Жаңалықтар
1Қар

Ғарыш стансасында тартылыс күші жоқтығынан от «өзгеше» жанады.

Жерде жалындап жанатын от, ғарышта өзгереді. Ыстық ауа тартылыс күшінсіз, отты бізге таныс жалындаған пішінге айналдыра алмайды. Микрогравитация жағдайында олар 480⁰С суықта (газ плитасының жоғарғы қызуы 1700 ⁰С) эфирлік күмбез не шар формасына ие болады. Жоғарыдағы суретте от Микрогравитациялық эксперимент арқылы жетілдірілген жану әдістері (МЭЖЖӘ) бағдарламасы аясында Халықаралық ғарыш стансасы бортында жағылған. «Маған өрт жөнінде ғылыми-фантастика жанрының жазушылары хабарласты, – дейді Мэриленд университетінде істейтін МЭЖЖӘ бағдарламасының зерттеушісі Питер Сандерлан. – Олар өзге әлемдік құбылыстай көрінеді». Осы стансадағы 4 жылдан астам уақыт ішінде МЭЖЖӘ ғарыш кемесінің өрт қауіпсіздігін және жанудың компьютерлік модельдеуін жетілдіру сынақтары аясында 1500-ден аса от жаққан. —МАЙКЛ ГРЕШКО

Бұл материал журналымыздың 2022 жылғы қазан айындағы санында жарияланған. National Geographic, 10.2022

29Қаз

Германияның Қара орманындағы топырақ микроскоптық деңгейде дүние жүзінің орманды экожүйелерін бейнелейтін таңғажайып әлем.

Мына суреттегі жаңадан табылған тіршілік иесі – жайбасарлардың бізге мәлім шамамен 1300 түрінің бірі. Ол Германияның Қара орманындағы өлі ағаш діңіндегі мүктен табылған. Жай көзбен көруге тым ұсақ болатын бұл жаратылыс иесі – Жер тіршілігіне аса қажет орман топырағындағы миллиардтаған тірі организмнің бірі. 2 400 есе үлкейтілген

Германияның қара орманынан немесе аляскадағы тонгасстан, Жаңа Зеландиядағы уейпуадан бір уыс топырақ қазып алыңыз да, үңіліп қараңызшы.

Не көресіз? Әрине, топырақ – жұмсақ, құнарлы және какаодай қара-қошқыл. Қарағай қылқандары мен шіри бастаған жапырақтар. Мүк не қына үгінділері. Жарықтан қашқан жауынқұрт, бәлкім, биіктіктің күрт өзгеруінен абдырап қалған құмырсқа бар болар.

Орман топырағының бір грамының өзінде миллиард бактерия, миллион саңырауқұлақша, жүз мыңдаған қарапайымды және мыңға жуық жұмырқұрт болуы мүмкін.

Мына Resinicium bicolor сияқты саңырауқұлақша – орман жерін алғаш мекендеп, өлі ағаштарды ыдырата бастағандардың бірі. Ол өсімдіктердің ағаш жасушалы қабырғаларын құруға көмектесетін күрделі заттекті, яғни лигнинді сіңіре алады. Органикалық материалды осылайша ыдырататын микроскопты саңырауқұлақша, кене, құрт сияқты басқа да титтей жаратылыс иелерінсіз, жер қыртысы болмас еді. 7 000 есе үлкейтілген

Сью Грейстон жерде бұдан да көп дүние бар екендігін жақсы біледі. Оның топыраққа деген өмірлік құштарлығы бақшасынан басталған. Англияда өскен ол бала кезінде анасына бақшада дән егуге, күтіп-баптауға көмектескен.

Колледждегі микроскоптарды қолдану арқылы Грейстон жердің жай көзге көрінбейтін тым кішкентай тірі организмдер жиынтығына тәнті бола бастады. Ол өзінің өмірлік қызығушылығын тапқанын сол кезде түсінді. 1987 жылы Шеффилд университетінде микроорганизмдер экологиясы саласының PhD дәрежесін алғаннан кейін, Грейстон Саскачеуандағы ауылшаруашылық биотехнология компаниясында жұмыс істеді. Одан кейін Шотландиядағы Маколей жер пайдалануды зерттеу институтында (қазіргі Джеймс Хаттон институты) ғылыми қызмет атқарды. Сол жерде ол өсімдік экологтерімен бірлесе отырып, кейін өз қызметінің басым бөлігін құраған бастаманың негізін қалады. Бұл – топырақтың ең ұсақ және ең ірі мекендеушілері, яғни микробтар мен ағаштар арасындағы күрделі байланысты зерттеу. Жаңашыл дала зерттеулері мен генетикалық бірізділіктегі күрделі әдістерді біріктіре отырып, Грейстон және басқа экологтер орман топырағындағы көптің көзіне көрінбейтін, бірақ оларсыз экожүйе күйреуі мүмкін құпия әлемнің бай бейнесін жасады.

Кремнезем қалдықтары қабыршақты амебаның жалғыз жасушалы денесін жауып тұр. Амебаның бұл түрінің атауы орман төсеміндегі өзгерістерден қорғану үшін олардың қатты қалқанша құра алу қабілетіне байланысты. 14 000 есе үлкейтілген.

«Биоалуандықтың басым бөлігі жер астында. Алайда тарихи тұрғыдан біз ол туралы көп білмедік, – дейді Грейстон. – Бұл жағдай соңғы 20 жылдықта өзгере бастады».

Көптеген орманның жапырақты қабаттарының астында гифомицеттердің торлары өз тамырларын микоризді желіге қосады. Бұл желі арқылы ағаштар өзара су, қорек және ақпаратпен бөліседі. Бір жасушалы амебалар миксомицет деп аталатын, пішіндерін өзгертетін түйіршіктерге айналады. Бұлар топырақта бактериялар мен саңырауқұлақшаларды аулайды. Құйрықаяқты деп аталатын кіп-кішкентай бунақаяқтылар өз денесінен 20 есе ұзын қашыққа секіріп, ерсілі-қарсылы жүгіріп жүр. Әрқайсысының көлемі жасымықтың оннан біріндей сауытты кенелер өздеріне тау-шатқал болып көрінетін бөгеттердің арасында әзер кетіп барады. Бір жарым жылдай өмір сүретін бұл кенелер өмір бойына 9 метрдей ғана жер жүреді екен. Басқа жаратылыс иелерінің ұсақ болуы соншалық, олар тек өсімдіктер мен топырақ бөлшектерінің айналасындағы су үлдірлері арқылы ирелеңдеп, тырбаңдап қана қозғалады. Бұл өзгеше тіршілік иелеріне түссіз жұмырқұрттар, шашқа ұқсас талшықтары, айналмалы тәждері бар коловраткалар және тырнақтары бар сегіз аяқты, гамми-қонжыққа ұқсайтын жайбасарлар жатады.

Қара орман күзетшісі Чарли Ейбел (оң жақта) фотограф Оливер Мекиз (ортада) бен биолог Никол Атауаға орманның жүзден астам жыл бойы ағашы кесілмеген жерлерінен топырақ үлгілерін жинауға көмектесуде. Мекиз бен Атауаның зерттеуі аясында жер астында өркендеп, жоғары жақтағы экожүйені сақтап тұратын тіршіліктің таңғаларлық алуандығы ашылуда. ЭСТЕР ХОВАТ

Бұлардан да ұсағы – бір жасушалы организмдердің алуан түрлі тобы кіретін қарапайымдылар кейде өздерінің шығыңқы тұстарын серпу арқылы қозғалады. Орман топырағы бактериялар мен археилердің алуан түріне бай. Соңғысы бір қарағанда бактерияға ұқсас көрінгенімен, оның да өзінше бөлек тіршілік патшалығы бар.

