natadmin
26Қаз

Қазақстанның стратегиялық өнеркәсіп нысандарында мыңдаған адам жұмыс істейді. Олардың барлығы талапқа сай жағдайда еңбек етіп, тынығуға мұқтаж. Қызметкерлерді жайлы жерге қоныстандыру, тамақтандыру және тасымалдау бойынша жиырма жылға жуық уақыттан бері өте сапалы қызметтер кешенін атқарып келе жатқан «Caspian Offshore Construction Realty» (COC Realty) – өңірдегі ең ірі инвестициялық компаниялардың бірі, осы нарықтың сөзсіз көшбасшысы.

Батыс Қазақстан – бай өлке, алайда ауа-райы ызғарлы. Мұндағы нысандар бір-бірінен және ірі қалалардан тым алыс жатыр, ал климат қыста да, жазда да есіркей қоймайды. Сондықтан қызмет көрсету саласында басқарудың батыстық тәжірибесін қолданатын отандық COC Realty компаниясы мұнай топ-менеджерінен (басшысынан) бастап қарапайым вахташыға дейін – әрқайсысын жоғары деңгейдегі сервиспен қамтамасыз етуді өз алдына басты міндет қылып отыр.   

COC Realty мінсіз жұмыс істеген жылдар ішінде жайлылық пен қонақжайлылықтың жаңа деңгейінің негізін қалады, бүкіл индустрияны нөлден бастап құрып, ең шалғай аймақтарда инфрақұрылымды дамытты. Компания өзінің резиденцияларында, қонақ үйлерінде және вахталық қалашықтарында қоныстанғандарға жоғары сапалы қызмет көрсетеді, сондай-ақ бизнес-орталықтар мен конференц-залдардың қызметтерін ұсынады.   

Мұндағы сервис ілеспе қызметтердің бүкіл кешенін қамтиды – мейрамханаларда немесе асханаларда күніне үш рет тамақтандыру, тазалақтың барлық түрі, кір мен жеке заттарды жуу, күзету, көптеген спорт залы мен бассейндерді, сауықтыру орталықтарын басқару, көшпелі тамақтандыру (кейтеринг) және тынығу уақытын ұйымдастыру. Компания нысандарға толықтай техникалық қызмет көрсету, барлық қалдықтарды кәдеге жарату шаруаларын іске асырады, персоналды тасымалдау және үйлестіру бойынша қызметтердің барлық түрін көрсетеді.

COC Realty клиенттері – мұнай-газ саласының отандық және шетелдік ірі көшбасшылары. Басшылықтың барлық процесті басқаруға қатысуы, саналы ой-толғам, кез-келген өзгеріске бейімделуі компанияға белсенді дамуға және қызмет көрсету саласындағы сенімді серіктес ретіндегі беделін сақтауға мүмкіндік береді.

– COC Realty 2000 жылдардың басында құрылған кезде Қазақстанда жұмыс істей бастаған шетелдік компаниялар көптеген қиындыққа тап болды. Солардың бірі – персоналға арналған қазіргі заманғы халықаралық талаптарға сай келетін тұрғын үйдің болмауы. Бұл тауашаны көріп, біз тәуекелге бел буып, жылжымайтын мүлікке инвестиция сала бастадық. Біздің жұмысымыздағы басты ереже әрқашан «ұзақ ойынға» негізделді. Яғни ұзақ мерзімді инвестицияларға, нысандардың мүлтіксіз сапалы болуына және ұсынылатын қызметке, сондай-ақ қызметкерлермен, клиенттермен және қоғаммен сенімді қарым-қатынас орнатуға назар аудару болды, – деп еске алады COC Realty бас директоры Александр Прокопец.  

Сервисі жолға қойылған тұрғын үй қызметтері – сауатты сервис құру және инвестициялардың қайтарымын қамтамасыз ету тұрғысынан алғанда өте күрделі бизнес. Өз клиенттеріңнің қажеттілігін жақсы түсінуің, нарықтағы жағдайды бірнеше жыл ерте болжай білуің керек, үнемі істің басы-қасында болуға тиіссің. Бұл орайда күрделі климаттық жағдайларды ескеру қажет: мәселен Атырау облысындағы температура амплитудасы -50-ден +50 градусқа дейін, ал желдің жылдамдығы секундына 50 метрге жетуі мүмкін.

Соған бейімделуге тура келді. Мысалы, компания Теңіз кен орнына алғаш рет келген кезде таза ауыз су бойынша үлкен мәселе туындады, сұйық және қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату мүмкіндігі болмады, электр энергиясы, газ жетіспеді. Осы тармақтардың әрқайсысы бойынша барлық экологиялық және табиғатты қорғау талаптарын сақтай отырып, шешімдері табылды.

Компанияның тұрақты басшысы әрі идеялық шабыт берушісі өздерінің тек қана мердігер емес екенін атап көрсетеді. Бой көтерген нысандар солардың ұзақ мерзімді инвестициялық қаражаты есебінен тұрғызылады, сондықтан әр жобаны қолға алғанда олар үнемі өз ақшасын тәуекелге тігеді. Алдымен жер учаскелері сатып алынады, сосын қонақ үй немесе вахталық кент, кеңсе немесе ілеспе инфрақұрылым салынады. Бірақ мұнымен тоқтамайды.

– Егер COC Realty компаниясы, ең басында, тек инвестор болып,  нысандарға қызмет көрсету жұмыстарын аутсорсингке беруді жоспарлаған болса, кейін біз оны ешкімге сеніп тапсыра алмайтынымызды түсіндік. Өйткені көрсетілетін қызметтердің сапасы компанияның беделіне тікелей әсер етеді және бұл біз үшін өте маңызды, – дейді Александр Прокопец.

Сондықтан бүгінгі таңда COC Realty – нысандарда барлық коммуналдық қызметті ұйымдастыру мен кешенді қызмет көрсетуді қоса алғанда, тапсырыс берушінің персоналын жайлы орынға қоныстандыруға қатысты міндеттерді басынан аяғына дейін кешенді шеше алатын сенімді серіктес. Компанияның Атырау, Орал, Ақсай, Ақтау қалаларында, Баутино мен Теңізде нысандары бар.  Олар – қонақ үйлер, резиденциялар, жалпы сыйымдылығы 20 000 төсек-орыннан асатын вахталық қалашықтар. Ауқымы мен жайлылық деңгейі әртүрлі, елді мекендерден шалғайда орналасқан болса да күрделі климаттық жағдайларда да жылы қабылдап, сапалы қызмет көрсетуге кепілдік береді.  

Қонақтарды жайлы жерге орналастыру ғана емес, сонымен қатар дәмді тамақтандыру да маңызды. Мұнда осыған көп көңіл бөлінеді. Компания активінде 50-ден астам мейрамхана, барлар мен асханалар, сондай-ақ «Теңіз» вахталық кентіндегі әлемдегі ең ірі, бірегей «Cooks & Chill» тамақ өндіру комбинаты бар. Онда тәулігіне 70 000-нан астам түскі ас дайындалады!

Барлық дерлік нысанда заманауи құрал-сайманмен жабдықталған дене шынықтыру-сауықтыру кешендері бар. Оған қоса, вахталық ауылдарда үстел немесе қимыл-қозғалыс ойындары, барбекю, караоке болсын, демалыстың түр-түрі ұйымдастырылады. Өйткені вахташының жұмысқа деген құлшынысы, оның қалай демалуына байланысты ғой. Яғни, оған вахтада үйдегі жағдайдан жаман болмауы керек!   

