Отарлық дәуірде метрополияның қысымымен көптеген бодан халықтар өз дәстүрлі құқығынан айырылып қалды. Отарлық билік жүйесінің енгізілуімен қазақ халқы ғасырлар бойы қалыптасқан билік институттарынан, құқықтық әдет-ғұрыптарынан бірте-бірте қол үзіп, Ресей империясының құрамдас бөлігіне айналды.
Қазақ жерін Ресей құрамына күштеп қосу аяқталған соң, ХІХ ғасырдың 60-70 ж. алғашқыда жергілікті халықтың ділін кешенді танып білу, империяның билік институттарына бейімдеу мақсатында ұлтымыздың дәстүрлі құқығы жан-жақты зерттеліп, зерделеніп, аталған тақырыпта көлемді еңбектер жарық көре бастайды. Бүгінгі күні тарихи дерек көздеріне айналған сол еңбектердің жазылуында ұлты поляк, қазақ жерінде саяси айдауда болған заңгер Северин Гросстың да сүбелі үлесі бар.
Жарияланымның мақсаты Абай Құнанбайұлы сынды қайраткерімізбен достық байланыста болып, ұлтымыздың дәстүрлі құқығын зерттеген осы бір тұлғаның өмір соқпақтары мен артынан қалдырған бай тарихи мұрасына мүмкіндігінше жан-жақты әрі терең тоқталып, оның қазақ-поляк байланыстарының тарихында алатын орнын көрсету.
Северин Гросс (полякша, Seweryn Gross) бір кездері Речпосполита құрамында болып, оның бөліністерінен кейін Ресей империясының құрамына енген Ковно губерниясының Тельшев уезінде (қазіргі Литва Республикасының Тельшяй уезі) өмір сүрген дәулетті жер иеленушілердің отбасында 1852 жылғы 19 қазанда дүниеге келген.
Оның атасы Александер мен әкесі Северин (болашақ заңгердің әкесінің есімі де Северин болған) әскери адамдар болғанымен, үлкен Северин патша отаршылдығына қарсы «Қаңтар көтерілісіне» қатысқан.
1863 жылғы Попеляны (қазіргі Литваның Шауляй уезінде орналасқан елді мекен) түбіндегі шайқастан кейін орыс әскері үлкен Севериннің Жемеланы иелігін талан-таражға салады. Осылайша, «Қаңтар көтерілісі» уақытында 11-12 жастағы бала, кіші Северин Гросс ұлт-азаттық күрестің барысын өз көзімен көріп, қайғы-қасіретін жан-тәнімен сезінеді. Бұл оқиғалар бала Севериннің дүниетанымында өз ізін қалдырса керек. Әкесі «Қаңтар көтерілісіне» қатысқан тұстан бастап, оның тәрбиесімен негізінен анасының айналысқаны белгілі. Туған жерінен ерте кетіп, гимназияны Ригада оқып бітіреді.
Гимназиядан кейін империяның беделді жоғары оқу орындарының бірі – Санкт-Петербург императорлық университетінің Заң факультетіне оқуға түседі. Гросс студент атанған жылдары заңгер мамандығы ең бір сұранысқа жоғары мамандықтар қатарынан саналатын. Астаналық қаланың қарбалас тіршілігі, зиялы ортаның белсенділігі, профессорлық қауымның берген білімі студент Севериннің саяси көзқарастары мен өмірлік ұстанымдарының қалыптасуына шешуші ықпал етеді.
1874 жылы Санкт-Петербургте А. Венцковскийдің жетекшілігімен студенттердің социалистік үйірмесі құрылады. 1879 жылы тұтас империя бойынша таралған социалистер ұйымдарына поляк социалистері де қосылады. Аталған ұйымның қызметі тәуелсіздік және реформаторлық бағытта жүрді. Ұйым идеяларына Санкт-Петербург университетінің көптеген студенті қолдау көрсетті. Олардың қатарында Северин Гросс та бар еді.
Студент Северин оқуын 1877 жылы тәмамдап, «құқық кандидаты» атанады. Санкт-Петербург округтік сотында, Коммуникациялар министрлігінде қызмет істей жүріп, социалистердің астыртын жиындарына тұрақты түрде қатысады. 1880 жылы туған жеріне оралып, Поляк социалистері палатасының белсенді мүшелерінің бірі ретінде танылады.
