Жаңалықтар
24Окт

Қазан айында Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында «Қауіпсіз ұшу жолы» жобасы аясында қаздар мен қарашақаздарды күзгі бақылау жүріп жатыр.

Санақ жүргізілетін аумақтар аңшылық шаруашылықтардың қарамағында. АСБК мамандары ұшып өтетін құстар саны жайлы ақпарат жинаумен қоса, шаруашылықтардың қызметкерлерімен де ақпараттық сұхбат жүргізеді. Қорықшыларға қаздар мен қарашақаздардың сирек кездесетін қандай түрлері бар екені, ауланатын түрлерімен салыстырғанда олардың пайыздық қатынасы туралы мәліметтер береді, деп хабарлады Қазақстанның биоалуандығын сақтау ассоциясы.

Мониторинг барысында Қостанай облысы Қамысты ауданындағы біршама ірі суқоймаларда сирек кездесетін қызыл жемсаулы қарашақаздар мен шиқылдақ қаздардың саны жалпы қаздар санының 45-47,5% құраған. Бұл оларды әдейі немесе кездейсоқ атып алу қаупін арттырады. Биыл күзде осындай қызыл жемсаулы қарашақазды заңсыз ұстау оқиғалары кездескен болатын. 

Құстар қоныс аудару кезінде тоқтайтын суқоймалардың да жай-күйі алаңдатуда. Биылғы аса құрғақ жаздан кейін Қамысты және Науырзым аудандарындағы көлдер суы тартылып, құстардың таяз сулы алаптарда, кішкене көлшіктер мен тоғандарда топталуына тура келді. Мұндай жағдайда оларға төнетін қауіп-қатер арта түседі.

Алексей Тимошенконың пікірінше, көлдердің кебуі қысқы және көктемгі аз мөлшердегі жауын-шашынмен қоса, ауыл шаруашылығын ұтымсыз басқару салдарынан болуы мүмкін. Соңғы жылдары жергілікті фермерлер егінді шектен тыс егуде. Бұл еріген судың қалыпты ағынына бөгет жасайды, сол себептен осы аумақтағы біз бақылаған 14 суқойманың сегізі құрғап кеткен. Олардың көбісі халықаралық маңызы бар негізгі орнитологиялық аумақ болып саналады. 

Дереккөз: https://www.acbk.kz

Сурет : Алексей Тимошенко / АСБК

19Окт

Бас ботаникалық бақта күздің қақ ортасына келгенде бөртегүл гүлдеді. Мамандар ерекше құбылысты әдеттен тыс жылы ауа-райымен байланыстырып отыр.

Ботаникалық бақтың Сирингарий коллекциялық учаскесінде күзде гүл ашқан бұл бөртегүл жабайы түрге жатады.  

Бас Ботаникалық бақтағы бөртегүл коллекциясы  Орталық Азиядағы жалғыз және Қазақстандағы ең ірі шоғыры саналады. Қазіргі уақытта онда әлемдік және қазақстандық селекцияның 23 түрі мен 107 сорты бар. Соның ішінде 20-дан астам будан мен көшеттерін Ботаникалық бақтың ғылыми қызметкерлері өсірген.

Дереккөз: Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің ресми сайты

14Окт

Алдымыздағы 16 қазан – орманшы күні. Елімізде бұл кәсіби мереке жыл сайын қазан айының үшінші жексенбісінде аталып өтеді. Бүгінде бүкіл жаһан жұртын алаңдатып отырған экология мәселесінің оңалуына орман шаруашылығының маңызы, соның ішінде жасыл желекті қорғап жүрген орманшылардың еңбегі орасан зор. Мәселен, өткен айдың басында ғана Қостанай облысындағы орман алқабынан шыққан алапат өрт жұртшылықты есеңгіретіп тастаған болатын. 5 күнге созылған қызыл жалын 32 мың гектарды алып жатқан ағаштарды бір мезетте күлге айналдырып жіберді. (Оқыңыз — https://nationalgeographic.kz/2022/09/21/oertengen-orman-qalpyna-kelwi-ueshin-qansha-waqyt-qazhet/

Орманды елдің байлығы ортаймас…

Онсыз да еліміз шағын орманды мемлекетке жатады. Биылғы жыл басындағы статистикалық мәлімет бойынша, республикадағы мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы 30,1 млн гектар. Бұл ел аумағының 11,2 %-ын алып жатыр. Оның ішінде, орманмен қамтылған жерлер 13,6 млн гектарды құрайды, яғни орман қорының жалпы ауданының 44,6 %-ы.

Алайда Қостанай өңіріндегі ауқымды өрттің салдарынан ондағы орман көлемі 32,0 мың гектарға жуық азайған. Елге шамамен 4,4 млрд теңгенің залал келтіріп отыр. Бұл жағдайды эколог ғалымдар ғаламдық қасіретке балаған еді. Сонымен қатар, Шығыс-Қазақстан облысы аумағында туындаған орман өртінен де орман көлемі 6,0 мың гектарға кеміген.

Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бас сарапшысы Толқын Нұрәбіловтің айтуынша, шығыс өңірдегі өрт 11,1 мың гектар жерді шарпыса, оның 6,5 мың гектары – орманды алқап. Тілсіз жау барлығы 1 миллиард 63 миллион 500 мың теңгеге шығын келтірді.

«Ағаш жапырағымен, жер топырағымен көрікті» дейді дана халқымыз. Табиғат көркейіп, желегі жасыл тартса, адамның да тынысы кеңеймек. Ал «жасыл желекті өлкеге еліміздің қай өңірлері жатады?» деген сұраққа келсек, ормандар Қазақстанда әркелкі орналасқан. Орман өсімдіктерінің түрлері табиғи аймақтардың әртүрлілігіне байланысты.  

Мысалы, шөлді аймақта сексеуіл ормандары көп өседі. Таулы ормандардың негізгі бөлігі қоңыр қылқанды Алтай, Жоңғар және Іле Алатауының екпелерінен тұрады. Ал дала және орманды дала аймақтарының жазық бөлігінде қайың-көктеректен тұратын шоқ ормандар, қарағайлы ормандар, Ертіс өңірінің жалды ормандары өседі.

Экология министрлігінің мәліметіне сүйенсек, еліміздегі ормандардың құрамында 50,5 пайызын сексеуіл тоғайы құрайды, шөлді және далалы аймақтарда орналасқан бұталы екпелер – 22,5 %. 

Ең құнды қылқан жапырақты ағаштар 13,5% болса, жапырақты ағаштар 12,5% оңтүстік және шығыс таулардың, солтүстік және орталық шағын адырлардың (аласа тау) баурайларында, Ертіс өңірінің құмды аумақтарында, өзендердің гидроморфты алқаптарында орналасқан. Демек, еліміздің шөлді аймақтарында сексеуіл, таулы ормандардың негізі бөлігінде қоңыр қылқан жапырақты ағаштар болса, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында майқарағай, самырсын, балқарағай және шырша сияқты, ең құнды қылқан жапырақты ағаш түрлері бар. Жапырақты ағаштар, оңтүстік және шығыс тауларында және Солтүстік пен орталық облыстарда кездеседі.

