10Ноя

Абай болыңыз: COVID жүректі зақымдайды

COVID-тың жеңіл түрімен ауырған науқастардың да жүрек аурулары мен талмасына шалдығу қаупі жоғары

Жүрек
Жүрек бұлшықеттеріне қан жеткізетін тамырлар мен артериялары көрсетілген адам жүрегі. Жүректегі тамырларға бояу жіберілгеннен кейін осынау ғажайып артериялық желіні құрайтын ұсақ капиллярға дейін көрініп тұр.
Фото: SCIENCE PHOTO LIBRARY

Ғалымдар COVID-19-дың қатерлі жүрек-қан тамыр ауруларына алып келуі мүмкін екенін анықтады. Мұндай дертке әсіресе тамырында май мөлшерден тыс жиналған қарттар жиі шалдығуы мүмкін екен. Бірақ ғалымдар жақында жүргізген зерттеуде оның себебін тауып, COVID-19-ды шақыратын SARS-CoV-2 вирусы жүрек артериясын тікелей зақымдайтынын дәлелдеді.

Зерттеуде сонымен қатар вирустың түйінге айналған май толған жасушада өмір сүріп, өсе алатыны туралы жазылған. Бұл жасушалардағы май артерияны қатайтып, тарылтып, арты атеросклерозға алып келеді. Егер түйін жарылса, қан айналымын тоқтатып, жүрек талмасына дейін жеткізуі мүмкін. SARS-CoV-2 инфекциясы түйінді зақымдап, сыртқа шығу ықтималдығын жоғарылатып, жағдайды қиындата түседі.

Оған COVID-19 жұқтырған көптеген, тіпті бәрі десе болады, науқаста байқалған жүрек-қан тамыр жолдарындағы ұзақ мерзімді әсерлер дәлел. SARS-CoV-2 вирусының тыныс алу жолдарынан бөлек, басқа да органдарды зақымдайтыны анықталды. Дегенмен бүгінге дейін артерияларға келтіретін кесірі туралы зерттелмеген еді.

«Вирустың артерияға тікелей әсері болды ма, жоқ па, іс жүзінде оны ешкім зерттемеді», – дейді жоғарыдағы зерттеуді басқарған Нью-Йорк университетіне қарасты Лангон Хелз кардиологі Киара Джианнарелли. Ол өз тобының коронарлы артерияларда вирустың генетикалық материалы – зақымданған РНҚ-ны анықтағанын атап өтті. «COVID-тен жазылғаннан кейінгі бірнеше айда бұған тап боламын деп күтпейсіз», – дейді кардиолог.

SARS-CoV-2-нің тек респираторлық вирус қана еместігін, оның жүрек пен басқа да органдар жүйесін зақымдайтынын дәлелдейтін айғақтар күн санап артып келе жатқанын Сент-Луистегі Уашиңтон университетінің эпидемиологі Зияд Әл-Әли де айтып отыр. Оның зерттеуі жүрек қызметінің жетіспеушілігін, инсультті, жүрек соғысының өзгеруі мен қанның ұюын қоса алғанда, жүрек пен қан тамырлар ауруларына шалдығу қаупі COVID-19 жұқтырғаннан (тіпті ауруханаға жатқызылмаса да) кейінгі бір жыл ішінде 2-5 есеге ұлғаятынын көрсетті.

«Бұл маңызды зерттеу SARS-CoV-2 вирусының атеросклероздық түйіндақтардың қабынуымен тікелей байланысы барын дәлелдейді», – дейді Оксфорд университетінің (Ұлыбритания) жүрек-қан тамырлары медицинасы кафедрасының басшысы Караламбос Антониадес.

Вирус түйіндақтың қабынуына алып келеді

Версальдағы Инсубрия университетінің кардиологі Фабио Анджелидің 800 000-нан астам адамды қамтыған кейінгі зерттеуінде COVID-19 жұқтырған науқастарда жоғары қан қысымы басқаларына қарағанда екі есе жиі кездесетіні анықталған. COVID-19-дың жеңіл формасымен ауырғандарда да жүрек ауруларына шалдығу қаупі жоғары екені ғалымдарды қатты алаңдатады.

«Қазір дефибрилляторға тәуелді болып қалған науқасты көрдім, ал ол вирустың жеңіл формасымен ауырған еді», – дейді Миннесотадағы Мэйо Клиник кардиологі Бернард Герш.

COVID-19 кезінде жүрек-қан тамырларының зақымдануы қан тамырларына тікелей әсер ететін вирус себебінен бола ма деген сұраққа жауап іздеген Нью-Йорк университетінің тобы COVID-19-дан көз жұмған қарттардан алынған түйіндақтар мен коронарлы артерия ұлпасына жасалған аутопсияға талдау жасады. Нәтижесінде, олар артериядағы түйіндақтарда үлкен не кішілігіне қарамастан, вирустың болғанын анықтады.

