Табиғат жанашырлары зираттарды жерді табиғи қорғаудың және тоқтаусыз құрылысты тежеудің құралы деп біледі.
Оңтүстік-шығыс Техастағы ең бейбіт Индианграсс қорығында мүлгіген тыныштық. Көктемде шөп қаулай өседі. Зеңгір көкте құстар самғағанда, данаида монархы ланцет тәріздес кореопсиске жабысады. Жаз келсе, америкалық ор қоян іздеген жирен сілеусін су ішу үшін аялдайтын батпақты жерлер жауын суына толады.
Агрохимиялық ғылыми-зерттеу мекемесі 2001 жылдың өзінде-ақ осы аймақтың бір бөлігін алып жатты. Содан кейін Katy Prairie Conservancy ұйымы оны табиғи қорыққа айналдырды.
Табиғатты қорғау ұйымының вице-президенті Элиза Донованның айтуынша, қорық 1992 жылдан бері Техастың құрылыс салынуы мүмкін болған 7200 гектардан астам жерін қорғап қалды. Ол биік шөпті дала мен сазды жерлерді, көптеген жан-жануар мен гофертектес бақа сияқты сирек кездесетін түрлерді қорғайды. Оның соңғы жобасы жердің тіріге де, өліге де құшақ жаятын табиғи кейпін қалпына келтіруді және қорғауды мақсат етеді.
Донован әріптестерімен бірге мұнда жылдар бойы қорым салуды жоспарлап келеді. Елде бір мезетте табиғи қорық, саябақ әрі айналаға зиянсыз жерлеу орны ретінде жасақталған оннан астам ғана жеке меншік нысан бар. Мынау Техастағы алғашқысы болмақ.
Қазіргі табиғатты қорғау жоспары аясында «жасыл қорымға» 20 гектар жер кіреді. Ешқандай табыт не бетон төсеніш қолданылмайды. Синтетикалық, зиянды химикаттардың алдын алу мақсатында мәйіт бальзамдалмайды. Жерге көмілген әрбір мүрдеге тек биоыдырайтын киім мен кебін кигізіледі.
Қорғау аймағындағы зираттар табиғатқа зиянсыз жерлеу орындарын жаңа деңгейге көтерді. Оның ландшафты табиғи түрде шіріген мәйітті қорғаса, есесіне өлілер жерді қорғауға жәрдемдеседі (зираттарды мазалауға тиым салатын қалыпты заңдарымен). Индианграсс қорығының маңындағы жеке меншік – аймақтық кеңсесіне қатысты да осындай жоспар бар. Ол Хьюстонның солтүстік батысында 68 шақырым жердегі шағын Уоллер қаласының шетіндегі елеусіз ақ ғимарат.
Аймақ Хьюстонның маңындағыдай үздіксіз өркендеп жатқандықтан, құрылыс Уоллерден тысқары табиғатты да жалмап барады. Кэти ауданының экономикалық даму кеңесінің айтуынша, алып Кэти ауданы 1990-2020 жылдардың арасында 81 мың тұрғыннан 309 мыңнан астам халқы бар елді мекенге айналған. Бұл дамудың баяулаған кезі болған емес, сондықтан Донован мен әріптестері секілді табиғат жанашырлары креативті жауап іздеуге мәжбүр.
Ұйымның аймақтық кеңсесінен солтүстікке қарасаңыз, құрылыс компаниялары иеленген әрі жуырда тұрғын-үй аймағына айналатын 400 гектардан астам ранчоны көресіз. Көршілес жер иелері жаңа бөлімшені салудағы алғашқы қадамды – муниципалдық аудан салуды бастап кеткен. Оңтүстікке қарай қос жолақты шаң басқан трасса келешекте ағылатын көлік ағынына лайықталып, төрт жолақты етіп салынбақ.
«Бұл шынымен жарысқа ұқсайды, – дейді Донован жерді қорғау әрекеттері жайлы, – әлдебіреу бұл жерге келіп, оны бөлшектеп, жүздеген, мыңдаған үй салмай тұрып, бұл жерді қорғап қала аламыз ба?»
Қорықтағы бейіт идеясы Katy Prairie Conservancy адамдарына Кейт Бреструптың «Егер саған қажет болсам, осындамын» естеліктерінен кейін туындады. Бреструптың жоғалған адамның орманнан табылған іздері туралы жазғаны Донованның есінде қалған. Мәйіт денесі біртіндеп ыдыраған соң, қалдықтары жанындағы бұталармен тұтасып, ағашқа айналады.
Донованның Бреструптың сипаттауынан алған жан тыныштығы сезімі де ұлғая берді.Бірнеше жылдан соң әкесі қайтыс болғанда, ол табиғат пен өлімнің байланысы туралы ойлады. Отбасы әкесінің кремациялау туралы тілегін орындады. Ол мәңгілікке текшеде сақталады. Мыңдаған доллар жұмсалды.
«Тартпадан да кішірек болатын», – дейді Донован. Ол мұны қабылдай алмады. Көп адам солай ойлайтын сияқты. Олар өлудің не екеніне қайта ой жүгіртуде және адамзат өлімінің мақсатына бас қатыруда. Қаңқаларының жерге бір пайдасы тиер деген ниетпен миллиардтаған долларлық жерлеу рәсімін басқару бизнесінен бас тартуда.
