Еріп жатқан фьордтар, күшейіп келе жатқан қар көшкіні, тұмса табиғатқа төнген қауіп. Біздің фотограф Норвегияның Свалбард қаласында климат өзгеруінің салдарын төрт маусым бойы құжатқа түсірді.
«Мұнда өзіңді кішкентай сезінесің», – дейді Штефано Унтертинер Арктиканың жоғары ендіктерінде орналасқан норвегиялық архипелаг Свалбард туралы, ол онда отбасымен бір жылын өткізді. Итальян фотограф 2019 жылы әйелі Стефанимен және кішкентай ұл, қызымен бірге Свалбард ең үлкен қонысы Лоңиербинге көшкен еді. Олар бірден өздерін жайлы сезінді: қалада ғалымдар, туроператорлар мен студенттерден құралған бар-жоғы 2100-дей адам болса да, олар әлемнің түкпір-түкпірінен келген 50-ге жуық ұлттың өкілі.
Жер бетіндегі ең жылдам жылынып жатқан осы жерде осал экожүйенің қалай өзгеріп жатқанын зерделеу үшін Унтертинер Арктиканың тұмса табиғатына аттанды. Дүрбісі мен мылтығын, бейнекамерасын қолына алып, ол өңірді қар кешкіш көлікпен кейде жаяу аралады. Сонда жүріп фьордтардың еріп, қар көшкінінің жиілеп бара жатқанына, мәңгілік тоң мен жаңбыр суынан жануарлардың тіршілік көзі – өсімдіктерді мұз құрсап жатқанына куә болды.
Унтертинер бұл аймақтың «тез өзгеріп жатқаны соншалық, осы ортада өмір сүруге әбден бейімделген көптеген түр мұндай қарқынға төселіп үлгермейді» деп қорқады.
Свалбард бұғыларының аталықтары күйек кезінде үйірге таласып сүзісіп жатыр. Жеңген бұғы жеңілгенін қуып жіберді. Қазір бұғыларға қар емес, қоректік өсімдіктерді мұз құрсауында қалдыратын жауын-шашын көбірек қатерлі.
Бейне жазба: Екі еркек бұғы сүзісіп жүр.
Свалбардта болған бір жыл ішінде Унтертинерді таң қалдырғаны не? Ол тамызда Шпицберген алқабындағы Адвентдаленде тундра Арктиканың келте жазы аяқтала салысымен түстерін өзгерткеніне қайран қалды.
Унтертинер әйелі Стефаниге Свалбардта бір жыл тұрып көргісі келетінін айтып үнемі қалжыңдайтын. «Бәлкім, келер жылы», – деп жауап берер еді ол. 2019 жылдың тамызында ерлі-зайыптылар екі баласы Реми (6 жаста) мен Бахияны (3 жаста) алып (ертіп) өздері «Арктикадағы отбасы» деп атаған бір жылдық уақытша үйлеріне көшіп келді.
Жаздың аяғында Свалбардтағы сирек өсімдік жабыны сарғайып, осы жалғыз жортқан ақ аюға түрлі-түсті пейзажын паш етеді. «Бұл жер тез өзгеріп жатыр», — дейді Унтертинер. «Мені қатты таңғалдырғаны да – осы».
Ұрғашы бұғының буаздығы 7 айға созылып, әдетте маусымда жалқы туады. Бұғылар мамырдың аяғы мен маусымның басына дейінгі аралықта төлдейді. Жылымық бұғылардың тіршілігін одан әрі қиындатты; жауын-шашын салдарынан олар жейтін өсімдіктерді мұз құрсап қалады. «Мұз қатуы кесірінен бұғылар аштыққа ұшырайды», – дейді Унтертинер. Бір кездері жойылып кеткенше ауланған Свалбард эндемигі – Свалбард бұғыларының саны қазір айтарлықтай артқан. Бірақ бұл осы түр сөзсіз сақталып қалады дегенді білдірмейді. Қазіргі өзгерістер күйек кезінде сүзісіп ойнағаннан кейін бір-бірін иіскеп тұрған мына екеуі сияқты жас еркек бұғылар мен бұзауларға әлқеқайда қауіптірек.
Бьорндален алқабының үстіндегі жартастан Унтертинер төменде қалқыған мұздан қозғалысты байқады. «Аюды кезіктіру – бір арман, сөйте тұра сұмдық қорқынышты», – дейді ол. Ара-тұра бір-бірін өлтіретін Свалбард ақ аюлары мен адамдардың қарым-қатынасы жақсы емес.
Автор: НИНА СТРОЧЛИК
Фотограф: ШТЕФАНО УНТЕРТИНЕР
Аударған: Әлия Құлахметова