Сәулет өнерінің шедеврі әрі Ислам әлемінің үшінші қасиетті мекені саналатын күмбезді жартас айрықша рұқсат алған ғалымдарға өз құпиясын ашуда.
Автор: Эндрю Лолер Фото: Зия Гафич
«Оны көрген кез келген адамның суреттеуге тілі жетпейді, – деп таңданды 1326 жылы Иерусалимге келген жиһанкез Ибн Баттута. – Бұл – ең ғажайып ғимараттардың бірі, сәулет өнері тұрғысынан ең мінсізі, пішіні жағынан да алабөтен».
Он үш ғасырдан астам уақыт бойы еврейлер мен христиандар үшін Храм тауы, мұсылмандар үшін Харам аш-Шариф, яғни қасиетті ғидабатхана ретінде әйгілі осы Күмбезді жартас Иерусалимнің киелі рабат тәжінің жақұты болып тұр.
Қыстың шыңылтыр аязды таңдарының бірінде мінәжатхана біртіндеп ұзын сырт киімді, хиджабты әйелдерге толды. Ерлер оңтүстікке қарай жүз метрдегі әлдеқайда үлкенірек Әл-Ақса мешітіне ағылады, ал мына тыныш жер негізінен мұсылман қыз-келіншектер мен балаларға тиесілі.
Орта жастағы, қара көйлекті балабақша тәрбиешісі, Сирин Карим ғимарат ортасындағы алып тасты көрсетті. «Бұл Мұхаммед пайғамбардың – Алла оны мейіріміне бөлесін – көкке көтерілген жері. Сол жақта басқа пайғамбарлармен жүздесіп, бес уақыт намазды алып түскен», – дейді ол. Қасиетті плитаның түсі айдың тасындай, оның кедір-бұдырлы беті айналасындағы ғажайыптан ерекшеленіп тұр. Мәрмәрдан және порфирден жасалған екі баған оны қоршай, таңғажайып айқыш-ұйқыш пішіндермен көмкерілген күмбезді тіреп тұр. Қабырғалар арабша жазулармен безендірілген. Әлемдегі ортағасырлық мозаиканың ең үлкен жиынтығы да осында. Төменнен қарағанда осы титімдей әйнек пиксельдер жайқалған пальмаларға, піскен жүзімге, диадемалар мен алқалардан тұратын зор байлыққа айналады. Ашық тұрған төрт есіктің бірінен ара-тұра көгершін ұшып кіріп, дөңгелек кеңістікте пыр-пырлап ұшады.
Жартас астындағы ескірген мәрмәр баспалдақтар қарадүрсін қашалған «Рухтар құдығы» аталатын үңгірге жол бастайды. Мұсылмандар сенімінде үңгір астында жұмақ сулары ағып жатыр делінсе, кейбір христиандар мен еврейлер ежелден бұл жер құнды жәдігер толы бөлмеге барар есікті жасырып жатыр деп есептейді.
Күмбезді жартас тонау, жер сілкінісі, діни араздық, қанды шабуылдардан және көгершін саңғырығы суағарларын бітеп, жауын суының қабырғалар бойымен ағуы секілді қауіп-қатерлерден әлдебір ғажайыптың арқасында аман қалды. Оның жарқыраған суреті кофе тостағандарына, асүй орамалдарына сән берсе, ал оның күмбезінің суреттері әлем мешіттерінде, қонақүйлерде, қоғамдық ғимараттарда ілініп тұр.
«Бұл жер екі миллиардқа жуық адаммен байланысты», – дейді аумағы 14,4 га құрайтын кешен директоры шейх Омар Кисуани. Біз бұл кезде асылтас тіреуіші секілді күмбезді ұстап тұрған күнсәулелі тас платформа үстінде тұрғанбыз. «Мұхаммед пайғамбар (оған Алланың мейірімі жаусын) Алланың қалауымен көктен түскенде, барлық пайғамбарлар осы жерге құлшылық етуге жиналған, – дейді сақалды діни қызметкер барлығы біртұтас бір мешіт болып саналатын жолдарды, бақшаларды, аулалар мен ғимараттарды қолымен айналдыра көрсетіп, – міне сол себепті мұндағы құлшылық өзге жердегі 500 құлшылыққа тең». Бүгінде Күмбезді жартас әлемдегі ең өткір геосаяси даулы аймақтардың бірінің орталығында орналасқан. Оның алтын күмбезі палестиналық мінәжат етушілер мен Израиль полициясы арасындағы жиі болатын қиян-кескі қақтығыстардың куәсіне айналды.
