10Қаз

Қызылкүп шатқалы

Маңғыстау өлкесіне аяқ басқан туристің сол маңғаз даланы Марсқа теңеуі бекер емес. Әсіресе, Қызылкүп шатқалына табаныңыз тисе, бұл теңеудің әсірелеу емес екеніне көзіңіз жетеді.

Фото: Алекандр Власюк

Қызылкүп шатқалы біразға дейін дәл қазіргідей танымал болған жоқ. Әуел баста жол тым қиын әрі кедергілерге толы болғандықтан, көп көзіне түсе бермесе керек-ті. Кейін 2010 жылдары Бекет ата жерасты мешітіне баратын жолға жөндеу жұмыстары кезінде құрылысқа қажет құм мен қиыршық тастарды осы шатқалдан алып, бұл жердің де жолы ашылған болатын.  Кейін, 2020 жылы карантин уағында көпшіліктің ішкі туризмге ықыласы ауғанда, кеңірек таныла бастады. Біздің National Geographic журналының өз инстаграмына әйгілі фотограф Джорж Штейнметздің осында түсірген фотосын жариялауы да  Қызылкүпке жұрт назарының артуына себепші болды.

Бұрын тек бірен-сарандар ғана білген бұл жер – қазір Маңғыстаудағы ең айшықты туристік нысанның бірі. Ұзындығы батыстан шығысқа қарай он шақырымға, ал ені сегіз шақырымға созылып жатқан аласа төбелерден тұрады. Теңіз деңгейінен 268 метр биікте орналасқан. Түрлі-түсті шөгінді жыныстардан түзілген, мұнда ақшыл, сарғыш, қызыл, қоңыр түсті тау қабаттары тамаша үйлесім тапқан. Мұндай алуан түстің себебі – әртүрлі минералдар мен эрозияға ұшыраған теңіз шөгінділері. Мәселен, төбелердің ақшыл қабаттары бордан түзілсе, қызыл қабаттарға темір ерекше түс береді.

Фото: Алекандр Власюк

Туристер түрлі реңіне қарап,  бұл тауды «Тирамису» деп атап кеткен. Ал өзінің Қызылкүп деген ресми атауын бір кездері жақын жерде орналасқан су қоймасынан алған делінеді.

Миллиондаған жылдар бұрын ежелгі мұхит табаны болған Қызылкүп алқабында ежелгі акулалардың, гиппариондар мен азуы алты қарыс жолбарыстардың тасқа айналған тістерін табуға болады. Әдетте мұражайлардан ғана көретін жәдігерлер аяғыңыздың астында да жатуы бек мүмкін. Шатқалдағы тағы бір ерекшелік – халық «жергілікті сфинкс» атап кеткен жартас. Оған алыстан көз салсаңыз, шынында да құдды алып адамның басы секілді көрінеді.

Фото: Фархат Қабдықайыров

Мың бояуын мақтана айтқанмен, Қызылкүп маңының фаунасы мен флорасы ауыз толтырып айтуға келмейді. Мұнда тек кесірткелер мен шаяндарды кездестіруге болады. Жауын-шашын аз түсетіндіктен, өсімдік жамылғысы да сирек.

Қызылкүп Ақтау қаласынан шығысқа қарай 240 шақырым жерде орналасқан.