Жалпы, еліміз бойынша 122 орман шаруашылығы (облыстық әкімдіктердің қарамағында), 40 ерекше қорғалатын табиғи аумақ (ҚР ЭГТР орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті қарамағында) бар. Әкімдіктерге қарасты орман шаруашылықтарында 9264 адам, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда 8165 адам, жалпы алғанда 17429 орманшы қызмет істейді.

Орманшылар әулеті

1931 жылдан бері ерекше қорғалып келе жатқан территория – Қостанай облысының Науырзым және Әулиекөл аудандарында орналасқан 191 381 гектар жерді қамтитын «Науырзым мемлекеттік табиғи қорығында» да қылқан жапырақты қарағайлар аз емес. Табиғи қорықта жиырма жылға жуық еңбек етіп жүрген орманшы Рахан Бекенов тәуелсіздік алған жылдардан бері мұндағы орманның көлемі көбеймесе, азаймағанын айтады. Керісінше, орман алқабы кеңейіп жатыр екен.  

‒ Өсіп-өніп, сыртқа қарай жайылып өскен ағаштар Науырзым ауылына дейін жетті. Бұрын бұлай болмаған. Қорықтағы ағаштардан ең құндысы – қарағай. Оттегіні жақсы бөледі, адамның денсаулығына өте пайдалы. Оның мұнда үш түрі бар. Бізде Аманқарағайдағы қарағайлармен салыстырғанда, шайыры мол, майлы әрі екі адамның құшағы жетпейтін көп жылдық қарағайлар. Олардың жуан бұтақтары төмен қарай салбырап, ағаш тамырларын көлеңкелеп жауып, ыстықтан қорғап тұрады. Қарағайлардың көп жасайтыны да содан. Сонымен қатар, көктерек, үлкен және кіші шілік ағашы, дала доланасы, жабайы қарақат, шие, тобылғы ағаштары бар, ‒ дейді қорықшы Рахан Бекенов.

Бір қызығы, Бекеновтер отбасы тұтас әулетімен орманшылар. Бұл кәсіп атадан-балаға жалғасқан мұра іспетті. Аталары Бекен Науырзым қорығы құрылғаннан бастап қорықшы болып еңбек еткен. Одан бері қарай баласы Өтебай Науырзым қорығы «Сып-сын» орман шаруашылығында 1940 жылдан бастап қорықшы болған. Әкесі Бекен дүниеден озғаннан кейін, жас болса да жұмысқа кірісіп, еңбек жолын ертерек бастаған.

‒ Ол заманда техника құралдары жоқ, жұмыс істеу үшін ауыр кезең болатын. Өзінің қызметтік міндетін орындауда салт атпен орман аралап, қай жерде құстың ұясы бар екені туралы бәрін нақты білетін. Балаларын қасына ертіп, ат арбаға отырғызып алып, қоршаған ортаны көрсетіп, бала кезден осы іске баули бастады. Әкемізден орақпен шөп орып, көлдерді аралап, құстарды санап және олардың түрін ажырату сынды жұмыстарды көріп үйрендік. Науырзымда халық көп тұрды, ол кезде аудан орталығы болатын. Қорық ерекше қорғалатын табиғи аумақ болған соң, мұнда мал кіргізбеу үшін таңертең ертемен орманды атпен аралап, аң-құстардың тыныштығын бақылап, жұмысын атқаруға кететін. Ол кезде көлде су мол, құс деген көп еді. Қайықпен жүріп ау құрып, балапандарды ұстайды. Олардың аяқтарына сақина салады, салмағын өлшейді. Қанатының ұзындығын, тұмсығының ұзындығын өлшеп, қойын дәптеріне жазып қоятын. Өжет, батыл кісі болды. «Ер қанаты – ат» дегендей, қорықшыларға мінетін 4-5 жастағы асау аттарды әкем Өтебай үйрететін. Осындай адал еңбегі үшін бірнеше мадақтама қағаздар алып, қымбат сағат пен «Жақсы қорықшы» медалімен де марапатталды. Әкем табиғатты ерекше жақсы көретін, ‒ деп еске алды 2006 жылы өмірден озған әкесін Рахан Бекенов.

Ағайынды Бекеновтер

Қазіргі таңда Бекеннің немерелері Өтебайұлы Рахан, Оразхан, Нұрлан және ата жолын қуған шөберелері Нұрланұлы Жасұлан, Еркебұлан да қорықтың таза табиғатын сақтап, келешек ұрпаққа аманат ретінде қалдыру үшін еңбек атқаруда.

Орманшы Нұрлан Бекенов «Тұңғыш балам Жасұлан жанымда, өзім сияқты осы қорықта инспектор болып жұмыс істеп жатыр. Балаларымның таңдауына қарсы болған жоқпын. Қайта өз елімізге пайдасын тигізеді деп түйдім. Жұмысымыз өзімізге ұнайды», ‒ дейді.

Оның 1992, 1995, 1997 жылғы үш ұлы осы саланы таңдаған. Ортаныншы баласы Еркебұлан да алғашқы жұмысын Науырзым қорығынан бастап, қазір 16260 гектар орман алқабы бар «Пригородное орман шаруашылығы мекемесінде» басшы болып жүрсе, кенже баласы Бағлан да Қостанайда техникумда орман шаруашылығы мамандығына оқып жатыр. Еркебұлан Ш.Уалиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде «Орман ресурстары және орман шаруашылығы» оқуын тәмамдап, қазір Қостанай ауыл шаруашылық колледжінде білімін жалғастыруда.

Жалпы, Еркебұлан еңбек етіп жүрген орман шаруашылығы мен әкесі және ағалары жұмыс істеп жүрген қорықтағы шаруаның айырмашылығы неде? Бұл туралы Рахан Бекенов былай деп түсіндірді: «Орман шаруашылығында ағашты егеді, шіріген ағаштарды алып тазартады немесе кесіп тастайды. Сосын орнына жаңадан ағаш егеді. Мысалы, отын дайындау үшін территорияны өзгеге бере алады, яғни ағашты отынға сата алады. Ал қорықта ештеңе алуға рұқсат жоқ. Ағаш алуға, шөп шабуға, мал ұстауға, аңшылық жасауға болмайды. Қорықтағы ағаш құлаған күйі жата береді, шіриді. Оған аралар ұялайды, құрт-құмырсқалар илеуін салады. Өйткені бұл жәндіктер үшін өте керек».

‒ Осы жердің табиғатын әлі күнге дейін қимаймын. Қалада тұрып жатқан балаларыма жақынырақ болу үшін қалаға көшіп баруыма болар еді. Оның үстіне, қыста өрт сөндірушілер де ауылдан кетеді. Қар көп жауып, жүретін жол болмай қалады. Сол кезде біз жалғыз үй болып отырамыз. Соған қарамастан, туған мекенді қимаймын. Осы жердің таза ауасы, тыныштығын аңсап тұрамын. Орманды атпен аралап келсем, сол маған ғажайып демалыс», – дейді Рахан аға.