Қызмет салаларының бірі – инфрақұрылымдық құрылыс. COC Realty бір уақытта инвестор, тапсырыс беруші әрі нысандарды салушы болғаннан кейін қолға алған ісін мінсіз атқаруға ұмтылады және барлық тәуекелді өз мойнына алады.

Халықаралық деңгейдегі меншікті сапалы инфрақұрылымға кіреберіс жолдар, автотұрақтар, газ тарату және газ азайтушы стансалар, сұйық қалдықтарды қайта өңдеу орталықтары, булану алаңдары мен тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеудің заманауи кешендері және тағы басқалары кіреді.

            COC Realty компаниясының 30 000 шаршы метрден астам кеңсе бөлмелері, дәл сондай көлемде қойма шаруашылығы, сондай-ақ 1 000-нан астам жолаушы көлігі мен 250 бірлік арнайы техникасы бар. Батыс Қазақстандағы ең ірі автопарктің бірін басқара отырып, компания кәсіпшілік нысандардың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді, жүктер мен адамдарды жеткізеді. Ал Атырау қаласы мен Теңіз кен орнындағы техниканы жөндеуге, бояуға және жууға арналған меншікті кешендер жоғары сапалы қызметті сол жерде көрсетуге мүмкіндік береді.

Мұның бәрі, ең алдымен, адамдардың қолымен жасалатынын ескеру керек. COC Realty командасында 12 000-нан астам білікті маман бар және оларға мансаптық дамуы әрі өрлеуі үшін жағдай жасалған. Қызметкерлер жұмыс барысындағы процестер мен барлық қызмет сапалы болуы керектігін, сондай-ақ абырой мен бедел №1 орындағы басымдық екенін жақсы түсінеді. Соған сәйкес, компанияның жалпы ұзақ мерзімді құндылықтарын негізге алады.

COC Realty клиенттерге сапалы, тиімді және сенімді қызмет көрсетуді, жоғары жұмыс стандарттарын сақтау әрі үнемі жетілдіріп отыруды өз миссиясы ретінде қарастырады. Осындағы жобаларды жүзеге асырудың барлық кезеңіне қатысу арқылы, яғни дайындау мен әзірлеуден бастап одан әрі пайдалану мен қызмет көрсетуге дейінгі еңбектің негізінде пайда болған сервистің бірегей моделі клиенттердің барлық қажеттілігіне сай келеді.  

– Біз ірі қонақ үй желілерімен, халықаралық құрылыс және тамақтандыру компанияларымен бәсекеге түсуіміз керек. Әрқашан өз қызметтеріміздің жаһандық деңгейде сұранысқа ие болуын қамтамасыз етуге тырысамыз. COC Realty Батыс Қазақстандағы әртараптандырылған бизнес көшбасшыларының бірі ретінде өз позициясын одан әрі нығайта береді. Өзгелер саған сенім арта алатындай жұмыс істеу – бұл бизнесте ғана емес, барлық салада бар басты ережелердің бірі, – дейді Александр Прокопец.

26Қаз

Қазақстан халқы қазанның 25-і күні бүкіл ел аумағы бойынша Күн тұтылуы құбылысын бақылай алды. Күннің тұтылуын Астана қаласында бақылаған National Geographic фотографы Ерболат Шадрахов мына суретті «Алау» спорт кешенінің маңында түсірген.

Фото: Ерболат Шадрахов

24Қаз

Қазан айында Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында «Қауіпсіз ұшу жолы» жобасы аясында қаздар мен қарашақаздарды күзгі бақылау жүріп жатыр.

Санақ жүргізілетін аумақтар аңшылық шаруашылықтардың қарамағында. АСБК мамандары ұшып өтетін құстар саны жайлы ақпарат жинаумен қоса, шаруашылықтардың қызметкерлерімен де ақпараттық сұхбат жүргізеді. Қорықшыларға қаздар мен қарашақаздардың сирек кездесетін қандай түрлері бар екені, ауланатын түрлерімен салыстырғанда олардың пайыздық қатынасы туралы мәліметтер береді, деп хабарлады Қазақстанның биоалуандығын сақтау ассоциясы.

Мониторинг барысында Қостанай облысы Қамысты ауданындағы біршама ірі суқоймаларда сирек кездесетін қызыл жемсаулы қарашақаздар мен шиқылдақ қаздардың саны жалпы қаздар санының 45-47,5% құраған. Бұл оларды әдейі немесе кездейсоқ атып алу қаупін арттырады. Биыл күзде осындай қызыл жемсаулы қарашақазды заңсыз ұстау оқиғалары кездескен болатын. 

Құстар қоныс аудару кезінде тоқтайтын суқоймалардың да жай-күйі алаңдатуда. Биылғы аса құрғақ жаздан кейін Қамысты және Науырзым аудандарындағы көлдер суы тартылып, құстардың таяз сулы алаптарда, кішкене көлшіктер мен тоғандарда топталуына тура келді. Мұндай жағдайда оларға төнетін қауіп-қатер арта түседі.

Алексей Тимошенконың пікірінше, көлдердің кебуі қысқы және көктемгі аз мөлшердегі жауын-шашынмен қоса, ауыл шаруашылығын ұтымсыз басқару салдарынан болуы мүмкін. Соңғы жылдары жергілікті фермерлер егінді шектен тыс егуде. Бұл еріген судың қалыпты ағынына бөгет жасайды, сол себептен осы аумақтағы біз бақылаған 14 суқойманың сегізі құрғап кеткен. Олардың көбісі халықаралық маңызы бар негізгі орнитологиялық аумақ болып саналады. 

Дереккөз: https://www.acbk.kz

Сурет : Алексей Тимошенко / АСБК

21Қаз

Біз жүріп өткен басты автомагистралынан қалған 3300 шақырым жол соққыға жығылған елдің кері бағытта кетіп бара жатқанын көрсетеді.

Сәлделі ерлер 1990 жылдары молда Мұхаммад Омар Талибан қозғалысының іргесін қалаған Қандағар провинциясындағы Санги-­Сар қаласында тал түсте көлеңкелеп отыр. Қазір Маулави Хаятулла (оң жақтан екінші) имамдық ететін мешітке бүкіл елден ағымды жақтайтын адамдар құлшылық етуге келеді.

Кабулдың таңғы қозғалыс қыспағынан сытылып шықтық-ау ақыры. Смартфонымдағы карта Ауғанстандағы ең қымбат әрі маңызды жол – №1 ұлттық шоссемен Қандағарға дейін 500 км-ге 9 сағат кететінін шамалап көрсетті.

Мына төселген асфальтқа АҚШ жүздеген млн доллар қаражат құйды. Бұл елді көктей өтетін, астанасы мен екінші ең ірі қаласы арасында сапарды қысқартып, сауданы арттыруды мақсат еткен 2200 км жолдың бір бөлігі ғана. Бірақ кешкі асты Қандағарда ішуді жоспарлау ақымақтық болар еді.

Бұл шоссені алғаш 1950-60 жылдары, қырғи-қабақ соғыста Кабулға ықпал етуге тырысқан қарсыластар – Кеңес Одағы мен АҚШ салды. Ол ондаған жыл соғыс пен қараусыз қалудың салдарынан тозып, 2001 жылы оның небәрі 50 шақырымдай ғана асфальтты бөлігі қалды. Кабул-Қандағар бөлігі жөнделіп, 2003 жылы қайта ашылған кезде АҚШ уәкілі Залмай Халилзад былай деген еді: «Біз қазір, тура мағынасында, Ауғанстанды болашаққа апаратын жолда тұрмыз… Бұл – жарқын болашақ. Бұл – бейбіт болашақ». Он тоғыз жылдан кейін қираған жол зорлық-зомбылық пен берілген уәденің орнын басқан жемқорлықтың куәсіне айналды.

