Мәтін: Айбын Шағалақ. Фото: Ерболат Шадрахов
Елімізде флора мен фаунасы бай, әртүрлі ландшафты қамтитын 14 ұлттық табиғи парк бар. Соның елордаға ең жақыны – «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі. Біз өлке тануды мақсат еткен биылғы алғашқы сапарымызды осы Бұйратаудан бастадық. Бұл парк Ақмола мен Қарағанды облысының шекаралас аумағын алып жатыр. Соған орай, екі филиалға бөлінген, бірі – Ақмола облысының Ерейментау, екіншісі Қарағанды облысының Осакаров ауданы жағында орналасқан. Біз Қарағанды облысы аумағындағы «Белодымовский» филиалына бет түзедік. Ерейментаумен салыстырғанда Астанадан айтарлықтай қашық әрі жолы да ұзақ екеніне қарамастан, осы филиалды таңдауымызға түрткі болған басты себеп – бизон.

Иә, Америка құрлығында тіршілік ететін, байырғы үндістердің қарааяқ, қан тайпаларының негізгі азық көзі болған кәдімгі бизондардың Сарыарқа төсіне жерсіндіріліп жатқан шағын табыны. Қазір Ақдым тауының баурайында жайылып жүр. Бар ойымыз осы – Қазақстан үшін таңсық жануарларды мейлінше жақыннан көру, бақылау және суретке түсіру, National Geographic Qazaqstan қорын жаңа фотолармен толықтыру. Алайда жолға кететін уақытты дұрыс есептемеген екенбіз, кешқұрым табиғат аясында суретке түсіреміз деген ойымыз орындалмайтынын «Молодежный» кентіне жеткенде білдік. Бізді қарсы алған «Бұйратау» МҰТП бас директорының ғылыми сала бойынша орынбасары Қайрат Бұхарбаев пен филиал директоры Айтман Омарбеков ол жаққа қас қарайғанда бір-ақ жететінімізді айтты. Ендігі қалған 80 шақырым жолдың тең жартысы әр-әр жерде ғана асфальт жұрнағы қалған тас жол болса, қалған жартысы кәдімгі қара жол дейді. Жолнұсқаушы белгілерді байқамай қалсақ, иен далада адасып кетуіміз де мүмкін екен. Сондықтан, кордондағы қызметкерлерге парк аумағына таяу тұстан күтіп алуды табыстап қойыпты.
(Америкадағы байырғы үндістердің тіршілігімен байланысты бизондар туралы Бизонды қайтару деген мақаладан оқуға болады)
Бізді Астан деген парк қызметкері күтіп алып, бірден кордонға алып барды. Кордон дегеніміз осында 10 күндік ауысыммен жұмыс істейтін парк қызметкерлері тұратын үлкен үй екен. Оның бір жағы біз сияқты қона-түней келетін туристерге арналған. Бағымызға орай дәл сол күнге қонақүйді брондап қойған туристер келмей қалыпты. Сондықтан бізді осы үйге орналастырды. Әйтпесе, қонақүйдің бос болмайтынын бір күн бұрын ескерткен. Біз де шатырымыз бен ас-су дайындайтын жабдығымызды ала келгенбіз. Сөйтіп, ашық аспан астында, жеңіл шатырға қонамыз деп келіп, жайлы да жылы орынға жайғастық. Ендігі мақсат – таңмен таласа тұрып, шығар күннің арайында фотоаңшылықты бастау.
Арасында ертеңгі жұмысымыздың жайын бажайлап алу үшін Астан ағадан бизон қайда екенін, марал мен арқарлар қайда жүретінін сұрап жатырмыз.
– Бизондар қоршау-питомниктің ішінде. Маралдар осы төңіректе жүр. Бағана, келгенде байқамадыңыздар ма, мына тұста 4-5 марал тұрған. Ертеңгісін және кешкісін осы маңда жайылып жүреді, тіпті үйдің айналасынан топ-тобымен өтеді, – деген Астан біз тұрған үйден 100-150 метрдей ғана жерді нұсқаған.

