28Мау

National Geographic бізге не берді?

Әлемнің 37 тілінде шыға­тын National Geographic жур­налы 2016 жылғы ақпаннан бері қазақтілді оқырман­дар­ды да сапалы ғылымита­ным­дық контентпен қуантып келеді. Ал­ты жылдың ішінде бұл жоба қа­­зақ қоғамына не берді, әу бас­­­тағы мақсат орын­­далды ма, «әттегенай» тұстар қайсы осы жөнінде National Geographic Qazaqstan журналы­ның бас редак­торы Еркін Жақыповпен әңгіме­лескен едік.

Журнал шығару – жалғыз міндетіміз емес

– National Geographic журналы Қазақстанда алғаш жарыққа шық­қанда оның негізгі мақсаты елі­міздің тұмса табиғатын, өсімдіктер мен жанжануарлар дүниесінің алуан­дығын насихаттап, пробле­ма­ларына назар аудартумен бірге экологиялық білім деңгейін кө­теруді көздеген оқуағартушылық қызметті де діттеді. Алты жылдың ішінде осы мақсатқа жете алды­ңыз­дар ма? Жалпы, бізге бұл жоба не берді?

– Сұрағыңызға жауапты сәл әріден бастайын. National Geographic – 130 жылдан астам уақыт бойы шығып келе жатқан, әлемнің 70-тен аса елінде тура осы атаумен таралатын, бет-бейнесі қалыптас­қан бренд. Мақсаты да айқын – ортақ үйіміздің алуан айшықты табиғатын, флорасы мен фауна­сының, өзен-көлдері мен мұхитта­рының ғажайыптарын терең зерт­теулер арқылы баяндап, адамзатты ойландыру, тамсандыру және сол арқылы қоршаған ортамызды сақтауға жұмылдыру. Сондықтан әрбір мақаласы адамның таным көкжиегін кеңейтіп, нақты бір са­лаларға қатысты білімін толық­ты­ратын жоғары сапалы ғылыми-та­нымдық контент ұсынады. Бұл – қазіргі тілмен айтсақ, бірегей кон­­тент. Біз ағылшын тіліндегі осы сапалы контент қазақ оқырманда­рына да қолжетімді болса деген ниетпен журналды 6 жыл бұрын қазақ тілінде шығаруды қолға алдық.

Редакциямыз журнал шыға­рудан бөлек оқу-ағартушылық бағытта да жұмыстар жүргізеді. Атап айтар болсақ, пандемияға дейінгі жылдары шетелдік және отан­дық фотографтардың туын­дыларынан тұратын, Қазақстан­ның тұмса табиғатын, қала архи­тектурасын тақырып нысанасы еткен экспедициялар мен фото­көр­мелер ұйымдастырдық. Олар­дың бірі – Жайық өзенінің эко­жүйесіне, екіншісі – киік қорғау мәселелеріне арналса, үшіншісі елорда сәулетін паш етті.

Сондай-ақ National Geographic тілшілері Марк Синнот пен Кэро­лин Дрейктің «Арал тағдыры – адам тағдыры» атты үлкен репор­та­жы Nat-Geo ресурстарында жарық көргенін де айта кетуге бо­лады.

Ақпараттық, оқу-ағартушылық бағыттағы іс-шараларымызға біз National Geographic-тің әлемге аты белгілі мамандарын шақырып тұ­рамыз. Мысалы, біздің шақыруы­мызбен Қазақстанға келген National Geographic Emerging Explorer-2020 конкурсының жеңім­­пазы Алишиа Прессел осы маусым­ның 13-16-сы күндері Көк­шетауда Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқушылары мен мұғалімдері үшін Young Explorers-2022 арнайы зерттеу курсын, маусымның 17-сі күні Алматыда «Өрлеу» ұлттық біліктілікті көтеру орталығы аясында мұғалімдер мен оқытушы-тренерлерге National Geographic-тің ғылыми-таным­дық, зерттеу ресурстарын оқу-ағарту ісінде қолдану әдістері жөнінде тренинг өткізіп, өзінің жеке тәжірибелерімен бөлісті.

Маңғыстау облысының мек­тептеріне «Оқуға құштар мектеп» жобасын қолдау аясында National Geographic Qazaqstan журналының барлық нөмірі қамтылған каталог­терін тарту етіп, мұғалімдер үшін ар­найы семинар-тренингтер ұйым­­дастырдық.

