Материал Toyota Kazakhstan компаниясының қолдауымен дайындалды.
Аққұйрықты субүркіт (Haliaeetus albicilla) – сұңқар тәрізділер отрядының қаршыға тұқымдасына жататын ірі жыртқыш құс. Дүниежүзілік фаунадағы субүркіттердің сегіз түрінің, Қазақтанда мекендейтін екі түрдің бірі. Саны кеміп жатқандықтан, ел аумағында сирек кездесетін түр ретінде Қазақстанның «Қызыл кітабына» ІІ санатта енгізілген.
Санының азаюына аң шаруашылығына кесірін тигізетіні жайлы дақпырттардың салдарынан ұясын бұзу факторлары, мекендейтін ортасын – жағалауларды шаруашылық мақсатта игеру, қорегінің азаюы, сонымен қатар қақпанға түсу мен өрт салдарынан ұяларының жойылуы себеп болған.
Әлем бойынша саны тұрақты, Халықаралық табиғат қорғау одағының (IUCN) «қызыл» тізіміне «жойылу қаупі төмен» деген санатпен енгізілген.
Өткен ғасырдың алғашқы жартысында еліміздегі көптеген суқоймада тіршілік еткен. Қазір балығы мол, су құстары көп жайылатын Жайық, Ертіс өзендерін, Каспийдің солтүстігін мекендейді. Марқакөл, Науырзым және Алакөл қорықтарында, сондай-ақ Алтынемел ұлттық паркінде қорғауға алынған. Оңтүстік өңірге көбіне қыстауға барады.
Сыртқы сипаты бүркітке ұқсайды, бірақ одан ірірек. Қоразы ұябсарынан шағындау: мекиенінің салмағы 4,0–6,9 кг болса, аталығының салмағы 3,0–5,5 кг-дай болады. Басы салыстырмалы түрде шағындау, сүйірлеу келген құйрығы қысқа, бірақ ауқымды. Ересек құстардың құйрығы ақ. Қалықтаған кезде қанаттарын бір жазықтықта ұстайды. Тұмсығы ірі, сары түсті. Басы, көбіне денесінің бүкіл алдыңғы бөлігі, қалған бөлігіндегі қауырсындарына қарағанда әлдеқайда ашық. Жалпы құстардың түстері әрқилы болуы мүмкін. Әдетте құс неғұрлым кәрі болса, соғұрлым ашық түсті болады. Көздері сұр. Жасырақ бүркіттер қара қоңыр түсті, денесінде және қанаттарында ашық жолақтары болады.
Қорегі сан алуан. Көбіне балықпен қоректенеді. Бірақ құстарды да, зорман, қоян, итбалық секілді сүтқоректілерді де аулай береді. Өлекседен де бас тартпайды. Балықшы тұйғын секілді тұтқиылдан шабуылдамай, жемтігін су бетіне жақын қалықтап жүріп ұстайды. Басқа құстардың олжасын ұрлап жеуі де мүмкін.
Жыныстық жағынан 5-6 жасында жетіледі. Жұптасардан бұрын құстар көкке көтеріліп, қиқулап, домаланып, аяқтарымен бір-біріне жабысып, бірін-бірі қуалап, жұптық ойындар өткізеді. Ұяларын ағаштың басына бұтақтардан салады, ұя табанына шөп қалдықтары мен жүн, мамық төсейді. Оны жыл сайын жаңартып, үсті-үстіне кеңейтіп, ұзақ жылдар бойы пайдаланады. Наурыз-сәуір айларында жұмыртқалап, 1-3 жұмыртқаны бір айдан астам уақыт бойы (көбіне мекиені) басады. Балапандары жұмыртқаны жарып шыққан алғашқы үш аптада қораздары ғана қорек әкелуге жауапты болады. Кейін мекиені де азық табуға атсалыса бастайды. Балапандардың 2 айдан аса уақыттан соң қауырсыны өсіп, ұшуды үйрене бастайды. Одан кейін тағы бір жарым айдай ата-анасының қамқорлығында болады. Жас бүркіттер тұрақты мекендейтін жер мен жұбын тапқанша бірнеше жылдай көшпелі тіршілік етеді.
Материал Toyota Kazakhstan компаниясының қолдауымен дайындалды.