National Geographic журналында 2020 жылдың мамырында жарияланған мақаланың жаңа зерттеулермен толықтырылған нұсқасын ұсынып отырмыз.
Жүздеген немесе мыңдаған кішкентай сегіз аяқты жәндіктер менің, сенің, сен жақсы көретін біраз адамның бетіндегі ұсақ тесіктерге терең еніп, жақсылап жайғасып, тіршілік етіп жатыр. Бір жағынан, оларды біздің тура мағынасындағы ең жақын серігіміз деуге де болады.
Бұлар, яғни теріасты кенелері – өрмекшілер мен кенелерге жататын ұсақ өрмекшітәрізділердің бір түрі. Олардың ұсақтығы сонша – жай көзге көрінбейді, қозғалғаны адамға сезілмейді де. Оларды қозғалғыш деуге де келмейді: теріасты кенелері – өмірінің басым бөлігін бір тесіктің ішінде өткізетін нағыз гермиттер. Шын мәнінде, олардың пішімі де тері тесігіне құйып қойғандай. Эволюция да оларды баяғыда-ақ титімдей сегіз аяғы бар тығыншыққа айналдырған.
Бет кенелері алғаш рет 1841 жылы адамның есту арнасынан (құлақ тесігінен) табылды. Көп ұзамай қас пен кірпікті де мекендейтіні анықталды. Содан бері олардың қас-кірпік секілді «қалың ормандарда» ғана емес, алақан мен табаннан басқа, бүкіл денеміздегі қысқа, жіңішке түк «саванналарында» да өмір сүретінін білдік. Бұл түктердің түбіндегі май шығаратын тесіктер өздерін мекен ететін кенелер сияқты бетімізде тығыз орналасқан.
Біздің теріміздегі тесіктерді кенелердің кем дегенде екі түрі мекендейді. Екеуі де Demodex тұқымдасына жатады. Екеуінің ішінде қысқа әрі қыңыры – D. brevis; ол май бездеріне терең енгенді ұнатады. Екіншісі – d. folliculorum, ол жіңішке әрі ұзынырақ, өзі түк түптерінің теріге жақын бөлігін мекен етеді.
Кенелердің аталған екі түрі де «індерінен» бас көтеріп шықпайтындықтан, ғалымдарға оларды өздері тіршілік ететін қуыста да, не одан тыс та бақылау қиын. Сол себепті олардың тіршілігі туралы білетініміз мардымсыз. Бізге белгілі санаулы ғана деректің бірі – теріасты кенелері бар ғұмырын адам ағзасында өткізетіндігі.
Бұл кенелердің дәл бетімізде жұптасатынын білдіреді. Олар жұбын табу үшін ұсақ тесіктен түн қараңғысында сыртқа шығатын көрінеді, себебі шақырайған жарықты ұната бермейді. Сондай-ақ тері саңылауының ішінде қолда барды қанағат қылып, өлі тері жасушалары мен май безін қорек етеді.
Сондай-ақ теріасты кенелері бетімізде нәжіс шығарады. Ұзақ уақыт бойы ғалымдар бет кенелерінде айналшық жоқ деп сеніп келді. Қалдықтар олардың денесінде өлгенше жинала беретін болар деп үміттенді. Бірақ 2022 жылы жарияланған, микроскоппен түсірілген фотосуреттерде теріасты кенесінің кішкентай ғана айналшығы байқалды. Бұл жаңалық күлкі келтіріп қана қоймай, тері қабынуы кене өлгеннен кейінгі қалдықтардың кенет әрі көп мөлшерде шығуынан туындайды деген теорияны жоққа шығарды.
Зерттеушілер Molecular Biology and Evolution журналында кенелердің әртүрлі тері аурулары үшін жоқ жерден айыпталып жүргенін хабарлады. Ғалымдардың пікірінше, бет кенелері зиянды паразит емес; олар адамдармен симбиотикалық қарым-қатынаста дамып келеді. Шындығында, бұл олардың түпкілікті жойылуына әкелуі мүмкін. Кенелер иелеріне, яғни адам неғұрлым тәуелді болған сайын, соғұрлым олардың өмір сүруі үшін қажетті генетикалық әртүрлілігін жоғалтады. Зерттеушілер тіпті олардың эволюциялық уақыт ішінде түр ретінде аман қалуы екіталай екенін жазады.