Мұсылмандар Мекке мен Мединеден кейін, Ислам әлемінің ең маңызды мекені ретінде осы жерді қастер тұтады. Ал палестиналықтар оны ұлттық мұра ретінде мақтан етеді. Алайда көптеген діндар еврей бұл нысанға жаңа еврей храмына орын босатуға тиіс, қиратылуы керек ғимарат ретінде қарайды. Кейбір евангелиялық христиандар да Иса Мәсіхтің оралуына жол ашу үшін оны жаңа храммен алмастыру қажет деп санайды. Наным-сенімнің осындай кереғарлығы өңір саясаткерлерінің құтын қашырады. Олар күмбезді қиратуға байланысты кез келген талпыныс алапат соғысқа әкеледі деп сескенеді.
Қалай дегенмен де күмбез құрылысы нендей себеппен салынғаны белгісіз әрі түрлі пікір қайшығына негіз болып отыр. «Ғимараттың не үшін және қалай салынғанын түсіну үшін оған байланған саясатты сылып алып тастауымыз керек», – дейді америкалық өнертанушы Беатрис Сен-Лоран. Ол 2018 жылы дүниеден озған палестиналық әріптесі Исам Аууадпен бірге осы мекенді 30 жыл зерттеген. Олардың еңбегінің нәтижелері тылсымға толы ежелгі киелі орын мен оны салуы мүмкін көреген мұсылман көшбасшыға деген еліктірер жаңа көзқарас ұсынады.
Римдіктер Иерусалим мен еврейлердің храмын қиратқаннан кейін, алты ғасырдан соң рабат үйінді астында жатты. Византиялық христиандар үшін бұл олардың сенімі иудаизмнен басым түскенінің дәлелі еді. Біздің дәуіріміздің 634 жылы Мұхаммед пайғамбар дүниеден өткеннен кейін небәрі бірнеше жылдан соң мұсылман әскері христиандардың ең қасиетті қаласын соғыссыз жаулап алды. Жаңа билеушілер Иерусалимде өз ғибадатханасын салуды ойлаған кезде таңдау қайда түсетіні айқын еді.
Ежелгі деректер бойынша оның сәулетшілері Иерусалимнің екі тұрғыны: мұсылман үлемі Раджа ибн Хайуа және христиан Язид ибн Салам болған.
Шабыт алу үшін оларға алысқа барудың қажеті жоқ еді. Христиандар астында Иса пайғамбардың бейіті жатыр деп есептейтін алып ротондасы бар, IV ғасырдан қалған Тәңір табыты көз көрер жерде жатты. Ал тамырын ежелгі Римнен алатын 8 бұрышты шіркеулер Кесариде – Жерорта теңізі мен Галилей теңізінің жағалауы бойында тұр.
Иерусалим мен Вифлеем арасындағы шоссені кеңейту жобасының құрылысшылары 1992 жылы тағы бір сегіз бұрышты ғимараттың қирандысына тап болды. Израильдің Көне жәдігерлер басқармасында істейтін Рина Авнер жанармай бекеті маңындағы зәйтүн тоғайында кезекті қазба жұмыстарына жетекшілік етті. Ол бұл нысанның баяғыда жоғалған Кафизма шіркеуі, яки Мәриям отырған тас екенін анықтады. Б.д. 456 жылы салынған шіркеудің ішкі және сыртқы сақиналары диван көлеміндей тасты қоршап тұр. Исаға жүкті болған Мәриям Вифлеемге барар жолда осы таста отырып демалғандығы айтылады. Авнер алғашқы мұсылмандардың сүйікті мінәжат ету мекеніне айналған осы шіркеу солтүстікке қарай бес шақырымда орналасқан Күмбезді жартасқа үлгі болған деп есептейді. «Бұл христианның киелі орындарын әлі де ортақ пайдаланатын кезең еді. Олардың білімі мен сенімдері біртіндеп Исламға өтті», – дейді ол.
Алайда Күмбезді жартас христиан ғибадатханасының жай ғана ұлғайтылған көшірмесі емес. Керісінше, византиялық көптеген шіркеудің қарапайым қасбетіне қарағанда, бұл нысанның бастапқы сыртқы беті әйнек мозаикамен әспеттелген. Ғимараттың төрт тарапқа ашылатын төрт есігі де өңірде бұған дейін болмаған.