Қазір туған өлкесі үшін пайдасын тиігізіп жүрген орманшы Бекеновтер әулетінің фотосы Науырзым ауданының орталығы Қарамендідегі музейге қойылған.

Керек дерек:

Мемлекет басшысының  2025 жылға дейін мемлекеттік орман қоры аумағында 2 млрд ағаш, елді мекендер мен қалаларда 15 млн ағаш отырғызу және Арал теңізінің құрғаған табанында  1,1 млн гектар аумақта сексеуіл екпелерін отырғызу жөнінде жұмыстар қолға алынуда.

Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері орман қорының ауданы 6 млн гектарға (25%) ұлғайды.

Қазіргі уақытта  мемлекеттік  орман қорының  жалпы ауданы 30,1 млн гектар (1991ж. – 24,0 млн.га), оның ішінде орманмен қамтылған жерлер 13,3 млн гектар жерді (1991ж. – 10,2 млн. га) немесе 44,3% құрайды.

Тәуелсіздік алған жылдары ел аумағындағы орман көлемі 3,9%-дан (1991ж.) 5,0%-ға (2022ж.) өсті.

Бүгінде Қазақстан Республикасы Үкіметі бекіткен 2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл Қазақстан» ұлттық бағдарламасы аясында, тұрғындардың қолайлы өмір сүру ортасын құруға, елдің экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталаған іс-шаралар атқарылуда.

Автор: Нұрсұлу Мырзахметова, журналист

Фото: Бекеновтердің отбасылық архивінен

11Окт

National Geographic шығармашылық тобы дайындаған журналымыздың кезекті саны қолдарыңызға тигеніне қуаныштымын!

Журналымыздың осы санында басынан бұлт арылмаған Ауғанстанның қазіргі ахуалы туралы мол мағлұмат алуға болады. National Geographic тілшілері құрылысы сонау 1950-60 жылдары басталып, биліктің алма-кезек ауысуы мен сұрапыл соғыстардың кесірінен қайта-қайта бүлініп, ақыры толық аяқталмай қалған Ауғанстандағы ең үлкен автокөлік жолының өне бойымен жүріп, тұтас ауған елінің жағдайынан хабардар етеді.

Біз, адамзат баласы, өзімізді Жер бетіндегі ақыл-ой мен жоғары санаға ие бірден-бір ерекше жаратылыс иесі санаймыз. Солай болған соң өзге тіршілік иелерінде болуы мүмкін сана көріністері көбіне олардың өсіп-өнуі мен ұрпақ қалдыру мақсатындағы табиғи түйсіктеріне жатқызылып, ғалымдар оны терең ғылыми зерттеу нысанасы ретінде қарастырған жоқ.

Бірақ соңғы жылдары зерттеушілер кейбір жануарлар біздің сан қилы сезімдерімізден кем түспейтін эмоцияларға ие екенін көбірек айта бастады. Сондықтан біз бүгін осы бағыттағы зерттеушілердің қызықты тәжірибелерімен бөліскен, аң мен құстың сана түкпіріне үңілткен «Ақылды жануарлар. Олар не ойлайды?» деген тақырыптағы ғылыми-танымдық мақаланы назарларыңызға ұсынып отырмыз. Бұл зерттеулер табиғатпен етене байланыста болған халқымыздың алдындағы малы мен түз тағыларына қатысты таным-түсініктерін де растай түсетіндігімен қызықты деп ойлаймыз.

Ойлы оқырманымызды журналымыздың келесі қараша айындағы санында да мазмұнды мақалалар күтіп тұрғанын құлаққағыс еткім келеді. Соның бірі ежелгі Мысыр мәдениеті мен тарихына, әйгілі Тутанхамон перғауынға қатысты деректерге толы болмақ.

Ендеше, бізбен бірге болыңыз, қадірлі оқырман!

Құрметпен,

бас редактор Еркін Жақыпов

8Окт

Сарайшық елді мекенінен 20 шақырым жерде жаңадан анықталған Қарағайлы мекенінен қыш ыдыс сынықтары, сәндік әшекей бұйымдар, мыс тиындар табылды. Бұл туралы ғалымдар Махамбет ауданында «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен «Көне керуен жолдары және оның бойындағы археологиялық ескерткіштерді зерттеу мәселелері» тақырыбында өткен далалық семинарда айтты, деп хабарлады Атырау облысы әкімдігінің ресми сайты.

Семинарға арнайы келген отандық және ресейлік ғалымдар керуен жолдарын барлау барысында «Канал», «Шойтас», «Құлпытас», «Ащысай» тұрағы және жаңадан анықталған алтынордалық «Қарағайлы» мекеніне барған.

Археолог Мадияр Елеуов және Вячислав Плахов бұл аймақта сауда жолы бойында үлкен мекен болғандығын айта келе, табылған ғимарат кесене деген пікір білдірді. Сонымен қатар, нумизмат Павел Петров табылған тиындар Өзбек хан кезеңіне жататындығын нақты айтты. Археолог Марат Қасеновтің пікірінше, бұл аймақта Сарайшықтан кейін күйген кірпіштен жасалған осындай кешен алғаш кездесіп тұр.

– «Қарағайлы» мекенінің батыс жағында шамамен 4-5 ғимарат орны төбешік күйінде байқалады. Оның біреуін зерттеген кезде қыш және саман кірпішпен аралас тұрғызылған ғимарат орны анықталды. Екі бөлмеден тұратын ғимараттың үлкен бөлмесінің көлемі – 4,8х4,8 м, кіші бөлме көлемі – 4,8х2,4 м. Қабырғасының қалыңдығы – 1,25 метр болса, сақталынған биіктігі – 80 см. Бөлмелердің еденіне қыш кірпіштер төселген. Сонымен қатар осы аралықта аз мөлшерде тас еңбек құралдарының жаңқалары да кездесті. Мұнда мәдени қабаты бойынша біраз халықтың тұрғанын байқауға болады. Ғимарат шамамен ХІV-XVІ ғасырға, Алтын Орда кезеңіне жататыны анық байқалады. Бұл Сарайшық пен Сарай Бату, Қажы Тархан арасындағы алғашқы ірі ескерткіш деп саналады,- деді музей-қорықтың бас инспекторы, археолог Айбек Тұрарұлы.

Ал сарайшықтанушы, археолог Вячислав Плахов картада керуен сарайлар көрсетілгенімен, бұған дейінгі зерттеу жұмыстары кезінде кездеспегенін жеткізді.