Орман жерінің бір грамының өзінде миллиард бактерия, миллион саңырауқұлақша, жүз мыңдаған қарапайымды және шамамен бір мың жұмырқұрт болуы мүмкін.

Бұрын ойлағандай, топырақ ағаштар мен басқа өсімдіктер қажетін алу үшін ыңғайлы бекініп алатын инертті материя емес. Бүгінде топырақ қабаты дегеніміз тіршілік ортасы мен организмдердің динамикалық желісі екендігі айқын: ол сансыз тіршілік иесінің жіптерімен тоқылған және үнемі өзгерісте болатын алып гобелен іспетті. Топырақ та тірі ағза. Грейстон мен басқа да экологтер осы бүгінгі түсінік орман шаруа­шылығына елеу­­лі өзгеріс енгізуді талап ететінін айтады. Олар ағаштарды жаппай кесудің әдеттегі тәжірибесі ойлаудың өзі мүмкін болмайтын ауқымды және ұзақмерзімді залал әкелетінін анықтады. Орман шаруа­шылығы шынайы тұрақты болуы үшін орман топырағындағы тіршілікке тигізетін салдарды да ескеруі қажет. Миллиардтаған жыл бұрын жер бетінде топырақ болмаған, тек қатты жер қыртысы болған, ол жауын-шашын, жел және мұз әсерінен біртіндеп бұзылған. Жерде микробтар, саңырауқұлақша, қына мен өсімдіктер пайда болысымен, жер қыртысын қопсытып, тамырымен бөлшектеп, қышқылдарын төгіп, эрозиясын едәуір жылдамдатқан.

БІЗ БҰЛ СУРЕТТЕРДІ ҚАЛАЙ ТҮСІРДІК?

Бұл мақаладағы суреттер ең ұсақ бөлшектерді түсіру үшін жарықтың орнына электрондарды қолданып сканерлейтін электрондық микроскоппен (SEM) түсірілген. SEM суретті сұр түсте түсіреді, сондықтан алуан түрлі тірі организмді бейнелеу үшін суреттер түрлі түстермен өңделді.
Ағаш қалдықтарының бір түйірінің өзі орман микробтары үшін қызу тіршілік орталығы болуы мүмкін. Мында, Қара орман жер қыртысының жоғарғы қабатында көпқылтанды құрт (сол жақта) пен кененің екі түрі кездесті. Орман экожүйесінде кенелердің маңызы айрықша, олар өлі және тірі материяның аса көп мөлшерін ыдыратып, қоректік заттарды жерге қайтарады. 110 есе үлкейтілген.

Шіріген қалдықтар минералды қыртысты органикалық материалмен құнарландырды. Палеонтологиялық жылнамада орманның бізге таныс жер­қыртысы алғаш рет девон кезеңінде, яғни 420 мен 360 млн жыл бұрынғы аралықта пайда болған.

Бүгінде тіршілік Жер қыртысын жердегі барлық экожүйеде сақтап тұр. Орман жері көміртегі, азот, фосфор және калий сияқты қажетті қоректік заттарға бай. Грейстон мен оның әріптестері ұсақ тіршілік иелерінің маңыздылығын ерекше атап өтеді, себебі бұлардың күнделікті әрекеттері болмаса, элементтер бір жерде қозғалыссыз жатып, қолжетімді болмас еді.

Өсімдіктер күн қуатын көміртегіне бай молекулаға айналдырып, фотосинтез жүзеге асқанда, молекуланың бір бөлігін тамырлары арқылы жер қыртысына жібереді. Бұл заттекті микробтар мен саңырауқұлақшалар қолданады. Есесіне, микоризді саңырауқұлақтар мен тамырға жабысқан микробтар өсімдіктерге су мен қоректік заттарды сіңіруге көмектеседі, қоректік заттардың сіңірілуі қиын химиялық формаларын молекулаларға айналдыру арқылы өсімдіктер қолданысына жарамды етеді.

Өсімдік бөлшектері солып, қурап біткенде, құрттар, бунақаяқтылар, саңырауқұлақшалар мен микробтар олардың тіндерін ұсақ бөлшектерге ыдыратып, қоректік заттарды жер қыртысына қайтарады. Сонымен қатар ұсақ жаратылыс иелерінің үздіксіз қозғалысы топырақ қабаттарының араласуына, қоректік заттардың жақсы таралуына, жер қыртысының оттегімен қанығуына себін тигізеді. Топырақтың көп мөлшерін сіңіру арқылы құрттар, дернәсілдер, бунақаяқтылар жерді органикалық заттектермен қанықтырып, түйіршіктердің жабысуына жәрдемдесіп, жер құнарын жақсартады. Грейстон Маколей институтында істей жүріп, 2000 жылы әріптестерімен Қара орманның жер қыртысын зерттеу үшін Дунай өзенінде орналасқан неміс қаласы Тутлингенге барды. Елдің оңт.-батысында орналасқан, шамамен 6000 шаршы шақырымдық бұл аудан таулы ормандарымен танымал әрі кен өндірісі, орман шаруашылығымен бағаланады. Ғалымдар күміс түсті жұмсақ қабықтары, қисайған діңдері бар 70-80 жылдық шамшаттар өскен бірнеше жерге барды. Ғалымдар қарап шыққан кей жерлерде ағаш мүлдем қалмаған, ал кейбіріне салыстырмалы түрде қол тимеген.

Саңырауқұлақ жіптері тұщы су экожүйелерінде кездесетін микроскопты хайуан – коловратканы шырмауда. Коловраткалар топырақта өсімдіктер мен топырақ бөлшектерінің айналасындағы су үлдірлері арқылы қозғалып, жол-жөнекей органикалық қалдықтармен қоректенеді. 2 400 есе үлкейтілген.

Грейстон металл бұрғымен орманның әртүрлі жерінен топырақ үлгілерін алып, тереңірек зерттеу мақсатында Шотландияға жеткізді. Зертханалық зерттеулер мен жасушалық дақылдарды зерттеу нәтижесі орманның ағашы қарқынды кесілген бөлігінде көп микробтың едәуір азайғанын дәйектеді.

2003 жылы Грейстон өзі бүгінде жұмыс істеп жатқан Британдық Колумбия университетінде микробты топырақ экологиясының профессоры атану үшін Ванкуверге көшті. Грейстон мен оның бірнеше серіктесі дәл осында орман шаруашылығының әртүрлі әрекеті жердің микробты ортасын қалайша өзгертетінін әрі қарай зерттеді.

Олар зерттеулерінің көбісі ағаштарды кесудің үш түрін салыстырады: берілген жерді ағаштан толық тазартатын жаппай кесу; кейбір ағаш топтарын сақтап қалатын құрылымдық қорғау; тең бөліністі сақтай отырып, жекелеген ағаштарды іріктеп кесу.

Жер қыртысының саулығын тексеру үшін Грейстон мен әріптестері жіңішке тамырларға толы нейлон-торлы қапшықтарды ағаш кесудің әртүрлі әдісі қолданылған орман алқаптарына көмді. Бұл тамырларды қалдырудағы мақсат оларды ұсақ организмдер, саңырауқұлақшалар мен микробтар көмегімен ыдырату. Тамырларды бірнеше ай немесе бірнеше жыл аралығында қазып алады. Зертханада ғалымдар тамырлармен әрекеттескен организмдерді анықтау, олардың қаншалықты белсенді болғанын білу үшін түрлі сынақ жүргізді. Ағашты жаппай кесу көп жағдайда жер қыртысының биоалуандығын төмендеткені, қоректік заттар айналымына кедергі келтіргені байқалды. Дегенмен ағаш кесу әдістерінің барлығы бірдей зиян болған жоқ. Мәселен, тепе-теңдікті сақтай отырып сирету әдісімен кесілген жерлерде микробтың көптігі, алуан түрлілігі мен белсенділігі салыстыр­малы түрде жоғары болып қалған. Кейбір ағаш топтарын сақтап, қалғанын кесетін құрылымдық қорғау әдісі қолданылған жерлерде ғалымдар микробтардың мықты да қызу қауымдастықтарын тура сол ағаштардың маңында ғана байқаған. Ғалымдар бұл ағаш аумақтарынан алыстаған сайын, ондағы жер қыртысынан тіршілік белгілері де жоғала бастаған.