Гарвардта білім алған Сен-Лоран мен киелі ғибадатхананың бұрынғы бас сәулетшісі әрі шырақшысы Аууадтың айтуынша, төрт қақпасы бар күмбезді сарайлар мен сыртқы беті мозаикалы шіркеулер оңтүстікке қарай 1500 шақырымнан астам жердегі Арабияның оңтүстік-шығысын мекендеген дәулетті Саба патшалығында болған. Сондай-ақ олар күрделі мозаикалар Сасанидтер империясының шығысқа қарай, бүгінгі Ирак пен Иранның жеріне ықпал еткенін көрсетеді.
Мұндай ықпал мұсылман билеушілері қолөнер шеберлерін алыс жерлерден әкелген деп топшылауға жетелейді. Сонымен бірге құрылысшылар тастар мен бағандарды Иерусалимнің еврейлік, римдік және византиялық қиранды қалдықтарынан жинап, құрылысқа пайдаланған. Нәтижесінде жылдам кеңейіп жатқан Ислам империясының қиыр түкпірлеріндегі дәстүрлердің керемет синтезі пайда болды.
Құрылысы аяқталған соң күмбез бір уақыт күрделі рәсімдер сахнасына айналды. Ежелгі жылнамашылар қымбат киім киген қызметшілердің жартасты запырангүл, жұпарсу және амбрадан жасалған алтын маймен майлағаны туралы жазбалар қалдырған.
Мұсылман көшбасшылары неліктен осы салтанатты ғибадатханаға соншалық көп уақыт пен күш-жігер, қаражат жұмсаған? Карим мен Кисуани сынды бүгінгі иман келтіргендер оны пайғамбардың көкке сапарын дәріптеу үшін салынған деп санайды. Алайда күмбездің құрылысымен замандас бірнеше жазбада ол жөнінде айтылмаған.
Кей адамдар 661 жылы қалыптасқан Омеядтардың жаңа династиясы Иерусалимнің абыройын саяси жауларының негізгі күші – Мекке арқылы нығайтуға тырысқандығын айтады. Осы тұжырым бойынша Күмбезді жартас қажылыққа барған мұсылмандар айналатын қасиетті тасы бар Қағбамен бәсекелесу үшін салынған. Енді бір топ Күмбез христианы басым қалада Ислам діні бар екенін айғақтап тұрған дегенді алға тартады. Анығы сол, ғимарат өзінің дәл жүрегіндегі бір кесек жартасқа құрмет білдіріп тұр. Мұхаммед пайғамбардың тылсым сырлы көкке көтерілу оқиғасымен бірге, бұл тас Адам ата жаратылған, Ибраһим пайғамбар ұлы Ысқақты құрбандыққа шала жаздаған және ақырзаманда өлілер есепке тартылатын жерде орналасқан деп те айтылады.
Таяуға дейін күмбездің нақты салынған уақыты мен оның негізгі сәруарын анықтаудың басты дәйегі ғимарат аркадаларының біріндегі жазба болатын. Мозаикалық жазба 691 жылды және сол кезеңде билікте болған Омеядтар халифасы Абд әл Мәлікті меңзейді. Бірақ оның аты атақ иеленгісі келген кейінгі билеушінің есімімен алмастырылса да, ұзақ уақыт бойы ғимараттың іргетасын қалаған адам ретінде Абд әл Мәлік саналды. Ал жазбадағы дата құрылыстың басталуын не аяқталуын білдіреді.
Алайда тура мағынасында жаңа тұспалды деректерге қол жеткізудің керемет мүмкіндігі 1990 жылдардың басында пайда болды. Күмбез бұл кезде мысырлық топтың 1960 жылдары сәтсіз аяқталған реновациялық жұмыстарынан кейін қайта жөндеуге аса мұқтаж еді. Киелі орындағы қауіпсіздікті Израиль бақылағанымен, оның сақтаушысы Иордания королі болды. Король Хусейн өзінің Лондондағы үйін 8,2 млн АҚШ долларына сатып, Күмбездің сыртына жалату үшін 24 каратты 80 кг алтын сатып алды.
Аууад 1990 жылдары жүргізілген реставрация жұмыстарына жетекшілік етті әрі осы процесті Сен-Лоранның құжаттауына мүмкіндік берді. Осындай сирек мүмкіндікті пайдалана отырып, екі ғалым ғимаратты іргетасынан төбесіне дейін зерттеді.
