20 жыл бұрын жойылып кетуге шақ қалған салпы танау киіктердің саны артып келеді. Он жылға жетер-жетпес уақыт бұрын әлемдегі ақбөкендердің жартысы беймәлім аурудан қырылып қалған еді. Жануар санының артуы – табиғатты қорғау саласында сирек кездесетін айрықша жетістік.
20 жыл бұрын ғана ақбөкен яғни киіктерге арнап жоқтау айтуымызға тура келетіндей көрінетін. Қаскерлердің көбейіп кетуі мен ауру таралуы салдарынан 2003 жылға қарай Қазақстан, Моңғолия, Ресей мен Өзбекстанда жұптұяқтылардың 6 пайызы ғана сақталып қалды.
Дегенмен қазір ғалымдар ақбөкеннің көбейгенін қуана хабарлап жүр. Кейінгі статистикаға сүйенсек, қазіргі таңда ақбөкендердің саны Еуропа бойынша 1,9 млн-ға жеткен. Популяцияның артқаны сонша Халықаралық табиғат қорғау одағы ақбөкендерді Қызыл тізімдегі «жойылу қаупі аса жоғары» санатынан «жойылып кету қаупіне жақын» түрлерге өзгертті.
«Қоршаған ортаны қорғау саласы пессимизмге толы, табиғатты сақтап қалу талпынысының жақсы нәтижесіне көп көңіл бөлінбейді», – дейді Оксфорд университетінің консерватор-ғалымы, британиялық Ақбөкендерді қорғау альянсының негізін қалаушылардың бірі Э. Дж. Милнер-Галланд. –Бұл көптеген маманның 20 жыл бойғы тынымсыз еңбегінің ақталғаны».
Аталған түрдің саны қаншалықты артқанын түсіну үшін 2015 жылы әлемдегі ақбөкендердің жартысынан көбі әлі күнге дейін себебі анықталмаған қан ауруынан қырылып қалғанын атап өткен жөн.
«Бұл бір айтулы жаңалық», – дейді Колорадо штаты университетінің экологі, Тұмса табиғатты қорғау қоғамының аға ғылыми қызметкері Джоэл Бергер өз электронды хатында.
«Көптеген түр мен популяция азайып жатқан кезде ақбөкендердің саны қайта артқанына куәміз. Олар өздерін мойындатты», – дейді ол.
Жойылып кету қаупі
Киіктің қалай өсіп-өнгенін бақылағандар мұның қаншалықты қиын болғанын біледі. «20 жыл бұрын барлық сүтқоректілер арасында ақбөкендердің жойылу қаупі басқаларынан жоғары еді», – дейді Милнер-Галланд. – Бірнеше жылдың ішінде саны 90 пайызға азайып, «жойылу қаупі аса жоғары» деген санатқа енген болатын».
Өткенге көз тастасақ, Милнер-Галланд ақбөкендердің қырылу себебін бірнеше фактормен байланыстырады. Ең алдымен, ақбөкен мүйізі Қытай, Сингапур, Вьетнам мен Малайзияда дәстүрлі медицинаның маңызды бөлігі саналатынын айта кеткен жөн. Кеңес одағының құлауымен қатар мүйізге сұраныс та артып, оларды аулау жиілеп кетті.
«Одақта болған елдердің экономикасы құлдырады. Қатаң климаттық, күрделі тұрмыстық жағдай браконьерлікке бет бұруға мәжбүр етті», – дейді ол.
Қазақстан мен Өзбекстан шекарасы бойындағы қоршау да киіктердің миграциясына тосқауыл болды, ал инфрақұрылымның дамуы олар өмір сүретін жерді айналып өтпеді. Ақырында беймәлім нәрсе ақбөкен тұмсығындағы табиғи микробты қауіпті патогенге айналдырып, жаппай қырылуға алып келген болатын.
Осы себепті Халықаралық табиғат қорғау одағы ақбөкендерді тізімнен толықтай алып тастамауға шешім қабылдады.
«Ақбөкендер үшін «жойылып кету қаупіне жақын» деген санат дұрыс, өйткені олар кез келген уақытта жаппай қырылып қалуы мүмкін, – дейді Милнер-Галланд. – Оларға әлі де қауіп төніп тұр».
Оңға басқан қадам
Ақбөкендерге қаншалықты көп қауіп төнсе, оларды қорғауға соншалықты көңіл бөлінді. Жануардың табиғат үшін маңызы зор, олар тұқым таратып өсімдіктердің биоалуандығына үлес қосады.
Мысалы, ақбөкендер мекендейтін елдер мен киік өнімін тұтынатын елдердің АҚШ сияқты мүдделі елмен халықаралық серіктестігі негізінде 2006 жылы жануарларды сақтап қалу, тіршілік ету ортасын қалпына келтіру мен аулауға тыйым салу туралы келісімге қол қойылды.
Қазақстан үкіметі өз кезегінде браконьерлікке қарсы шараларды күшейтіп, ақбөкен аулағандарды қатаң жазалауға шешім қабылдады. Киіктерді қорғау альянсы желді, қолайсыз аймақтарда жұмыс істейтін рейнжерлер киетін униформа, жанармай, мотоцикл және панамен қамтамасыз ету үшін қаржылай қолдау көрсетті. Шекара қызметкерлері жабайы жануарларды заңсыз сату мақсатында елден шығарылып жатқан ақбөкеннен жасалған өнімдерді анықтау жұмыстарын күшейтті. Осылайша, мемлекетте жалпы ауданы шамамен 50 000 шаршы шақырымға жуық ақбөкен мекендейтін аймақты қорғауға алды.
Экономикалық жағдай түзеліп, адамдар тек өз құлқынын ғана ойлап қоймай, ақбөкендерге де көңіл бөле бастағанда жануарларды қорғау жұмысы жақсы нәтижесін көп күттірмеді. «Ақбөкендерді жергілікті халық жақсы көреді. Олар – дархан даланың, тәуелсіздік пен еркіндіктің нышаны», – дейді Милнер-Галланд.
Автор: Джейсон Биттел