5Ақп

Көңіл күйіңді көтергің келсе, итіңмен сырлас

Психологтердің айтуынша, иттер сөйлей алмаса да, уайымыңызды азайтып, көңіл күйіңізді адамнан артық жақсарта алады.

Ресейдің Берёзово қаласында температура нөлден төмендегенде ер адам  көшеде итін қойнына салып алған. Күйзеліске түскен кездері адамнан гөрі, иттің жақсы көмектесетінін көрсететін дәлелдер көп. Фото: Герд Людвиг, NAT GEO IMAGE COLLECTION

Егер сіз жүйкеңізге салмақ түскен сәттерде әріптесіңіздің не досыңыздың қасында емес, сүйікті үй жануарыңыздың жанында өзіңізді әлдеқайда жайлы сезінетініңізді байқасаңыз, онда сіздің жақсы серігіңіз бар деген сөз.

Зерттеушілер ит иелері күйзеліске тап болған кезде қасында жүрген үй жануарлары оларды тітіркендірмейтінін анықтады. Адамның иттен тапқан қолдауы психологиялық әсерге ие. Бұл физиологиялық тұрғыдан да негізсіз емес. Соңғы жылдары көптеген зерттеу иттердің жайлылық сыйлап, жұқарған жүйкелерді тыныштандыратынын, жақсы тыңдаушы бола алатынын, сондай-ақ басқалай да қолдау көрсету арқылы кей кездерде сөздің қажет болмайтынын дәлелдеді. «Итіміздің мінез-құлығы түсінікті әрі  сенімді. Олардың адалдығы бізге қауіпсіздік сезімін береді, – дейді Мэриленд штатындағы Тоусон университетінің психология профессоры Эвангелин Уилер. – Ит сізді айыптамайды. Сынамайды да. Тек бар  ықыласымен бетіңізге қарап отырады».

Иттердің осы үнсіз түрі сіз мазасызданғанда не санаңызға салмақ түскенде тыныштандыратын әсер беруі мүмкін. Мұнысы кейде қасыңызда досыңыз не  серігіңіз болғандағыдан да жақсы көрінеді.

Ит пен адамның қолдауы

Психосоматикалық медицинадағы (Psychosomatic Medicine) зерттеулерге сәйкес адамдардан ментальді арифметика есебін шығаруды немесе қолын мұзды суға малатын «суық қысым» сынағынан өтуді сұраған кезде иті бар адамдардың қан қысымы мен жүрек соғу жиілігі қасында жұбайы немесе досы болғандарға қарағанда, азырақ көтерілген.

Жуырда, Emotion журналының 2023 жылғы санындағы зерттеуде адамдар күйзеліс тудыратын тапсырма орындады. Олар компьютер экранында жыпылықтаған сандардың қосындысын шығарумен айналысты, сосын итімен сөйлесіп, боямақ кітабын бояды немесе жай ғана 10 минут күтті. Сонда боямақпен айналысқандар мен жай ғана күткендерге қарағанда, итімен ойнағандардың көңіл күйі көтеріңкі әрі алаңдаушылығы да аз болған.

«Итіңіз еш алғаусыз әлеуметтік қолдау көрсетеді. Ол сізді күйзеліске түскеніңіз немесе әлсіздік танытқаныңыз үшін айыптамайтынын білесіз, – дейді зерттеудің авторы, психолог әрі UC Santa Cruz-да психология профессорының көмекшісі Ханна Раила. – Егер итіңіз құйрығын бұлғаңдатып отырса, оның жағымды эмоциялары сізге де дариды».

Зерттеушілер Society & Animals журналындағы зерттеуде тура осылай 223 адамнан Триердің әлеуметтік күйзеліс сынағынан (TSST) өтуді сұрады. Мұнда қатысушылар көңіл күйін мүлдем білдіртпейтін адамдардың алдында таныстырылым жасауы, сосын күтпеген ментальді арифметика тестінен өтуі қажет. Олар осы сынақтан итімен бірге өткенде қан қысымының жоғарылауы мен жүрек соғысының жиілігі көрсететін күйзеліс деңгейі төмен болып, аз қобалжыған.

 Иттің иесіне басқа адамдар бере алмайтын жайлылықты қалай қамтамасыз ететіні жөнінде айтсақ: «Итіңіз бен сіздің араңызда таза адалдық бар, оны сіз басқа адамнан тала алмайсыз, – дейді Колорадо мемлекеттік университетінің клиникалық ғылымдар кафедрасының профессоры және кеңесші психолог Лори Коган. – Біз оларды сол қалпында қабылдаймыз, олар да бізге солай қарайды және ешқашан өзгермейді».