Фарьяб провинциясының орталығы Майман қаласындағы базарда мал құжынап тұр. Жылдарға созылған қуаңшы­лықтан жайылымдық жерлер құрғап, негізінен мал шаруашылығымен айналысатын өңір тіршілігіне қауіп бұлтын үйірді.

Кабулден оңтүстікке қарай бір сағатқа жетпейтін жолдағы Уардак провинциясында тәліптердің жарылғыш заттарының ойықтары мен сапасыз асфальт салдарынан жол ой-шұңқырлы болғандықтан, апатқа ұшырамау үшін жолдан шығуға немесе тежегішті жиі басуға мәжбүр болдым. Мен үшінші берілістен жоғары жылдамдыққа сирек шығамын. Паранжылы жесірлер қайыр сұраса, күрек ұстаған балалар бомбадан көбірек зиян шекпеу үшін тоқтатуға асығады.

Жөндеу бригадалары жоқта 15 жастағы Эхсанулла мен 10 жастағы інісі Рафиулла сияқты мына балалар таңнан кешке дейін шұңқырларды балшықпен бітейді. Сәті түссе, күніне 2 доллар шай-пұл табады.

«Әкеміз науқас, үлкен ағам нашақор, – деп күрсінеді Эхсанулла, – енді не істей аламыз?».

Менің бұл сапарым билікті алғаш рет 1996 жылы басып алып, 2001 жылы 11 қыркүйектегі террорлық оқиғадан кейін Усама бен Ладенді жасырғаны үшін АҚШ биліктен тайдырған сүнниттердің ымырасыз мұсылман жасағы – Талибанның осы цитаделі арқылы өткен алдыңғы сапарыма қарағанда, аса қиын болған жоқ. 2020 жылы тамызда Тәліп әскері Ауған армиясының колонналарын талқандап жатқанда мен осы жолда кетіп бара жаттым. Оқ жан-жақтан зуылдап жатты, қарулы өкімет жасақтары атыстың астында қалған алдыңғы бекеттерге тығылғанда, топырлаған бейбіт халық бастарын қатерге тігіп, жан сауғалап кетті.

Мен түнеп шыққан полиция бекеті қираған үйіндіге айналды. Ондаған басқа бекет қаңырап тұр. 1979-89 жылдары Кеңес Одағы оккупациясы кезінде қираған танктердің қалдықтары кейінгі шыққан, майысқан америкалық «Хамвилерден» көз тастам жерде жатыр.

АҚШ 20 жылдан кейін әскерін әкетуі себепті Талибан қайыра билікке келді. Фотограф Балаж Гарди екеуміз шығыс, оңтүстік, батыс және солтүстіктегі 4 ірі қаланы қосатын, Сақина жол деген атаумен әлдеқайда танымал №1 ұлттық шоссе бойымен жүріп өту үшін Toyota Land Cruiser көлігін жалға алдық. Ауғанстаннан репортаж жасап жүрген жиырма жылымызда толық саяхат жасау бұрын тым қауіпті еді. Алайда зұлымдықтың саябырсуы АҚШ оккупациясынан босап жатқан елді аралаудың сирек мүмкіндігін ұсынады.

Екі аптада аса уақытта 18 провинциядан өтіп, 3354 км жолда шыныққан жауынгерлерді, ел кезген фермерлерді, 2001 жылдан бері болмаған аждаһалық шектеулерге тап болған әйелдерді және отбасыларына көмектесу үшін жұмыс істеуге мәжбүр балаларды көрдік. 150 мыңнан астам ауғандықтың өмірін жалмаған ұзақ соғыс аяқталғаны және тәртіп орнағандай болуы көңілді демегенімен, тәліптердің жаңа режімі бастапқысынан жұмсақ болмауына байланысты үмітсіздік артып келеді.

Бұрынғы жауларына рақымшылық ету, азшылықтағы топтар мен әйелдер құқығына құрметпен қарау уәдесіне қарамастан, тәліптер берілген өкіметтік жасақтарға жаппай өлім жазасын кесіп, конфессияаралық шабуылдарды тоқтата алмады. Әйелдердің инклюзияға талпынысын қатаң түрде тыйды. Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының мәліметтері бойынша тәліптер билікке келгелі сырт көмекке қатты зәру ел экономикасы тоқырап, халықтың 95%-ы аш қалды. АҚШ-тың басшылығымен өткен 20 жылдық жаңғыру жобасының іздерін шаңды қала орталықтары мен жартылай қираған ауылдарда әрегідік қана көрдік. Әрбір шақырым сайын Ауғанстанның кері кетіп бара жатқанын айшықтайтын, оқшауланған қараңғылықтағы өткен шағының сұмдық белгілері алдымыздан шыға берді.

Пластик құтыларлық тиелген жүк көлігі Ауғанстанның батысындағы Фарах провинциясының шалғай ауданында кетіп барады. Жүргізушілер жалақы төленбей, парақорлық әдеттегі құбылыс болған ескі үкімет кезінде полиция жүк тасуға рұқсат беру үшін пара талап еткенін айтады. Олардың айтуынша, қазір Талибан олай етіп отырған жоқ.

Шайхабадқа келгенде дәрігер және парламенттің бұрынғы депутаты Рошанақ Уардакқа кіріп шығу үшін қиыршық тасты жолға бұрылдық. Уардак бізбен кездескенде аузына сөз түспей қалды. Бүгін оқу жылының алғашқы күні, ал тәліптер 6-сыныптан жоғары қыз балаларға мектепке баруға тыйым салынатынын енді ғана жариялаған. «Жағамды ұстап отырмын», – дейді өңі қан-сөлсіз Уардак. Ол әлдебір жасөспірімнің сабаққа қатысу үшін жалбарынған видеосын ұялы телефонынан көрсетті. – «Бұл оның келешегіне балта шабылды деген сөз. Адам баласы білімсіз ешкім де емес».

Уардак 1996 жылы тәліптер билікке келердің алдында әйелдерге арналған клиника ашқан. Ауған әйелдерінің босану кезіндегі өлім қарқыны тым жоғары еді, сондықтан Уардак оларға медициналық көмек көрсетуге ұмтылды және бетін тұмшалаудан бас тарту арқылы консервативтік билікке қарсылығын білдірді. Ол тәліптер құлағаннан кейін парламентке сайланған алғашқы әйелдердің бірі болды. 2010 жылы қарсылық қозғалысы нәтижесінде жарақат алғандарды емдеу үшін дәрігерлік қызметіне қайта оралды. Ол қантөгістің аяқталғанын қалады әрі Талибан қозғалысына АҚШ әскерін ығыстырады деп үміт артты. Сондай-ақ көпшілігін бала күнінен танитын өз қауымы тәліптерді тежеуші ықпалға ие болады деп сенді.

Өткен жыл оның үмітін күл-талқан етті. Тәліптер әйелдерге ер туысынсыз саяхаттауға, ерлермен бір күнде саябаққа баруға,  көпшілік жерде бетін көрсетуге тыйым салатын өкімдерін қайта жариялады. «Бұл ислам емес, – дейді Уардак, – олар туралы барлық жақсы ойым өзгерді. Әлем алға жылжып жатса, біз артқа кетіп барамыз».