Кенелердің аталған екі түрі де «індерінен» бас көтеріп шықпайтындықтан, ғалымдарға оларды өздері тіршілік ететін қуыста да, не одан тыс та бақылау қиын. Сол себепті олардың тіршілігі туралы білетініміз мардымсыз.
Бұл кенелер нағыз жұмбақ болғандықтан, көпшілігіміз оларды ешқашан көре алмаспыз. Бірақ биолог Роб Данн әріптестерімен бірге оларды зеттеуде біраз жетістікке жетті, сондықтан мен Ролидегі Солтүстік Каролина мемлекеттік университетінің зертханасына баруды мақсат еттім. Бетімдегі достарыммен көрісіп қана қоймай, осынау тіршілік иелері туралы көбірек білгім келді. Данның айтуынша, бет кенелерін зерттеуге ерекше қызығуының себебі олардың осыншалықты құпияға толы болуында жатыр. Бетімізде әлдебіреу жымын білдірместен қалай өмір сүріп жатыр?
Меган Томмес ұзын жирен шашын түйіп алып, қолғабын киді. Ол менің бетімдегі кенелерді ұсақ тесіктерден сығып алып шығуға дайындалып жатыр. Томместі Данның зертханасында докторлық диссертациясын жазуды аяқтап қалғандықтан, теріасты кенелерін алудың кәсіби маманы десек болады. Бірақ ол кене табылмауы да әбден мүмкін екенін ескертті.
«Демодексті жинаудың ең тиімді жолы – адам бетіне бір тамшы цианакрилат желімін (супержелім) жағып, оған микроскоп әйнегін жабыстыру», – дейді Томмес. Желім құрғаған соң, сіз оны жұлып алғанда (бұл ауыртпайды) желім тері саңылауынан бәрін, соның ішінде кеуек тәрізді түйіршікте бір-біріне жабысқан кенелерді де алып шығады. Зертханадағы ең үлкен олжа – бір саңылаудан 14 кене табылуы.
Бүгін таңертең Томмес супержелім таба алмағандықтан, біз ескі әдісті қолдандық: тері майын тот баспайтын болаттан жасалған зертханалық шпательмен қырдық. Бетімнен шыққан осы кірді көру үшін ғана бес сағат жол жүріп келдім бе деп қоямын. Томмес еңкейіп, мықтап тырналай бастады. Бір минуттан кейін ол маған шпательде түссіз бет майының жағындысы бар екенін көрсетіп, оны микроскоп астына салды.
Томмес микроскопты күнде істеп жүрген адамның асқан шеберлігіне салып әп-сәтте баптады. Бірнеше секундтан кейін: «Біреуін тапқан сияқтымын», – деп міңгірледі. Тағы бір рет мұқият қарап: «Иә, бар екен!», – деді. Екеуміз де қуанышымыз қойнымызға сыймай, айқайлап жібердік. Оның үстіне, кене тірі екен. Оның кішкентай аяқтарының жарықта жыбырлағанын таңдана тамашаладым.
Бетімнің құрметті тұрғынын жақсылап суретке түсірген соң, Томмес оны сканерлеп зерттеуге кірісті. Ақырын санай бастады. «Екі, үш … о, brevis-ті де тапқан сияқтымын!» Біршама үнсіздіктен соң: «Сегіз кене, – деп хабарлады. – Алты d. folliculorum, екі d. brevis. Үлкен олжа». Ол әдетте адам бетінен көп дегенде бір-екеуін ғана тауып жүрген екен. Мен өзімді ерекше сезініп, мұны жақсы жағынан қарастыруды жөн көрдім.