Тілдің де өз ділі бар

Қазақстандықтардың сала­лық журналға қызығушылығы қандай? Қанша оқырманыңыз бар? Жур­налды қалай насихаттап жүр­сіздер?

– Біздің оқырмандарымыздың дені – география, биология, жара­тылыстану пәндерінің мұғалімдері. Бұл бір жағынан заңдылық та. Өйт­кені онда өтірік-шыны белгісіз интернет материалдары емес, бас­қа еш жерден таппайтын әрі құн­дылығын жоғалтпайтын ғылыми-танымдық мақалалар бар. Мұға­лім­дер журналымыздағы осы ма­қа­лаларды сабақтарына қосымша материал ретінде пайдаланады. Тікелей редакциямызға хабар­ла­сады, оқушыларымен кездесулер өткізуге шақырады. Мәселен, мамыр-маусым айларында елорда мектептерінің шақыруымен үш кездесу, Жезқазған қаласы, Алматы облысы (қазіргі Жетісу) мектептерімен Zoom арқылы екі онлайн кездесу өткіздік. Келесі оқу жылы басталысымен осындай форматтағы жұмыстарды жалғас­тырамыз деп отырмыз. Бірінен-бірі естіп, әлеуметтік желіден көріп хабарласып, ұсыныс айтып жатқан мұғалім көп.

Сосын әрине, жалпы жараты­лыстану, табиғат, жан-жануарлар әлемі туралы материалдарға қызы­ғатын кез келген адам біздің оқыр­манымыз бола алады. Мұндай оқыр­мандарымыз да бар­шылық. Олар тікелей немесе әлеуметтік желідегі аккаунт­та­рымыз арқылы редакцияға хабарласып, өз пікірін айтып тұрады.

Ел өңірлеріне шығып тұ­ратын та­ри­хи-танымдық, ағар­­­тушылық сипат­тағы экс­пе­дициялары­мыз да белгілі бір деңгейде журналымызды халыққа танытуға ықпал етіп жатыр деп ойлаймыз. Жақында Ақсу-Жа­бағылы бағытында, күні кеше Алматы облысының көрікті орын­дарына экспе­диция­мызды аяқ­тадық. Мұндай экспедицияларға қоғам бел­сенділері, спортшылар, бло­герлер де қызығушылық та­нытып, қатысып тұрады.

Қазір журналдың 5 мыңға жуық данасы жазылым және бөл­шек сауда арқылы сатылса, әлеу­меттік желілерде – Instagram-да 88 мыңға таяу, Facebook-те 8 мыңға жуық оқырманымыз бар. Яғни, жалпы оқырмандарымыздың саны 100 мыңның төңірегінде деуге болады.

Журналдағы материалдар түп­нұсқадағы ағылшын тілінен ау­дарылады. Осы орайда ағылшыннан қазақшаға аударудың қандай қиын­дықтарымен (бәлкім ерекше­лік­терімен) бетпебет келдіңіздер? Бүгінге дейін сапалы аудармашылар пулын қалыптастыра алдыңыздар ма?

– Иә, біздің материалдары­мыз­дың басым бөлігі ағылшын тілінен аударылады. Бұл орайдағы талап өте күшті. Өйткені мате­риалдардың мазмұны ғылыми-танымдық, зерттеу сипатында. Жан-жануарлар мен өсімдіктер әлемін ғана емес, археология, химия, биология, экология сияқты көптеген тақырыпты қамтиды. Нақтылық керек. Әр нәрсенің әр елде әрқалай аталуымен бірге жалпы ғылымдағы атаулары бар дегендей… Осының бәріне бас редакция аса ыждаһатпен қарайды және қадағалайды. Сол мақсатта өз кеңселерінде біздің аударма­мыздың сапасын тексеретін ау­дармашы ұстайды. Сондықтан біз де аудармашылардың сапалы аударғанын қалаймыз, айрықша мән береміз. Әрбір сөздің, сөз тір­кестерінің қазақша мағынасы қаншалық дәл берілгенін қарай­мыз, тексереміз, өңдейміз. Қа­зақша ұғым-түсініктерге жақын болуын әрі негізгі мағынасынан ауыт­қымауын қаперде ұстаймыз. Өйткені тіл дегеніміз – тұтас бір организм, оның да ерекшеліктері бар. Кейде кейбір сөз тіркестерінің сөзбе-сөз аудармасы біздің қол­данысымызда мүлдем жоқ не тү­сініксіз болады. Ондай кезде ұғымы­на қарай мүлде басқа сөз­дермен мағыналық баламасы беріледі. Яғни, тілдің де өз ділі бар.