Біз Уардакқа ілесіп аудандық ауруханаға бардық. Ол арагідік осында жұмыс істейді. Шетелдік донорларға тәуелді, қоңыртөбел мекеме. Көмектің үзілуінен, АҚШ санкцияларынан және активтердің бұғатталуынан Ауғанстанның әсіресе шалғай аудандары қатты жапа шегуде. Оның үстіне егін түсімі де аз, қыс қатаң болған. Аурухананың асқа жарымай жүргендерге арналған бөлімінде Аиша өзінің гүлдей солып қалған қызы Решманың қасында бәйек болып жүр. Решма тамшылатқыш арқылы қоректендіріледі. 8 айлық Решманың салмағы 2,5 келі. Аурухана директоры Абдул Хаким айына елуден жүзге дейін асқа жарымаған пациент қабылдайды және ондайлар көбейеді деп болжайды. Тәліптер қайта оралғанда көптеген білікті медицина қызметкері қашып кетті. «Қазір дәрігерлер мен емдейтін медикаменттер жетіспейді», – дейді Хаким.

Талибан сарбаздары Уардак провинциясының орталығы Майдан-Шахр маңында №1 ұлттық шоссе бойында шолғыншылық күзетте жүр. Кабулға апаратын жолдың осы бөлігі АҚШ қолдау көрсеткен Ауған үкіметіне қарсы көп жылдық көтерілісі кезінде тәліп бомбалаушыларының нысанасына айналды.

Бір таңғаларлығы, травматология бөлімінде адам жоқтың қасы. Уардак соғыс кезінде үкімет жасақтары мен Талибан содырлары дәлізде «отын ағашындай» қаз-қатар үйіліп жататынын еске алды.

Шоссемен әрі қарай бірнеше шақырымда лақап аты Хан деген елудегі ширақ ер кісі Саидабадта №1 шосседегі терактінің көбіне жауапты өзі екенін айтып мақтанды.

Қазір Хан Кабулде Қоғамдық жұмыстар министрлігінде қауіпсіздік қызметкері болып істейді. Тағдыр тәлкегін ол да назарынан тыс қалдырған жоқ. Бізге жолыққан әрбір Талибан күрескері тәрізді, ол да жихад жасағанын, өйткені шетелдіктер ауғандықтардың дәстүрлі өмір салтын бұзғанын айтады. Соғыс аяқталған соң бөтендерге деген жеккөрушілігі қызығушылықпен алмасқан ол бізді кешкі асқа қонаққа шақырды. Қасымызға оның бұрынғы серігі Эльхам жайғасты. Екеуі шай ішіп отырып, мақсатқа ұмтылған албырт шақтарын еске алды. «Біз бұрындары қиналсақ та, бақытты едік», – дейді Эльхам. Енді ол провинциялық төл­құжат беру кеңсесінде істейді. – «Қазір ішім пысады. Не істерімді білмеймін. Соғысты сағынып жүрмін».

УАРДАК ПРОВИНЦИЯСЫ: 30 жастағы Уахида жаңа ғана Малек Мохаммад Хан аудандық ауруханасында төртінші сәбиін босанған. Ауғанстандағы ана өлімі көрсеткіші әлемдегі ең жоғарғылардың бірі; әрбір 100 000 тірі туғанға шаққанда 600-ден астам әйел көз жұмады.
БАЛХ ПРОВИНЦИЯСЫ: Хазар этностық азшылық тобына жататын 15 жастағы Хомаюн Моради әкесінің дүкенінде мектепте оқытқан дәріске қосымша математика оқып отыр.

Уардак провинциясының өркешті сұр жоталары біз Газни провинциясына кіріп келе жатқанда сұрқы қашқан жазық далаға ауысты. Бұл жерге соңғы рет АҚШ армиясының сауытты колоннасы қатарында келгенмін. Қолдан жасалған жарылғыш зат алдыңғы жақтағы екі ауғандық полиция қызметкерін опат қылған соң сапарымыз кілт үзілген еді. Бұл жолы тәліптер көлік жүк салғышында қару бар-жоғын тексеріп, қолайсыздық келтіргені үшін ғапу өтініп, қол бұлғады.

Талибан қозғалысының отаны Қандағарға жеткенде қараңғы түсе бастады. Былтыр қауіпсіздік жақсарды. «Ешкім бір тиын да афгани ұрламады, – дейді басты базарда балмұздақ сататын Гулалай, –  олардың оралғанына қуаныштымыз». Бірнеше сөре әріректегі мата сатушы келіспеді, заң мен тәртіп жақсарғанымен, оның да есесі бар екенін айтты: енді ешкім ойын ашық айта алмайды. «Бақытты болсаң да, болмасаң да, бақыттымын деп айтасың», – дейді ол.

Қала орталығы маңайындағы АҚШ қолдаған сұсты полиция командирі және Талибан дұшпаны болған Абдул Разик ма­зары дуалмен қоршалған. Ол Қандағарды өз меншігіндей басқарып, қалтасын кедендік алымдармен толтырса, жалақысы мардымсыз полиция қызметкерлері саудагерлерді сілкілейтін. Расталмаған мәліметтер бойынша жандайшаптар азаптаумен, адамдарды ізім-қайым жоғалтумен айналысқан. Адам құқықтары жөніндегі топтар тәліптер бұрынғы үкіметтік күштерден кек қайтару үшін өлім жазасын кесіп отырғаны туралы шүбәсіз дәлелдер жинаған. Тіпті ең сорақы жайттың кейбірі Разиктің туған ауылы Спин Болдакта болған.

Бос, түрлі түске боялған «джингл» жүк көліктері Пәкістанға қайту үшін Спин-Болдакта 6 км-ге созылған кезекте тұр. Тұралаған ауған экономикасы импортқа қатты тәуелді: мына шекара арқылы күніне 12500 кг коммерциялық тауар өтеді. Арасында БҰҰ гуманитарлық көмек конвойлары да бар. Тәліптердің билікті басып алуы адамдардың Пәкістан мен Иранға қашуын мәжбүрледі. Олардың арасында мемлекеттің өмір сүруіне қажетті кәсіби мамандар да бар, Ақыл-ойдың шетке ағылуын тоқтату үшін Талибан ақпанда жолсапар құжаты жоқ ауғандар арнайы рұқсатсыз кете алмайтыны туралы қаулы шығарды.

ГИЛЬМЕНД ПРОВИНЦИЯСЫ: №1 ұлттық шоссе бойында Герешк қаласы жанында маусымдық жұмысшылар апиын көкнәрін жинауда. Бірнеше күннен кейін, сәуір айында Талибан осы табыс әкелетін өнімді өсіруге, сатуға және пайдалануға тыйым салды.
ДЖАУЗДЖАН ПРОВИНЦИЯСЫ: Шибирганда Талибан соты алкогольді ішімдік сату айыбы тағылған адамның сөзін тыңдауда. Мұсылмандардың қасиетті кітабы Құранда алкогольді ішімдіктерге тыйым салынған. Алдыңғы үкімет билігінде ішімдік сату заңсыз болған, тәліптер заңның қолданысын күшейтті.