– Бұл біздің ең алғашқы табысымыз. Нысан батысқа жол тартқан саудагерлердің тынығуына таптырмас орын болғандығымен ерекше. Қайта жасақтауға болатындай күйде сақталған. Сондықтан көп уақыт созбай жұмыстарға кірісу керек. Әрине, мұның бәрі қаражат пен қажырлы еңбекті талап етеді,– деді сарайшықтанушы, археолог Вячислав Плахов.

«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдеи музей-қорығының археологтары былтырдан бері Ұлы Жібек жолының тармақтарын зерттеп келеді. Жүйелі жұмыстар жүргізудің нәтижесінде биылдың өзінде 10-нан астам алтынордалық тұрақ табылған.

Дереккөз: Атырау облысы әкімдігінің ресми сайты.

4Окт

Соғыс миллиондаған йемендіктің өміріне қауіп төндіріп тұрғанда тарихшылар, археологтер ежелгі мәдениет нысандарын сақтау үшін күресуде.

Йемен астанасы Санада жұмысшылар Әл-Джарафи отбасы иелік ететін 350 жылдық саз кірпішті резиденцияны қайта тұрғызды. 2014 жылдан бері көтерілісші хуситтер бақылауындағы қала Сауд Арабиясы мен БАӘ бастаған коалиция күштерінің әуе шабуылдарына ұшырап тұрады. 2015 жылы болған бір шабуылда 150 жыл Әл-Джарафи отбасының иелігінде болған үйге зақым келді.

Шаңды аңғардың түбінде тұрып, асқақтаған алып құрылысты көру үшін мойнымды создым: шамамен 2500 жыл бұрын теп-тегіс жонылып, балшықсыз қаз-қатар қаланған, шөл даланың зеңгір көгіне қарай 15 метр созылған тастар.

Қазіргі Йемен жерінде осы Ұлы Мариб бөгеті салынған кезде оның топырақ-тасты қабырғалары Хувер бөгетінен екі есе дерліктей үлкен аумақты алып жатты. Сақталып қалған зор шлюздер Йеменнің биік тауларынан 9600 гектардай бос алқапты алатын ауылшаруашылық оазисін нәрлендіре отырып, шығыстағы күн күйдірген шөлге қарай ағатын жаңбырлы маусымдардың су ағынын бақылауда ұстайтын күрделі жүйенің бір бөлігі болған. Соның барлығының ортасында гүлденген экономикалық орталық – Сабаның астанасы Мариб қаласы бар еді. Бұл патшалықтың атақ-даңқы Құран мен Інжілде аты Шеба патшайымы деп аталатын, әйгілі көшбасшы Билкистің атымен көбірек танылған. Марибтің ең дамыған шағында, б.д.д. 8-ғасырдан бастап осы бөгет Сабейдің астана әрі шөлдеген түйелер мен ашыққан саудагерлер үшін азығы мен суы мол аялдама ретінде гүлденуінің себепкері болды.

Кәдесый сататын жас саудагерлер туристер көп жиналатын Кавкабан алдындағы қиыршық тас үйілген кіреберісте келушілерді күтіп, ойнап жүр. 2016 жылдың ақпанында жасалған әуе шабуылында мыңжылдық рабат қирап, жеті адам опат болды.

Патшалық Арабияның оңтүстігінде гүлдей жайнады, Үндістаннан Жерорта теңізіне дейін созылған жұпар иісті сауда жолының қақ жүрегі саналатын осы жерде қарамай, мирра және басқа да хош иісті шайырлар саудаға түсетін. Саба да керуендік экономиканың аса маңызды нүктесі болды. Мұнда Шығыс пен Батыс арасында тасымалданатын піл сүйегі, інжу, жібек мата және құнды ағаш түрлері тәрізді бағалы заттарға салық салынатын.

Марибтің қазіргі байлығы – осы аттас провинцияның құм-топырағы астындағы мұнай-газ қоры. Бұл қаланы йемендік хусит көтерілісшілері мен хуситтер экспансиясына қарсы жергілікті күштерге қолдау көрсететін Сауд Арабиясы мен БАӘ басшылық ететін коалиция арасындағы соғыстың стратегиялық нысанасына айналдырды. Йеменде осы соғыстың тұтанғанына 8 жыл болды. Ежелгі астана 2020 жылдан бері басты майдан алаңы әрі Йеменнің халық­аралық мойындалған үкіметінің соңғы астаналық бекінісі болып келеді.

Хуситтердің басқыншылығы салдарынан үй-жайынан айырылған балалар Марибтің шетінде, шөлдегі босқындар лагерінде ағаш айналасында уақыт өткізіп жүр. Бір кездері дүркіреген ежелгі Саба патшалығының астанасы болған Мариб мүлгіген мұнайлы қаладан азамат соғысының алғы шебіне айналды.

Бөгеттің тоспа желісінің сақталған қабырғалары бойымен алып құрылысқа тамсана, мыңдаған жыл бұрын Арабияның оңтүстігіндегі гүлденген шаһардың қажеттіліктерін қамтамасыз етуге керекті кешенді логистикаға таңырқай серуендеп келемін. Артынша таяу маңдағы таулардан артиллериялық атыстың таныс дауысы аңғарды жаңғырта естілді.

«Естідіңіз бе?» Йемендік көмекшім әрі аудармашы Аммар Дервиш сыбырлай сұрады. Келесі жарылыс шамалы қаттырақ естілді және сұрақ қайталанбай тұрып жауап қаттым. «Иә, естідім».

Жергілікті тайпаластардың тойына қатысушылар шамамен 3000 жылдық Аууам храмының орнына келді. Ежелгі сабалықтар мұнда суландыру және жер игеру құдайы Алмақаһқа табынатын. Марибтегі храмдарға қауіп төніп тұр, өйткені хуситтер қаланы жаулап алуға тырысуда.

Йемендегі қазіргі соғыс оның тарихи қазыналары үстінде жүріп жатыр. Оның ежелгі патшалықтары – Саба, Катабан, Майн, Хадрамаут, Химьяр, Аусан – Араб түбегіндегі өркениеттің қайнаркөзі. Бұл тарих гидравликалық инженерия ерлігінен егжей-тегжейлі жазбаларға дейінгі көпес халық пен кешенді, отырықшы өркениет туралы баяндайды.

Соғыс 2014 жылы солтүстіктегі көтерілісші хуситтер бұрынғы президент Али Абдалла Салехтың жақтаушылары көмегімен ел астанасы Сананы басып алған кезде басталды. Оның ізбасары Абдраббух Мансур Хади үйқамаққа алынды. Хади Сауд Арабиясына бас сауғалап қашып, бұл Саудия корольдігінің АҚШ пен басқа да Батыс елдерінің демеуіндегі өңірлік коалиция қолдауымен әуе шабуылдарын бастауына әкелді. Барлық тарап өздеріне тәуелді 30 млн тұрғынды ойлап жатқан жоқ, йемендіктер мен олардың тарихи мұрасына да қауіп төніп тұр.

