейін тоғыз жыл бұрын белгі беретінін көрсетті.

Кореш пен Джонс Хопкинс университеті Медицина мектебінің ғылыми тобы  Қартаю ұлттық институтымен бірлесіп, британдық әріптестерінен өзгеше әдісті қолдана отырып, зерттеу жасады. Олар ақуыздар мен когнитивті қатер арасындағы байланысты табу үшін 45 пен 65 жас аралығындағы 11 000 ересек адамның қан плазмасын талдады. Осылайша ғалымдар деменцияға шалдықпай тұрып, 20-30 жыл бұрын анықтауға болатын 32 түрлі ақуызды айқындады дейді Кореш. Олардың кейбірі қан тамырлары ауруына, жүйке талшықтарына залалы тиетін қабынуға немесе жүйке жасушалары арасындағы сигналдардың тасымалына әсер етеді. Болашақта бұл ақуыздар ерте диагностика жасау индикаторына айналуы мүмкін. Оларды қатер тобына жататын адамдарды скринингтен өткізу кезінде пайдалануға болады.

Деменцияның алдын алу мүмкін бе?

Белгілі қатер факторларына қарамастан, мидың саулығын сақтап, деменцияның алдын алу үшін обыр, диабет, жүрек ауруларының да алдын алатын әдеттерге жүгінген жөн дейді сарапшылар. Дұрыс тамақтану, физикалық жаттығулар мен қозғалыс, шылымнан бас тарту, қандағы қант деңгейі мен қан қысымын бақылауда ұстау секілді қарапайым әдеттер миымызға да өте пайдалы. 

30 жылға жуық жүргізілген зерттеу жұмыстары орта жаста гипертония пайда болса, ол біртіндеп деменция қатерін жоғарылататынын көрсетіп берді. «Бір қуанарлығы, қан тамырлары ауруларының алдын алуға болады, гипертония да, диабет те емдеуге келеді», – дейді Кореш. Ғалымның айтуынша, «АҚШ пен Еуропа елдерінде жан басына шаққанда деменциямен ауыратындар саны азайып келеді. Себебі адамдар саламатты өмір салтына көбірек көңіл бөле бастады». Кейбір деректер соңғы 30 жылда дертке ұшырағандар саны  әр 10 жылда 15 пайызға төмендегенін көрсеткен.

Риттман болашаққа үмітпен қарайды. Ғалым: «Біз осы дерттің табиғатын түсінуде біршама алға жылжыдық, бұл профилактика мен ем-дом жасау ісіне серпіліс беруі керек», – дейді.

Өкініштісі сол, бұл зерттеулер қазір осы аурумен күресіп жатқан жандар мен олардың жақындарына көмектесе алмайды. Мелисса Томс Минотти науқас күтімін мойнына алған жандар бетпе-бет келетін күйзеліс, уайым мен тосын сынақтардың қандай болатынын жеткізу үшін тамыр деменциясымен ауырған әкесінің басынан өткен оқиғаны айтып берді.

Оның күтімі Томстың анасына, ағасы мен әпкесіне жүктеліпті. Науқас әкесі бір күн сау болса, келесі күні есіне ештеңе түсіре алмай қиналған. Тағы бірде салмақты, нағыз ер адамға тән қамқор мінезі дөрекілік пен ашушаңдыққа оңай өзгеріп кететін. Төлем картасында телемаркеттерден келетін шоттар да пайда болған. Бір кездері ірі құрылыс жобаларын басқарған ол бір күні картинаны қай қабырғаға ілерін білмей, есінен танған. «Қарапайым ғана нәрселер еді, – дейді қызы. – Ақыл-есіндегі әрбір өзгеріс барған сайын үдеп, оның өмір сүруін қиындата берді».

«Бұл біздің барлығымызға да әсер етті. Деменцияның зардабы туралы әрбіріміздің айтарымыз бар», – дейді Мелисса Томс Минотти.

Автор: Шэрон Гайнап