Қандағар шекарасынан 2 км ұзамай жатып, жол бойында апиынды көкнәр алқабы басталып, алқызыл гүлдер жан-жақтан менмұндалайды. Талибанның алғашқы үкіметінің соңғы 2 жылында апиынды көкнәр өсіруге тыйым салынған болатын; кейіннен Талибан АҚШ оккупациясы кезінде өз бақылауында болған аймақтарда апиын мен героин саудасына салық салды. БҰҰ-ның есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының мәліметтері бойынша былтыр Ауғанстан құны 2,7 млрд АҚШ доллары болатын 6800 метрикалық тонна өндіріп, ең ірі апиын өндіруші болды. Бұл – елдегі ІЖӨ-нің 10%-ы. Экономикалық дағдарысты жеңілдетуге жанталасқан тәліптер биыл таңдау жасауы керек болды: қатаң шаралар қабылдап, ауылдың кедей халқын ең табысты өнімінен айыру немесе көз жұма қарау.

Егістікте күнге кептіріліп жатқан көкнәр шіресінің тәтті иісі мұрын жа­ра­­ды. 36 жастағы Али Джан түйнектерді арнайы құралмен шабуда. Ол күніне шамамен 5 доллар табады. «Басқа жұмыс болса, апиын кәсібін қояр едік», – дейді ол.

Джан бұрынғы үкімет кезінде жергілікті билікке пара беріп тұрғанын айтады. Ал тәліптер әзірге араласып отырған жоқ, бірақ өнім жиналған соң тыйым салады деген қауесет бар. АҚШ үкіметі есірткімен күреске 8,62 млрд доллар бөлсе де, соғыс кезінде апиын көкнәрін өсіру күрт ұлғайған. Сангисарға баратын топырақ жолда көкнәр алқаптары көбейеді. Осы фермерлік ауылдың ешбір ерекшелігі жоқ, бір ғана ескерерлігі – дәл осында 1980 жылдардағы моджахедтер күресінің ардагері, молда Мұхаммад Омар 1990 жылдары Талибан қозғалысын құрған. Кеңес әскері кеткеннен кейін бұрқ еткен азамат соғысында соғысушы командирлер адам өлтіріп, ұрлықпен айналысты. Содан тәліптер деп аталған діни фундаменталист шәкірттерді соңынан ерткен Омар 1996 жылы елдің бүкіл дерлік аудандарын жаулап алады. Бес жылдан кейін АҚШ басып кіргенде Омар Пәкістанға бас сауғалап, 2013 жылы ауырып қайтыс болады. Оның бұрынғы ауылдағы үйі бомбаланған, бірақ ол имам болған мешіт қайта салынған. Ескі жолдасы Абдул Мәжид маған Омардың «өзі тірі болсын, өлі болсын, бір күні [Ислам] әмірлік үстемдік құратынына» сенгенін, америкалықтар туралы «Әлемдегі ең қуатты ел, бірақ 20 жылдан кейін ең әлсіз ел боласыздар» дейтінін айтты.

Баглан провинциясындағы мемлекеттік шахтадағы көмір кеншілері жұмыстан кейін жуынып жатыр. Ауғанстандағы экономикалық дағдарыс басқа амалы жоқ, тәжірибесіз көптеген ер азаматты кен өнеркәсібіндегі қауіпті жұмыстарға баруға мәжбүрлеуде.

Гильменд провинциясының орталығы Лашкаргахта Рози Билал есімді тәліппен кездестік. Онымен айлар бұрын Кабулда бір спорттық шарада танысқан едім. Жайдары мінезіне, әлеуметтік желілерге әуестігіне қарап, жаңашыл адам деп ойлағам. Қателесіппін. Гильменд өзені бойындағы қираған жолда 28 жастағы Билал әңгіме айтып келеді. Бастапқыда ол жанкешті лаңкес болып жазылыпты, өйткені АҚШ әскерінің әуе соққылары мен қауымына жасаған тексерулеріне қатты наразы болған. Тәліп офицерлері оны құрбан етуге тым ақылды санап, Билалға өзін-өзі жаратын жанкештілерді дайындау ісін тапсырады. Ол 12 жыл бойына әрі содыр, әрі университетте сырттай оқитын студент ретінде екіжақты өмір сүреді. Зайырлы білім консервативтік құндылықтарына қатты әсер етпеген. Қазір мұғалім болған ол әйелдерді бөлуді қызу қолдайды. «Әйелдер алаңдатады», – дейді ол.

Уардак пров-сында шетелдік қайырымдылық қоры қолдайтын қоғамдық мектепте қыздар жиналған. Мұндай мектептер радикалдық ислами топ 2021 ж. билікке қайта келгенге дейін ауылдарда, тәліптер билігіндегі аудандарда көп жағдайда білім алудың жалғызжолы болды. Хал-қ көмектің шектелуі, қыздарға орта білімге тыйым салу мектептердің болашағына қауіп төндіріп отыр.

Ауғанстанның үшінші ірі қаласы Гератта жарты миллионға жуық адам тұрады, бұл ежелгі сауда орталығы болған қала және оның батысқа қарай небәрі 120 шақырымдағы Иранмен мәдени байланыстары бар. Қала гүлденген қалпын сақтап отыр.

Алайда Гераттың солтүстігіндегі аудандарды тақыр кедейшілік жайлаған. Отбасын асырау үшін ата-аналар қыздарын ерте тұрмысқа беретіні туралы көптеген ақпарат бар және трансплантация үшін бүйрек сату көбейген. Түрікменстанмен шекарадағы биік таулы Дазуари ауылында құрғақшылық салдарынан астық жартылай ғана өнім беріп, қой қырылып қалғандықтан, тұрғындар USAID және БҰҰ азық-түлік көмегіне үміт артады. Ауыл көсемі Арбаб Надердің айтуынша, мұнда әр үш баланың бірі асқа жарымайды. «Талибан үкіметі біз үшін ештеңе істеп отырған жоқ». Шикі кірпіштен салынған бір бөлмелі үйде Ма Биби бес баласын асырау үшін аптада 7 күн кілем тоқып, 2 айлық еңбегі үшін 25 доллар табады. 10 жастағы қызы Шарифа бірге жұмыс істейді. «Менің мұғалім болғым келген, бірақ ол енді мүмкін емес», – дейді қыз жүзін төмен салып.

64 жастағы дәрігер Рошанак Уардак өзімен аттас провинция­дағы Саидабад аудандық ауруханасы перзентхана бөлімінде пациенттерін аралап жүр. Ол қатты өршіген ана мен сәби өлімімен күресу үшін оралғанға дейін Пәкістанда босқындарды емдеді.

Багдисте автотрасса бойында босқындардың қолдан жасалған күркелері жолдың екі бетін бойлай орналасқан, олар келуі тоқтаған гуманитарлық көмекті күтуде.

Дара-йе-Бумдегі шалғай орналасқан бақылау-өткізу бекетінде тәліп сақшысына солтүстік-шығысқа қарай 235 шақырымдағы келесі ірі қала – Фарьяб провинциясының Майман шаһарына бара жатқанымызды айтқанымда, тосырқап қалды. Смартфондағы картаны тексеріп едім, жол өзені аңғары екенін көрсетті.

Сағатына орташа 3 км жылдамдықпен ілбіп отырдық. Өртеніп, күлі қалған Бала Мургаб қаласына жеткенде қараңғы түсіп кетті. Дүкен қожайыны еденге жатуға рұқсат берді, бірақ тынығып жарытқанымыз шамалы. Майманаға жолсызбен жүретіндіктен, адасып кетпеу үшін таң атпай шығатын таксиге ілесуіміз керек. Бір тас құласа болды, етекке аунап кетуіміз мүмкін. Бірақ әлгі таксидің артқы шамдарынан қалмай, біресе өрлеп, біресе құлдилап отырудан басқа амалымыз жоқ. Бес сағаттан кейін ақыры асфальт көрінді. «Сақина жол – аңыз», – дедім мен дауыстай. Ауғанстанның атышулы шоссесі – жарнамасы жер жарып, жарты жолда қалып кеткен жарым жоба.