ЖОҒАРЫДА, СОЛ ЖАҚТАН САҒАТ ТІЛІМЕН
Саңырауқұлақ жіптеріне оралған ағаш қалдығының үстінде сиқыршының сыйлыққа толы қоржынына ұқсас миксомицеттің жемісті денесінен тозаң бөлінуде. Миксомицеттер шіріген өсімдік қалдықтарында кездесетін басқа микробтармен қоректенеді.
400 есе үлкейтілген.

Микроскоптық жануар Gastrotricha түрінің өкілі жер қыртысы бөлшектерінің арасынан өтетін судың жұқа үлдірлерінде тіршілік етеді. Олар өздерінің шашқа ұқсас түктері арқылы дымқыл топырақ арасында қозғала отырып, қоректену үшін бактерия, микробалдырлар мен басқа да микробтарды іздейді.
2 500 есе үлкейтілген.

Құйрықаяқтылардың басым бөлігі, мына суреттегі екеуі сияқты, жарты сантиметрден аса өспейді. Бұлай аталуының себебі олардың құйрыққа ұқсас дене мүшесі бар. Қауіп төнгенде, олар осы дене мүшесінің көмегімен өз денесінен 20 есе ұзақ қашықтыққа секіре алады.
100 есе үлкейтілген.

Korotnevella тұқымының бұл амебасы орманның дымқыл топырағынан табылды. Жалғыз жасушалы осы тіршілік иесі аморфты денесімен бактерия, саңырауқұлақша және басқа да микробтарды орап алып, тұтастай жейтін қауіпті жыртқыш бола алады.
10 000 есе үлкейтілген.

Ағаш тамырларындағы көміртегі ағынын бақылайтын зерттеуге сәйкес ағаштың не ағаштар тобының әсер ету ауданы, яғни олардың микробтар мен басқа да ұсақ организмдерді көміртегіне бай молекулалармен қамтамасыз ету аймағы орта есеппен он метрді құрайды. Жер қыртысын толық жалаңаштамай, тіпті үлкен ағаш аумақтарын қалдырғанның өзінде олардың әсері жоғарыда аталған қашықтықтан аса алмайды. Бұл өсімдік аралдарын қоршап тұрған он метрлік аймақтың сыртындағы микроб популяциялары зардап шегеді деген сөз. Грейстонның айтуынша, жер қыртысының саулығы үшін іріктеп кесу әдісі жағым­дырақ, себебі бұл әдіс бойынша әдетте әр 14-16 метр сайын ағаш сақталып отырады, бұл олардың тамырларының және әсер ету аймақтарының бір-бірімен қабысып, орман жеріндегі микробтарды көміртегімен қамтамасыз етуіне жәрдемдеседі.

Сиретіп кесу және басқа да іріктелген әдістер әлемнің кейбір жерлерінде кеңінен таралып келеді. Дегенмен Солт. Америкада ағаштарды жаппай кесу әлі күнге кең қолданыста, өйткені ол тиімдірек, бағасы арзандау және тым күрделі жабдықты талап етпейді. «Орман шаруашылығын қайта қарастыруымыз қажет, – дейді Чехия Ғылым академиясы Микробиология институтының қоршаған орта микробиологі Петр Балдриан. – Ағаштарды жаппай кесу үнемді болғанымен, жер қыртысы жапа шегеді.

Біз өнеркәсіп пен орман қажеттіліктері арасында тепе-теңдік табуымыз керек».

Жер экожүйелерінің бір-бірімен өзара байланысын және олардың күрделі өмір циклін сақтауда атқаратын шешуші рөлін ескерсек, біздің ағаштар мен топыраққа тигізіп жатқан залалымыз, ақыр аяғында, өзімізге зиян келтіреді. «Жердегі микроорганизмдер болмаса, біз тіземізден қоқысқа батушы едік, – дейді Грейстон. – Оларсыз жер бетіндегі өмір тоқтайды. Олар бізсіз тіршілік ете алар, алайда біздің оларсыз өмір сүруіміз екіталай».

Автор: Феррис Джейбер фото: Оливер Мекиз және Никол Атауа

26Қаз

Қазақстан халқы қазанның 25-і күні бүкіл ел аумағы бойынша Күн тұтылуы құбылысын бақылай алды. Күннің тұтылуын Астана қаласында бақылаған National Geographic фотографы Ерболат Шадрахов мына суретті «Алау» спорт кешенінің маңында түсірген.

Фото: Ерболат Шадрахов

24Қаз

Қазан айында Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында «Қауіпсіз ұшу жолы» жобасы аясында қаздар мен қарашақаздарды күзгі бақылау жүріп жатыр.

Санақ жүргізілетін аумақтар аңшылық шаруашылықтардың қарамағында. АСБК мамандары ұшып өтетін құстар саны жайлы ақпарат жинаумен қоса, шаруашылықтардың қызметкерлерімен де ақпараттық сұхбат жүргізеді. Қорықшыларға қаздар мен қарашақаздардың сирек кездесетін қандай түрлері бар екені, ауланатын түрлерімен салыстырғанда олардың пайыздық қатынасы туралы мәліметтер береді, деп хабарлады Қазақстанның биоалуандығын сақтау ассоциясы.

Мониторинг барысында Қостанай облысы Қамысты ауданындағы біршама ірі суқоймаларда сирек кездесетін қызыл жемсаулы қарашақаздар мен шиқылдақ қаздардың саны жалпы қаздар санының 45-47,5% құраған. Бұл оларды әдейі немесе кездейсоқ атып алу қаупін арттырады. Биыл күзде осындай қызыл жемсаулы қарашақазды заңсыз ұстау оқиғалары кездескен болатын. 

Құстар қоныс аудару кезінде тоқтайтын суқоймалардың да жай-күйі алаңдатуда. Биылғы аса құрғақ жаздан кейін Қамысты және Науырзым аудандарындағы көлдер суы тартылып, құстардың таяз сулы алаптарда, кішкене көлшіктер мен тоғандарда топталуына тура келді. Мұндай жағдайда оларға төнетін қауіп-қатер арта түседі.

Алексей Тимошенконың пікірінше, көлдердің кебуі қысқы және көктемгі аз мөлшердегі жауын-шашынмен қоса, ауыл шаруашылығын ұтымсыз басқару салдарынан болуы мүмкін. Соңғы жылдары жергілікті фермерлер егінді шектен тыс егуде. Бұл еріген судың қалыпты ағынына бөгет жасайды, сол себептен осы аумақтағы біз бақылаған 14 суқойманың сегізі құрғап кеткен. Олардың көбісі халықаралық маңызы бар негізгі орнитологиялық аумақ болып саналады. 

Дереккөз: https://www.acbk.kz

Сурет : Алексей Тимошенко / АСБК

19Қаз

Бас ботаникалық бақта күздің қақ ортасына келгенде бөртегүл гүлдеді. Мамандар ерекше құбылысты әдеттен тыс жылы ауа-райымен байланыстырып отыр.