Социалистердің саясаттағы әсіре белсенділігі биліктің назарына түсіп, нәтижесінде, 1881 жылы Варшавада басталған жаппай тұтқындаулар Вильно мен Санкт-Петербургте, соңынан Киев пен Мәскеуде жалғасын тапқан. 1881 жылы 31 наурызда Северин Гросс поляк социалистерінің белсендісі ретінде тұтқынға алынып, Вильноның цитаделіне қамалады. Сот үкімімен оған Батыс Сібірге бес жылға жер аудару туралы жаза кесіліп, полиция айдауылының бақылауымен Есіл қаласына жеткізіледі.
Аталған шағын қала Гроссқа дейін қырық жылдай бұрын қазақ халқы тақырыбында қалам тартқан оның қандастары Адольф Янушкевич пен Густав Зелинскийге мекен болғандығы белгілі. Гросс Есілге келген кезде қала едәуір ұлғайып, өсе түскен болатын. Қалада екі шіркеу, қалалық емхана, приходтық және уездік училищелер, әйелдер бастапқы гимназиясы, қалалық кітапхана, 17 шағын зауыт, қалалық қоғамдық банк жұмыс істеген. Қала маңында А. Янушкевичтің хаттарында сөз болған қысқы Николай жәрмеңкесі ұдайы өтіп тұратын.
Есілде ол Нарвадағы (қазіргі Эстония аумағы) ақсүйек отбасында 1860 жылы дүниеге келген, 1877 жылы Киевтегі Бекзат қыздар пансионатын (орысша, Пансионат благородных девиц) тамамдаған Анна Скалацпен отау құрады. Анна Есілге 1882 жылы наурызда «саяси бағынбаушылығы мен қылмысты үгіт-насихатқа қатысқаны үшін» жер аударылған болатын.
1883 жылы отарлық билік Гросстардың отбасын Семей қаласына көшіреді. Бұл кезде Семейде С. Гросспен қатар радикалды саяси көзқарастары үшін жазасын өтеуге жіберілген А. Блэк, Н. Коншин, Е.Михаэлис, Н.Долгополов, Л. Леонтьев, П. Лобановский сынды «саяси қылмыскерлер» де айдауда болды.
Семей қаласында С.Гросс ерікті жалдамалы ретінде алдымен облыстық басқармада, кейін Семей уездік судья кеңсесінде қызмет етеді. Сонымен қатар С. Гросс ресми түрде А. Блэк және Л. Леонтьевпен бірге губерниялық статистика комитетінде де жұмыс істейді.
Өңір тұрғындарының басым бөлігін жергілікті халық – қазақтар құрайтындықтан, «саяси қылмыскерлердің» олармен қарым-қатынасқа түсуі заңдылық еді. Осы орайда, Северин Гросстың жолы қазақтың ұлы ақыны – Абай Құнанбайұлымен түйіскендігін кездейсоқтық деп айтуға келмес.
Семей және ондағы саяси жер аударылғандардың жай-күйі туралы қызықты мәліметтерді америкалық белгілі журналист Джордж Кеннанның «Сибирь и ссылка» атты танымал еңбегінен ала аламыз. Өз кітабын жазу барысында өңірге сапар шеккен Дж. Кеннан Семей қаласына төмендегідей сипаттама берген: «Ертістің оң жағасында орналасқан Семей қаласының тұрғындары негізінен орыстардан, татарлар мен қырғыздардан [қазақтардан] құралған, саны 15 мың. Семейде облыстық басқарма орналасып, Ташкент пен Орта Азияға апаратын керуен жолдарында тұрғандықтан сауда үлкен маңызға ие. Облыстың сипаты далалық, себебі 547 мың тұрғынның 497 мыңы көшпелілер».
Қазіргі өлшемдермен салыстыруға келмейтін сол кезеңдегі Семейдің өз зиялы қауымының болғандығы сөзсіз және олардың негізін саяси жер аударылғандар, жергілікті шенеуніктер мен мұғалімдер құрады. Сол уақыттағы басқару аппараты жоғарғы білімді әрі сауатты мамандарға мұқтаж болғандықтан, саяси жер аударылғандар мемлекеттік қызметке де жиі алынды.