СОЛ ЖАҚТА: Хувер бөгетінен екі есе ұзын Ұлы Мариб бөгеті б.д.д. алғашқы мыңжылдықта салынған және Йеменнің шығыстағы шөлінде мың жылдан астам тіршілік нәрін берген. Бүгінде тек биік әктастан салынған шлюздер қалған; Солтүстік шлюз 2015 жылы коалиция күштерінің әуе соққысынан бүлінген. ОҢ ЖАҚТА: Осы маңдағы Әл-Равдах босқындар лаге­рінде өмір сүріп жатқан жас жігіт қазіргі Мариб су қоймасының жағалауында тұр. Соңғы соғыс оты тұтанған 8 жыл ішінде коалиция күш­терінің әуе соққыларынан 19 000-нан астам йемендік жарақат алған не ажал құшқан. 4 млн-нан астам адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған.

Әуе соққыларынан музейлер жермен-жексен болған. Бірнеше буын ұрпақ өмір сүрген жүздеген көпғасырлық отбасылық үйлер, Исламға дейінгі храмдар бомбаның астында қалды, суфилік қасиетті жерлерді әскери содырлар қиратты. Осындай жағдайда аз, бірақ өз ісіне адал йемендік тарихшылардың, археологтер мен басқа да ел тарихына бейқам қарамайтын жандар ұлттық музейлерде, қоймаларда және әлі де топырақ астында бүркеніп жатқан Йемендегі көненің көзі саналатын ата-баба жәдігерлерін сақтап қалу бойынша астыртын миссияны орындауда. Олар өз жерлестерінің және қақтығыс салдарынан қоныс аударған миллиондаған адамдардың мүддесін есте ұстай отырып, бүгінгі ең өзекті мәселе – соғыс өртінен аман қалуды ойлаған йемендіктердің келешегі үшін күш жұмылдырған.

Автор: Иона Крейг, фото: Мойзес Саман

Мақаланың толық нұсқасын 2022 жылғы қыркүйектегі журналдан оқи аласыз

29Сен

Шибөрілер, аюлар, жанаттар мен басқа да жануарлар тіршілік ортасының тарылуы себепті қалалық өмірге тапқырлықпен бейімделіп келеді.

Радио-қарғы тағылған шибөрі Чикагода теміржол көпірінен өтіп барады. Бұл жақты 4000 дейін батыстық шибөрі мекендеп алған. Зерттеушілер қалалық аңдардың далалық туыстарына қарағанда қиындық­тарды еңсеруге епті келетінін анықтап отыр.

АҚШ пошта қызметінің курьері пошта көлігінен түсіп, қолына хаттарды ұстаған күйі көшеден өтіп барады. Мұнда тұрған оғаштық жоқ. Бірақ пошташы бірнеше метр жерде жүресінен отырған үлкен америкалық қара аюды (Ursus americanus) байқамаған сияқты.

Сол жақта сым торлы қоршаудың артында штатаралық 240-шы автомагистраль гүр-гүр етеді. Солт. Каролинадағы Эшвилл қаласының орталығынан 1 шақырымға жетпейтін жерде тротуар бойымен осы ауданға қарай дендей еніп бара жатқан аю үшін бұл жай ғана қалыпты шу секілді.

Солт. Каролинаның қала және қала маңы аюларын зерттеуші топ күрежол бойында тағы бір жаңалық ашты: қисайған күміс түсті үйеңкі ішіне терең апан салыныпты. Зерттеу жобасында қадағалауға алынған жүзден аса аю арасындағы №209 радио-қарғы тағылған кірекей небәрі бірнеше метр жердегі үздіксіз көлік ағынына қарамастан, қысқы ұйқыны осында өткізіпті.

Жобаның басталғанына 8 жыл болды. Қара аю жөніндегі солтүстіккаролиналық биолог Коллин Олфенбюттель көше шуынан асыра айқайлап: «Бұл аюлар мені әлі таңғалдырып жүр», – деді. Әріптесі ағаш ішіндегі апанды өлшеп жатқанда ол сатыны ұстап тұрды. Бұл – қара аюларды зерттеген 23 жыл ішінде ол көрген ағаштағы ең үлкен апан. «Олар біз ойлағаннан әлдеқайда бейімделгіш». Шын мәнінде, қара аюларға Эшвилдегі тіршілік ұнап қалғанын елестету қиын. Халық саны 95 мыңнан асатын, Blue ridg тауы баурайында орналасқан осы прогрессивті қалада тапа-тал түсте аюлар көше кезіп, террасалары мен ауызғы үйлеріне кіріп кетеді. Кейбір тұрғындар оларды жақсы қарсы алады.

Қара аю Калифорния штатының Саут-Лейк-Тахо қаласында тастанды үйдің астындағы апанынан шығып келеді. Мына курорттық қала аюлардың жабайы табиғаттағы­дан гөрі аз күш жұмсап-ақ көбірек қалған-құтқан тамақ табуына мүмкіндік береді. Нәтижесінде қалалық аюлар жабайы табиғаттағыларынан 25 пайызға семіз.

Эшвилде және басқа жерлерде қалалық аюдың пайда болуына жер пайдаланудың өзгеруі, адамдармен көрші тұрғанда қолжетімді болатын «дәмхананың» еліктіруі сынды үдерістер ықпал етті. Осы жайттар Солт. Америкада қара аю санын шамамен 800 000 басқа дейін арттырды. Қалалар мен қала маңының ұлғаюы да аюлар тіршілік ететін үлкен аумақтарды жұтып, оларға адаммен көрші тұруға бейімделуден басқа амал қалдырмады. Бұл – АҚШ-та және әлемдегі қалалық жерде болып жатқан үрдіс әрі ол қара аюларға ғана тән емес. Көптеген сүтқоректі мекен ауыстырып, қаладағы тіршілікке машықтанып, мінез-құлығын да өзгертуде.

Дәл қасымыздағы жаратылыс иелерін зерттейтін ғалымдар көбейген сайын жаңалық та көбеюде: жануар­лардың қала өміріне бейімделуі тіпті ерекше. Шибөрілер көшеден өтерде айналасына қарайды. Қара аюлар қоқыс шығатын күнді біледі. Жанаттар қоқыс жәшігінің бауын шеше алады. 2020 жылы алты құрлықта қалалық жабайы табиғатты зерттеген 83 зерттеуге шолу қалалық сүтқоректілердің 93%-ы өздерін далалық туыстарынан өзгеше ұстайтынын көрсетті. Осы аңдардың көбі – еуропалық орқоян, жабайы қабандар, резус-макактар мен шамшат сусарлары тәрізді сан алуан түрлер адамға ұшыраспау үшін түнде белсенді болады. Олар табиғи коректерін адам азығымен кеңейткен, ал тұратын жерлерінің аумағын әлдеқайда кішірейткен. Экологтер айтады: арамызда тіршілік етіп жатқан жануарларды жақсы білген сайын, осы қалалық келімсектермен де қарым-қатынас дұрыс болады.