Ботаникалық бақтың Сирингарий коллекциялық учаскесінде күзде гүл ашқан бұл бөртегүл жабайы түрге жатады.  

Бас Ботаникалық бақтағы бөртегүл коллекциясы  Орталық Азиядағы жалғыз және Қазақстандағы ең ірі шоғыры саналады. Қазіргі уақытта онда әлемдік және қазақстандық селекцияның 23 түрі мен 107 сорты бар. Соның ішінде 20-дан астам будан мен көшеттерін Ботаникалық бақтың ғылыми қызметкерлері өсірген.

Дереккөз: Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің ресми сайты

14Қаз

Алдымыздағы 16 қазан – орманшы күні. Елімізде бұл кәсіби мереке жыл сайын қазан айының үшінші жексенбісінде аталып өтеді. Бүгінде бүкіл жаһан жұртын алаңдатып отырған экология мәселесінің оңалуына орман шаруашылығының маңызы, соның ішінде жасыл желекті қорғап жүрген орманшылардың еңбегі орасан зор. Мәселен, өткен айдың басында ғана Қостанай облысындағы орман алқабынан шыққан алапат өрт жұртшылықты есеңгіретіп тастаған болатын. 5 күнге созылған қызыл жалын 32 мың гектарды алып жатқан ағаштарды бір мезетте күлге айналдырып жіберді. (Оқыңыз — https://nationalgeographic.kz/2022/09/21/oertengen-orman-qalpyna-kelwi-ueshin-qansha-waqyt-qazhet/

Орманды елдің байлығы ортаймас…

Онсыз да еліміз шағын орманды мемлекетке жатады. Биылғы жыл басындағы статистикалық мәлімет бойынша, республикадағы мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы 30,1 млн гектар. Бұл ел аумағының 11,2 %-ын алып жатыр. Оның ішінде, орманмен қамтылған жерлер 13,6 млн гектарды құрайды, яғни орман қорының жалпы ауданының 44,6 %-ы.

Алайда Қостанай өңіріндегі ауқымды өрттің салдарынан ондағы орман көлемі 32,0 мың гектарға жуық азайған. Елге шамамен 4,4 млрд теңгенің залал келтіріп отыр. Бұл жағдайды эколог ғалымдар ғаламдық қасіретке балаған еді. Сонымен қатар, Шығыс-Қазақстан облысы аумағында туындаған орман өртінен де орман көлемі 6,0 мың гектарға кеміген.

Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бас сарапшысы Толқын Нұрәбіловтің айтуынша, шығыс өңірдегі өрт 11,1 мың гектар жерді шарпыса, оның 6,5 мың гектары – орманды алқап. Тілсіз жау барлығы 1 миллиард 63 миллион 500 мың теңгеге шығын келтірді.

«Ағаш жапырағымен, жер топырағымен көрікті» дейді дана халқымыз. Табиғат көркейіп, желегі жасыл тартса, адамның да тынысы кеңеймек. Ал «жасыл желекті өлкеге еліміздің қай өңірлері жатады?» деген сұраққа келсек, ормандар Қазақстанда әркелкі орналасқан. Орман өсімдіктерінің түрлері табиғи аймақтардың әртүрлілігіне байланысты.  

Мысалы, шөлді аймақта сексеуіл ормандары көп өседі. Таулы ормандардың негізгі бөлігі қоңыр қылқанды Алтай, Жоңғар және Іле Алатауының екпелерінен тұрады. Ал дала және орманды дала аймақтарының жазық бөлігінде қайың-көктеректен тұратын шоқ ормандар, қарағайлы ормандар, Ертіс өңірінің жалды ормандары өседі.

Экология министрлігінің мәліметіне сүйенсек, еліміздегі ормандардың құрамында 50,5 пайызын сексеуіл тоғайы құрайды, шөлді және далалы аймақтарда орналасқан бұталы екпелер – 22,5 %. 

Ең құнды қылқан жапырақты ағаштар 13,5% болса, жапырақты ағаштар 12,5% оңтүстік және шығыс таулардың, солтүстік және орталық шағын адырлардың (аласа тау) баурайларында, Ертіс өңірінің құмды аумақтарында, өзендердің гидроморфты алқаптарында орналасқан. Демек, еліміздің шөлді аймақтарында сексеуіл, таулы ормандардың негізі бөлігінде қоңыр қылқан жапырақты ағаштар болса, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында майқарағай, самырсын, балқарағай және шырша сияқты, ең құнды қылқан жапырақты ағаш түрлері бар. Жапырақты ағаштар, оңтүстік және шығыс тауларында және Солтүстік пен орталық облыстарда кездеседі.

Жалпы, еліміз бойынша 122 орман шаруашылығы (облыстық әкімдіктердің қарамағында), 40 ерекше қорғалатын табиғи аумақ (ҚР ЭГТР орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті қарамағында) бар. Әкімдіктерге қарасты орман шаруашылықтарында 9264 адам, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда 8165 адам, жалпы алғанда 17429 орманшы қызмет істейді.

Орманшылар әулеті

1931 жылдан бері ерекше қорғалып келе жатқан территория – Қостанай облысының Науырзым және Әулиекөл аудандарында орналасқан 191 381 гектар жерді қамтитын «Науырзым мемлекеттік табиғи қорығында» да қылқан жапырақты қарағайлар аз емес. Табиғи қорықта жиырма жылға жуық еңбек етіп жүрген орманшы Рахан Бекенов тәуелсіздік алған жылдардан бері мұндағы орманның көлемі көбеймесе, азаймағанын айтады. Керісінше, орман алқабы кеңейіп жатыр екен.  

‒ Өсіп-өніп, сыртқа қарай жайылып өскен ағаштар Науырзым ауылына дейін жетті. Бұрын бұлай болмаған. Қорықтағы ағаштардан ең құндысы – қарағай. Оттегіні жақсы бөледі, адамның денсаулығына өте пайдалы. Оның мұнда үш түрі бар. Бізде Аманқарағайдағы қарағайлармен салыстырғанда, шайыры мол, майлы әрі екі адамның құшағы жетпейтін көп жылдық қарағайлар. Олардың жуан бұтақтары төмен қарай салбырап, ағаш тамырларын көлеңкелеп жауып, ыстықтан қорғап тұрады. Қарағайлардың көп жасайтыны да содан. Сонымен қатар, көктерек, үлкен және кіші шілік ағашы, дала доланасы, жабайы қарақат, шие, тобылғы ағаштары бар, ‒ дейді қорықшы Рахан Бекенов.

Бір қызығы, Бекеновтер отбасы тұтас әулетімен орманшылар. Бұл кәсіп атадан-балаға жалғасқан мұра іспетті. Аталары Бекен Науырзым қорығы құрылғаннан бастап қорықшы болып еңбек еткен. Одан бері қарай баласы Өтебай Науырзым қорығы «Сып-сын» орман шаруашылығында 1940 жылдан бастап қорықшы болған. Әкесі Бекен дүниеден озғаннан кейін, жас болса да жұмысқа кірісіп, еңбек жолын ертерек бастаған.