1883 жылы Семейдің статистикалық комитетінде жаңа кітапхана ашылады. Бұған бірнеше алғышарт негіз болды: ең алдымен ХІХ ғасырдың 80-жылдары Ертіс бойының мәдени өмірінде Семейдің рөлі өсе түсті. Қайта құрылған кітапхананың қоры бай жинақтармен және түрлі сыйлықтардың есебінен молайды. Өз кезегінде кітапхана ашу бастамасын Евгений Михаэлис, Александр Блэк, Северин Гросс сынды саяси жер аударылғандар көтерген-тін.
Кітапхананың алғашқы каталогы 45 мерзімді басылым мен 174 атаулы туындыдан тұрды. 1884 ж. кітапханашы И. Зверьев екінші жүйелік каталогты баспаға берді. Ол 602 атаулы 944 томнан және 54 газет пен журналдардан құралды. Каталог «Семипалатинские областные ведомости» газетінде толықтай жарық көрді.
Күн өткен сайын кітап қоры молая түскен кітапхана білімге ынтық тұрғындардың және саяси жер аударылғандардың жиі бас қосатын орнына айналды. Олардың қатарынан Абай Құнанбайұлының да табылғандығы белгілі. Бүгінде бұл деректермен дәйектелген тарихи факт.
«Мен губернатор үйінен оның кеңесі бойынша қаланың ортасында орналасқан антропологиялық мұражай мен сыйымды оқу залы, көптеген орыс газеттері мен журналдары және шамамен мың томдай тамаша кітаптар жинағы бар көпшілік кітапханасына келдім. Ғылыми туындылар мен саяси экономика бойынша еңбектер жетіп артылатындықтан, таңдау мүмкіндігі оны негіздеушілер мен оқырмандарды таңдандырады. Олар менің Семей туралы, осыған дейін Ресей туралы көргендерім мен есіткендерімнен жоғары пікірді қалыптастыра алды…
Менің жергілікті кітапхана туралы бірнеше сұрақтарыма жауап берген Г. Леонтьев мекеменің саяси жер аударылғандарды ғана рахатқа бөлеп қоймастан, сонымен бірге жергілікті тұрғындардың, «тіпті қырғыздардың [қазақтардың] да» танымын кеңейтетінін мәлімдеді… Мен осында Бокль, Милль мен Дрэперді оқитын бір ғалым қазақты білемін деді», – деп жазады. Джон Кеннан.
«Бокль мен Дрэперді оқитын қарт қазақ?» – деп таңданған журналистке Леонтьев «Иә, иә! – деп жауап қатады. – Мен оны алғаш кездестіргенде индукция мен дедукцияның айырмашылығын түсіндіріп беруімді сұрап мені қатты таңдандырды, бірақ соңынан оның ағылшын философтарын зерттеп жүргенін, аттары аталғандардың орысша аудармаларын оқығандығын білдім».
Сонда журналист: «Сіз оның оқығандарын толық түсінді деп ойлайсыз ба?» деп сұрағанда: «Мен одан Дрэпердің «Еуропадағы өркениет тарихы» [Кеннан, бұл тұста Джон Дрейперді және оның «Еуропаның ақыл-ой дамуының тарихы» еңбегін негізге алған] бойынша екі күн бойы емтихан алдым және үлкен таным иесін кезіктіргенімді ашық мойындауға тиіспін» деп жауап берген.
Осылайша, Санкт-Петербург университетінің түлегі, жоғары білімді Г. Леонтьевтің сөздеріне сәйкес сол жылдары Абайдың еуропалық және америкалық ғалымдарды, олардың еңбектерін зерттеумен айналысқандығына көз жеткіземіз. Абайдың сұрақтарына саяси айдаудағылардың жауап бергендігі, өзара пікір алмасулар екі тарапты да ғылыми жағынан байыта түскені сөзсіз. Оған Северин Гросс қызметі мысал бола алады. Семейдегі губерниялық статистикалық комитетте қызмет жасап жүрген С. Гросс пен оның әріптесі А. Блокты Дж. Кеннан Үлбіде кезіктіреді.