Олар ашқан жаңалықтың ең қызығы әйгілі жазбаның әлдеқайда көне мозаикалардың үстіне жазылғандығы еді. Осы және басқа да дәйектерге сүйене отырып, Сен-Лоран мен Аууад ғимараттың алғашқы жебеушісі Абд әл Мәліктің алдындағы билеуші, Омеядтар династиясының негізін қалаушы делінетін Муауия есімді адам болғанын алға тартады. Көпестің ұлы Муауия Мұхаммед пайғамбардың хатшысы болған. Ол жаңа туып келе жатқан империяның бақталас көшбасшылары арасында дау туған кезде Иерусалимді қамтитын Сирия өңірінің билеушісі болады. Қайғылы қақтығыс мұсылман қауымын сүнниттер мен шииттерге бөлді.
Қарсыласы 661 жылы өлтірілгеннен кейін Муауия монументалдық ғимарат құрылысына кіріседі. Жоба Киелі ғибадатхананың қабырғалары мен қақпаларын жөндеу жұмыстарын да қамтыған. Сен-Лоран мен Аууад Күмбезді жартас осы алып жобаның бір бөлігі болғанын әрі король сарайы ретінде ойластырылғанын, діни мақсат та көзделгенін айтады. «Ол дәл сол мозаикалардағы тәжге ұқсайды», – дейді Сен-Лорен ғимараттың ерекше геометриялық пішіні мен асыл тастармен безендірілген сыртқы түрі туралы. Ең кереғар уәждердің бірі – ғибадатхананың Сен-Лоран «инклюзивтілік кезеңі» деп атайтын уақыттарда тек мұсылмандар үшін емес, еврей, христиан және зороастриялықтар үшін де ашық болғаны. Қаланың жаңа мұсылман билеушілері еврейлердің оралуына, христиандардың құлшылық етуіне рұқсат бергені сол дәуірдің өте шыққан бір кезеңі жай ғана толеранттылықтан әлдеқайда жоғары болды деген идеяны дәйектейтін қазіргі заманғы құжаттарда расталған. Осы тұрғыдан күмбез Муауияның бірлік туралы көзқарасын көрсететін диадемасы болған дейді Сен-Лорен.
Бүгінгі қасиетті қалада мұндай үйлесім жоққа тән. 1984 жылы экстремист тәлімгерінен шабыт алған Иегуда Эцион 300 кг ұрланған динамит жинап, бір топ әсіреұлтшыл еврейдің басын қосты. Олардың мақсаты күмбездің күлін көкке ұшыру-тұғын.
«Бұл қажет еді, – деп түсіндірді Эцион маған Батыс жағалаудағы мықты күзетілетін үйінде болғанымда. – Үшінші храмды салудың жалғыз жолы – осы». Еврейлердің көбі бұл күмбез алдыңғы екі храмның орнында тұр деп сенеді. Аталған топ өз әрекетін іске асырғанға дейін біреу бұл жөнінде полицияға хабарлап үлгерген. Эцион қылмыс жасауға уағдаласқаны үшін бес жыл түрмеге отырып шықты.
Басқа шабуылдар әлдеқайда «нәтижелі» болды. 1982 жылы Израиль армиясының жаңа қабылданған балтиморлық сарбазы ғибадатханада оқ атып, екі адамды мерт қылды, тағы бірнешеуін ауыр жаралады. Киелі орынды қадағалайтын «Иерусалимдік уақып» ислам қоры еврей экстремистері ғимаратты қирату не зақымдау үшін ондаған талпыныс жасағанын айтады.
Енді Эцион күмбез тек уақыптың келісімімен бұзылуы керек деген табанды пікірді ұстанып отыр, ал мұндай сценарийдің болуы екіталай. Алайда оның көзқарасы екінші кезектегі мәселеден күн тәртібіндегі басты мәселеге ауысты. Бұрын киелі күмбезді сүріп тастау туралы әңгімеден қашатын еврей саясаткерлері мен діндарлары енді үшінші храм салынуы керектігі туралы ашық айтатын болған. Израиль екі дін өкілдері арасында қақтығыс болдырмау үшін мұсылмандардың ғана құлшылық етуіне рұқсат саясатын ұзақ уақыттан бері ұстанып келеді. Бірақ сол платформада мінәжат етуді сұрайтын діндар еврейлер де артуда.
Израильдің жаңа оңшыл үкіметі құрамында киелі орында еврейлерге де мінәжат етуге рұқсат еткісі келетін бірнеше министрдің болуы жағдайды ушықтырып отыр.
Осы жылдың сәуір айында, Ораза кезінде полиция екі мәрте Әл-Ақса мешітіне шабуылдап, есік-терезелерді қиратты, резеңке оқ атып, 12 адамды жаралады. Полиция ғимаратқа тығылған, от-қаруы бар көтерілісшілерді басқанын мәлімдеді, алайда араб мемлекеттері мен дүниежүзіндегі мұсылмандар олардың әрекетін айыптады.
