Маңғыстау облысында 526 дана киік мүйізі тәркіленді. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мәліметіне қарағанда, ұсталған күдіктілер 28 және 38 жастағы Қазақстан азаматтары. Оларға қатысты Қылмыстық кодекстің «Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу» (339-бап) бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Сонымен қатар, Абай облысындағы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты РММ-нің Бөкебаев филиалы Шадруха орманшылығы аумағында 28 ақпанда заңсыз екі қабан ауланғаны анықталды. Аталған жайт Қылмыстық кодекстің «Заңсыз аң аулау» туралы 337-бабы бойынша тергеліп жатыр.
Айта кетейік, 339-бап бойынша айыпталған адамға 7-12 жылға дейін бас бостандығынан айыру, 337-бап бойынша 3000 АЕК мөлшерінде айыппұл салу, немесе үш жылға бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қарастырылған.
Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/forest?lang=kk
Дайындаған Әлия Құлахметова