Сан-Францисконың Голден-Гейт паркінде жанаттар аңдарды тамақтандыруға тыйым салатын заңға қарамастан, оларға үнемі азық әкелетін бір тұрғынға назар аудара тік тұр. Қолдың азығына тәуелді болып бара жатқан жанаттардың ауру тарату, көлікке соғылу және тамақ беру тоқтаған кезде өлу ықтималдығы жоғары.

Эшвилдегі фаст-фуд мейрамханалар мен қонақүйлер қатарының артындағы орманды алқапта Дженнифер Струлс пен екі әріптесі қара аюды гуманды әдіспен аулауға арналған қақпанды қонақүйдің көлік тұрағы жанындағы орынға сүйреп келеді. Олар осы ауданда тұратын үш қонжығы бар кірекейді ұстап алудан үмітті.

Солт. Каролина штаты университетінің балық кәсіпшілігі, жабайы табиғат және табиғат қорғау биологиясы бойынша Ph.D студенті Струлс кеше пісірілген нан қорабын ашты – бұл иісшіл иттен де артық иіссезгіш жануарды шыдатпайтын жем. Аңдыған аңы түссе, кірекейді ұйықтатып, бұдан бұрын таққан радио-­қарғысын ауыстырады.

Жабайы табиғат биологі Николас Гулд жетекшілік ететін қала және қала маңындағы аюларды зерттеу жобасының 1-кезеңі радио-қарғы тағылған жүзден астам аюдан алынған деректер қалалық және далалық аюлар арасындағы қызықты айырмашылықтарды көрсетті. Бір-бір жарым жастағы қалалық кірекейлер далалыққа қарағанда, екі есе дерлік ауыр тартқан. Кейбір екі жасар қалалық кірекей қонжық туса, сол жастағы дала аюларының ешбірі тумаған. Алайда қалалық аюлардың 40%-ы төрт жылдық зерттеу кезінде көз жұмған, өлімнің негізгі себебі – көлікке соғылу. Зерттеушілер айтқандай, бұл кезеңде аюлар үшін Эшвилдегі өмір жақсы ма, жоқ па, белгісіз. Басқа зерттеулер әлдеқайда екіұшты картинаны көрсетеді. Эшвилдегі аюлар секілді Коларадо штатының Дуранго мен Аспен қалаларындағы, сондай-ақ Невада штатындағы Тахо көлі маңындағы аюлардың да салмағы әлдеқайда ауыр және қонжықтары да көбірек, бірақ қонжықтарының аман қалу көрсеткіші төмен, сондықтан таза популяция­лары қысқарып кеткен. Қонжығы көп семіз аюды көру қала мен қала маңының ұлғаюы аңдарға жақсы болғандай әсер беруі мүмкін, бірақ шындық басқаша. Адам мен аюдың үй­­лесімде тіршілік етіп жатқаны да ақиқаттан алыс. Эшвилде де олай емес. Соңғы жылдары мұнда аюлар үй жануарларын өлтіріп, кемі бір адамды жарақаттаған.

Айналадағы таулардан аю ағылған Солтүстік Каролинаның Эшвилл қаласында биологтер дәрімен ұйықтатқан аюды тексеруде. Аюлармен қақтығыстарды барынша азайту үшін тұрғындар зерттеуді бақылауға шақырылады.

Халықтың жабайы көршілерімен қалай қауіпсіз бірге тұра алатынын білу үшін Струлс бір сынақ өткізуді жоспарлап отыр. BearWise танымдық жобасы бойынша қаланың екі орамы зерттеу нысанасына алынады. Жуырда ел бойынша жүзеге асырылатын бастама үй жануарларын жетекпен алып жүру, қоқысты дұрыс орнату, құсқа арналған жем-астауларды алып тастау, аңға жақындамау, тамақ бермеу тәрізді әрекеттерді ынталандырады. Басқа екі орамға ешқандай танымдық материал берілмейді, олар эксперименттің бақылау тобы болады.

Струлс барлық 4 аумақтағы радио­қарғылы аюларды бақылау арқылы BearWise жобасы ұсынған тиімді әдістер халықтың мінез-құлқын өзгертіп, шағымын азайта ма, жоқ па, білгісі келеді. Дуранго қаласында зерттеушілер бір қадам алға озып, аюдың қауқарына төзімді мыңнан аса қоқыс контейнерін таратты. Осы қоқыс контейнерлерін пайдаланған үйлерде проблемамен қақтығысу 60%-ға азайған. Бірақ кей адамдар аюлардың артқы аулаларына келгенін қалайды. Мәселен, Дженис Хусебо аюларға отбасы мүшесіндей қарайды. 22 жыл бойына ол Эшвилдің орталығынан солтүстік-шығысқа қарай орналасқан үйінің террасасына құстың астауына жем салып, аш аюларды тамақтандырып келеді. «Мені аюдың тілін біледі деп атайтын достарым бар», – дейді Хусебо есік алдында екі қонжығымен жүрген кірекейге аңтарыла қарап тұрғанымызда.

Эшвилдік Кей және Дэвид Картердің артқы ауласында қонжықтар ойнап жүр. Үй иелері оларға әткеншек жасап қойған. «Эшвилл аюларға үлкен толеранттылық­пен қарайды, – дейді жабайы табиғат биологі Колин Олфенбюттель, – бірақ мен олар аюларды өлгенше жақсы көре ме деп қорқамын».

Бірақ жабайы табиғатты қорғаушылар аюларға тамақ беру жарақат алу тәуекелін күшейтіп, бұл осы жануарларға деген төзімділікті төмендететінін ескертеді. Осы екі себеппен жергілікті округ мұндай практикаға тыйым салатын қаулы шығарған. Струлс те Хусебо сияқты эшвилдіктер аюларды жақсы көретінін мойындайды және өзінің зерттеуі бұл жануарлармен бірге өмір сүрудің олар үшін де, өзіміз үшін де ең тиімді жолын ұсынады деп үміттенеді. «Жабайы табиғат бәрімізге ортақ, бірақ біз аюлардың жабайы болып қалғанын қалаймыз», – дейді Струлс.

АВТОР: КРИСТИН ДЕЛАМОР
ФОТО: КОРИ АРНОЛЬД

Мақаланың толық нұсқасын журналдың 2022 жылғы шілдедегі санынан оқи аласыз.

27Сен

«Тарбағатай» ұлттық паркі аумағында мысықтұқымдастарға жататын Сабаншы бейнежазбаға ілігіпті. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің ресми сайты жазды.

Сабаншы – қорғауға алынған, өте сирек кездесетін аң. Қазақстанның қызыл кітабында (2010 жылғы басылымы) мысықтың осы түрі туралы: «Барлық таралу аймағында сирек кездесетін түр. Ресейдің, Қырғызстанның, Түрікменстанның Қызыл кітаптарына енгізілген. Қазақстанда сабаншы Маңғыстау, Үстірт, Қызылқұм, Сарыарқа, Тянь-Шань, Жоңғар Алатауы, Тарбағатай, Сауыр, Қалба және Оңтүстік Алтайда таралған. Барлық жерде оқта-текте ғана жолығады. Таралу аймағы қысқаруда.

