17Май

Қазақ тазысы

Таяуда қазақы иттердің – тазы мен төбет стандарты бекітілгені белгілі. Бұл жөнінде nationalgeographic.kz 4 сәуірде жазған. Енді Астанадан 70 шақырымдай жердегі Жаңа Есіл ауылына бара жатырмыз. Мақсатымыз – 2010 жылдан бері қазақ тазысын сақтау, санын қалпына келтіру және көбейтумен айналысып келе жатқан «NOMAD» ұлттық аңшылық клубының тазыларын көру, суретке түсіру. Өйткені қазақ тазысының саны 1990 жылдардан кейін саны қатты азайып,  дұрыс көңіл бөлінбегендіктен тұқымдары да азып, жойылып кетуге шақ қалған еді. Кейбір деректерде 1930 жылы Қазақстанда 3 мыңнан аса тазы болғаны, ал 2000 жылдары 300-ге жетер-жетпес тазы қалғаны айтылады. Бұл турасында бұқаралық ақпарат құралдарында аз жазылған жоқ. Тазы шын мәнінде экзотикаға айналды. Пәлен жерде тазы бар екен десе, елең етеміз. Бірен-саран тазы ұстайтындарды Наурыз сияқты мерекелерге аттай қалап шақыру, суретке түсу жұрт үшін мәртебе бола бастады. Бірақ мойындауымыз керек, тазыны таныту, оны сақтау бағытындағы іс-қимыл көбіне осындай көрнекіліктен аспай жатты.

Біз бара жатқан клуб қазақтың таза қанды тазысына шын жанашыр- энтузиастардың күш-жігерін біріктіріп, қарекет қылсақ деген ниеттен туған екен. Сөйтіп, 2010 жылы қоғамдық бірлестік құрып, кинолог әрі генетик маман тартып, іске кіріскен. Жыл сайын иттер байқауы мен көрмесін өткізіп, далалық сынақтар жүргізе бастаған.

Тазылар қысқы жүнінен әлі толық арылып, түлеп үлгермепті.

«Біз ешқашан тазыдан коммерциялық мүдде іздемедік, яғни сатып пайда табуды ойлаған жоқпыз. Осы кезең ішінде тазы ұстаймын, сақтаймын, көбейтемін деген шынайы жанашыр-қызығушыларға 400-ден аса тазы күшігін тегін бердік», – дейді NOMAD клубы (@nomad_nhc ) бастамашыларының бірі Болат Құнанбаев. Оның айтуынша, мұндағы тазылардың барлығында тиісті құжаттары бар. Генетикалық шежіресі құжатталған.

 Әрине, бұл – бір ауыз сөзбен айта салуға оңай болғанымен, осы аралықта жүргізілген тазы тұқымын көбейту және сонымен бір мезгілде заңнамалық деңгейдегі қорғау тетіктерінің қалыптасуына негіз қалау секілді қыруар шаруаны қамтитын 10 жылдан астам қажырлы жұмыстың нәтижесі екені анық. Қазір мұнда келушілер таза қанды тазыны көріп, көз сүйінтумен қатар, атқа мініп, ит жүгіртіп аң аулаудың қандай болатынын да өз көзімен көріп, сезіне алады. Өйткені клуб тазыны сақтап, көбейту кезеңінен өтіп, енді тазы қосып аң аулайтын ұлттық аңшылық дәстүрді насихаттайтын деңгейде жұмыс істеп жатыр. Ең үлкен нәтиженің бірі де осы болса керек.

Іші пысып, даланы аңсап тұрған тазылар жазыққа шыққан соң асыр салып, бір-бірімен әбден жарысты.

Фото: Ерболат Шадрахов