‒ Ол заманда техника құралдары жоқ, жұмыс істеу үшін ауыр кезең болатын. Өзінің қызметтік міндетін орындауда салт атпен орман аралап, қай жерде құстың ұясы бар екені туралы бәрін нақты білетін. Балаларын қасына ертіп, ат арбаға отырғызып алып, қоршаған ортаны көрсетіп, бала кезден осы іске баули бастады. Әкемізден орақпен шөп орып, көлдерді аралап, құстарды санап және олардың түрін ажырату сынды жұмыстарды көріп үйрендік. Науырзымда халық көп тұрды, ол кезде аудан орталығы болатын. Қорық ерекше қорғалатын табиғи аумақ болған соң, мұнда мал кіргізбеу үшін таңертең ертемен орманды атпен аралап, аң-құстардың тыныштығын бақылап, жұмысын атқаруға кететін. Ол кезде көлде су мол, құс деген көп еді. Қайықпен жүріп ау құрып, балапандарды ұстайды. Олардың аяқтарына сақина салады, салмағын өлшейді. Қанатының ұзындығын, тұмсығының ұзындығын өлшеп, қойын дәптеріне жазып қоятын. Өжет, батыл кісі болды. «Ер қанаты – ат» дегендей, қорықшыларға мінетін 4-5 жастағы асау аттарды әкем Өтебай үйрететін. Осындай адал еңбегі үшін бірнеше мадақтама қағаздар алып, қымбат сағат пен «Жақсы қорықшы» медалімен де марапатталды. Әкем табиғатты ерекше жақсы көретін, ‒ деп еске алды 2006 жылы өмірден озған әкесін Рахан Бекенов.

Ағайынды Бекеновтер

Қазіргі таңда Бекеннің немерелері Өтебайұлы Рахан, Оразхан, Нұрлан және ата жолын қуған шөберелері Нұрланұлы Жасұлан, Еркебұлан да қорықтың таза табиғатын сақтап, келешек ұрпаққа аманат ретінде қалдыру үшін еңбек атқаруда.

Орманшы Нұрлан Бекенов «Тұңғыш балам Жасұлан жанымда, өзім сияқты осы қорықта инспектор болып жұмыс істеп жатыр. Балаларымның таңдауына қарсы болған жоқпын. Қайта өз елімізге пайдасын тигізеді деп түйдім. Жұмысымыз өзімізге ұнайды», ‒ дейді.

Оның 1992, 1995, 1997 жылғы үш ұлы осы саланы таңдаған. Ортаныншы баласы Еркебұлан да алғашқы жұмысын Науырзым қорығынан бастап, қазір 16260 гектар орман алқабы бар «Пригородное орман шаруашылығы мекемесінде» басшы болып жүрсе, кенже баласы Бағлан да Қостанайда техникумда орман шаруашылығы мамандығына оқып жатыр. Еркебұлан Ш.Уалиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде «Орман ресурстары және орман шаруашылығы» оқуын тәмамдап, қазір Қостанай ауыл шаруашылық колледжінде білімін жалғастыруда.

Жалпы, Еркебұлан еңбек етіп жүрген орман шаруашылығы мен әкесі және ағалары жұмыс істеп жүрген қорықтағы шаруаның айырмашылығы неде? Бұл туралы Рахан Бекенов былай деп түсіндірді: «Орман шаруашылығында ағашты егеді, шіріген ағаштарды алып тазартады немесе кесіп тастайды. Сосын орнына жаңадан ағаш егеді. Мысалы, отын дайындау үшін территорияны өзгеге бере алады, яғни ағашты отынға сата алады. Ал қорықта ештеңе алуға рұқсат жоқ. Ағаш алуға, шөп шабуға, мал ұстауға, аңшылық жасауға болмайды. Қорықтағы ағаш құлаған күйі жата береді, шіриді. Оған аралар ұялайды, құрт-құмырсқалар илеуін салады. Өйткені бұл жәндіктер үшін өте керек».

‒ Осы жердің табиғатын әлі күнге дейін қимаймын. Қалада тұрып жатқан балаларыма жақынырақ болу үшін қалаға көшіп баруыма болар еді. Оның үстіне, қыста өрт сөндірушілер де ауылдан кетеді. Қар көп жауып, жүретін жол болмай қалады. Сол кезде біз жалғыз үй болып отырамыз. Соған қарамастан, туған мекенді қимаймын. Осы жердің таза ауасы, тыныштығын аңсап тұрамын. Орманды атпен аралап келсем, сол маған ғажайып демалыс», – дейді Рахан аға.

Қазір туған өлкесі үшін пайдасын тиігізіп жүрген орманшы Бекеновтер әулетінің фотосы Науырзым ауданының орталығы Қарамендідегі музейге қойылған.

Керек дерек:

Мемлекет басшысының  2025 жылға дейін мемлекеттік орман қоры аумағында 2 млрд ағаш, елді мекендер мен қалаларда 15 млн ағаш отырғызу және Арал теңізінің құрғаған табанында  1,1 млн гектар аумақта сексеуіл екпелерін отырғызу жөнінде жұмыстар қолға алынуда.

Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері орман қорының ауданы 6 млн гектарға (25%) ұлғайды.

Қазіргі уақытта  мемлекеттік  орман қорының  жалпы ауданы 30,1 млн гектар (1991ж. – 24,0 млн.га), оның ішінде орманмен қамтылған жерлер 13,3 млн гектар жерді (1991ж. – 10,2 млн. га) немесе 44,3% құрайды.

Тәуелсіздік алған жылдары ел аумағындағы орман көлемі 3,9%-дан (1991ж.) 5,0%-ға (2022ж.) өсті.

Бүгінде Қазақстан Республикасы Үкіметі бекіткен 2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл Қазақстан» ұлттық бағдарламасы аясында, тұрғындардың қолайлы өмір сүру ортасын құруға, елдің экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталаған іс-шаралар атқарылуда.

Автор: Нұрсұлу Мырзахметова, журналист

Фото: Бекеновтердің отбасылық архивінен

11Қаз

National Geographic шығармашылық тобы дайындаған журналымыздың кезекті саны қолдарыңызға тигеніне қуаныштымын!

Журналымыздың осы санында басынан бұлт арылмаған Ауғанстанның қазіргі ахуалы туралы мол мағлұмат алуға болады. National Geographic тілшілері құрылысы сонау 1950-60 жылдары басталып, биліктің алма-кезек ауысуы мен сұрапыл соғыстардың кесірінен қайта-қайта бүлініп, ақыры толық аяқталмай қалған Ауғанстандағы ең үлкен автокөлік жолының өне бойымен жүріп, тұтас ауған елінің жағдайынан хабардар етеді.

Біз, адамзат баласы, өзімізді Жер бетіндегі ақыл-ой мен жоғары санаға ие бірден-бір ерекше жаратылыс иесі санаймыз. Солай болған соң өзге тіршілік иелерінде болуы мүмкін сана көріністері көбіне олардың өсіп-өнуі мен ұрпақ қалдыру мақсатындағы табиғи түйсіктеріне жатқызылып, ғалымдар оны терең ғылыми зерттеу нысанасы ретінде қарастырған жоқ.

Бірақ соңғы жылдары зерттеушілер кейбір жануарлар біздің сан қилы сезімдерімізден кем түспейтін эмоцияларға ие екенін көбірек айта бастады. Сондықтан біз бүгін осы бағыттағы зерттеушілердің қызықты тәжірибелерімен бөліскен, аң мен құстың сана түкпіріне үңілткен «Ақылды жануарлар. Олар не ойлайды?» деген тақырыптағы ғылыми-танымдық мақаланы назарларыңызға ұсынып отырмыз. Бұл зерттеулер табиғатпен етене байланыста болған халқымыздың алдындағы малы мен түз тағыларына қатысты таным-түсініктерін де растай түсетіндігімен қызықты деп ойлаймыз.

Ойлы оқырманымызды журналымыздың келесі қараша айындағы санында да мазмұнды мақалалар күтіп тұрғанын құлаққағыс еткім келеді. Соның бірі ежелгі Мысыр мәдениеті мен тарихына, әйгілі Тутанхамон перғауынға қатысты деректерге толы болмақ.

Ендеше, бізбен бірге болыңыз, қадірлі оқырман!

