Ғалымдардың айтуынша, генетиканың немесе арнайы жаттығудың нәтижесінде қарапайым адамдар да ерекше қабілетке ие бола алады.
Суперқабілет шынымен бар нәрсе. X-Men киноәлеміндегі (X-Адамдар кинофраншизасы) Құну (Wolverine) секілді өткір тырнақ өсіру, немесе Циклоп сияқты көзімізден лазер шығару қолымыздан келмесе де, ғалымдардың пікірінше, адам денесі мен миының әлеуеті табиғатымызға жат көрінетін, таңқаларлық қабілеттерді дамытуға қауқарлы.
Кейде суперкүш комикстердегідей генетикалық мутация арқылы пайда болады. Мысалы, гималайлық шерпа халқы күш пен төзімділікті ерекше арттыратын гендердің арқасында биік жерде тұруға бейімделген.
Дегенмен кей суперқабілеттерді өз қалауыңмен дамытып алуға болады. Егер өзі соны қаласа, кез-келген адамның ақпаратты көзді ашып жұмғанша қағып алатын қағылез, алғыр болуға мүмкіндігі бар деп сендіреді есте сақтау жарыстарының шеберлері. Арқансыз тегіс жартас қабырғаларына көтерілгені үшін «Өрмекші адам» аталған альпинист Алекс Хоннольдқа қарап түйгеніміз: тіпті қорқыныштың өзі дұрыс қалыпқа келтірілген жағдайда кедергі емес екен.
(Есте сақтау қабілетіңізді күшейтуге қалай қарайсыз? Ғылымның ұсынған жолдары.)
Ғалымдар осындай қабілеттермен қатар, басқа да ерекше адамдардың ағзасы мен санасын енді ғана зерттей бастады. Кейбіреуімізге берілген генетикалық артықшылыққа қарамастан, көпшілік өз әлеуетін дұрыс іске асыра алмаған сияқты.
Міне, арамызда елеусіз жүрген суперқаһармандардың бірнеше мысалы.
Жүрек жұтқан Алекс Хоннольд
Алекс Хоннольдтың жартасқа саусақтарының ұшымен ғана ілініп тұрған суретін көрудің өзі көпшілігімізді дір еткізер қорқыныш ұялатары анық.
Ал Хоннольд үрей дегенді білмейді. Ғалымдар осыған байланысты қызық бір дерек анықтады: олар 2016 жылы функционалды МРТ аппаратының көмегімен әлемге әйгілі альпинистің миын сканерлеген болатын. Әдетте амигдала деп аталатын мидың қорқынышқа қатысты бөлігінде қарқынды белсенділік тудыратын графикалық суреттер Хоннольдтың амигдаласына еш әсер етпеген.
(Алекс Хоннольдтың арқансыз «соңғы өрмелеуі» жайында)
Құрылымдық жағынан миының басқалардан айырмашылығы жоқ. Хоннольдтың өзі де «үрейсіздігін» жоққа шығарады. 2018 жылы «Popular Science» журналында Хоннольдтың ми белсенділігін бақылаған нейробиолог Джейн Джозеф: «Ол әр қозғалысын мұқият жоспарлауға назар аудару арқылы мидың белгілі бір белсенділігін тежеуге дағдыланған болуы керек», – деп жазды.
Бұл суперқабілетті сіздің де дамытуыңызға әбден болады. Психологтер адамдарға қорқынышпен күресу үшін ұқсас тәсілдер ұсынады, ал нейроғылым қорқынышты естеліктердің қалай пайда болатынын әрі оларды жою амалдарын көрсетеді.
Асқан төзімділік: шерпа
Сан-Диегодағы Калифорния университетінде биіктікке бейімделу генетикасы мен физиологиясын зерттейтін Татум Симонсон: «Адамдар әлі күнге дейін бейімделіп, дамып келеді», – дейді. Оның ойынша, непалдық шерпа халқы суперкүш дамытудың керемет үлгісі бола алады.
Шерпа этносының өкілдері теңіз деңгейінен орта есеппен 4200 метр биіктікте 6000 жыл бойы өмір сүріп келеді, ал бұл жердің оттегі деңгейі теңіз деңгейімен салыстарғанда шамамен 40 пайызға аз. «Оттегі тапшылығына бейімделу үшін табиғи сұрыпталуға көп уақыт қажет болды», – дейді Симонсон.