Итпен сөйлесудің артықшылықтары

Әдетте адамдар итіне өзінің күні бойы не істегенін немесе күшігінің сүйкімді, ойнақы не бұзық екенін айтады. Бұл ненің мәні бар екенін еске салады. «Итіңізбен сөйлескен кезде неліктен мұнда отырғаныңызды түсінесіз. Өйткені жұмысыңызға немесе қаржы-қаражатыңызға қатысты не болып жатқанына қарамастан, итіңіз бәрібір сізді жақсы көреді. Сіз оған керексіз. Осы ой алдыңызға мақсат қояды», – дейді Эмори университетінің психиатрия профессоры және әлеуметтік байланыс неврологиясы бойынша сарапшы Ларри Яң.

Зерттеулер итпен эмоциялық тұрғыдан күрделі мәселелер туралы сөйлесу әсіресе пайдалы екенін анықтады. Зерттеушілер Anthrozoös журналының 2018 жылғы санында жарияналған зерттеуінде адамдардың құлазу, қызғаныш, алаңдау, апатия және үрей сияқты қиын эмоциялар жөнінде өздерінің романтикалық серігімен не достарымен емес, итімен сырласуға дайын екенін анықтады.

Мұның нақты себептері белгісіз, бірақ бір гипотеза бар: «Үй жануарлары – өте жақсы тыңдаушылар, өйткені олар сөзіңді бөлмейді немесе жауап бермейді, – дейді зерттеудің авторы, Ұлыбританиядағы Линкольн университетінде адам мен жануарлардың қарым-қатынасы бойынша медицина маманы, ветеринарлық мінез-құлық профессоры Дэниел Миллс. – Ит кейбір адамдар сияқты емес, мәселені шешуге тырыспайды».

Көңіл күйді, әсіресе жағымсыз көңіл күйді шығарудың өзіндік мәні бар. Зерттеулер көрсеткендей, адамдар өз эмоцияларын сөзбен айтқан кезде, олардың жағымсыз сезімдері үрейді, алаңдаушылық  пен басқа да қарқынды көңіл күйді өңдеуге жауапты бадамша бездің тыныштануы есебінен субъективті және неврологиялық тұрғыдан азая түседі.

Итіңізбен қарым-қатынасыңыз – қауіпсіз кеңістік, өйткені ит сізді айыптамайды, дауласпайды. «Адамдарға керегі – сөйлеу, көңіл күй түйінін шешу үшін сол сезімді айту өте маңызды, – дейді Миллс. – Сөйзбен айта отырып, оны басыңызда ұстамау керектігін түсіне бастайсыз. [Осы сезімдерді] айту алға, болашаққа қарай ілгерілеуге көмектеседі. Сөйтіп жеңілдеп қаласыз».

Тағы бір жасырын артықшылығы: итіңіз сізді не мазалайтыны, мұны ойлауға не мәжбүрлейтіні туралы сөйлеспейді. Олар тек көңіліңізді аулауы мүмкін. «Иттер эмоцияолы-манипуляциялық стратегияны қолданады, – дейді Миллс. – Олардың ойнауға деген құлшынысы сіздің көңілсіз немесе ашулы болуыңызбен үйлеспейді».

Итіңізбен байланысқа түскен кезде екеуіңізде де окситоцин (көбінесе «жақсы көру гормоны» немесе «құшақтасу гормоны» деп аталады) жоғарылауы мүмкін, бұл қысқа мерзімде күйзеліске қарсы әрекетті төмендетеді», дейді Яң.

Халықаралық қоршаған ортаны қорғау және қоғамдық денсаулық журналының 2022 жылғы санындағы зерттеу де осы құбылысты қуаттай түседі. Зерттеу қашықтан жұмыс істеген кезде адамдардың ауық-ауық үзіліс жасап, итіне көңіл аударуы, басынан сипауы көңілін жайландырып, күш-қуатын толықтыра түсетінін анықтады. Ал отбасының өзге мүшесімен бұлай болуы қиын.

«Иттер бізді керемет таниды, ренжігенімізді сезіп қояды. Тіпті кейбір адамдарға қарағанда жақсырақ сезеді.  Итіміз жақсы сезетінін білгендіктен, оны ренжітпеу үшін өзімізді ретке келтіреміз, бұл біз үшін де пайдалы», – дейді Коган. Бұл жағымды кері байланыс циклі.

Автор: Стейси Колино