31Нау

Бет әлпетін қайта тапқан төрт мың жастағы бассүйек

Бұл әйел шамамен төрт мың жылдай бұрын қазіргі солтүстік-шығыс Швеция аумағында өмір сүрген. Марқұмның бет-әлпетін реконструктивтік археология саласының майталманы Оскар Нельсон қалпына келтірген.


Тас ғасырында жерленген мына әйел бір кездері солтүстік Швецияның ну ормандарында ғұмыр кешкен екен. Жақында археологтар оның бет-әлпетін реконструкциялады.

Бұл әйел төрт мың жыл бойы солтүстік-шығыс Швецияның қалың орманындағы тас қабірде жатқан. Ол тұтасқан қалың ағаш ішімен және Индальсельвен өзенін бойлай үдере қоныс аударған аңдардың ізінен еріп отырса керек. Беймәлім себеппен отыздың о жақ, бұ жағында көз жұмған оны жетілер шамасындағы баламен бірге көміпті. Әлгі бала бұл әйелдің ұлы болуы бек мүмкін.

Енді 2020 жылға көшейік. Мыңдаған жыл бұрын бақилық болғандардың бет-әлпетін балшықтың көмегімен қалпына келтіретін археолог Оскар Ниллсонге Швецияның Вестерноррландс музейінің басшылығы хабарласқан. Музейдің иелігінде Лагмансорен атауымен белгілі ауылдан 100 жыл бұрын қазып алынған екі адам қаңқасы бар еді.

Тас ғасырына жататын бұл екі қаңқа – Швецияның осы аймағынан табылған ең көне қаңқалар. Мұндағы қатал табиғат мүрденің бүтін сақталуына мүмкіндік бермейтін. Музей адамдардың Швецияда тұрып жатқан 9 500 жылдық өмірін көрсететін экспозиция құрастырып жатқандықтан, келушілерге солтүстіктің ең кәрі адамының бет-әлпетін – лагмансорендік әйелді көрсеткісі келіпті. Бірақ оның түр-әлпеті қандай болғанын қалай білуге болады?

Әйел бассүйегінің дәл көшірмесі 3D-принтер көмегімен істелген. Бет бұлшықеттері балшықтан жасалған. Тіннің қалыңдығын көрсететін істікшелердің беті ермексаз тәріздес балшық қабатымен көмкеріледі.


Соңғы жиырма жылда Ниллсон жүзден аса ежелгі адамның түр-түсін қалыпқа келтіріп, реконстуктивтік археологияның пионеріне айналды. Әлгі адамдарға «бет-әлпет беру» оған да, осы жәдігерлерді тамашалайтын миллиондаған кісіге де өткен шаққа апаратын жолды ашады.

Ол өз жұмысын бассүйектің 3D-принтермен жасалған көшірмесіне балшықтан дайындалған бұлшықеттерді жапсырудан бастайды. Бұдан соң ол тіндердің қалыңдығын анықтау үшін ұсақ істікшелерді қадайды, тіннің қалыңдығы адамның жынысына, жасына, салмағына және этносына қарай әртүрлі келеді. Әлгі істікшелер ермексаз тәріздіс балшықтан жасалған теріні ұстап тұрады.

Марқұм келбетінің қандай болғанын оның сүйегіне қарап-ақ тануға болады екен. Тас ғасырындағы мына әйелдің бет-бейнесін жасарда Ниллсонның басында белгілі бір образ қалыптасып үлгерген еді: келіншектің бойы бір жарым метрге жетпейтін, бұл сол заман да аласа болып саналатын. Шығыңқы келген тістері оның аузына бөлекше бір форма беретін. Мұрны сәл қисық біткен: қырынан қарағанда танауы көтеріңкі келгенін байқауға болады. Көзі бетінің орта тұсына таман орналасқан. Төменгі жақсүйегі ер адамдікіндей үлкендеу екен. «Оның бойында әйелге де, ер адамға да тән ерекшеліктер тоғысқан», – дейді ол.

Ниллсон марқұмдардың бет-бейнесін жасауды қолға алғаннан бері 3D-баспа мен ДНҚ технологиялары қарыштап дамып, соның арқасында ұсақ детальдарды іске асыру мүмкін бола бастады. Жақсы сақталған сүйектен алынған ДНҚ-ға қарап шаштың, терінің және көздің түсін анықтауға болады. Бұрынырақта реконструкцияның бұл үш бөлігі долбармен ғана жасалатын, ал қазір олар ең дәлме-дәл қайталанатын детальдардың бірі болып есептеледі.

Алайда лагмансорендік әйелдің ДНҚ-сынан молырақ мәлімет алу мүмкін болмады. Есесіне Ниллсон миграцияның тарихи модельдеріне талдау жасады. Бұл келіншек жер өңдеушілердің Скандинавияға енді ғана келіп, аңшылармен араласа бастаған кезеңінде өмір сүрген. Археологтың топшылауынша, әйел аққұба өңді, қара шашты болған секілді.

Әйелдің қаңқасы жүз жыл бұрын Лагмансорен атауымен белгілі ауылдағы тас қабірден табылған. Оның қасына кішкентай бала бірге жерленген.


Жақсылап тексерілген осы процестен кейін Ниллсон екінші фазаға – өз қиялына көшеді. Адамның жынысы, терісі және тістерінен бір айырмашылығы – оның әлпеті туралы ақпарат сүйектерінде сақталмайды. «Сізге шынымен де әлдекім көзін алмай қарап тұрғандай әсер тудыруы үшін мен оның бетіне «жан бітіруім» керек», – дейді археолог.

Бірде музей қонағы жәдігердің бет-жүзін анықтап көрмекші болып еңкейіп, артынша оған тым қатты жақын келгені үшін ыңғайсыздық сезініп, шегіне түскенінде, Ниллсон өз жұмысының сәтті орындалғанын ұқты. Адамның жанары мен көшірме көз арасында жарты метрдей қалғанда, әдетте көбі осылай тіксініп қалады. «Осы кезде ми қарама-қайшы құбылысқа тап болады: оның логикаға жауап беретін бөлігі әлгінің жасанды дүние екеніне сендіруге тырысса, эмоцияға жауап беретін бөлігі оны шынайы деп қабылдайды», – деп түсіндірді Ниллсон.

Бұл реконструкцияны жасау үшін Ниллсон 350 сағатын сарп етті. Ақырында оның алдында аң терісінен киім киген әйел тұрды, оның киімін Ниллсонның әріптесі Хелена Гьерум тас ғасыры техникасына сүйеніп әзірлеген еді. Мойнына құс тырнақтарынан тізілген алқа салып, сонау төрт мың жыл бұрын ағаштардың арасымен серуен құруына кедергі келтірмес үшін шашын төбесіне түйіп алған.

Ниллсон бұл ормандарды жақсы біледі. Стокгольмде тұрған кезінде оның отбасы қабір табылған тұстан бірнеше шақырым жердегі коттеджге демалысқа барып тұратын. Ниллсон ағаш арасымен серуендеп, саңырауқұлақ теріп, бұлан не аю көріп қаламын ба деп елегізіп жүретін. Бәлкім бұл жерге бір кездері лагмансорендік әйелдің де табаны тиген болар, кім біледі?!

– ДНҚ мен 3D-баспа технологиялары – шынымен де ғажап дүние, – дейді Ниллсон. – Бірақ біздің реконструкцияланған адам жүзіне үңілген сәтіміздегі эмоциялық байланыс бәрінен биік тұрады, оны мен де, сен де – көп адам сезеді».

Ниллсон әйелдің аққұба өңді және қара шашты екенін тарихи миграция модельдеріне қарап анықтады. Ол тас ғасыры техникасымен аң терісінен тігілген киім киген.

 

Фото: ОСКАР НИЛЛСОН. Авторы: НИНА СТРОЧЛИК