Құрметпен,

бас редактор Еркін Жақыпов

8Қаз

Сарайшық елді мекенінен 20 шақырым жерде жаңадан анықталған Қарағайлы мекенінен қыш ыдыс сынықтары, сәндік әшекей бұйымдар, мыс тиындар табылды. Бұл туралы ғалымдар Махамбет ауданында «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен «Көне керуен жолдары және оның бойындағы археологиялық ескерткіштерді зерттеу мәселелері» тақырыбында өткен далалық семинарда айтты, деп хабарлады Атырау облысы әкімдігінің ресми сайты.

Семинарға арнайы келген отандық және ресейлік ғалымдар керуен жолдарын барлау барысында «Канал», «Шойтас», «Құлпытас», «Ащысай» тұрағы және жаңадан анықталған алтынордалық «Қарағайлы» мекеніне барған.

Археолог Мадияр Елеуов және Вячислав Плахов бұл аймақта сауда жолы бойында үлкен мекен болғандығын айта келе, табылған ғимарат кесене деген пікір білдірді. Сонымен қатар, нумизмат Павел Петров табылған тиындар Өзбек хан кезеңіне жататындығын нақты айтты. Археолог Марат Қасеновтің пікірінше, бұл аймақта Сарайшықтан кейін күйген кірпіштен жасалған осындай кешен алғаш кездесіп тұр.

– «Қарағайлы» мекенінің батыс жағында шамамен 4-5 ғимарат орны төбешік күйінде байқалады. Оның біреуін зерттеген кезде қыш және саман кірпішпен аралас тұрғызылған ғимарат орны анықталды. Екі бөлмеден тұратын ғимараттың үлкен бөлмесінің көлемі – 4,8х4,8 м, кіші бөлме көлемі – 4,8х2,4 м. Қабырғасының қалыңдығы – 1,25 метр болса, сақталынған биіктігі – 80 см. Бөлмелердің еденіне қыш кірпіштер төселген. Сонымен қатар осы аралықта аз мөлшерде тас еңбек құралдарының жаңқалары да кездесті. Мұнда мәдени қабаты бойынша біраз халықтың тұрғанын байқауға болады. Ғимарат шамамен ХІV-XVІ ғасырға, Алтын Орда кезеңіне жататыны анық байқалады. Бұл Сарайшық пен Сарай Бату, Қажы Тархан арасындағы алғашқы ірі ескерткіш деп саналады,- деді музей-қорықтың бас инспекторы, археолог Айбек Тұрарұлы.

Ал сарайшықтанушы, археолог Вячислав Плахов картада керуен сарайлар көрсетілгенімен, бұған дейінгі зерттеу жұмыстары кезінде кездеспегенін жеткізді.

– Бұл біздің ең алғашқы табысымыз. Нысан батысқа жол тартқан саудагерлердің тынығуына таптырмас орын болғандығымен ерекше. Қайта жасақтауға болатындай күйде сақталған. Сондықтан көп уақыт созбай жұмыстарға кірісу керек. Әрине, мұның бәрі қаражат пен қажырлы еңбекті талап етеді,– деді сарайшықтанушы, археолог Вячислав Плахов.

«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдеи музей-қорығының археологтары былтырдан бері Ұлы Жібек жолының тармақтарын зерттеп келеді. Жүйелі жұмыстар жүргізудің нәтижесінде биылдың өзінде 10-нан астам алтынордалық тұрақ табылған.

Дереккөз: Атырау облысы әкімдігінің ресми сайты.

4Қаз

Соғыс миллиондаған йемендіктің өміріне қауіп төндіріп тұрғанда тарихшылар, археологтер ежелгі мәдениет нысандарын сақтау үшін күресуде.

Йемен астанасы Санада жұмысшылар Әл-Джарафи отбасы иелік ететін 350 жылдық саз кірпішті резиденцияны қайта тұрғызды. 2014 жылдан бері көтерілісші хуситтер бақылауындағы қала Сауд Арабиясы мен БАӘ бастаған коалиция күштерінің әуе шабуылдарына ұшырап тұрады. 2015 жылы болған бір шабуылда 150 жыл Әл-Джарафи отбасының иелігінде болған үйге зақым келді.

Шаңды аңғардың түбінде тұрып, асқақтаған алып құрылысты көру үшін мойнымды создым: шамамен 2500 жыл бұрын теп-тегіс жонылып, балшықсыз қаз-қатар қаланған, шөл даланың зеңгір көгіне қарай 15 метр созылған тастар.

Қазіргі Йемен жерінде осы Ұлы Мариб бөгеті салынған кезде оның топырақ-тасты қабырғалары Хувер бөгетінен екі есе дерліктей үлкен аумақты алып жатты. Сақталып қалған зор шлюздер Йеменнің биік тауларынан 9600 гектардай бос алқапты алатын ауылшаруашылық оазисін нәрлендіре отырып, шығыстағы күн күйдірген шөлге қарай ағатын жаңбырлы маусымдардың су ағынын бақылауда ұстайтын күрделі жүйенің бір бөлігі болған. Соның барлығының ортасында гүлденген экономикалық орталық – Сабаның астанасы Мариб қаласы бар еді. Бұл патшалықтың атақ-даңқы Құран мен Інжілде аты Шеба патшайымы деп аталатын, әйгілі көшбасшы Билкистің атымен көбірек танылған. Марибтің ең дамыған шағында, б.д.д. 8-ғасырдан бастап осы бөгет Сабейдің астана әрі шөлдеген түйелер мен ашыққан саудагерлер үшін азығы мен суы мол аялдама ретінде гүлденуінің себепкері болды.

Кәдесый сататын жас саудагерлер туристер көп жиналатын Кавкабан алдындағы қиыршық тас үйілген кіреберісте келушілерді күтіп, ойнап жүр. 2016 жылдың ақпанында жасалған әуе шабуылында мыңжылдық рабат қирап, жеті адам опат болды.

Патшалық Арабияның оңтүстігінде гүлдей жайнады, Үндістаннан Жерорта теңізіне дейін созылған жұпар иісті сауда жолының қақ жүрегі саналатын осы жерде қарамай, мирра және басқа да хош иісті шайырлар саудаға түсетін. Саба да керуендік экономиканың аса маңызды нүктесі болды. Мұнда Шығыс пен Батыс арасында тасымалданатын піл сүйегі, інжу, жібек мата және құнды ағаш түрлері тәрізді бағалы заттарға салық салынатын.

Марибтің қазіргі байлығы – осы аттас провинцияның құм-топырағы астындағы мұнай-газ қоры. Бұл қаланы йемендік хусит көтерілісшілері мен хуситтер экспансиясына қарсы жергілікті күштерге қолдау көрсететін Сауд Арабиясы мен БАӘ басшылық ететін коалиция арасындағы соғыстың стратегиялық нысанасына айналдырды. Йеменде осы соғыстың тұтанғанына 8 жыл болды. Ежелгі астана 2020 жылдан бері басты майдан алаңы әрі Йеменнің халық­аралық мойындалған үкіметінің соңғы астаналық бекінісі болып келеді.

Хуситтердің басқыншылығы салдарынан үй-жайынан айырылған балалар Марибтің шетінде, шөлдегі босқындар лагерінде ағаш айналасында уақыт өткізіп жүр. Бір кездері дүркіреген ежелгі Саба патшалығының астанасы болған Мариб мүлгіген мұнайлы қаладан азамат соғысының алғы шебіне айналды.

