12Май

Тынымсыз эволюция

Динозавр туралы жаңалықтар олардың бейнесін де жаңғыртып жатыр

Авторы: Дэниель Стоун

1919 ж. Алғашқы кескін. Палеосуретші Чарльз Р. Найт қаһарлы, игуанаға ұқсас альбертозавр бейнесін динозавр қалдықтарын зерттеп барып салған.

Жуырда шығатын төртінші «Юра әлемі» фильмі динозаврларға, әсіресе сиквелдер супержұлдызы – Тиранозавр рекс пен өзге тероподтарға деген қызығушылығымыз бәсеңсімейтінін айғақтайды. Осы ма­­құлықтар алғаш табылғаннан бергі бір ғасырдан астам уақыт бойы National Geographic олар жайлы тың мәліметтерді көрнекілеп көрсетіп келеді. Ғылымда жаңалық ашылған сайын осы кескіндер беретін ақпарат та толыға түседі.

1942 ж. Азулылар айқасы. Найт жаңа мәліметтер негізінде «қос қырлы, қанжардай өткір тістерін» ақситып, таласып жатқан Ти-Рекстерді бейнеледі.

Біз 1919 жылы «шөпқоректі туыстарының кез келгенін жоқ қылып жібере алатын… жойқын етжегіш» деп, альбертозаврды сипаттап, оқырман қауымын динозаврлармен таныстыра бастадық. 23 жыл өткен соң журналымызға «тұрқы 6 метр» алысып жатқан Ти-Рекстер шықты. Ал 1978 жылғы мұқабада Ти-Рекстің бұрынғыдан да үлкен – «15 метрлік, алты тонналық сұмдық» болғаны айтылды. 1990 жылдардың аяғына дейін динозаврлар көбіне қабыршақты бауырымен жорғалаушыдай бейнеленетін, бірақ Қытайда табылған теропод қаңқалары жас Ти-Рекс­тердің қауырсыны болғанын көрсетті. Бұл бізді тағы бір жаңа тұжырымға жетеледі: «Адамды сүтқоректі деп сеніммен айтқанымыз секілді, құстарды да дәл солай теропод деп айта аламыз».

Түпкілікті ақиқат деп кесіп айта алмасақ та, соңғы тұжырымдарымыз бізді осы ғажайып мақұлықтардың шынайы бейнесіне жақындата түсері анық.

1978 ж. Алыптар. Рой Андерсен салған 1978 жылғы тамыздағы мұқабада Ти-Рекс бұрынғыдан әлдеқайда ірі тұрпатта бейнеленген.
1999 ж. Майда мамық. Жыртқыш динозаврлардың бүркіт және басқа да бүгінгі құстармен байланысы анықталған соң, мына Ти-Рекс суретте майда мамықты баласымен бірге бейнеленді.
2003 ж. Бір асам ет. Зерттеулер теропод ауказавр өзінен әлдеқайда үлкен сауроподтардың ұядағы балапандарын жеп кететін болғанын анықтады, бұл бор дәуірінің қоректік тізбегін нақтылады.

ФОТО: ЧАРЛЬЗ Р. НАЙТ, 1919, 1942; РОЙ АНДЕРСЕН, 1978; МАЙКЛ У. СКРЕПНИК, 1999;
ДЖОН СИББИК, 2003 (NATIONAL GEOGRAPHIC СУРЕТ ЖИНАҒЫ: БАРЛЫҒЫ)


Мақалалардың толық нұсқаларын оқу үшін, National Geographic Qazaqstan журналына жазылыңыз.