Сөзінің айна-қатесіз рас екеніне таңғы сағат 4-те далаға шыққанда көз жеткіздік. Әлі күн шықпаса да, айнала жап-жарық. Сәл төменірек етекте маралдар өріп жүр. Көзіміз жайнап, солай қарай бет алдық.

Қорықшыларға үйреніп қалғандықтан болар, алыстан үркіп қашпайды, бірақ жат екенімізді де сезетін болуы керек, тым жақындата да қоймайды. Көліктен түспеген күйі шыртылдатып суретке түсіруге кірістік.


Сүт пісірім уақыттан аса марал үйірін суретке түсірген соң, бизондар тұратын қоршау-питомникке келіп кірдік. Қоршау дегенге шағын қора екен деп қалмаңыздар. Бұл – қайыңды ормандары, шалғынды алқаптары бар, сай-саласы тоғайлы болып келетін тау (жота) етегін алып жатқан 400 га аумақ.
Әне-міне дегенше, бизондардың да қарасы көрінді. Шоқ-шоқ қайың тоғайлар арасындағы ашық алаңда, күншығысқа қарай желдеп жайылып барады. Парктің ресми сайтындағы мәлімет бойынша, 2020 жылы бұл жерге 10 бас бизон әкелінген. Содан бері біршама көбейіп қалған сияқты. Ә, дегенде 20 бас бар-ау деп шамаладық.

Қатты қателесе қоймаптық. «Бұлар – бизонның канадалық орман бизоны деген түршесіне жатады. Қазір тана-торпағымен қосқанда ұзын саны 22-ге жетті», – деді бізге кейінірек уотсап арқылы хабарласқанымызда «Бұйратау» МҰТП ғылым және мониторинг бөлімінің меңгерушісі Фируза Исмаилова.

Шеф-фотограф Ерболат Шадрахов ағамыз дереу табынды нысанаға алып, фотоға түсіруге кірісіп кетті. Кәсіпқой фотограф болмасақ та, біз де біресе фотоаппаратқа, біресе телефонға түсіруге тырысып жүрміз.

Табын ашық жерде өзіне тым жақындата қоймады. Орманға кіргенде ғана ағаш-ағашты тасалай жүріп, 10-15 метрдей тақап барудың сәті түсті. Ағаш арасы әлі саз болып жатыр екен, аяқкиімнен су өтіп кетті. Бірақ оған қарайтын емеспіз, есіл-дертіміз жақынырақ бару.



Мына бизон дәл жол жиегінде жатыр, адамнан үрке қоймайды екен.


Ерболат аға бизон табынын енді суат басында дрон арқылы түсіруге дайындалып жатқанда, қорықшылардың қарауыл төбесіне көтеріліп, Бұйратаудың таңғы тымық ауадағы тамаша көрінісіне көз сүйінттік.

Саф ауа, ғажап табиғат, мүлгіген тыныштық. Осынау ғажайып жер флора мен фауна өкілдеріне бай. Мұнда бірнеше жылдан бері жерсіндіріліп жатқан бизондардан бөлек, марал, бұлан, арқар, елік, сондай-ақ қасқыр, түлкі, қарсақ, сілеусін, суыр сияқты ірілі-ұсақты сүтқоректілер мекендейді. Жабысқақ қандыағаш, қызыл қайың, құндызшөп, қарғакөз сияқты Қызыл кітапқа енгізілген сирек өсімдіктердің біршамасы осы аумақта өседі. Олар туралы келесі материалымызда жазбақпыз. Ал қазір осы сапарымыздың сәтімен өтуіне септігін тигізген Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаевқа, «Бұйратау» МҰТП «Белодымовский» филиалының қызметкерлеріне ризашылық білдіргіміз келеді.

Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласу арқылы журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз.