21Дек

Микропластик үйдегі ауада, ас-суыңызда да жүр. Демек ағзаңызда да бар  

Үйіңіздегі ауадан бастап, ас-суыңызға дейін пластиктің микроскопиялық ұсақ бөлшектеріне тұнып тұр. Бұл мақалада сізге олардың ең көп таралған негізгі көздері көрсетіліп, құтылу жолдары ұсынылады.

Пластик үйімізде толып тұр. Демек ағзамызда да жүр. Оның денсаулыққа қалай әсер ететіні әлі белгісіз болғандықтан, абайлағанымыз жөн.
ФОТО: АРНО БУРГИ, PICTURE ALLIANCE/GETTY IMAGES

Микропластик күнделікті өмірімізге етене араласып кеткен. Тұз түйірінен де кішкентай осы нәрселермен қаншалық тығыз «қарым-қатынаста» екенімізді тіпті елестете де алмаймыз.

Адамдар жылына шамамен 22 000 000 микро және нанопластик жұтады. Себебі олар күнделікті ас-суымыз бен ауаның құрамында жүр. Соның нәтижесінде өкпеміз бен қанымыздан микропластиктер табылды. Сөйтіп біз микропластиктің адам денсаулығына әсерін енді ғана түсіне бастадық. Ззерттеулер барысы да бұған шындап алаңдау қажеттігін көрсетіп отыр.

Тозаң түйіріндей ғана болатын осы пластик бөлшектерден біржола құтыла алмауымыз мүмкін. Бірақ үйіңіздегі қарапайым заттарды алмастыру, кейбір нәрселерді өзгерту арқылы микропластикті біршама азайта аласыз.

Ас үйдегі қаптамалар мен тақтайдан бастаңыз

Сіз таңғы асқа картоп пісіріп жатырсыз делік. Картопты алдымен пластикалық пакеттен шығарасыз. Scientific Reports журналында жарияланған 2020 жылғы мақалаға сәйкес, пластикалық контейнерді жай ғана ашудың өзі микропластиктердің бөлінуіне әкеледі екен.

Содан кейін картопты тақтайда турауыңыз мүмкін. Маусым айында зерттеушілер азық-түлікті пластмасса тақтайларда кесуден немесе тураудан жыл сайын ондаған миллион микротүйіршік шығатынын анықтады. Яғни, осы түйіршіктер пластик тақтайда туралып, микропластиктер пайда болады.

 «Біз ағаштан өндірілген тақтайларға ауысуымыз керек, – дейді зерттеудің жетекші авторы әрі Солтүстік Дакота мемлекеттік университетінің докторонты Химани Ядав. – Егер сіз ағаш тақтайды тазалап, оны дұрыс дезинфекциялайтын болсаңыз, ол ұзақ қызмет етуі мүмкін».

Картоп турап болған соң, оны пісіруге кірісесіз. Бірақ қатты қыздыру және күйдіруден сақтайтын, тефлонмен қапталған табаларды көп қолдану тағамыңызға 2,3 миллион микро және нанопластик қосуы мүмкін екен. Зерттеушілердің бағалауынша, біз апта сайын бір несие картасының салмағындай пластикті еркімізден тыс тұтынамыз.

Сонымен, тағамдағы пластикті қалай азайтуға болады?

Пластик қаптамадағы азық-түлікті көп сатып алмау үшін қайта пайдалануға болатын дорбаңызды ала жүріңіз. Тағамды жылытқанда күйдірмейтін қаптамасы бар табалардың орнына тот баспайтын болат немесе шойын табаларды пайдаланыңыз.

Микропластик әсерін азайтудың тағы бір жолы – кран суын сүзгіден өткізу.  2019 жылғы сараптама АҚШ-тағы құбыр суы сынамаларының 95 пайызында дерлік пластик талшықтар бар екенін көрсетті.

(Крандағы су ішуге қауіпсіз бе? Мынаны білгеніңіз жөн)

Сонымен қатар, үйдегі тазалық жұмыстарына экологиялық таза заттарды қолданған жөн. Өйткені губкалар, микроталшықты сүлгілер мен асүй щеткалары микропластикпен ластайтын негізгі көздер болып саналады.