Тасты шөлейтті қыраттарды, биік тау жоталарын, кеміргіштер көп болатын жазық далаларды мекендейді.

Сабаншының негізгі таралған аудандарын (қыста) және экологиясын зерттеу қажет», деген мәлімет берілген.

Фото: Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің ресми сайтынан алынды

21Сен

Қыркүйектің басында дүйім жұртты уайымға салған Қостанай облысындағы алапат өрт ауыл халқына да, табиғатқа да орасан залал келтірді. Әулиекөл ауданындағы орманнан шыққан қызыл жалын қаншама адамды баспанасынан, барынан айырды.

Фото: Мейірбек Тажкуранов

Ағайынның басына түскен бұл нәубетті жеңілдетуге еліміз түгел жұмылды. Мемлекет те тез арада жаңадан тұрғын үйлер салып беретінін айтты. Демек, көп ұзамай-ақ «орнында бар оңалатыны» анық. Ал табиғат ше?   

Фото: Мейірбек Тажкуранов

Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлағанындай, өрт 43 мыңдай гектардан аса жасыл желекті шарпыған. Бұл тек орман аймағы емес: егістік жерлер, жалпы пайдалану орындары мен жайылымдар да бар. Биолог ғалым Мария Зейнелова бұл жағдайды «ғаламдық қасірет» деп бағалап отыр.  

‒ Табиғат мен жануарлардың қалыпқа келуі үшін көп уақыт керек. Орманда қызыл кітапқа кіретін өсімдіктер мен аң-құс көп еді. Мұндағы қарақұс, аққұйрықты субүркіт – қызыл кітапқа енген ірі жыртқыш құстар. Олар небары екі балапан басады, үш немесе одан көп балапан басуы сирек кездеседі. Ал қарағайды ғасырлық деп атайтын себебі – олар үшін бір ғасыр 10 жылға тең. Cондықтан бұл ағаштардың қалыпқа келуі үшін кем дегенде 80 жыл керек. Бұрын табиғат пен адамзат арасында сәйкестік, тепе-теңдік болды, ал қазір адамдар бәрін өз қолымен құртып жатқаны өкінішті. Себебі орманның азаюы оттегінің жетіспеуіне алып келеді. Мысалы, қарағайлар фитоцид бөледі, ал бұл барлық микробты өлтіреді. Қаншама өсімдік емдік қасиеттерімен адам ауруларына шипа бола алады. Онсыз да Жер планетасында оттегі жетіспейді. Ал мұндай өрттің салдары адамның денсаулығына кері әсер етеді, – дейді Мария Зейнелова.   

Фото: Сергей Миронов

Профессор, биология ғылымдарының докторы Наталья Петровнаның да пайымы осыған ұқсас. Ол жердегі құрт-құмырсқаның өзі адам тіршілігі үшін қажет екенін айтады.

– Табиғат өзін-өзі сауықтырады, алайда ол үшін ұзақ уақыт керек. Жауын болса, өсімдіктердің өсіп шығуына ықпалы тиер еді. Ал құрғақшылық болса ше? – дейді. Оның ойы біржылдық және көпжылдық өсімдіктер көп, олардың санын есептеу мүмкін емес дегенге саяды.

Қостанай облысында ауданы 300 мың гектарға жуықтайтын жасыл желекті алқап елдегі ең қалың орман саналады екен. Қызыл жалынның құрсауында қалған жасыл алқапта көктерек, қайың, қарағай ағаштары өскен. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ресми өкілі Олжас Беркінбаевтың келтірген мәліметі бойынша өңірдегі мемлекеттік орман қорының ауданы – 1,1 млн гектар. Оның ішінде орманмен жабылған ауданы – 270 мың гектар.

– Қалпына келтіру мәселесін мамандардан сұрадық. Ол үшін өрт болған аумақты түгел тазалап шығу керек екен. Содан кейін ағаш егіледі. Оған біраз жыл қажет. Оны алдағы уақытта есептеп, айтамыз. Қазақстан орманды мемлекет емес. Жаңылмасам, еліміздің 5 пайызы орманмен қамтылған, – дейді ол.

Фото: Сергей Миронов

Қазіргі кезде Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Қостанайдағы өрттің табиғатқа келтірген шығынын есептеуді қолға алды.

Шығынды есептеу бойынша комиссия мүшесі, Қостанай облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының жетекшісі Рүстем Каркеновтың айтуынша, тексеру жұмыстары қыркүйектің 15-нен 23-не дейін жүреді және әрі қарай да жалғасуы мүмкін. Комиссия құрамында «Қазақ ормандарды авиациялық қорғау және орман шаруашылығына қызмет көрсету базасы» өкілдері, әртүрлі құрылымдар мен инспекиялардан жиналған 18 адам бар. Олар орманның өртенген аумағын тексеріп, орман шаруалығы мен жануарлар әлеміне келген шығынды есептемек. Рүстем Каркенов аң-құстардың басым бөлігі орман отқа оранған кезде қашып үлгергенін, яғни аман қалғанын айтады. «Қазір шығынды есептеп жатырмыз. Өртеніп кеткен жануарлардың саны көп болмайды деп болжап отырмыз. Әсіресе, өрт тұтанған Басаман орман шаруашылығында аз болуға тиіс. Мұнда ашатұяқтылардың ішінде, негізінен, елік пен бұлан тіршілік етті», дейді комиссия мүшесі. 

Ол «Басаман» орман шаруашылығында жағдай тәуірлеу екенін алға тартты, өйткені бұл жердің шамамен 50 пайызы зардап шекті. Ал «Семиозерный» қылқан жапырақты орман алқабында шамамен 85 пайыз аумақ тілсіз жаудың құрбаны болды. Түсінікті болуы үшін айта кетейік, «Семиозерный» орман шаруашылығы Лесной ауылында, ал «Басаман» орман шаруашылығы Бағаналы ауылында.     

‒ Жалпы, Қостанай облысында 11 орман шаруашылығы болса, оның үшеуі қылқан жапырақты жасыл желек. Олар: өртенген «Басаман», «Семиозерный» және апаттан аман қалған «Арақарағай». Яғни, Қостанай облысында көбіне қылқан жапырақты орман. Осы ормандар өртенді. Орманмен қатар жазық жерлерді қоса алғанда, өртеніп кеткен аумақтың көлемі шамамен 43 мың гектар. Ал тек орман алқабы – 32 мың гектар. Ағаштардың қарағай, қайың, көктерек деген үш түрі өсті, ‒ дейді Рүстем Каркенов. 

Зардап шеккен негізгі ағаштар орман шаруашылығында 70-80 жылдан бері өсіп келеді. Демек, орманның қалыпқа келуі үшін осынша уақыт керек екен.

