Оғланды жеріндегі Бекет ата мешіті Ақтау қаласынан 290 шақырым қашықта орналасқан. Маңғыстау туралы айтқанда, осы жерасты мешітті тілге тиек етпеу мүмкін емес. Өйткені ұрпағына ұран болған пір Бекеттің есімін жергілікті халық күні бүгінге дейін қуанышта да, қайғыда да ауызға алып, медет тілейді. Жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен келетін туристер де зиярат ету үшін ғана емес, ерекше сәулет өнерін көру үшін ағылып жатады.
Әдетте келушілер әуелі жол бойындағы Шопан ата мешітіне соғып, тәу етеді. Ол да Маңғыстаудың әулиелерінің бірі әрі Бекет атаға жол сілтеген рухани ұстазы саналады. Шопан атаның мешітінен 70 км-ден соң діттеген жер – Бекет ата кешені көрінеді. Бірақ мешіттің өзіне жету үшін әрі қарай тағы да бір жарым шақырымдай арнайы жасалған баспалдақты соқпақпен жаяу төмен түсу керек. Атаның ақырғы тұрағы болған бұл киелі орын – жолы ұзақ болғанымен, қысы-жазы қонақ үзілмейтін, Маңғыстаудағы ең танымал орындардың бірі де бірегейі. Тарихи ескерткіш XVIII ғасырда салынған.
Ақбор тасты тау шатқалынан ойылып жасалған мешіт төрт бөлмеден тұрады. Кіреберіс есігі аласа әрі тар. Бірінші бөлме төбесінен жарық түсетін күмбез тәрізді ауыз үй. Оның батыс жағында михрабы оңтүстікке қаратылған намаз оқитын бөлме орналасқан. Ал оңтүстік-шығысында екі бөлменің біреуінде Бекет атаның өзі жерленген. Төргі бөлмеде атаның ем іздеп келген адамдарға дұға етіп, дем салған бақан ағашы тұр. Бөлмелердің пішіні дөңгелек, биіктігі әрқилы – 2,7-ден 3,5 метрге дейін жетеді. Қабырғаларында шырағданға арналған ойықтар орналасқан.
Бекет ата мешіті – рухани, тарихи жәдігер, сопылық сәулет өнерінің мұрасы. Оны зерттеген ғалымдар, бұл тек зиярат орны мен білім ордасы ғана емес, аспан денелерінің қозғалысын бақылап отыратын расытхана болған деген болжамды алға тартады. Бекет атаның Хорезмде жаратылыстану ғылымдарын тереңдетіп оқып келгенін ескерсек, бұл сөздің жаны бар секілді. Осы бақылаулардың арқасында Пір ата қыстың қаншалық қатты болатынын, аптапты, құрғақшылық пен жауын-шашынның түсер уақытын күні бұрын дәл біліп отырған деседі.
Ел аузындағы әңгімелер мен жазба деректерге сүйенсек, Бекет Мырзағұлұлы 1750-1813 жылдары өмір сүрген қазақ халқының данасы. Туған жерi қазiргi Атырау облысы Жылой ауданы Ақкиiзтоғай ауылы деп көрсетіледі, әйтсе де өмірінің соңына дейін Маңңғыстау даласын мекендеген. Ол – ауруды жазып, жатқанды аяққа тұрғызған емші, таласқа түскендерге әділ төрелік ете білген, қара қылды қақ жарған би. Қиналғанға қол ұшын созып, талайға медет болған, елін ізлікке бастаған кемеңгер. Сондай-ақ ол жаугершілік замандарда қолына қару алып соғысқан батыр, елінің жел жақтағы панасы, ық жақтағы саясы бола білген ер ретінде де ел есінде қалған. Өзінің өсиеттерінде Бекет ата адамдарды адал өмір сүруге, мейірімді болуға, көршілес халықтармен тату-тәтті өмір сүруге үндеген.
Ол жас кезінде Хиуадағы Шерғазы хан медресесінде 14 жыл білім алады. Тек діни білім ғана емес, әдебиет, астрономия, биология, химия және медицина пәндерін тереңдетіп оқыған. Онда Бақыржан қажыдан дәрiс алған Бекет кейінірек елiне қайтып, ұстазының iсiн жалғастырып, жер-жерден жерасты мешiттерiн салған. Жерлестерін имандылыққа үндеп, бiлiм мен көкірек көздерiн ашып, мәдениеттiң өркендеуiне мұрындық болған.
Қасиетті тұлғаның өз қолымен салған мешітіне аяқ басқан туристер сенімдерінің әртүрлілігіне қарамастан, осы аумақтың ерекше энергияға толы екенін айтады. Әрине, қасиетті мешіттің киесін сөзбен жеткізу қиын, сондықтан құдыретті сезіну үшін өз аяғыңызбен келіп көргеніңіз абзал.