Осы аптада елімізде ғылымдағы аса сирек эксперимент жасалды. Сиректігі сол, үш елдің археолог ғалымдары жылқыны ежелгі адамдарша тас құралдармен сойып, мүшеледі. «Мақсатымыз – тас құралдарын дайындаудан бастап, етсіз сүйектердің жер астында қалуына дейінгі бүкіл тізбекті қалпына келтіру», – дейді ғалымдар.
Археологияның эксперименттік деп аталатын бағыты белгілі бір дәуірге мүмкіндігінше жақын жағдай жасап, сосын сол жағдайда сол дәуір адамдарының әрекетін қайталап көрумен айналысады. Ол әрекет керамикалық ыдыстар құю, тас құралдар жасау немесе аңды сою болуы мүмкін. Осылайша, археологтер мысалы, көнеден қалған құралдардың шын мәнінде қандай жұмыс үшін ыңғайлы екенін, не мақсатқа қолданылғанын анықтай алады. Қысқасын айтқанда, мұндай зерттеулер сол адамдарды түсінуді оңайлатады.
Зерттеулер бұл жерді мекендеген ежелгі адамдардың тас құралдарды порфириттен жасағанын көрсетті. Ғалымдар экспериментке тастың бұл түрін осы жерден жинады және құралдарды тасты тасқа ұрып сындырып, қашап жасады. Қажетті кременьді (шақпақ тас) Маңғыстау өңірінен алды.
Сейсенбі, тамыздың 9-ы күні үш елдің ғалымдары Қазақстанда дәл осындай эксперимент жасады. Олар алдын ала пышақпен бауыздап алынған жылқының терісін сыпырып, мүшелеп, етін сүйегінен ажыратты және осының барлығын дерлік палеолит дәуірінің адамдары сияқты тас құралдармен істеді.
Тәжірибенің соңғы сатысында жылқы сүйектері тас құралдармен шағылып, шамамен екі метр тереңдікке көмілді.
Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының ұйымдастыруымен өткен экспериментке қазақ, француз және ресейлік ғалымдар қатысты. Бір қызығы, бұл тәжірибе ежелгі адамдар көне тас дәуірінен бастап ұзақ уақыт мекендеген тарихи жерде жасалды.
2018 жылы Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Рахат ауылының жоғарғы жағынан ежелгі қоныс табылған болатын. Қазба жұмыстары бұл жерді адамдардың ерте тас дәуірінен сақтар заманына дейін 30 мың жыл мекендегенін көрсетті. Арасында бір-екі мың жылдық үзілістер болған (және ол мұз дәуіріне сәйкес келген), десе де ата-бабаларымыз дәл осы тұсқа ұдайы келіп отырған.
Неге олай деген сұраққа ғалымдар бірнеше жорамал айтады. Соның негізгілері – бұл жердің аңшылыққа қолайлы, табиғатының жайлы болуы және суының мұздықтардан гөрі, бұлақтардан бастау алатыны. Археология институты директорының орынбасары, экспериментті ұйымдастыру жұмыстарының жетекшісі Талғат Мамиров төмендегі ауылдың Рахат аталуы да бекер болмаса керек дейді.
Эксперимент үшін Қазақстанның қолайлы болған тағы бір себебі, біздің елде халық жылқыны әлі де өз қолымен сойып, жіліктейді. Франция сияқты елдердің бүгінгі тұрмыс салты мұндай эксперимент жасауға қиындық туғызар еді.
Фотолар мен мәтін авторы: Ержан Әбдіраман