Құс атаулының бәрі дерлік ғажап жаратылыс. Бұл патшалық – алуан бояулы әдемілігімен, көз сүйсіндер сұлулығымен, нәзіктігімен ерекше. Олардың әрқайсысының экожүйедегі орнын, көзге көрінер һәм көрінбес мәні мен маңызын айтып тауысу мүмкін емес. Бірақ өкінішке қарай, олардың да кейбір түрлері сиреп барады. Егер ғылыми еңбектерді сараласақ, олардың жаһандық деңгейде азаюы байқалады.
Түр байлығын анықтау үшін басқа да көрсеткіштер (мысалы, кеңістік пен уақыт бойынша) мен барлық ауқымдағы өзгерісті есепке алу қажет. Құстар санының нақты өзгерісін бір нүктеден көп жылдық бақылау жүргізген соң ғана айтуға болады. Онда да, ол құс түрінің саны статистикалық есепке жеткілікті болуы керек. Біз, Зоология институтының орнитология бөлімі Шақпақ асуында (Тәңіртау мен Қаратаудың ең жақын түйіскен жері) 68 жыл бойы бақылау жүргізіп келеміз. Осы уақытқа дейін 2 млн-дай құсты сақиналап, олар туралы мәлімет жинадық. Егер осы мәліметтерді талдасақ, саны азайып бара жатқан құстарға: қарлығаштар (сұр қарлығаш, қыстау қарлығашы, жар қарлығашы, қала қарлығашы, секпілтөс қарлығаш), торғайлар (қараторғай, қаратөс торғай, жауторғай, тас торғайы), сұлыкештер (кәдімгі сұлыкеш, ақбас сұлыкеш, бақ сұлыкеші, сарғалдақ сұлыкеш), қоңыр кептер, кәдімгі түркептер, құнақ, шонайнақ, ала қарға, кіші бозторғай, тау жадырағы, жасылтауылжық, қарабас шақшақай сияқты түрлердің саны азайғаны байқалады. Бұлардың қатарында көп зерттелмеген, елеусіз ғана жойылып бара жатқан қоңыр кептер де бар.
Жалпы көгершіндердің экожүйедегі орны ерекше. Біріншіден, олар өсімдіктер тұқымының таралуына көмектеседі, екіншіден, қалалық экожүйеде қоректік заттар мен минералдардың айналымына ықпал етеді. Үшіншіден, жыртқыштардың олжасы болып, табиғат тепе-теңдігіне үлес қосады. Төртіншіден, қоршаған ортаның өзгеруін немесе ластаушы заттардың әсерін көрсететін биоиндикатор рөлін атқарады. Бесіншіден, Антарктидадан басқа барлық жерде тіршілік ете алатындығымен құстар патшалығының алуантүрлілігіне үлес қосады. Бұған қоса, олар әртүрлі қоғамда мәдени және нышандық мәнге де ие.
2020 жылы 3 кептерге ғана сақина салынды
Қоңыр кептердің биологиясын түсіну үшін оларды тереңірек зерттеу керек. Олардың ерекшелігі сол, тек біздің аймақта ұя салады. Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. Елу шақты жыл бұрын ғана саны көп болған осы құс оңтүстікте Сырдария мен Ілеге, шығыста Қара Ертіс пен Зайсанға дейінгі аралықта кездесетін. Қазір тек Іле өзенінің аңғарларында тораңғы өсетін кейбір аймақта ғана ұя салып жүргені белгілі.
Үндістанның солтүстік аймақтарында, оңтүстік Иран мен Ауғанстанда қыстайды. Қыс жылы болса, Түрікменстан, Өзбекстанға дейінгі аумақта қыстауы мүмкін. Ал популяцияның аздаған бөлігі Қытайдың солтүстік-батысына қоныс аударады.
Шақпақ асуындағы зерттеу орталығы арқылы жалпы саны 1300-ге жуық қоңыр кептер сақиналанған. Олардың басым бөлігі 1966-1981 жылдар аралығында тіркелген. Алайда Шақпақ асуында сақиналған қоңыр кептер саны 1970-ші жылдары маусым сайын шамамен 100-50 құс шамасында болса, 1980-ші жылдары бір маусымда 30-дан 10 құсқа дейін төмендеген. Біз Шақпақ асуында соңғы рет 2020 жылы үш кептерге ғана сақина салдық. Оған дейін 17 жыл бойы, яғни 2003 жылдан бастап бірде-бір қоңыр кездеспеген. Әлемде популяциясы жойылып бара жатқандықтан, соңғы жылдары қоңыр кептерді көруге Қазақстанға шетелдерден бөрдуатчерлер келіп жүр.
Біз олардың неліктен азайып кеткенін нақты айта алмаймыз. Бірақ оларға антропогендік факторлар әсер еткенін жоққа шығармаймыз. Олар әдетте тораңғы ағашының қуыстарына ұя салады. Ал тораңғы соңғы жылдары заңсыз кесу, өрт, құрғақшылық сияқты себептерге байланысты азайып кетті. Сәйкесінше, ағаштағы ұя салуға қолайлы қуыстар да азайып, басқа құс түрлерімен бәсекелестік күшейеді. Егер ұясын төмен салса, жердегі жыртқыштарға жем болу қаупі де бар. Бұған кейбір ғалымдар Қапшағай су қоймасының құрылысы кері әсер етті деген пікірде. Одан бөлек, қоңыр кептерді көкте ұшып бара жатқанда кәдімгі кептерден ажыратып, тану қиын. Ал кәдімгі кептерлер аңшылық түрге жататындықтан, қоңыр кептерлер де солармен бірге қоныс аудару кезінде аулануы ықтимал. Үндістан халқының бұршақ орнына бидай мен күрішті көбірек өсіре бастауы да құстардың қыстайтын аймақтарының сапасын нашарлатты.
Жойылып кетуден қалай сақтап қаламыз?
Оларды түр ретінде жойылып кетуден сақтау үшін көбірек зерттеу жүргізу керек. Менің докторлық диссертациямның бір тарауы осы түрге арналып отыр. Біз, Зоология институтының орнитология лабораториясының қызметкерлері, әлемде алғаш рет екі қоңыр кептерге GPS-қондырғы қойып, күзгі миграциясын зерттедік. Зерттеу нәтижелері жақын арада жарияланады. Қоңыр кептерді сақтау үшін олардың ұя салатын және қыстайтын жерлерін қорғаудан бөлек, олардың миграция кезінде дамылдайтын жерлерін де қорғауға алу қажет. Қорғау шаралары ретінде табиғи биотоптарды сақтау, ұя басатын жерлерінде қорғалатын аумақтар құру, Іле өзенінің атырауында Балқаш өңірі қорығын ашу және оған міндетті түрде тораңғы тоғайларын енгізу аса маңызды.
Бекжан Бердіқұл, зерттеуші