Паранжа жамылған әйелдер Джаузджан провинциясының орталығы Шибирганда өз істерін тыңдау үшін бомбаланған сот залдарында күтіп отыр. Талибан әйелдерге көптеген мемлекеттік лауазымда істеуге тыйым салып, ерлерді қоздырмау үшін қоғамдық жерлерде басынан башпайына дейін тұмшаланып жүруді бұйырды. Тіпті теледидардағы жүргізушілер де жүздерін жабуға тиіс.

Джаузджан провинциясының орталығы Шибирган қаласына дейінгі жайлы әрі қалғып-мүлгіген сапар көңілді жайландырды.

Дашт-е-Лейлиге бұрылатын жерден өттік. 2001 жылы мұнда өзбек далалық командирі Абдул Рашид Достум қолға түсірген 2000 шақты тәліп содыры жүк контейнерлерінде ауа жетпей өліп, бауырластар зиратына көмілген. Алдымен вице-президент, кейін Ауған қарулы күштерінің маршалына айналған Достум өткен жиырма жылда Джаузджанда абсолюттік билікке ие болған, Ауғанстан мен шетелде зәулім үйлерде тұрған.

Талибанның қуаты тасып тұрған ақпараттық қызмет офицері Хилал Балхи бізге жақында табылған бауырластар зиратының жанынан өткенімізді айтты. Ол бізге әлгі алаңды көрсету үшін кездесуін ысырып қойды. Тізерлеп отыра қалып, қолдарымен құмды қаза бастады: астынан жақсүйектер, жамбас сүйек, киім қалдықтары шыға бастады. Ол жаңа билікте әділдік болатынына ант-су ішті. Бомбаланған провинциялық сот ғимаратында жұрт дін қызметкерлері алдында өз істерін талқылауда. 39 жастағы Ахмад Джавед IT-маманы. Ол Достумның достары жерін тартып алғанын айтады. «Мені ұрып, қолымды сындырды. Әмірлік жүйенің келгеніне қуаныштымын. Олар Алланың заңын ұстанады, әлі жеткеннің емес», – дейді.

40 жастағы тәліп сарбазы Омара Хан Мазломьяр Уардак провинциясының Майдан Шахр қаласы маңында бұрынғы полиция бекетінде күзетте тұр. Құмарпаз ақын Мазломьяр бұрынғы үкіметтің кемшіліктерін сынап, тәліптерді ұлықтайтын ұзын-сонар жыр шумақтарын төкті.

Тәліптердің бірінші үкіметі кезінде сот жылдам әрі қатал еді: кісі өлтіру мен зорлау үшін жұрт алдында өлім жазасы, ұрлық үшін қол кесілетін. Джаузджан бас судьясы Мүфти Захед өлім жазасы мен дене мүшесін кесу жазасы қайта қолданылатынын айтады, бірақ ол мұны әлі қолданбаған.

Сол күні Талибан апиынды өсіруге, қолдануға және сатуға тыйым салынғанын жариялады. Үкімет активтері бұғатталған, дипломатиялық келбеті нашар Талибан халықаралық қауымдастықтың сеніміне ие болуға тырысуда. Джаузджан губернаторының орынбасары Мавлави Гул Мохаммад Салим тәліптердің соңғы билік режімі кезінде «проблемалар болғанын» мойындайды. Ол қозғалыстың көшбасшылары 1990 жылдардан бері көп ел аралап, енді елді бұрынғыдай оқшауламай, әлеммен араласуды қалайтынын айтты. АҚШ геологтері Ауғанстанда құны триллион доллар пайдаланылмаған қазба байлық бар екенін шамалайды, егер шетелдіктер инфрақұрылымға инвестиция салар болса, бұл миллиондаған адамды кедейшіліктен құтқаруға жетеді.

Гельменд провинциясының Гармсир қаласы маңында есекке мінгес­кен ағайынды Абеда мен Эхсанулла Әмір-Аға кесенесі жанынан өтіп барады. Сәби өлімі көрсеткішінің жоғары болуы, асқа жарымау, етек жайған аштық пен тоқтаусыз жыныстық зорлау жағдайларына байланысты ЮНИСЕФ Ауғанстанды балалар үшін ең қиын өңірлердің бірі деп атайды.

Саяхатымыздың соңғы кезеңі – 3400 метр биіктегі ұзындығы 2,7 км Салаң туннелі солтүстікті Кабулден бөліп тұрған Хиндукуш тауын тесіп өтеді. 1964 жылы ашылған кезде күніне мың көлік өткізу мүмкіндігі болған кеңестік инженерлердің батыл жобасы – бүгінде күніне 9000-ға дейін автомобиль өтетін лас, шұрық-тесік түтінді өткел.

Біз келгенде кіреберісінен түтін шығып тұрды. Көрініс нөлге дейін түседі. Бітпестей көрінген өткелден шыққанда, таза ауамен дем алу үшін жол жиегіне тоқтадық.

Енді тағы бір айналма қалды: аты аңызға айналған көтеріліс бастионы Панджшер алқабы – оларды Кеңес армиясы да, алғашқы тәліп үкіметі де тізе бүктіре алмаған. 2021 жылы жазда барлық про­винция жылдам берілген кезде Панджшер тағы қарсыласты. Бірақ тәліп әскері ақыры оның аңызға айналған даңқын жойды. Тәліптерге қарсылардың көңіл күйі нашар. «Мұнда бәлкім жүз отбасының бесеуі қалған болар, онда да көшуге шамасы жетпегендер, – дейді Унаба ауылындағы наубайхана қожайыны Хабибулла. – Жан-жақтың барлығы қараңғылық».

№1 ұлттық шоссенің асфальттанбаған бөлігі елдегі ең кедей аймақтардың бірі Багдиш провинциясында Бузбай ауылынан өтеді. Азия даму банкі Багдиштен Фарьябқа дейінгі жолды көп жыл бұрын жасауы керек еді, алайда қауіпсіздік қатері, жеткізілім тапшылығы жұмысты тоқтатты.

Панджшер қарсылығынан қалғандар тауға шегінді. Ұрыс қимылдары әлі де жүріп жатыр, бірақ әзірге қарсыласу негізінен символикалық сипатта.

Кабулға жеткенде қала орталығындағы паркте Уазир Акбар Хан төбесінде тәліптердің жаңа алып туы желбіреп тұрды. Ол жердегі жиын отбасы мүшелерінің қайта қауышуын еске салады, тек араларында әйелдер жоқ. Жауынгерлер күліп суретке түсіп, көптеген жылға созылған белгісіздіктен кейінгі осы сәтке рақаттануда.

Алайда Талибанның партизандық қозғалыстан билік басына келуі ауғандықтардың төзімін сынап жатыр. Жаңа қаулылар жеке бас еркіндігі мен БАҚ бостандығын шектеуде. Ел сауда мен гуманитарлық көмектен қағылып, экономика еркін құлдырауда.

