19Сен

Сұр кесел

Материал Toyota Kazakhstan компаниясының қолдауымен дайындалды.

Сұр кесел (Varanus griseus) – елімізде және Орталық Азияда тараған кесірткелердің ең ірісі.

Қазақстанда санының азаюына байланысты «Қызыл кітапқа» ІІ санатта тіркелген. Ал жалпы әлем бойынша алғанда, олардың жағдайы біздің еліміздегідей мүшкіл емес,  Халықаралық табиғат қорғау одағының (IUCN) «қызыл» тізімінде «жойылу қаупі төмен» санатында тіркеулі.

V. griseus құрғақ субтропиктен құрғақ құрлыққа дейін әртүрлі климаттық белдеулерде таралған. Негізінен Солтүстік Африкада, Оңтүстік-Батыс Азиядан Пәкістанға дейін және Орталық Азияның шөлді құмдарын мекендейді.

Бұл алып кесірткені «келес» деп те, «кесел» деп те атайды, жергілікті жұрт сыртқы сипатына қарап «алабажақ кесіртке» деп те айдар таққан. Қазақстанда Қызылқұм шөлі мен Түркістан облысындағы Сырдария өзенінің сол жағалауында кездеседі.

Елімізде санының кемуіне әсер ететін бірнеше фактор бар. Біріншіден, битоптардың бұзылуы, яғни мал шаруашылық жайылымдарының, егін алқаптарының кеңеюі олардың тіршілік ортасын тарылтты.  Екіншіден, келестің терісі әдемі әрі бағалы, сондықтан броконьерлердің құрбанына айналады. Үшіншіден, оның ірілігі мен мен айыр тілі адамдарды қорқытады. Ел арасында «кесел – кесел әкеледі» деген жаңсақ пікір де таралған. Сондықтан шопандар, оны кездестіріп қалған басқа адамдар да көп жағдайда өлтіруге тырысады.

Адамның тікелей қастығынан бөлек, жолдарда көлік қағып өлу жағдайлары жиі кездеседі.

Қыркүйектен сәуір айына дейін қысқы ұйқыға кетеді. Мамырдан шілдеге дейін өте белсенді болады. Мамыр-маусым айларында жұптасып, жұмыртқаларын маусымның екінші жартысынан шілденің басына дейін салады. Жұмыртқаларды 29-31°C температурада басады, орта есеппен 120 күннен кейін бала кесіріткелер жұмыртқаны жарып шығады. Сол кездегі кесірткелердің жалпы ұзындығы шамамен 25 см-дей болады. Ал ересектердің көлеміне жетуі үшін шамамен 3-4 жыл керек, жыныстық жетілуі үшін кем дегенде 3 жыл қажет. Табиғатта келестер шамамен үшін 8 жылдай өмір сүреді.

Келес кесірткелердің терісі әдетте ашық қоңыр және сарыдан сұрға дейінгі әртүрлі реңкте болады. Олардың денесінің орташа ұзындығы жарты метрге дейін жетеді, ал құйрығы 50-70 см. Арқасында және құйрығында бірнеше көлденең қара жолақтары, сондай-ақ арқасында қара дақтары болады. Жас кесірткелердің түсі ашық әрі жолақтары мен дақтары да айқын көрінеді де, уақыт өте келе көмескілене бастайды. Танаулары көзінің астына жақын орналасқан. Басы шығыңқы, мойны ұзын, тұмсығы сүйір. Жіңішке, ұзыншақ айыр тілі бар. Бас бөлігі көптеген ұсақ қабыршақтармен жабылған, құрсақ қабыршақтары біртегіс.

Олардың денесінің жалпы көлемі азық-түлік қорына, жыл мезгіліне, қоршаған ортаның райына және ұрпақты болу жағдайына байланысты болады. Аталықтары әдетте аналықтарына қарағанда, үлкенірек әрі күштірек болып келеді. Мұндай айырмашылықтар келес жынысын бір қарағаннан ажыратуға мүмкіндік береді. Ересек кесірткелер жылына үш рет түлейді, терісінің сыртқы қабатын тастайды. Олардың терісі өздері өмір сүретін шөлді ортаға тамаша бейімделген. Жақсы жүзеді, анда-санда азығын су астынан да аулайды. Жылан секілді ирелеңдеп қозғалып, бұталарға, аласа ағаштарға өрмелеп шығып, 1,5 м-ге дейінгі биіктіктен секіріп түсе алады. Минутына 100-120 метр жылдамдықпен жүгіре алады.

Бірақ келес суыққанды жануар болғандықтан, мінез-құлқы, белсенділігі қоршаған орта температурасына байланысты әртүрлі болады. Көптеген кесіртке суық күндері енжар күйге түседі, өз температурасы айтарлықтай төмендесе, қозғалысты мүлде азайтады. Мұндай жағдайларда иіс сезу мен жүйке жүйелері айтарлықтай баяулап, азық аулауы не жыртқыштардан қорғануы қиындай түседі. Егер оларға дене қызуы 21°С-тан төмен болған кезде жыртқыш шабуылдаса, қашпайды, керісінше, орнында тұрып айбат шегіп, жауын қорқытуға тырысады. Жалпы денесінің ең жоғары температурасы 38,5 ° C-тан аспайды.

Негізінен кеміргіштер мен тасбақалардың індерін баспана ретінде пайдаланады. Бірақ өздері де жерді жақсы қазады. Кесірткелер, кеміргіштер, ортаазиялық тасбақалар, құстар мен олардың жұмыртқалары, бунақаяқтылар, қоңыздар – келестің негізі қорегі. Күнде азық іздеп, інінен жарты шақырым жерге дейін жүруі мүмкін. Шөл даланың қолтырауыны аталған бұл жануар қорқынышты көрінгенімен, адамға өздігінен шаппайды. Керісінше, көптеген кеміргіш түрін, әсіресе оба тасымалдайтын үлкен құмтышқанды қорек етіп, табиғат тепе-теңдігін сақтауға үлес қосады.

Фото: Ерболат Шадрахов

Материал Toyota Kazakhstan компаниясының қолдауымен дайындалды.