«Аталған зерттеу негізінде коронарлы артериядағы түйіндақтарда вирустың нақты болғаны дәлелденді», – деді зерттеуге қатыспаған Лондон университетінің Әулие Джордждағы жүрек-қан тамырлары бойынша маманы Хуан Карлос Каски.

Нью-Йорк университетінің тобы вирус артерияда макрофаг деп аталатын лейкоциттерде көбейетінін мәлімдеді. Макрофагтар – инфекциямен күресетін иммундық жасушалар. Дегенмен бұл жасушалар қандағы холестерин сияқты артық майды да сіңіреді. Макрофагтар мөлшерден тыс май сіңіріп алса, көпірген жасушаға айналады да, түйіндақтың пайда болу ықтималдығын арттырады.

Вирустың шын мәнінде тамыр жасушаларын зақымдап, сонда өсетінін дәлелдеу үшін ғалымдар дені сау еріктілерден артерия жасушалары мен түйіндақтарын, макрофагтар мен көпірген жасушалар алды. Одан кейін бұл жасушаларды зертханаларда петри ыдысында өсіріп, SARS-CoV-2 жұқтырды.

Джианнарелли вирустың басқа артериялық жасушаларға қарағанда макрофагтарды жылдам зақымдағанымен, жаңа зақымданған бөлшектерде көбеймейтінін байқады. Бірақ макрофагтар холестеринге толып, көпірген жасушаларға айналғанда вирус өсіп, көбейіп, бұрынғысынан ұзағырақ өмір сүрген.

«Вирус көпірген жасушаларда ұзағырақ сақталатынын анықтадық», – дейді Джианнарелли. Ал ол көпірген жасушалардың SARS-CoV-2 үшін резервуар ретінде қызмет ететінін білдіреді. Майдың шамадан асуы көпірген жасушалардың көбеюін білдірсе, түйіндақтар COVID-19 вирусының өмір сүруін ұзартып, ауруды күшейтуі мүмкін.

Ғалымдар макрофагтар мен көпірген жасушалар SARS-CoV-2 жұқтырғанда цитокин деп танылған ақуыз бөлетінін байқаған. Бұл ақуыз иммун жүйесіне бактериялық не вирустық инфекцияға қарсы әрекет ету керектігін хабарлайды. Бірақ цитокиндер артерияда қабыну тудырып, түйіндақтарды одан сайын  көбейтеді.

«Біз вирус тудырған қабынудың деңгейлері болатынын көрдік, ол атеросклероз бен жүрек-қан тамырлары ауруларын күшейтуі мүмкін», – деді Джианнарелли.

Антониадес осы нәтижелер тамырдағы қабыну деңгейін өлшеу COVID-19-дан кейінгі жүрек-қан тамырларындағы созылмалы асқыну  деңгейін анықтауға мүмкіндік береді дейтін бұған дейінгі пікірді растайтынын алға тартады.

«Зерттеу вирус түйіндақтардың ажырауын (жарылуын) жеделдетіп, күшейтетінін көрсетті», – дейді Каски.

COVID-тен кейінгі жүрек ауруларынан абайлаңыз

Жаңа зерттеу жұмысы SARS-CoV-2-нің артерия жасушаларының макрофагын зақымдап, сонда өсіп, түйіндақтар тудыратынын анық көрсеткенімен, коронавирустың сау жүректі қалай өзгертетінін толық түсіну үшін қосымша зерттеулер қажет.

«Нью-Йорк университетінің зерттеуі ықтимал әсерлерді түсіндіру үшін мүмкіндік беретін бір механизмді – вирус резервуарын анықтады, – дейді Герш. – Дегенмен бұл жалғыз механизм емес».

Жоғарыдағы зерттеуде қайтыс болған сегіз егде жастағы науқастан алынған 27 үлгі ғана талданды. Олардың барлығы коронарлы артерия ауруымен ауырған әрі вирустың бастапқы штамдарын жұқтырған. Яғни, Анджелидің айтуынша, бұл зерттеудің нәтижелері коронарлы артериядан жапа шекпеген немесе вирустың біршама жеңілірек жаңа нұсқаларын жұқтырған жастарға қатысты емес.

«Вакцина ектірген азаматтарда бұл аурулар кездесе ме, білмейміз. Беймәлім дүние әлі де көп», – дейді Каски.

Одан бөлек, жаңа зерттеуде көрсетілгендей, вирус жұқтырғаннан кейінгі алты ай ішінде бақыланған күшті қабыну реакциясы созылар-созылмасы да анық емес. Егер созылатын болса, ол қандай деңгейде жаңа түйіндақтар тудырады? «Инфекциядан кейін тамырдың қабыну динамикасын көрсету үшін жаңа зерттеулер қажет», – дейді Антониадес.

Коронавирус жұқтырған науқастар денеге күш түсіргенде бұрын болмаған демігу, кеуде тұсындағы жайсыздық, жүрек қағуы сияқты белгілерге абай болып, дәрігерден жүрек ауруына қатысты кеңес алғаны жөн.

Автор: Санджей Мишра