«Біздің тұтас бір өміріміз қақтығыспен өтті, сондықтан болашақты болжай аламын, – дейді Кеңес басқыншылығын, азамат соғысы мен АҚШ бастаған науқанды көрген елу жастағы Абдул Халық, – бұл ел алдағы елу жылда да қалпына келмейді».

Сапарымыздың соңғы күнінде дәрігер Уардакты көру үшін Шейхабадқа оралдық. Талибан ересек қыздардың мектепке баруына тыйым салған күнгі оның фатализмі бағынбаушылыққа алмасыпты. Ол өзі қолдап отырған ауылдағы қыздар мектебіне дәптер-қалам жеткізіп жүр. Асфальтты жолдан бір шақырым жердегі жеке кешенде 6 жастағы кішкентай қыздар аядай бөлменің еденінде қан айналымы жүйесінің фактілерін айтып отыр. Уардак білім сапасы төмен екендігіне налиды, емтихан жоқ, аздап оқулық бар. Бірақ әйтеуір қыздар бірдеңе үйренуде.

Бір кездері қуатты Ислам империясының орталығы болған ескі қала Газни – Газни провинциясының орталығы соғыс пен иесіздік салдарынан құлдырап кеткен. Тұрғындардың көбі жағдайы тәуірлеу жаңа қалаға қоныс аударған.

Уардак үйіне келген соң бізге бірнәрсе көрсетті. Алхоры ағаштары мен раушан гүлдерінің арғы жағында бос террасалы тас үй бар екен. «Егер Талибан қыздарға қайтып мектепке баруға рұқсат бермейтін болса, мына жерге мектеп саламын, – деді ол. – Осында қалып, қолдан келгенше қарсылық танытуға бел будым. Бұл – менің білім алған әйел ретіндегі борышым. Келесі жолы келгендеріңізде бұл жерде сыңғырлаған күлкі еститін боласыздар».

Автор: Джейсон Мотлаг фото: Балаж Гарди


Джейсон Мотлаг 2021 ж. қыркүйектегі санға АҚШ әскерін шығарар қарсаңда ауған жастары, қала мен ауыл айырма-ғы т-лы жазды. Фотограф Балаж Гарди бұл елге алғаш 2001 ж. келген.

Ескерту: Бұл мақала журналымыздың 2022 жылғы қазан айындағы санына жарияланған.

19Қаз

Бас ботаникалық бақта күздің қақ ортасына келгенде бөртегүл гүлдеді. Мамандар ерекше құбылысты әдеттен тыс жылы ауа-райымен байланыстырып отыр.

Ботаникалық бақтың Сирингарий коллекциялық учаскесінде күзде гүл ашқан бұл бөртегүл жабайы түрге жатады.  

Бас Ботаникалық бақтағы бөртегүл коллекциясы  Орталық Азиядағы жалғыз және Қазақстандағы ең ірі шоғыры саналады. Қазіргі уақытта онда әлемдік және қазақстандық селекцияның 23 түрі мен 107 сорты бар. Соның ішінде 20-дан астам будан мен көшеттерін Ботаникалық бақтың ғылыми қызметкерлері өсірген.

Дереккөз: Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің ресми сайты

14Қаз

Алдымыздағы 16 қазан – орманшы күні. Елімізде бұл кәсіби мереке жыл сайын қазан айының үшінші жексенбісінде аталып өтеді. Бүгінде бүкіл жаһан жұртын алаңдатып отырған экология мәселесінің оңалуына орман шаруашылығының маңызы, соның ішінде жасыл желекті қорғап жүрген орманшылардың еңбегі орасан зор. Мәселен, өткен айдың басында ғана Қостанай облысындағы орман алқабынан шыққан алапат өрт жұртшылықты есеңгіретіп тастаған болатын. 5 күнге созылған қызыл жалын 32 мың гектарды алып жатқан ағаштарды бір мезетте күлге айналдырып жіберді. (Оқыңыз — https://nationalgeographic.kz/2022/09/21/oertengen-orman-qalpyna-kelwi-ueshin-qansha-waqyt-qazhet/

Орманды елдің байлығы ортаймас…

Онсыз да еліміз шағын орманды мемлекетке жатады. Биылғы жыл басындағы статистикалық мәлімет бойынша, республикадағы мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы 30,1 млн гектар. Бұл ел аумағының 11,2 %-ын алып жатыр. Оның ішінде, орманмен қамтылған жерлер 13,6 млн гектарды құрайды, яғни орман қорының жалпы ауданының 44,6 %-ы.

Алайда Қостанай өңіріндегі ауқымды өрттің салдарынан ондағы орман көлемі 32,0 мың гектарға жуық азайған. Елге шамамен 4,4 млрд теңгенің залал келтіріп отыр. Бұл жағдайды эколог ғалымдар ғаламдық қасіретке балаған еді. Сонымен қатар, Шығыс-Қазақстан облысы аумағында туындаған орман өртінен де орман көлемі 6,0 мың гектарға кеміген.

Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бас сарапшысы Толқын Нұрәбіловтің айтуынша, шығыс өңірдегі өрт 11,1 мың гектар жерді шарпыса, оның 6,5 мың гектары – орманды алқап. Тілсіз жау барлығы 1 миллиард 63 миллион 500 мың теңгеге шығын келтірді.

«Ағаш жапырағымен, жер топырағымен көрікті» дейді дана халқымыз. Табиғат көркейіп, желегі жасыл тартса, адамның да тынысы кеңеймек. Ал «жасыл желекті өлкеге еліміздің қай өңірлері жатады?» деген сұраққа келсек, ормандар Қазақстанда әркелкі орналасқан. Орман өсімдіктерінің түрлері табиғи аймақтардың әртүрлілігіне байланысты.  

Мысалы, шөлді аймақта сексеуіл ормандары көп өседі. Таулы ормандардың негізгі бөлігі қоңыр қылқанды Алтай, Жоңғар және Іле Алатауының екпелерінен тұрады. Ал дала және орманды дала аймақтарының жазық бөлігінде қайың-көктеректен тұратын шоқ ормандар, қарағайлы ормандар, Ертіс өңірінің жалды ормандары өседі.

Экология министрлігінің мәліметіне сүйенсек, еліміздегі ормандардың құрамында 50,5 пайызын сексеуіл тоғайы құрайды, шөлді және далалы аймақтарда орналасқан бұталы екпелер – 22,5 %. 

Ең құнды қылқан жапырақты ағаштар 13,5% болса, жапырақты ағаштар 12,5% оңтүстік және шығыс таулардың, солтүстік және орталық шағын адырлардың (аласа тау) баурайларында, Ертіс өңірінің құмды аумақтарында, өзендердің гидроморфты алқаптарында орналасқан. Демек, еліміздің шөлді аймақтарында сексеуіл, таулы ормандардың негізі бөлігінде қоңыр қылқан жапырақты ағаштар болса, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында майқарағай, самырсын, балқарағай және шырша сияқты, ең құнды қылқан жапырақты ағаш түрлері бар. Жапырақты ағаштар, оңтүстік және шығыс тауларында және Солтүстік пен орталық облыстарда кездеседі.

Жалпы, еліміз бойынша 122 орман шаруашылығы (облыстық әкімдіктердің қарамағында), 40 ерекше қорғалатын табиғи аумақ (ҚР ЭГТР орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті қарамағында) бар. Әкімдіктерге қарасты орман шаруашылықтарында 9264 адам, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда 8165 адам, жалпы алғанда 17429 орманшы қызмет істейді.