Әдетте, оттегі деңгейі төмендеген сайын адам ағзасы оттегі тасымалдаушы эритроциттерді көбірек бөледі, одан қан қоюланып, биіктік дертін тудыруы, тіпті өлімге әкелуі де мүмкін. Соған қарамастан, шерпаларда эритроцитті төмен деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік беретін бірнеше генетикалық мутация дамыған. Сонымен бірге олардың жасушасындағы митохондриялар да оттегін тиімді пайдаланатын болған.
Симонсон тибеттіктердің аласа белдеудегі көрсеткіштерін зерттеу барысында олардың тіпті теңіз деңгейінде де өз артықшылықтарын сақтайтынын анықтады. Бұл тыныс алу немесе жүрек-қан тамырлары дертіне байланысты қандағы созылмалы оттегі тапшылығынан жапа шегетіндерді емдеуге септігін тигізуі әбден мүмкін.
Супержүзгіштер: баджау «теңіз көшпенділері»
Супермэн сияқты биікке ұшатын, Аквамэн сияқты мұхит тереңінде жүзетін суперқаһармандарды біз қолымыз жетпейтін жерлерге бара алатыны себепті жақсы көреміз.
Сүңгуірлерге мұхит тереңіне түсу үшін акваланг та қажет емес. Филиппин, Малайзия және Индонезиядағы баджау халқы суастында, 70 метр тереңдікте 13 минутқа дейін бола алатындығымен күллі әлемге мәлім.
(Британдық чемпионның еркін сүңгумен айналысатындарға кеңесі)
Ғалымдардың айтуынша, шерпалар сияқты, баджаулар да оттегіні тиімдірек пайдаланатын генетикалық артықшылыққа қол жеткізген. Алайда оттегінің тікелей тапшылығына ұшырайтындықтан, олар оны қамтамасыз етудің әлдеқайда жылдам механизмін қаыптастырған. Табиғи сұрыптау уақыт өте келе, оттегімен қаныққан эритроциттерді сақтайтын көкбауырдың ұлғаюына ықпал етті. Сүға сүңгіген кезде көкбауыр жиырылып, өзіндегі осы эритроциттерді қанға жібереді.
Теңдессіз ептілік: Самурай Исао Мачии
Көркем әдебиетте қансімірлер (вампир) мен албасты сияқты мифтік тіршілік иелері адам сенгісіз ептілікпен қозғалу қабілетіне әрі ғажап рефлекстерге ие. Шынайы өмірде де генетика мен жаттығу үйлесімі кей адамдарға айрықша қабілеттер береді.
Мысалы, қылыш шебері Исао Мачиді алайық. Оған оқ атсаңыз, сол мезетте-ақ қылышын сермеп, оқты ауада екіге бөле салады (мына жерден қараңыз). Немесе аты аңызға айналған мерген Боб Манденді айталық: ол тапаншасын секундтың оннан бір бөлігінен аз, яғни орташа адам миының реакция беруінен де жылдам уақыт ішінде қолына алып, нысанаған дәл тигізе алады.
Ғалымдар орталық жүйке жүйесінің осынау күрделі әрекеттерді бейсаналы түрде жоспарлап, орындауға қалай көмектесетінін түсіну үшін әлі де бас қатыруда.
Супержад: еске сақтау атлеттері
36 картаның ретін 20 секундта немесе бірнеше жүз бейтаныс адамның есімдері мен жүздерін санаулы минутта жаттап алғаныңызды елестетіп көріңізші. Жыл сайынғы АҚШ Есте сақтау чемпионатына қатысатын кейбір спортшылар үшін бұл түк емес.
Чемпионаттың негізін қалаушы Энтони Доттиноның айтуынша, жеңімпаздардың басқа адамдардан жалғыз айырмашылығы – жаттықаны. Есте сақтауды жаттықтыру бағдарламасын жүргізетін Доттино мен ұлы Майкл кез келген адамның бұл қабілетті кез келген жаста дамыта алатынын айтады.
Мұны дәлелдеу үшін Майкл Доттино неврологтермен бірге есте сақтау жаттығуларының ми белсенділігіне әсерін зерттейді. Зерттеулер қазірдің өзінде мидағы жаңа естеліктерді ескі естеліктермен байланыстыратын желілерді құру арқылы есте сақтау әдістерінің қалай жұмыс істейтінін анықтауда. Сонымен қатар, Neuron журналында жарияланған зерттеу қарапайым адам алты апталық жаттығу арқылы есте сақтау қабілетін айтарлықтай жақсарта алатынын көрсетті.
Демек суперқабілет дегеніміз әрқайсымыз үшін де қолжетімді нәрсе.
Автор: Эрика Энгелхаупт