Дж. Кеннан олар туралы мынадай мәлімет келтірген: «Арада бір сағат өтпестен саяси жер аударылғандар Блэк пен Гросс маған келді. С. Гросс келбетті, қою қоңыр түсті мұрты мен сақалы бар, көк көзді, дұрыс біткен келісті жүзді жасы отыздар шамасындағы ер адам. Ол қызықты әрі жанды сөйлейтін, даусы жағымды әрі жұмсақ еді, әңгіме барысында оны қандай да бір жәйт қызықтырса, көзін кеңірек ашатын әдеті бар. Екеуі де университет курсын тәмамдаған, француз және неміс тілдерінде сөйлейтін… екеуі де саяси экономикаға ерекше қызығады екен, тұтас алғанда екеуін де ғалымдарға теңеуге болатындай».
Ресми түрде С. Гросс Леонтьев және Блокпен бірге губернияның статистикалық комитетінде жұмыс істегенімен, уездік судья Петр Маковецкий оларды жүргізіліп жатқан жобалар бойынша қазақтың дәстүрлі құқығын зерттеуге жұмылдырды. Өзі заңгер болғандықтан С. Гросс қазақтың дәстүрлі құқығын зерттеуге құлшына кіріседі. С. Гроссқа дейін қазақтың дәстүрлі құқығына қатысты бірнеше еңбектер басылғанымен, ұлт тарихымен байланыстырылып, кешенді жасалған зерттеулер жоққа тән еді.
Жалпы алғанда, 1882 жылы наурызда Батыс Сібір генерал-губернаторы өлкені мекендейтін өзге ұлт өкілдерінің заң дәстүрлерін жинақтау мақсатында Семей облысының басшылығына арнайы бағдарламалар жолдайды. Бұл бағдарламалар Семей, Павлодар және Қарқаралы уездеріне арналып, біреуі Семей статистикалық комитетіне жолданады. Оның аясында уездік судьяның кеңсесінде қызмет істей жүріп С. Гросс, соңынан Омбыда басылған «Қырғыздардың (қазақтардың) заң жөніндегі әдет-ғұрпын үйренуге арналған материалдар» атты еңбектің даярлануына кіріседі. Мұқабасында материалдар П. Маковецкий редакциясымен даярланғандығы берілгенімен, еңбек авторы көрсетілмеген. Бұл жағдай ең алдымен материалдар әкімшіліктің шешімімен даярланғандықтан, онда «саяси қылмыскердің» есімі тұруы мүмкін еместігімен түсіндірілсе керек. Ал замандастары бірауыздан материалдардың авторы С.Гросс болғандығын еш күмәнсіз растайды.
С. Гросс қазақтың дәстүрлі құқығын оның тарихи дамуы негізінде зерттеуге бел шеше кіріседі. Оған кітаптың алғысөзінің мәтіні дәлел бола алады. Онда: «…ескі дәстүрлі құқықты жаңасынан, мұсылман шариғаты мен жаңашылдықтардан мүмкіндігінше дәл бөле қарастыруға назар аударылды. Мәтінде кездесетін көне дәстүрлі құқық басым түрде Әз Тәукенің кезіндегі ережелер. Ертеден жеткен мәліметтерге қарағанда, Тәуке хан Күлтөбе шатқалында [қазіргі Өзбекстан аумағындағы, Ташкент қаласынан қырық шақырымдай жерде Ангрен өзенінің сол жағалауында орналасқан] қатарында әйгілі Төле Әлібекұлы болған жеті биді жинайды және ол билер Қасым мен Есім хандардың ескі дәстүрлі құқығын біріктіріп, «Жеті Жарғы» аталған жаңа дәстүрлі құқық жүйесін түзеді. Аталған құқық негіздері жазылмаған, бірақ түзушілер оларды қысқаша нақыл сөздер мен мақалдар түрінде таратады» деген мәтінді оқимыз.
Қазақтың дәстүрлі құқығын зерттеп, зерделеуге кіріскен С. Гросс жекелеген құқық институттарының ежелден қалыптасуын назарға ала отырып, оларға орыс заңнамасының алып келген өзгерістерін анықтауды мақсат етіп қойды. Мұндай әдіс табысты болып, С. Гросстың еңбегі замандастары тарапынан әділ де жоғары бағасын алды.