Бірақ бұқаралық ақпарат құралдары бұдан гөрі бұйығы жатқан мәселеге жеткілікті назар аудармай отыр. Хусейннің мұрагер ұлы II Абдалла король 2016 жылы Күмбезді жартастың ішкі бөлігіндегі мозайкасының деформациясы мен сылағының түсуі, ағашының шіруі секілді негізгі мәселелерін шешуге бағытталған бірнеше миллиондық жобаны бастады.
Жоба баяу жүріп жатыр. Иордания мен Әл-Ақсаның ресми өкілдері қақпадан өтетін барлық адам мен затты қадағалайтын Израиль полициясын кінәлайды.
«Олар біздің әр ісімізге араласады – дейді нысан реставрациясы жөніндегі бөлім басшысы Бассам әл Халлақ. Бұл кезде жартасты қоршаған пәс орналасқан ағаш тіреулердің жанында тұрғанбыз. Әл Халлақ 2019 жылы құлап қалған бір плитканы алмастырғысы келген, алайда полиция оған кісен тағып, полиция учаскесінде алты сағаттан астам ұстаған. Израиль полициясы оның айтқандарына пікір білдіруден бас тартты. Иерусалимде еврейлер мен мұсылмандардың арасы шиеленісуіне байланысты ежелгі ғимаратты жөндеу және техникалық қызмет көрсету мәселесі қиындай беретін сияқты.
Таңсәріде күн шапағы Зәйтүн тауы үстіне төгілген шақта Ханади Халауани мені рабат қақпаларының бірінің алдынан күтіп алды. Қысқа бойлы, арықша келген Халауани Күмбезді палестиналық әйелдерге құран үйрету орталығына айналдыру қозғалысының мүшесі. «Біз елу шәкірт, жеті ұстазбен бастадық. Қазір 17 ұстаз, 650 шәкіртіміз бар. Бұл әйелдерге ғана арналған жоба! – деген Халауани үшін діни дәрістер мен саяси белсенділік өзара астасып жатыр. – Әл-Ақса мешіті – құлшылық орны және ол жерде болуымыз мешітті басқыншылардан қорғайды».
Оның ұйымдастырушылық әрекеттеріне күмәнмен қарайтын Израильдің ресми тұлғалары оған киелі мекенге кіруге бірнеше рет тыйым салған. Екеуіміз сол себепті де кешеннің сыртында жолыққан едік. Халауани 67 рет тұтқынға алынғанын, 13 рет түрмеге қамалғанын, соның ішінде 3 рет жалғыз адамдық камерада отырғанын айтады. Әңгіме үстінде ол жанымыздан өтіп бара жатқан қарулы Израиль полициясына мазасыздана қараумен болды.
Соңғы онжылдықтарда Күмбез палестиналықтар үшін қуатты «ұлттық және діни символға» айналды. Палестиналық философ Сари Нуссейбе осылай дейді. Ол екі жақта да саясат пен діннің қоспасы құбылып тұрғанына алаңдайды. «Адамдар діндар болып бара жатыр, – дейді ол. Әрі саяси экстремистер де көтеріліп келе жатыр. – Болашақты ойласаң, денең түршігеді».
Кешенге оралғанымда жиырма діндар еврей қарулы израильдік полиция бақылауында Күмбезді айналып жүр екен, кейбірі құлшылық белгісі ретінде иіліп, маңдайына қолын басады. Мен аяқ киімімді шешіп, Күмбезге кіргенімде Фатах Кайем мен оның екі ұлы Ибрагим мен Мұхаммадты кездестірдім. Олар бейбіт кеңістікте серуендеп жүр екен.
«Бұл жер киелі, өйткені мұнда пайғамбарымыз келген, – дейді 51 жасар есепші. – Сондай-ақ біз оның Палестина мемлекеті астанасының қақ ортасында орналасқанын айтамыз. Біз мұнда келіп, Алладан барлық әділетсіздікті жоюын тілейміз». Ол сөйлеп тұрғанда пыр-пырлап ұшқан екі көгершін күмбез астындағы кеңістікте шығатын жер іздеп жүрді. Төменде тілсіз жартас дауылды өткен шақ пен беймәлім болашақтың белгісіндей үнсіз тұр.
Жазушы Эндрю Лолер «Under Jerusalem: The Buried History of the World’s Most Contested City» кітабының авторы. Зия Гафич – әлемдегі мұсылман қауымдастықтарын нысанаға алған фотожурналист.