Бөгеттің тоспа желісінің сақталған қабырғалары бойымен алып құрылысқа тамсана, мыңдаған жыл бұрын Арабияның оңтүстігіндегі гүлденген шаһардың қажеттіліктерін қамтамасыз етуге керекті кешенді логистикаға таңырқай серуендеп келемін. Артынша таяу маңдағы таулардан артиллериялық атыстың таныс дауысы аңғарды жаңғырта естілді.

«Естідіңіз бе?» Йемендік көмекшім әрі аудармашы Аммар Дервиш сыбырлай сұрады. Келесі жарылыс шамалы қаттырақ естілді және сұрақ қайталанбай тұрып жауап қаттым. «Иә, естідім».

Жергілікті тайпаластардың тойына қатысушылар шамамен 3000 жылдық Аууам храмының орнына келді. Ежелгі сабалықтар мұнда суландыру және жер игеру құдайы Алмақаһқа табынатын. Марибтегі храмдарға қауіп төніп тұр, өйткені хуситтер қаланы жаулап алуға тырысуда.

Йемендегі қазіргі соғыс оның тарихи қазыналары үстінде жүріп жатыр. Оның ежелгі патшалықтары – Саба, Катабан, Майн, Хадрамаут, Химьяр, Аусан – Араб түбегіндегі өркениеттің қайнаркөзі. Бұл тарих гидравликалық инженерия ерлігінен егжей-тегжейлі жазбаларға дейінгі көпес халық пен кешенді, отырықшы өркениет туралы баяндайды.

Соғыс 2014 жылы солтүстіктегі көтерілісші хуситтер бұрынғы президент Али Абдалла Салехтың жақтаушылары көмегімен ел астанасы Сананы басып алған кезде басталды. Оның ізбасары Абдраббух Мансур Хади үйқамаққа алынды. Хади Сауд Арабиясына бас сауғалап қашып, бұл Саудия корольдігінің АҚШ пен басқа да Батыс елдерінің демеуіндегі өңірлік коалиция қолдауымен әуе шабуылдарын бастауына әкелді. Барлық тарап өздеріне тәуелді 30 млн тұрғынды ойлап жатқан жоқ, йемендіктер мен олардың тарихи мұрасына да қауіп төніп тұр.

СОЛ ЖАҚТА: Хувер бөгетінен екі есе ұзын Ұлы Мариб бөгеті б.д.д. алғашқы мыңжылдықта салынған және Йеменнің шығыстағы шөлінде мың жылдан астам тіршілік нәрін берген. Бүгінде тек биік әктастан салынған шлюздер қалған; Солтүстік шлюз 2015 жылы коалиция күштерінің әуе соққысынан бүлінген. ОҢ ЖАҚТА: Осы маңдағы Әл-Равдах босқындар лаге­рінде өмір сүріп жатқан жас жігіт қазіргі Мариб су қоймасының жағалауында тұр. Соңғы соғыс оты тұтанған 8 жыл ішінде коалиция күш­терінің әуе соққыларынан 19 000-нан астам йемендік жарақат алған не ажал құшқан. 4 млн-нан астам адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған.

Әуе соққыларынан музейлер жермен-жексен болған. Бірнеше буын ұрпақ өмір сүрген жүздеген көпғасырлық отбасылық үйлер, Исламға дейінгі храмдар бомбаның астында қалды, суфилік қасиетті жерлерді әскери содырлар қиратты. Осындай жағдайда аз, бірақ өз ісіне адал йемендік тарихшылардың, археологтер мен басқа да ел тарихына бейқам қарамайтын жандар ұлттық музейлерде, қоймаларда және әлі де топырақ астында бүркеніп жатқан Йемендегі көненің көзі саналатын ата-баба жәдігерлерін сақтап қалу бойынша астыртын миссияны орындауда. Олар өз жерлестерінің және қақтығыс салдарынан қоныс аударған миллиондаған адамдардың мүддесін есте ұстай отырып, бүгінгі ең өзекті мәселе – соғыс өртінен аман қалуды ойлаған йемендіктердің келешегі үшін күш жұмылдырған.

Автор: Иона Крейг, фото: Мойзес Саман

Мақаланың толық нұсқасын 2022 жылғы қыркүйектегі журналдан оқи аласыз

29Қыр

Шибөрілер, аюлар, жанаттар мен басқа да жануарлар тіршілік ортасының тарылуы себепті қалалық өмірге тапқырлықпен бейімделіп келеді.

Радио-қарғы тағылған шибөрі Чикагода теміржол көпірінен өтіп барады. Бұл жақты 4000 дейін батыстық шибөрі мекендеп алған. Зерттеушілер қалалық аңдардың далалық туыстарына қарағанда қиындық­тарды еңсеруге епті келетінін анықтап отыр.

АҚШ пошта қызметінің курьері пошта көлігінен түсіп, қолына хаттарды ұстаған күйі көшеден өтіп барады. Мұнда тұрған оғаштық жоқ. Бірақ пошташы бірнеше метр жерде жүресінен отырған үлкен америкалық қара аюды (Ursus americanus) байқамаған сияқты.

Сол жақта сым торлы қоршаудың артында штатаралық 240-шы автомагистраль гүр-гүр етеді. Солт. Каролинадағы Эшвилл қаласының орталығынан 1 шақырымға жетпейтін жерде тротуар бойымен осы ауданға қарай дендей еніп бара жатқан аю үшін бұл жай ғана қалыпты шу секілді.

Солт. Каролинаның қала және қала маңы аюларын зерттеуші топ күрежол бойында тағы бір жаңалық ашты: қисайған күміс түсті үйеңкі ішіне терең апан салыныпты. Зерттеу жобасында қадағалауға алынған жүзден аса аю арасындағы №209 радио-қарғы тағылған кірекей небәрі бірнеше метр жердегі үздіксіз көлік ағынына қарамастан, қысқы ұйқыны осында өткізіпті.

Жобаның басталғанына 8 жыл болды. Қара аю жөніндегі солтүстіккаролиналық биолог Коллин Олфенбюттель көше шуынан асыра айқайлап: «Бұл аюлар мені әлі таңғалдырып жүр», – деді. Әріптесі ағаш ішіндегі апанды өлшеп жатқанда ол сатыны ұстап тұрды. Бұл – қара аюларды зерттеген 23 жыл ішінде ол көрген ағаштағы ең үлкен апан. «Олар біз ойлағаннан әлдеқайда бейімделгіш». Шын мәнінде, қара аюларға Эшвилдегі тіршілік ұнап қалғанын елестету қиын. Халық саны 95 мыңнан асатын, Blue ridg тауы баурайында орналасқан осы прогрессивті қалада тапа-тал түсте аюлар көше кезіп, террасалары мен ауызғы үйлеріне кіріп кетеді. Кейбір тұрғындар оларды жақсы қарсы алады.

Қара аю Калифорния штатының Саут-Лейк-Тахо қаласында тастанды үйдің астындағы апанынан шығып келеді. Мына курорттық қала аюлардың жабайы табиғаттағы­дан гөрі аз күш жұмсап-ақ көбірек қалған-құтқан тамақ табуына мүмкіндік береді. Нәтижесінде қалалық аюлар жабайы табиғаттағыларынан 25 пайызға семіз.

Эшвилде және басқа жерлерде қалалық аюдың пайда болуына жер пайдаланудың өзгеруі, адамдармен көрші тұрғанда қолжетімді болатын «дәмхананың» еліктіруі сынды үдерістер ықпал етті. Осы жайттар Солт. Америкада қара аю санын шамамен 800 000 басқа дейін арттырды. Қалалар мен қала маңының ұлғаюы да аюлар тіршілік ететін үлкен аумақтарды жұтып, оларға адаммен көрші тұруға бейімделуден басқа амал қалдырмады. Бұл – АҚШ-та және әлемдегі қалалық жерде болып жатқан үрдіс әрі ол қара аюларға ғана тән емес. Көптеген сүтқоректі мекен ауыстырып, қаладағы тіршілікке машықтанып, мінез-құлығын да өзгертуде.