Томместің бет кенелерін табудағы тағы бір тәсілі – олардың ДНҚ-сын пайдалану. Данн бастаған бір топ зерттеуші май безі сынамаларының ДНҚ-сын талдағанда, сынама алынған барлық 18 жастан асқан адамның бетінен теріасты кенелерінің ізін тапты (адамдардың бетінен қырып алынған 14 пайызбен салыстырғанда). Олар 2014 жылы бет кенелерінің адамдар арасында кең таралғаны жөнінде дәлелдер жариялады. ДНҚ-ны одан әрі зерттей түскенде, бет кенелерінің өз иелерімен тығыз байланыста дамығаны сонша, кенелердің кем дегенде төрт түрі біз сияқты еуропалық, азиялық, латынамерикалық және африкалық тектес келетінін көрсетті.
Осы жаңалықты Данның әріптестерінің бірі, Калифорния ғылым академиясы қызметкері Мишель Траутвейн әлі де зерттеп жүр. Ол 90-нан астам ел өкілдерінің бетінен кене үлгілерін алып, кенелердің бүкіл геномын рет-ретімен тізу арқылы зерттеудің жаңа тәсілін табуға ниетті. Оның айтуынша, кенелерді зертханада өсіру қиындығына қарамастан, гендерін зерттеу арқылы физиологиясын әрі бізбен бірге қалай дамығанын жақсырақ түсінуге болады.
1800 жылдары адам денесіндегі Demodex-терді ашқан ғалымдар оларды ықтимал зиянкестер немесе медициналық қауіп ретінде қарастырған. Бұл түсінік бір ғасырдан астам уақыт бойы өзгерген жоқ. (Розацея науқастарынан демодекстер көп табылғандықтан, бет қызаруын тудыратын тері ауруын кейбір дерматологтер теріасты кенелері тудырады деп болжаған.)
Алайда, қазір біздің бет кенелеріне деген көзқарасымыз өзгеріп жатыр. Олар барлығымызда дерлік бар болса, бәріміз де әлгі ауруды жұқтырған болып шықпаймыз ба? Тіпті олардың розацеямен байланысын біз мүлде басқаша жорыған болуымыз мүмкін деп болжайды Томмес. Бәлкім, керісінше шығар? Розацеяның салдарынан тері қабынуы мен қан ағымының жоғарылауы кенелердің көбеюіне қолайлы жағдай туғызған болуы да мүмкін ғой. Басқаша айтқанда, бет кенелерінің көп болуы розацеяның себебі емес, симптомы сыңайлы.
1800 жылдары адам денесіндегі демодексті алғаш тапқан ғалымдар оларды ықтимал зиянкес немесе медициналық қауіп ретінде көрді. Алайда қазір біздің оларға деген көзқарасымыз өзгеріп жатыр.
Одан бөлек, ғылым адам ағзасын әртүрлі микроскопиялық флора мен фаунаға пана экожүйе ретінде қарастыра бастағандықтан, демодекс кенелерін жалпы зиянкес паразиттер қатарына жатқызу дұрыс па, бұрыс па – ол арасы бізге белгісіз. Кенелер тіпті ішегімізді мекендейтін «жақсы» микробтар сияқты бізге көмектесіп жүрген де шығар; олар тері саңылауларымыздағы өлі тері жасушалары мен май безіне қоса, зиянды бактерияларды да жеуі немесе микробқа қарсы қосылыстар шығаратын болуы мүмкін. Бәлкім, біз кенелерімізбен симбиотикалық қарым-қатынаста шығармыз: олар бізден азық алып, есесіне теріміздің тесігіндегі «үй шаруасына» көмектесіп жүрген болар.
Бетімді мекен еткен демодекс достарыма келетін болсақ, олармен танысқаныма қуаныштымын. Олардың ниеті түзу деп үміттенемін. Ғылымның осынау ұсақ басқыншыларды егжей-тегжейлі зерттеуін күтіп жүрген мен өзімнің керемет кенебет екенімді мақтана жариялаймын.
Ғылыми журналист Эрика Энгельхаупт – жақында оқырман назарына ұсынылатын «Үрейлі деректер: Ғылымның көлеңкелі тұстарындағы шытырман оқиғалар» кітабының авторы.