Алайда, қорықтағы зират түсінігі жаңа ұғым емес. Ол қазіргі заманға сай жаңартылған. 1825 жылы ауыл шаруашылық жерлер өнеркәсіптік алқаптарға айналып жатқанда, табиғат жанашыры Джордж Бриммер Массачусетс штатындағы алқаптар мен сулы-батпақты жерлерді құрылыстан құтқару үшін сатып алады. Кейін сол жерлерді жерлеу орнына айналдырады. Нәтижесінде, Массачусетстің Кэмбриджі мен Уотертаунымен шекараласатын Маунт Оберн бейіті пайда болды.
АҚШ-та табытшы мамандығы Азамат соғысы кезінде пайда болды. Туғандары қаза тапқан сарбаздармен қоштасуы үшін мәйітті сақтау табытшылардың қалыпты тәжірибесіне айналды. Қаза тапқандардың тәні бальзамдалып, ағаш жәшіктермен үйлеріне жөнелтілді. Президент Авраам Линкольнді жерлеу рәсімі бальзамдау мәселесіне қоғам назарын аударды. Ол 1865 жылы өлтірілгеннен кейін президент табыты 19 күн бойы ашық жатты. Бальзамдаушылар мәйітті көпшілік назарына ұсыну үшін күтіп ұстады.
Өмірімізге әсер ететін көптеген әдет-ғұрыптар сияқты, Линкольн заманынан бері жерлеу рәсімін өткізу де түбегейлі өзгерді. Бүгінде жерлеу индустриясы жыл сайын 20,5 млрд доллардан астам табыс табады.
Зират пен «жасыл жерлеуді» қорғаушылар өз қадамдарымен жауап берді. 1996 жылы Оңтүстік Каролина штатының Уестминстер қаласында отбасылық дәрігер Билли Кэмпбелл мен әйелі Кимберли елдегі алғашқы табиғи жерлеу орнын құрды. Рэмси Крик қорығы деп аталған бұл жеке иелік бастапқы 13 гектардан екі еседен аса өсті.
Билли Кэмпбеллдің айтуынша, мұндай нысандар «қазіргі зираттардың жасыл нұсқасы дегеннен де артық». Ол мұны «сол жердің табиғилығын бұзбайтын көп өлшемді әлеуметтік және экологиялық кеңістіктер» деп санайды.
Бұл қажетсіз дүниелерді алып тастау және негізгі дүниелерге оралу туралы. Табиғатты қорғау аймағындағы зираттар аумағында «біз адамдардың табиғаттың өзі жеткілікті деген түсінікке қайта оралуына жәрдемдесуге тырысудамыз», – дейді Landmatters табиғатты қорғау тобының кеңесшісі әрі Bluestem Conservation зиратының негізін салушылардың бірі Хайди Ханнапель.
Bluestem-нің негізін салушылардың бірі Джеффри Мастеннің айтуынша, жерлеу орындары, бір жағынан, жерді қорғаудың заманауи, тіпті кәсіпкерлік әдісі. «Бұл – жерді басқаша пайдалану, басқа құрал, басқа стратегия, – дейді Landmatters-тің кеңесшісі Мастен, – Қорықтағы зираттар кей адамдар үшін жердің қолданыста қалуына мүмкіндік беретін бизнес іспетті».
Донован Katy Prairie зираты Хьюстон құрылысының жайылуына тежеу бола алмайтынын, керісінше, мақсат – алыпты кідірту екенін, ең маңыздысы бұған үлкен мәселенің бірі ретінде қарау керектігін алға тартады. Табиғи жерлеу учаскелерін сатудан түскен бар пайда жүзден астам гектар жерді табиғи қалпына келтіруге қолданылады.
Донован қорықтық зират жобасының түпкі мақсаты келушілерді ақырғы мекеніміз туралы ойлануға итермелейді дейді. Күндердің күні бәріміз өлімнің дәмін татамыз. Бірақ соған дейін таңдау жасайтын мүмкіндігіміз бар. Артыңыздан қандай мұра қалдырғыңыз келеді?
«Өміріміздің соңында не болатынын ойланайық», – дейді ол.
Түс ауа мен қорықтан қайттым. Хьюстонның көкжиек сызығы көзге түскенде, ландшафт жасыл, қоңырынан айырылып, сұрлана түседі. Тыныштықтан басқаның бәрі бар қала қарбалас сәтте ығы-жығы.
Нью-Орлеанда тұратын Зандер Питерс мақала жазумен және бақшасын күтумен айналысады. Оның жұмысы Christian Science Monitor, the Bitter Southerner және Audubon сияқты т.б. басылымдарда жарияланған.
Табиғи таңбалау
Айналаға зиянсыз қорық-зиратта құлпытас секілді белгілер қойылмаса, келушілер қабірдің қайда екенін қалай біледі? Katy Prairie Conservancy жоспарлаушылары үстіңгі жағында шағын медальоны бар геодезиялық металл қазықтарды пайдалануды көздеп отыр. Олар қабірдің жанындағы жерге қағылады және қорық ландшафтын бұзбайтындай шағын болады. Соған қарамастан, Донован топ кімнің қайда жатқанын нұсқай алатындай жолды білгісі келетінін айтады. Сол себепті қабірдің белгісі ретінде GPS координаттары да қолданылады. Бұл прерия шөптері биік өсіп, қабір байқалмайтындай болса, марқұмның туыстары мен достарына оның орнын смартфоннан анықтауға мүмкіндік береді. Ол қорымда жерленген адамды әрбір келуші, отбасы не дос-жарандары аза тұта алуы үшін цифрлы естелік немесе онлайн қазанама жасауға да үміттеніп отыр.
Авторы: Зандер Питерс