Сондықтан аудармашылар пу­лы қалыптасты ма деген сұра­ғыңыз­ға «иә» деп жауап беруге бо­лады. Соңғы жылдары біздің қоятын талабымызға жетеғабыл сапада аударатын аудармашы­лардың тұрақты тобы қалыптасып қалды.

Әу баста керемет табысты көксемедік

Сапалы журнал шығаруға қомақты қаражат жұмсалатыны белгілі. Оның үстіне, соңғы жыл­дары халық ақпаратты дәстүрлі басылымдардан гөрі көбіне ин­тернет арқылы алғанды құп көретін болды. Сіздердің журнал өзінөзі ақтай ма?

– Қазір жалпы баспасөз өзін-өзі ақтай ма деген сауал күн тәр­тібінде тұр ғой. Бұған әрине, ин­тернет дәуірі тікелей ықпал етіп отырғаны бегілі. Дегенмен сапалы, қызықты әрі ешқашан құнды­лығын жоғалтпайтын материал­дарға қай кезде де сұраныс болады деп ойлаймын. Ал интернетте қазір ақпарат шектен тыс көп. Қай­сысы рас, қайсысы өтірік екенін айырып, анығын білу қиын. Осы тұрғыдан алғанда сұрауы бар, қашанда жауап берушісін таба алатын, сайтымен бірге жұмыс іс­тейтін дәстүрлі басылым­дардың артық­шылығы бәрібір алға шы­ғады. Біздің де nationalgeographic.kz сайтымыз жұмыс істеп тұр. Іздеген адам әлеуметтік желілерден де кез келген уақытта бізді таба ала­ды. Сондықтан алдағы уақытта ойлы оқырма­ны­мыздың саны әлдеқайда көп болатынына сенеміз.

Әрине, журнал өзін-өзі ақ­тай ма дегенде, ойда екі нәрсе тұ­рады: біріншісі –қаржылық жағы, екіншісі – рухани жағы. Біз бұл журналды қазақ тілінде шығаруға бел байлағанда «осы­дан керемет табыс таба қояйық» деген мақсат болған жоқ. Соны­мен бір мезгілде бірыңғай шы­ғынға жұмыс істейік деген де ой болған емес. Ең басты мақсат журналдың әлемдік дең­гей­дегі сапасын, мазмұнын сол межеден бір мысқал да кемітпей, қазақ оқырманына ұсыну болды.

Жасыратыны жоқ, пандемия бізге де өз әсерін тигізді. Бірақ жур­нал таралымында іркілістер болғанымен, шығарылымында үзіліс болған жоқ. Ай сайын жарық көріп, оқырманымен байланысын үзбедік. Пандемиядан кейін жаңа оқырмандарының қатары арта бастағаны да байқалып отыр.

– «Журнал кейбір өңірлерге кешігіп жетеді» деген пікірлерді естиміз. Бұл проблема еліміздегі басқа да мерзімдік басылымдардың таралымына тән. Осы мәселені реттеуде қандай шаралар атқарылып жатыр?

– Иә, өкінішке қарай, қазақ баспасөзінің дамуын тежеп, аяғы­на тұсау емес, шідер болып отырған басты мәселенің бірі – осы. Сон­дықтан қалалық жерде біз тікелей редакция арқылы жазылу мүм­кіндігін де қарастырдық. Қымбатқа түссе де, жеке жеткізу қызметтеріне жүгінеміз. Тікелей жазылушы­лардың журналдары мекенжайына жетуін, қолға тиюін өз қызмет­кері­міз қадағалайды. Бұл бір жағынан кері байланысқа да жақсы.

Әрине, ақысы арзан әрі дер кезінде жеткізетін, алыс ауылдарды қамтитын жеткізу қызметтерінің көп болғаны бізге ауадай қажет. Бұл жағынан қатты ақсап жатқаны­мыз анық.

Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