29Авг

Алапат тажалды тоқтатқан күн

Семей – қасірет даласы

Семей ядролық полигонының қазақ халқына әкелген алапат қасіретінің ауқымын дәл айту және оны бір ғана материалда көрсету мүмкін емес. Жер мен суға сіңген, адамдардың ағзасына өткен радиацияның зардабы да қаншама жылға, неше ұрпаққа жалғасатынын да дөп басып айта алмаймыз. Біз тек осынау атаулы күні тажал сынағының енді қайтып қайталанбауға тиістігін еске саламыз.

Ядролық полигон болған аумақ осыдан отыз бір жыл бұрын жабылғанымен, әлі күнге дейін стратегиялық маңызы бар нысан. 1949-1989 жылдар аралығында 500-ге жуық сынақ жасалғандықтан болар, сынақ даласындағы топырақта күні бүгінде радиацияның мөлшері 6-7 микрозивертті көрсетеді. Мамандардың пікірінше, аз емес.  

Шаған – иен қалған қала

1949-1950 жылдары Семей ядролық полигоны аумағында жұмыстар қарқынды жүрді. Адамзат үшін қауіпті сынақ жұмыстарын жүргізуге Ресейден ғалымдар, әскери мамандар тартылды. Солар үшін Семейден 74 шақырым жерде, Шаған қаласының іргетасы қаланды. Ертістің жағасында бой көтерген бұл қалада қазір тірі жан жоқ. Көпқабатты тұрғын үйлер қаңырап бос тұр. 

 «Жүрегіміздің бір бөлшегі осында мәңгілікке қалды. 1954-1994 ж.ж». Шаған қаласының кіреберісіндегі мәрмәр тақтайшаға қашалған жазу бұл. Әлбетте, орыс тілінде жазылған. Бұл қалада 1990 жыл­дарға дейін тірші­лік қайнап тұрған. Тіпті, әуежайынан алып ұшақтар ұшып-қонып жатыпты. Тарихи деректерге үңілсек, Семей ядролық сы­нақ полигонында қызмет еткен әске­ри­лердің, әскери ұшқыштардың қала­сы болған екен. Өте құпия қала бол­ғандықтан, бірде-бір картада белгіленбеген. Кейін Семей ядро­лық сынақ полигоны жабылған соң Ша­ған­ның тұрғындары түгел Ресейге көшкен.

Қазірде қаңырап қалған қала ішіндегі жолдар мың жыл өтсе де ойылмайтын сияқты. Бетон плиталар­ төселген. Ел көшкен соң темір-терсектерін түк қал­дырмай тонапты. Жер астына кө­мілген құбырларға дейін қопа­рып алған. 1950-1990 жылдары аралығында Шағанда 10 мыңдай тұрғыны болған. Балабақша, мек­теп, емхана, мәдениет үйі сияқ­ты әлеуметтік нысандар да жұмыс істеп тұрған.

Атом көлі

Шаған өзенінің бойында ғалымдар арнайы ядролық жарылыс жасап, пайда болған шұңқырға дейін канал қазып, су бұрып әкелген. Алайда, техникалар арнайы пластиналармен қапталған да, жұмысшылар зиянды сәулелерден қорғалмаған екен. Тарихи деректерге сүйенсек, Атом көлдің маңайында жұмыс істеген 300-дей жұмысшының отызы ғана аман қалған. Семейден 100 шақырымдай жердегі осы көлді жергілікті халық «Атом көл» деп атап кеткен. Бір қызығы, жасанды көлде балық көп. Оны аулайтын балықшы да аз емес.

Атом көлдің тарихынан айтар болсақ, жарылысы Жапонияның Хиросима қаласына тасталған атом бомбасынан тоғыз есе қуатты болған. 1965 жылы Шаған өзенінің бойындағы жарылыстың жойқын болғаны сондай, дауысы 100 шақырым жердегі Се­мей қаласына дейін жеткен.. Радиациялы қара түтін Семей аспанынан бірнеше күнге дейін тарқамаған. «Ба­ла­пан» атты бұл сынақ алаңындағы 200 метр тереңдікке салынған жарылғыш зат тонналық тастарды сегіз шақы­рымға дейін лақтырған. Жарылыс орнында диаметрі 500 метр, тереңдігі 100 метр қазаншұңқыр пайда болған. Кеңестік ғалымдардың мұндағы мақсаты Қазақ­станда қырыққа жуық шұңқыр жасап, қар суын жинақтау еді. Алайда, жоба сәтсіз болған. Десе де, ғалымдар жұ­мыс­ын тоқтатпаған. Көл­ге балық пен жәндіктер жіберген. Су түбіне су өсімдіктерінің тұқымын сепкен. Қазіргі таңда көлде тіршілік бар. Балықшылардың айтуынша, Атом көл сазанның ортасы.

Сынақ салдарын музейден көріңіз

Полигон жа­былған соң пай­даланылған құрал-жабдықтар Ұлттық ядролық орталықтың музейіне тап­сы­рылған. Сынақ алаңдарындағы түрлі құрылғылар бү­гінде музейде экспонат болып тұр. Төрдегі үлкен машинаның қызыл түймесін басқан сайын қазақ даласы у жұтты десек, артық айтпаған болармыз. Шыны құ­ты­ның ішіндегі органдар – радиа­циялық жарылыстан өлген жануарларға тиесілі. Ғалымдар жары­лыстың тірі организмге қалай әсер ететінін де бақылаған. Қан­ның миға құйылуын, жүректің жа­рылуын зерттеген. Тағы бір ыдыстағы формалинде торайдың ба­сы тұр. Терісі ойылып кеткен екен. Сынақ даласындағы жойқын жарылыстар торайдың терісін қойып, гранит тасты көбікке ай­налдырып жіберген. Музейде тұр.

Ең алғашқы ядролық жарылыс Кур­чатовтан 90 шақырым жер­­дегі тау арасында болған. Айналасын қоршап бірнеше мұнара тұр. Кезінде ол мұнаралардың әр қабатында жарылыстың қуатын, радиация мөлшерін есептейтін құрылғылар ор­натылыпты. Алғаш сынақ жасалған бұл орында тереңдігі 3 метрдей шұңқыр қалған.

Қазіргі таңда Ұлттық ядролық орталықтың ғалымдары полигон даласындағы радиация деңгейін үнемі бақылап отырады. Қажет жағдайда қауіп деңгейін азайту үшін жұмыс істейді.

Абай облысы

Фото және мәтін авторы: Мерей Қайнарұлы