Дәл қасымыздағы жаратылыс иелерін зерттейтін ғалымдар көбейген сайын жаңалық та көбеюде: жануар­лардың қала өміріне бейімделуі тіпті ерекше. Шибөрілер көшеден өтерде айналасына қарайды. Қара аюлар қоқыс шығатын күнді біледі. Жанаттар қоқыс жәшігінің бауын шеше алады. 2020 жылы алты құрлықта қалалық жабайы табиғатты зерттеген 83 зерттеуге шолу қалалық сүтқоректілердің 93%-ы өздерін далалық туыстарынан өзгеше ұстайтынын көрсетті. Осы аңдардың көбі – еуропалық орқоян, жабайы қабандар, резус-макактар мен шамшат сусарлары тәрізді сан алуан түрлер адамға ұшыраспау үшін түнде белсенді болады. Олар табиғи коректерін адам азығымен кеңейткен, ал тұратын жерлерінің аумағын әлдеқайда кішірейткен. Экологтер айтады: арамызда тіршілік етіп жатқан жануарларды жақсы білген сайын, осы қалалық келімсектермен де қарым-қатынас дұрыс болады.

Сан-Францисконың Голден-Гейт паркінде жанаттар аңдарды тамақтандыруға тыйым салатын заңға қарамастан, оларға үнемі азық әкелетін бір тұрғынға назар аудара тік тұр. Қолдың азығына тәуелді болып бара жатқан жанаттардың ауру тарату, көлікке соғылу және тамақ беру тоқтаған кезде өлу ықтималдығы жоғары.

Эшвилдегі фаст-фуд мейрамханалар мен қонақүйлер қатарының артындағы орманды алқапта Дженнифер Струлс пен екі әріптесі қара аюды гуманды әдіспен аулауға арналған қақпанды қонақүйдің көлік тұрағы жанындағы орынға сүйреп келеді. Олар осы ауданда тұратын үш қонжығы бар кірекейді ұстап алудан үмітті.

Солт. Каролина штаты университетінің балық кәсіпшілігі, жабайы табиғат және табиғат қорғау биологиясы бойынша Ph.D студенті Струлс кеше пісірілген нан қорабын ашты – бұл иісшіл иттен де артық иіссезгіш жануарды шыдатпайтын жем. Аңдыған аңы түссе, кірекейді ұйықтатып, бұдан бұрын таққан радио-­қарғысын ауыстырады.

Жабайы табиғат биологі Николас Гулд жетекшілік ететін қала және қала маңындағы аюларды зерттеу жобасының 1-кезеңі радио-қарғы тағылған жүзден астам аюдан алынған деректер қалалық және далалық аюлар арасындағы қызықты айырмашылықтарды көрсетті. Бір-бір жарым жастағы қалалық кірекейлер далалыққа қарағанда, екі есе дерлік ауыр тартқан. Кейбір екі жасар қалалық кірекей қонжық туса, сол жастағы дала аюларының ешбірі тумаған. Алайда қалалық аюлардың 40%-ы төрт жылдық зерттеу кезінде көз жұмған, өлімнің негізгі себебі – көлікке соғылу. Зерттеушілер айтқандай, бұл кезеңде аюлар үшін Эшвилдегі өмір жақсы ма, жоқ па, белгісіз. Басқа зерттеулер әлдеқайда екіұшты картинаны көрсетеді. Эшвилдегі аюлар секілді Коларадо штатының Дуранго мен Аспен қалаларындағы, сондай-ақ Невада штатындағы Тахо көлі маңындағы аюлардың да салмағы әлдеқайда ауыр және қонжықтары да көбірек, бірақ қонжықтарының аман қалу көрсеткіші төмен, сондықтан таза популяция­лары қысқарып кеткен. Қонжығы көп семіз аюды көру қала мен қала маңының ұлғаюы аңдарға жақсы болғандай әсер беруі мүмкін, бірақ шындық басқаша. Адам мен аюдың үй­­лесімде тіршілік етіп жатқаны да ақиқаттан алыс. Эшвилде де олай емес. Соңғы жылдары мұнда аюлар үй жануарларын өлтіріп, кемі бір адамды жарақаттаған.

Айналадағы таулардан аю ағылған Солтүстік Каролинаның Эшвилл қаласында биологтер дәрімен ұйықтатқан аюды тексеруде. Аюлармен қақтығыстарды барынша азайту үшін тұрғындар зерттеуді бақылауға шақырылады.

Халықтың жабайы көршілерімен қалай қауіпсіз бірге тұра алатынын білу үшін Струлс бір сынақ өткізуді жоспарлап отыр. BearWise танымдық жобасы бойынша қаланың екі орамы зерттеу нысанасына алынады. Жуырда ел бойынша жүзеге асырылатын бастама үй жануарларын жетекпен алып жүру, қоқысты дұрыс орнату, құсқа арналған жем-астауларды алып тастау, аңға жақындамау, тамақ бермеу тәрізді әрекеттерді ынталандырады. Басқа екі орамға ешқандай танымдық материал берілмейді, олар эксперименттің бақылау тобы болады.

Струлс барлық 4 аумақтағы радио­қарғылы аюларды бақылау арқылы BearWise жобасы ұсынған тиімді әдістер халықтың мінез-құлқын өзгертіп, шағымын азайта ма, жоқ па, білгісі келеді. Дуранго қаласында зерттеушілер бір қадам алға озып, аюдың қауқарына төзімді мыңнан аса қоқыс контейнерін таратты. Осы қоқыс контейнерлерін пайдаланған үйлерде проблемамен қақтығысу 60%-ға азайған. Бірақ кей адамдар аюлардың артқы аулаларына келгенін қалайды. Мәселен, Дженис Хусебо аюларға отбасы мүшесіндей қарайды. 22 жыл бойына ол Эшвилдің орталығынан солтүстік-шығысқа қарай орналасқан үйінің террасасына құстың астауына жем салып, аш аюларды тамақтандырып келеді. «Мені аюдың тілін біледі деп атайтын достарым бар», – дейді Хусебо есік алдында екі қонжығымен жүрген кірекейге аңтарыла қарап тұрғанымызда.

Эшвилдік Кей және Дэвид Картердің артқы ауласында қонжықтар ойнап жүр. Үй иелері оларға әткеншек жасап қойған. «Эшвилл аюларға үлкен толеранттылық­пен қарайды, – дейді жабайы табиғат биологі Колин Олфенбюттель, – бірақ мен олар аюларды өлгенше жақсы көре ме деп қорқамын».

Бірақ жабайы табиғатты қорғаушылар аюларға тамақ беру жарақат алу тәуекелін күшейтіп, бұл осы жануарларға деген төзімділікті төмендететінін ескертеді. Осы екі себеппен жергілікті округ мұндай практикаға тыйым салатын қаулы шығарған. Струлс те Хусебо сияқты эшвилдіктер аюларды жақсы көретінін мойындайды және өзінің зерттеуі бұл жануарлармен бірге өмір сүрудің олар үшін де, өзіміз үшін де ең тиімді жолын ұсынады деп үміттенеді. «Жабайы табиғат бәрімізге ортақ, бірақ біз аюлардың жабайы болып қалғанын қалаймыз», – дейді Струлс.

АВТОР: КРИСТИН ДЕЛАМОР
ФОТО: КОРИ АРНОЛЬД

Мақаланың толық нұсқасын журналдың 2022 жылғы шілдедегі санынан оқи аласыз.