ХІХ ғ. соңындағы қазақтың дәстүрлі құқығын зерттеушілердің бірі, 1906–1908 ж. Түркістан генерал-губернаторлығына басшылық еткен Николай Гродеков өзінің 1889 жылы жарық көрген «Киргизы и каракиргизы Сыр-Дариньской области. Том І. Юридический быт» атты еңбегінің алғысөзінде Семей статистикалық комитеті даярлаған еңбекке жоғары баға берген. Онда: «Қазақтардың дәстүрлі құқығы бойынша соңғы зерттеу еңбектерінің бірін Семей облыстық статистика комитеті даярлап, Омбы қаласында 1886 жылы «Қырғыздардың заң жөніндегі әдет-ғұрпын үйренуге арналған материалдар (Материалдық құқық)» атымен жарыққа шығарды. Бұл еңбектің негізін Семей облысы уезд басшыларының жинаған деректері құрады… олар кітапты түзуші, статистикалық комитеттің мүшесі П.Е.Маковецкиймен билердің нақты шешімдерін зерттеу мақсатында қазақ даласында жүргізілген ауызша сұраулар әдісімен толықтырылған әрі өңделген. П. Маковецкий еңбегі қазақтардың дәстүрлі құқықтары бойынша көлемді еңбек болып, онда салт-дәстүрлердің шығу тарихы, шариғат пен орыс заңдарының ықпалы берілген, сонымен қатар кітапта салт дәстүрлердің өңірлер мен нақты жағдайлар бойынша нұсқалары жинақталынып, талданып, түсіндірмелер жасалынған».
Семей статистикалық комитетінде даярланып, 1886 жылы Омбыда жарық көрген еңбектің мазмұны: «Неке», «Некенің жасалуы», «Қырғыздардағы (қазақтардағы) құдалық кәдесі мен үйлену», «Некенің бұзылуы», «Отбасы мүшелерінің арасындағы қарым-қатынас», «Қамқорлық» деп аталатын бөлімдерден жинақталған «Отбасылық құқық»; «Тартып алу мен иемдену», «Сыйлау», «Келісімдер», «Жеке жалдау» сынды бөлімдер енетін «Мүліктік құқық»; «Қылмыс және жалпы жазалау», «Діни қылмыс», «Жеке тұлғаға қарсы қылмыс», «Отбасылылардың құқығын бұзу», «Мүліктік қылмыс» сияқты бөлімдерден тұратын «Қылмыстық құқық» тарауларынан құралған болатын.
Ескі еңбектер мен түрлі авторлар деректеріне сараптама жасай отырып, шын мәнінде еңбектің С. Гросс қолымен жазылғанына көз жеткізе аламыз. Бұл қорытындыға келуге төмендегідей негіздер бар: С. Гросстың үлгілі мұсылман, шариғат пен орыс заңдарының білгірі А. Құнанбайұлымен достық байланыста болып, тиісінше Абайдың оған зерттеу жұмысында көп қол ұшын созғандығы. Осы тұрғыда, Г. Сапарғалиев пен В. Дьяковтың еңбегінен: «Онымен [Абай Құнанбайұлы] Гросс достық қарым-қатынас орнатты. Оған қоса деректер көрсеткендей Гросс Абай ауылы – Шыңғыс болысына барып, онда бір айдай уақыт өткізген» делінген уәжді кезіктіреміз.
Осы орайда, Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік архивінде Гросстың Семей уезіндегі Шыңғыс болысына баруға рұқсат алғаны жөнінде мәліметтер кездеседі. Гросс 1884 жылдың жаз мезгілін Шыңғыс болысында өткізеді.
«Ол жоғарыда аталған еңбекке деректер жинау мақсатымен қазақтың әдет-ғұрып заңнамасын Абаймен қарым-қатынас жасап, кеңесіп отырған» делінген мәтіндегі Л.М.Әуезованың берген мәліметі бұл пікірдің дұрыстығын тағы да бір рет қуаттай түседі.
Әдетте еуропалық құқықты игерген, бірақ шығыс тілдері мен шариғатты жеткілікті білмейтін зерттеушіге қазақтың тарихы, көпғасырлық өмір салты мен құқық негіздерін жүйелі тарқата жазу сөзсіз күрделі жұмыс еді. Осы орайда, өз халқының тарихы мен ділін, құқық жүйесін, бірнеше шығыс тілдері мен шариғатты, орыс тілін жетік білген Абайдың автор үшін таптырмас дереккөзіне әрі зерттеу барысындағы пікір алмасушы кеңесшісіне айналғандығы анық.
