23Қаз

Боқты тауы

Боқты тауы – Маңғыстау облысының Қарақия ауданында орналасқан мемлекет қорғауындағы табиғат ескерткіштерінің бірі де бірегейі.

Жалғыз өзі оқшауланып жатқан, теңіз деңгейінен 8 метр биіктікте орналасқан 165 метрлік таудың бейнесін әрбір қазақстандық көрген болуы бек мүмкін. Себебі ол еліміздің 1000 теңгелік банкнотында бейнеленген. Бұл шөгінді таудың ерекшелігі – мінсіз трапеция өлшемі мен қабаттарының сан алуан түсі. Тау жыныстарының әртүрлі қабаттары айқын көрінеді, етек жағы ақ, сарғыш болып басталып, қызғылт, қызыл реңге алмасады. Ал ортаңғы ағынан жоғары қарай бірден қоңыр түске ауысады. Ол үздіксіз жел мен эрозияның әсерінен бүгінгі бейнесіне ие болған.

Сыртқы көрінісіне қарап көптеген турист оны төңкерілген кемеге ұқсатып жатады. Ал келесі қырынан қарағанда табиғат қолдан жасаған пирамида іспетті.

Таудың айналасы кепкен сор, мұндағы тұзды тақырдың ауданы ондаған шаршы шақырымды құрайды. Фаунасы кедей болғанымен, бұрын мұхит табаны болған бұл аймақтан ежелгі жан-жануарлардың тістерін не таста қалған іздерін кездестіруге болады.

Боқты тауы аймағындағы климат күрт континенттік, жазы құрғақ әрі ыстық. Мұнда қыста қар аз, ал жазда жаңбыр сирек жауады. Сондықтан да шөлге тән бірен-саран өсімдіктен өзге ешқандай жасыл желек кездеспейді. Жануарлардан тек кесіртке, сарышаян секілді жәндіктерді, жайылып жүрген үй малдарын ұшырастыруға болады.

Бұл табиғи нысанға ең жақын қала – Жаңаөзен. Ол таудан шамамен 90 шақырым жерде жатыр. Маңғыстауға барғанда бұл жерге соқпау мүмкін емес, біріншіден, Боқты тауы өзінің әсемдігімен ерекше көзге түседі. Әрі тау Сенек құмы, Бозжыра шатқалы, Бекет ата, Шопан ата мешіттері сияқты көрнекі жерлерге баратын жолдардың түйіскен тұсында орналасқан.

Фото: Ерболат Шадрахов