Сисем ата қорымы – Киелі Маңғыстау өлкесінде орналасқан ірі мәдени мұралардың бірі. Қорым облыстағы Маңғыстау ауданы Өтес аулынан 35 км солтүстік бағытта, батыс Үстірт шыңдары аймағындағы қыстау-құдықтар мен ежелгі керуен жолдары бойында орналасқан.
Ірі тарихи-архитектуралық кешен батырлар пантеоны (кей дереккөздерде адай жұртының пантеоны) деп аталады, себебі мұнда адай тайпасының көптеген рубасылары, атақты батырлар, билер, шешендер, тұтас елге қайыры тиген байлар жерленген.
Аңыздарға сүйенсек, Сисем ата орта ғасырларда, оғыз-қыпшақ кезеңінде өмір сүрген ислам дінін алғашқы уағыздаушылардың бірі болған.
Қорымдағы есепке алынған 1328 сәулет нысаны ішінде 24 күмбезді там, 138 сағана там, 81 құлпытас, 159 қойтас, 1 қошқартас, 129 сандықтас, 133 тас қоршау, 3 бедерлі тас, 70 тас үйінді, 236 тас белгі, 286 әртүрлі кіші сәулет пішіндерінен құралған композиция, өзге де қабірүсті ескерткіш түрлері бар екені анықталған. (https://qazaqstan3d.kz/kz/place/view?id=132)
Қорымдағы ескерткіштердің осы күнге дейін жақсы жетуі, ерекше ою-өрнектермен безендірілуі – халық сәулетшілерінің өте талантты, шебер болғанының дәлелі. Сол себепті де Сисем ата қорымы – өлкені мекендеген көшпелілер мәдениетінің ерекшелігін, сәулет өнері мен салт-дәстүрлерін, сондай-ақ әлеуметтік-саяси дамуын көрсететін құнды тарихи ескерткіш болып саналады.
Қазіргі таңда киелі орындардың бірі саналатын Сисем ата зиратының басына келіп түнеп, зиярат ететіндердің қатары қалың. Бір айта кететін жайт, оған бармас бұрын алдымен Әз-әулиеге тәу ету дәстүрі қалыптасқан. Әз-әулие – Сисем атаның құбыла тұсындағы қорым. Деректерге сүйенсек, мұнда Сисем атаның анасы жерленген. Сол себепті ниет етушілер үлкенге деген құрметпен әуелі анасының басына түнейді.
Айта кетейік, Сисем ата қорымы 1982 жылы республикалық дәрежеде қорғауға алынған.
Фотоларды Маңғыстау облысының әкімдігі ұсынған