4Ноя

Оғыланды қорымы

Маңғаз Маңғыстаудың киелі даласындағы әрбір нысан шежірелі өлкеге деген қызығушылықты оята түседі. Мұндағы әр кесене, әр мешіт талайды таңғажайып тарихымен тәнті еткен. Әсіресе Маңғыстаудың өзіндік табиғатымен үйлескен киелі орындары салт-дәстүрдің қаймағы бұзылмаған алып өлкеге ерекше сипат бергендей.

Сондай киелі әрі танымал туристік нысандар қатарындағы орындардың бірі – Оғыланды ата қорымы. XVIII-XIX ғасырларға тән сәулет ескерткіші Маңғыстау облысы Қарақия ауданы Сенек ауылынан 95 км солтүстік-шығыс бағытта, Оғыланды жерінде орналасқан. Бәрімізге белгілі қасиетті Бекет ата мешіті осы киелі орынға жақын.

Архитектуралық ерекшелігіне келсек, ескерткіш ақ түсті, қарапайым пішінді, күмбезді болып салынған.

Оғылан түркі тілінен аударғанда «ұлан», «бала» деген ұғымды білдіреді. Деректерге сүйенсек, көшпенділердің тұрмыс-тіршілігіне байланысты бір уақытта көп бала дүниеден өтіп, осында жерленген. Сол себепті, яғни қорым бірыңғай балалар жерленгендіктен, жер «Оғыланды» деп аталады. Сондай-ақ Бекет атаның өзі көзі тірісінде «маған ниет қойып, келгісі келген адам әуелі Оғыландыға соғып зиярат етіп, содан кейін маған келсін» деп өсиет қалдырғаны да ел аузында айтылып келеді.   

Ақын Фариза Оңғарсынованың мына өлең жолдары Оғыланды ата қорымының ел ішінде киелілігімен, жанды тыныштандыратын және жол ашатын қасиетімен танымал орын болғанын көрсетеді.

«Ал, менің әлі сапарым қанша алдымда,

күш құяр жанға жолымда сәуле – бар ма шам?

Әлі де біраз жолым болмайтын секілді — ау,

Оғыланды тауда бір түнеп қуат алмасам».

Оғыланды қорымы бүгінде мемлекеттің қорғауына алынған.

Фото: Ерболат Шадрахов