24Окт

Масат ата

Маңғыстау халқының құрметіне бөленген, тарихи тұлға, бүгінде 362 әулиенің бірі саналатын Масат атаның қорымы Бостанқұм құмының солтүстік-батыс бөлігінде, Үштаған  ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 25 км жерде орналасқан.

Масат ата деген кім?

Масат ата – Маңғыстауда ислам дінінің таралуына атсалысқан және жаугершілік заманда елін, жерін қорғаған батыр. Кей деректерде оның қазақ-қалмақ қақтығысы кезеңінде өмір сүргендігі айтылады. Сондай-ақ Масат ата басқа пенделерден ерекше, қасиетті адам болған делінеді. Аңыздарға сүйенсек, оған ешқандай қару дарымайтын: оқ өтпейтін, қылыш теспейтін, отқа жанбайтын болады. Оның көзін жоюдың сан амалын сынап көрген жаулары әбден бастары қатады. Ақырында оның әйелі арқылы бар құпиясын біліп, таң намазын оқығанда бар құдыретінен айрылып, кәдімгі адам қалпына келетінін біліп алады. Сөйтіп, бір күні Масат ата намазын оқып, денесі босаңсып тұрғанда дұшпандары оның басын кесіп алған көрінеді. Сонда атаның денесі ұшып кеткендіктен, оның зираты салынбаған, бірақ тұрғылықты мекені – жерасты мешіті бүгінге дейін сақталған.

Масат ата қорымы

Қорым ұзын жотада орналасқан, оның оңтүстік-батыс беткейі қатты әктасты болып келеді. Қорымда ерекше пішімді шағын күмбезтамдар бар. Бұл ескерткіштер – негізінен ортағасырлық оғыз-қыпшақ дәуіріне жататын қойтастар, тас қоршаулар мен тас белгілер. Қорымда түрікмен және қазақ бейіттері де кездеседі. Бұл жерден жалпы саны 525 ескерткіш есепке алынған, олардың ішінде, қойтастардың саны 300-ге жуықтайды. Ескерткіштердің бірінші тобы XIV-XVIII ғасырға жатады деп топшыланады. Құлпытастарында таңбалық белгілер мен аздаған бедер білінеді. Бұл бөлікте тастан қашалған 4 қошқардың мүсіні ерекше көзге түседі.

Қорымдағы қазақ ескерткіштері солтүстік-шығыс шетінде ықшам орналасқан. Ірі құрылыстармен қатар, мұнда сандықтастармен бірге орнатылған қойтастары бар құлпытастардың саны көп. Олардың композициялық, сәндік безендірілуі 18-20 ғасыр басындағы қазақ ескерткіштеріне тән. Бірақ олардың арасынан жылқы бедері бар құлпытас немесе басы жоқ антропоморфты стела секілді бірен-саран ерекше бедер де ұшырасады.

Масат ата жерасты мешіті

Қауымның оңтүстiк-батысында Масат атаның жер асты мешiтi орналасқан. Маңғыстаудағы өзге де жерасты құрылыстары секілді ол да әктасты жартастан ойып салынған.  Бұл діни құрылыс шамамен Х – ХІV ғасырларға жатады.

Мешіттің іші төрт қанат киіз үйдей, биіктігі 2 метрге жуық, жарық пен жылу түсуі үшін төбесінен шаңырақ секілді тесік ойылған. Оның сыртқы бетіне тастар қалап, күмбез тәрізді етіп көмкерген. Қабырғадан қашалып михраб пен заттар қоюға арналған сөрелер жасалған. Кіреберістегі шағын дәліз Меккеге қарай бағытталған.

Мешіттің батыс жағында үш метрдей жерде диаметрі 2,5 м болатын қазылған ор бар, бұл құрылыстың екінші бөлігі болған деп болжанады. Мешіт алдындағы тақта тас үстінен суағарлар қашалып, оның тоғысқан тұсынан құдық қазылған.

Жер асты мешіті мен қорым 1982 жылы республикалық дәрежеде мемлекеттік қорғауға алынған.

Фотоларды Маңғыстау облысы әкімдігі ұсынған.