Жуынатын бөлме бұйымдары да сіз ойлағандай таза емес

2015 жылы қабылданған «Microbead-Free Waters» заңнамасы құрамында пластикалық микробисер бар косметикаларды сумен шайып кетіруге тыйым салғанымен, компанияларды пластикті толығымен алып тастауға мәжбүрлеген жоқ. Барлық косметикалық өнімнің 90 пайызында түс пен жылтырлық, тұтқырлық беру үшін қосылатын микропластик бар. Осы өнімдер жуыну барысында шайылып, 100 000-ға жуық пластик бөлшек кәріз жүйесіне түсіп, тазарту құрылғыларынан да өтіп, су жолдарын ластайды.

Ваннадағы пластиктің жалғыз көзі емес бұл емес.

Дезодорант индустриясы жыл сайын 15 миллион фунттан астам пластик қалдықтарын шығарады. Ішінара пластиктен жасалатын бет сүртуге, сәбилерге арналған майлықтар бір ғасырдан астам уақыт ыдырауы мүмкін. Сол сияқты екі миллиардтан астам бір реттік ұстара жыл сайын қоқысқа тасталады.

Сіз қайта пайдалануға болатын баламалы заттарды таңдау немесе сусабын, сабын және пластиксіз табиғи дезодоранттар сияқты қалдығы аз қаптамадағы өнімдерді сатып алу арқылы пластик тұтынуды едәуір азайта алаcыз. Бір реттік мақта сүлгілерінің орнына жуып, қайта қолдануға болатынын пайдаланыңыз. Бір реттігінің орнына көп реттік ұстараны, бамбуктен істелген тіс щеткасын қолданыңыз. Тіпті, тіс пастаңызды өзіңіз жасап көрсеңіз де болады.

Plastic Soup Foundation компаниясының Beat the Microbead қолданбасы өнімдерде микропластиктің бар-жоғын сканерлеп анықтай алады.

Кір жуатын бөлме – пластик талшықтардың көзі

Киімнің көптеген бөлігі пластикалық микроталшықтардан тұрады. Олар кіржуғыштар мен кептіргіштерде қайта-қайта тазалаудан кейін сетіней бастайды. Соның кесірінен жыл сайын мұхиттарға шамамен 2,2 миллион тонна микроталшық түседі.

Нью-Йорктегі Celsious экологиялық таза кір жуу қызметінде істейтін Коринна Уильямс полиэстер, нейлон және акрил сияқты синтетикалық материалдарды мақта, зығыр және қарасорадан жасалған табиғи тоқыма материалдарынан бөліп сұрыптауға кеңес береді.

«Ең дұрысы,  микроталшықтардың төгілуін азайту үшін оларды бөлек жуған жөн, – дейді ол электронды хатында. – Кіржуғыш ұнтақ абразивті болады, сондықтан синтетикалық материалдарды жууға келгенде, әдетте иіссіз сұйық жуғышты пайдалануға кеңес береміз».

Кіржуғышқа толық жүктелген киімді мейлінше қысқа циклде суық сумен жуыңыз. Баппен жуу режімін қоспаған жөн. Себебі бұл режім басқаларына қарағанда суды көбірек пайдаланады.

«Кір жуудың арасында киімдерді ауаға шығарып, желдетіп алуды және киім булағышпен булауды немесе DIY зығыр спрейін шашуды ұсынамыз», – деп қосады Уильямс.

Сондай-ақ микроталшықтардың бөлінуін азайту үшін пластикті тұтып қалатын кір дорбалары мен сыртқы сүзгілер сияқты құрылғыларды қолдануға болады. National Geographic зерттеушісі Рэйчел Зой Миллер мұхиттарды осындай қоқыстан қорғауға көмектесу үшін микроталшықты сүзетін Cora Ball алғашқы кір жуу шарын ойлап тапты.

Кіржуғышыңызды жаңартар болсаңыз, әлдеқайда тиімдісін, яғни кірді үстінен емес, алдынан салатынын алғаныңыз жөн. Сондай-ақ киімді жуу жиілігін азайтуға және кептіргіштен гөрі, кір жайғышқа ілгеніңіз абзал.

Пластиксіз болашақ мүмкін бе?

Түптеп келгенде, қоршаған ортамыздың орасан көлемде пластик қалдықтарға толып қалуына пластик өндірушілер мен өз өнімдерін сататын компаниялар жауапты.  Осы пластикті және сонымен байланысты микропластикті айтарлықтай азайту үшін жаһандық шарттар мен мемлекеттік заңдар сияқты батыл заңнамалар қабылдануы қажет. Дегенмен жеке тұтынушылар да ахуалды өзгертуге өз үлесін қоса алады. «Біз жауапты емеспіз деп жүрген пластик үшін жауапкершілік алмасақ, болмайды», – дейді Ядав.

Автор: Елайна Захос