Фото: Бердіболат Ғабуллин

‒ Ағаштардың жасы әрқилы. Жасырақ ағаштар да болды: жақында ғана еккен екі жылдық та, 40-50 жылдық та ағаштар бар. Сондықтан ормандардың өртенгенге дейінгі қалпына қайта келуі үшін қыруар қаражат пен бірнеше онжылдық уақыт кетеді. Өйткені ағашты екі жасына дейін питомникте өсіру керек, сосын далаға отырғызуы, суаруы бар. Жердің ағашты қабылдауына ауа райы да әсер етпек. Мәселен, құрғақшылық болса, кейбір ағаштар өліп қалуы да мүмкін. Мұның бәрі қажырлы еңбекті талап етеді, ‒ дейді Рүстем Каркенов.     

Күйген ағаштарды кесу, аумақты күл-қоқыстан толық тазартудың өзі 3-5 жылға созылуы мүмкін.

Скляренко Сергей Львович, Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы директорының орынбасары, б.ғ.к.

«Қанаттанып үлгермеген балапандар ғана өрттен қашып құтылмауы мүмкін»

‒ Өртенген аймақта сирек кездесетін құстар тіршілік еткенін білемін. Оның кейбірі қызыл кітапқа кіреді. Сирек кездесетін қарақұс, ителгі, аққұйрық-субүркіт ұя салып келді. Басқа құстардың ішінде: жағалтай,  құладын, тұрымтай, бөктергі, жапалақ, ақсары, кәдімгі күйкентай, қара кезқұйрық және т.б. болды. Сонымен қатар күзгі миграция уақытында ұшып өткен жыртқыш құстардың түрлері де кездесуі мүмкін.    

Енді, әлбетте, орман қалпына келмей, құстардың ұя салуы мүмкін емес. Ол үшін мекен етер орнында жағдай жасалып, азық қоры болуы керек. 

Өрт басталған кезде құстар ұшып кетіп үлгерді деп ойлаймын. Барлық құстың ұя салатын маусымы өтіп кеткендіктен, балапандар ұяда болмауға тиіс. Құстар көктемнің соңынан жаздың ортасына дейінгі аралықта ұя салады. Әрқайсысының уақыты әртүрлі. Қанаты қатайып үлгермеген балапан құстар ғана өрттен құтыла алмай қалуы мүмкін.

Фауна қалыпқа келе бастады…

Мамандардың сөзінше, аң-құстар да адам сияқты өрттен шошынып қалатын жағдай болады. Дегенмен, өрттен кейін кейбір жануарлар біртіндеп келе бастаған. Мысалы, Қостанай облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының жетекшісі Рүстем Каркенов елікті көргенін айтады.

Мұндай ауқымды, үлкен аумақты қамтитын өрт бұрын-соңды Қазақстанда болмаған екен. Қостанай облысында шамамен 2000 жылдардың басында қарағайлы Арақарағай орман шаруашылығында 5 мың гектар аумақты өрт жалмаған. Қазір ол қалыпқа келіпті. Негізінен, орман өрт  тұтану қаупі зор аумақ саналады. Мамандар кішігірім өрт жылда болып тұратынын айтады. Сол үшін де сәуір мен қазан айының аралығында өрт қаупінің алдын алу маусымы деген бар.  

«Науырзым мемлекеттік табиғи қорығының» ғылыми қызметкері Марина Зейнелова енді осы жағдайдан сабақ алып, материалдық базаның талапқа сай болмауы, өрт техникаларының нормасы сақталмайтыны сияқты кемшіліктерді жою керектігін айтады. Сондай-ақ кадр мәселесі де өзекті. Орман шаруашылығында еңбектеніп жүрген мамандар мен өрт сөндірушілер жалақысының аздығынан, бұл салада біліктілігі жоғары адамдардың да тапшы болуы қынжылтады.     

«Реликті қарағайлар жойылып кету алдында тұр»

Сергей Кожевников, Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің биология және экология кафедрасының аға оқытушысы:

‒ Біздің территориямыздың айтарлықтай бөлігі қарағай ормандарына толы болды, алайда климаттың өзгеруіне және адамдардың қоршаған ортаға тигізген зиянына байланысты ормандардың біраз бөлігі жойылып кетті. Орны жазық далаға айналды. Өрт болған орынды қайта қалыпқа келтіру мәселесіне қатысты тиісті мамандар мен орман шаруашылықтарының тексеру жүргізуі маңызды. Егер ағаштар қалыпқа келмесе, белгілі қатер төнуі мүмкін. Онсызда климаттың өзгеруіне байланысты қарағайлар біртіндеп азайып жатыр. Сонымен қатар жаһандық жылыну мәселесі алдымыздан шығып тұр. Сәйкесінше, адамдар табиғатқа әл жинауына қолғабыс етпесе, қарағайлардың қалыпқа келуі қиындай түседі. Өйткені реликті қарағайлар жойылып кету алдында тұр. Себебі олардың аумағын кеңейтіп, дамыту жұмысы жолға қойылмаған. Жазық дала көбейіп келеді.

Автор: Нұрсұлу Мырзахметова

18Сен

Бүгін 100 шақты шабандоз Астана маңындағы Қаражыра ауылының тұсындағы сөреден серпіліп, тұлпар тұяғын тоздыратын ұлыжіңгір ұзақ аламан бәйгенің жолына түсті. Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, «Ұлы дала жорығы» деп аталған ат марафонында шабандоздар мәре сызығына дейін 1200 шақырым жолды 12 күн ішінде жүріп өтіп, Түркістанға аман-сау жетуге тиіс.

Белі мықты қазанат пен тақымы мықты азамат қана шыдайтын осы аламанға еліміздің өңірлерінен келген 20 команда (5 шабандоз, әрқайсының жетегінде жарты жолда ауыстырып мінетін бір-бір аттан) қатысып жатыр. Командалар құрамы кеше, 17 қыркүйекте өткен бәйгенің ашылу салтанатында таныстырылды.

Атқа мінген қазақ ұлы жорыққа ақ батасыз аттанбайды.
Жарысқа сақадай сай шабандоздар сөреден аттанар уақытын күтіп тұр.

Сөреден алғашқы топ атқа қамшы басқан сәт.

Марафон бағыты: Астана қаласы – Ақмола облысы – Қарағанды облысы – Ұлытау облысы – Қызылорда облысы – Түркістан облысы, Түркістан қаласы

Жеңімпазға 30 млн теңге, 2 орын иегеріне – 20 млн теңге, 3 орын үшін 15 млн теңге жүлде қарастырылған.

Марафон-бәйгені ұйымдастырушылар – «The Great Steppe Tour» қоғамдық қоры мен Ұлттық спорт қауымдастығы. Бәйгенің шарттары мен қатысушылардың қашан және қайда тоқтайтыны, жолдағы ас-су мен түнемел қос туралы өзге де қосымша ақпараттарды qazanat.com сайтынан білуге болады.

Фотолардың авторы: Ерболат Шадрахов.