С. Гросс жазған еңбекте нақты бір құқық түріне қатысты түсіндірме барысында жазылған оқиға мысалдарының басым бөлігі Абай Құнанбайұлы мекен еткен Шыңғыстау жерінің шеңберінде жинақталуы жоғарыдағы уәждің тағы бір дәлелі. Сонымен бірге, еңбектің «Діни қылмыстар» атты бөлімінде: «Дала төсінде, мысалы, Құнанбаевтар сияқты серт беруден біржола босатылған әулеттер бар…» деген мәліметті оқимыз. Мәтін жоғарыда келтірген уәжге кезекті рет айғақ бола алады.
Жалпы Петр Маковецкий туралы мағлұмат аз. Ян Виторттың мәліметінше, ол Украинаның тумасы болған. Еңбекті жазу қолға алынған кезеңде Маковецкийдің уездік судья және Семей облыстық статистика комитетінің хатшысы қызметтерін атқарғандығы белгілі. Сонымен бірге, ол Императорлық Орыс Географиялық қоғамының Батыс Сібір бөлімінің мүшесі болған. «Абай жолы» эпопеясының авторы Мұхтар Әуезовтің қызы Ләйлә Әуезова Маковецкийге «…либералды ресейлік шенеунік» деген баға берген.
Этнографиялық зерттеулерге қызығып, қазақ халқының өмір салты туралы жекелеген мақалалар (мысалы, «Киіз үй» туралы) жазғанымен де жұмысы қауырт әрі негізгі уақытын Семейде өткізген Петр Маковецкийдің кешенді зерттеу еңбегін жазумен айналысуы екіталай еді. Қалай болғанда да бұл мәселенің түп-төркіні ашық күйінде қалып, одан арғы кешенді тарихи зерттеуді қажет етеді.
1887 ж. 15 қаңтарында С. Гросс жаза мерзімін өтеп болған соң, бақылаудан алынып, Семейден туған жеріне аттанып кетеді. Осылайша, поляк ұлтының перзенті қазақ жерінде өз өмірінің бес жылын өткізген.
Абай Құнанбайұлы мен Северин Гросс байланыстарын сараптай келе оның қос тұлға үшін де ізсіз өтпегендігін аңғарамыз. Егер де С. Гросс Абайды батыс мәдениеті мен ғылымына еліктірсе, Абай өз досын Шығыспен, оның ішінде туған халқының тарихымен және мәдениетімен таныстырып, тілі мен дәстүрлеріне баурағаны анық.
Туған жеріне оралған С. Гросс үш жылдай әйелімен бірге Тельшев уезіндегі өздерінің әулеттік Жемеланы иелігінде тұрады. Өз өмірінің аталған кезеңінде шығармашылық жұмыстармен ұдайы айналысып, мерзімдік басылымдарда мақалалары жарық көреді. Дегенмен отанына оралған Севериннің шығармашылық жолы ұзаққа созылмады. Оның шынайы себебі Гросстың бойын меңдеген сырқатқа тікелей байланысты секілді. Өз отанының патриоты, білікті заңгер, қазақ халқының дәстүрлі құқығын жинақтаушы, публицист – Северин Гросс небәрі 43-тен 44-ке қараған жасында бақилық болады. Дегенмен, тұлға өзінің қамшының сабындай қысқа ғұмырында соңынан өлместей мұра қалдырып үлгерді.
Оның асқан тиянақтылықпен жазған «Қазақтардың заң жөніндегі әдет-ғұрпын үйренуге арналған материалдар» атты еңбегі халқымыздың дәстүрлі құқығын зерттеуші заңгерлерге, тарихшылар мен этнологтарға, мәдениеттанушыларға салмақты дерек көзі ретінде танылды. Аталған кітап арада 138 жыл уақыт өтсе де өз маңызы мен құндылығын жойған жоқ.
Автор: Жандос Қарынбаев – қазақ-поляк тарихи байланыстары тақырыбын зерттеуші ғалым, PhD кандидаты