Орманшылар әулеті

1931 жылдан бері ерекше қорғалып келе жатқан территория – Қостанай облысының Науырзым және Әулиекөл аудандарында орналасқан 191 381 гектар жерді қамтитын «Науырзым мемлекеттік табиғи қорығында» да қылқан жапырақты қарағайлар аз емес. Табиғи қорықта жиырма жылға жуық еңбек етіп жүрген орманшы Рахан Бекенов тәуелсіздік алған жылдардан бері мұндағы орманның көлемі көбеймесе, азаймағанын айтады. Керісінше, орман алқабы кеңейіп жатыр екен.  

‒ Өсіп-өніп, сыртқа қарай жайылып өскен ағаштар Науырзым ауылына дейін жетті. Бұрын бұлай болмаған. Қорықтағы ағаштардан ең құндысы – қарағай. Оттегіні жақсы бөледі, адамның денсаулығына өте пайдалы. Оның мұнда үш түрі бар. Бізде Аманқарағайдағы қарағайлармен салыстырғанда, шайыры мол, майлы әрі екі адамның құшағы жетпейтін көп жылдық қарағайлар. Олардың жуан бұтақтары төмен қарай салбырап, ағаш тамырларын көлеңкелеп жауып, ыстықтан қорғап тұрады. Қарағайлардың көп жасайтыны да содан. Сонымен қатар, көктерек, үлкен және кіші шілік ағашы, дала доланасы, жабайы қарақат, шие, тобылғы ағаштары бар, ‒ дейді қорықшы Рахан Бекенов.

Бір қызығы, Бекеновтер отбасы тұтас әулетімен орманшылар. Бұл кәсіп атадан-балаға жалғасқан мұра іспетті. Аталары Бекен Науырзым қорығы құрылғаннан бастап қорықшы болып еңбек еткен. Одан бері қарай баласы Өтебай Науырзым қорығы «Сып-сын» орман шаруашылығында 1940 жылдан бастап қорықшы болған. Әкесі Бекен дүниеден озғаннан кейін, жас болса да жұмысқа кірісіп, еңбек жолын ертерек бастаған.

‒ Ол заманда техника құралдары жоқ, жұмыс істеу үшін ауыр кезең болатын. Өзінің қызметтік міндетін орындауда салт атпен орман аралап, қай жерде құстың ұясы бар екені туралы бәрін нақты білетін. Балаларын қасына ертіп, ат арбаға отырғызып алып, қоршаған ортаны көрсетіп, бала кезден осы іске баули бастады. Әкемізден орақпен шөп орып, көлдерді аралап, құстарды санап және олардың түрін ажырату сынды жұмыстарды көріп үйрендік. Науырзымда халық көп тұрды, ол кезде аудан орталығы болатын. Қорық ерекше қорғалатын табиғи аумақ болған соң, мұнда мал кіргізбеу үшін таңертең ертемен орманды атпен аралап, аң-құстардың тыныштығын бақылап, жұмысын атқаруға кететін. Ол кезде көлде су мол, құс деген көп еді. Қайықпен жүріп ау құрып, балапандарды ұстайды. Олардың аяқтарына сақина салады, салмағын өлшейді. Қанатының ұзындығын, тұмсығының ұзындығын өлшеп, қойын дәптеріне жазып қоятын. Өжет, батыл кісі болды. «Ер қанаты – ат» дегендей, қорықшыларға мінетін 4-5 жастағы асау аттарды әкем Өтебай үйрететін. Осындай адал еңбегі үшін бірнеше мадақтама қағаздар алып, қымбат сағат пен «Жақсы қорықшы» медалімен де марапатталды. Әкем табиғатты ерекше жақсы көретін, ‒ деп еске алды 2006 жылы өмірден озған әкесін Рахан Бекенов.

Ағайынды Бекеновтер

Қазіргі таңда Бекеннің немерелері Өтебайұлы Рахан, Оразхан, Нұрлан және ата жолын қуған шөберелері Нұрланұлы Жасұлан, Еркебұлан да қорықтың таза табиғатын сақтап, келешек ұрпаққа аманат ретінде қалдыру үшін еңбек атқаруда.

Орманшы Нұрлан Бекенов «Тұңғыш балам Жасұлан жанымда, өзім сияқты осы қорықта инспектор болып жұмыс істеп жатыр. Балаларымның таңдауына қарсы болған жоқпын. Қайта өз елімізге пайдасын тигізеді деп түйдім. Жұмысымыз өзімізге ұнайды», ‒ дейді.

Оның 1992, 1995, 1997 жылғы үш ұлы осы саланы таңдаған. Ортаныншы баласы Еркебұлан да алғашқы жұмысын Науырзым қорығынан бастап, қазір 16260 гектар орман алқабы бар «Пригородное орман шаруашылығы мекемесінде» басшы болып жүрсе, кенже баласы Бағлан да Қостанайда техникумда орман шаруашылығы мамандығына оқып жатыр. Еркебұлан Ш.Уалиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде «Орман ресурстары және орман шаруашылығы» оқуын тәмамдап, қазір Қостанай ауыл шаруашылық колледжінде білімін жалғастыруда.

Жалпы, Еркебұлан еңбек етіп жүрген орман шаруашылығы мен әкесі және ағалары жұмыс істеп жүрген қорықтағы шаруаның айырмашылығы неде? Бұл туралы Рахан Бекенов былай деп түсіндірді: «Орман шаруашылығында ағашты егеді, шіріген ағаштарды алып тазартады немесе кесіп тастайды. Сосын орнына жаңадан ағаш егеді. Мысалы, отын дайындау үшін территорияны өзгеге бере алады, яғни ағашты отынға сата алады. Ал қорықта ештеңе алуға рұқсат жоқ. Ағаш алуға, шөп шабуға, мал ұстауға, аңшылық жасауға болмайды. Қорықтағы ағаш құлаған күйі жата береді, шіриді. Оған аралар ұялайды, құрт-құмырсқалар илеуін салады. Өйткені бұл жәндіктер үшін өте керек».

‒ Осы жердің табиғатын әлі күнге дейін қимаймын. Қалада тұрып жатқан балаларыма жақынырақ болу үшін қалаға көшіп баруыма болар еді. Оның үстіне, қыста өрт сөндірушілер де ауылдан кетеді. Қар көп жауып, жүретін жол болмай қалады. Сол кезде біз жалғыз үй болып отырамыз. Соған қарамастан, туған мекенді қимаймын. Осы жердің таза ауасы, тыныштығын аңсап тұрамын. Орманды атпен аралап келсем, сол маған ғажайып демалыс», – дейді Рахан аға.

Қазір туған өлкесі үшін пайдасын тиігізіп жүрген орманшы Бекеновтер әулетінің фотосы Науырзым ауданының орталығы Қарамендідегі музейге қойылған.

Керек дерек:

Мемлекет басшысының  2025 жылға дейін мемлекеттік орман қоры аумағында 2 млрд ағаш, елді мекендер мен қалаларда 15 млн ағаш отырғызу және Арал теңізінің құрғаған табанында  1,1 млн гектар аумақта сексеуіл екпелерін отырғызу жөнінде жұмыстар қолға алынуда.

Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері орман қорының ауданы 6 млн гектарға (25%) ұлғайды.

Қазіргі уақытта  мемлекеттік  орман қорының  жалпы ауданы 30,1 млн гектар (1991ж. – 24,0 млн.га), оның ішінде орманмен қамтылған жерлер 13,3 млн гектар жерді (1991ж. – 10,2 млн. га) немесе 44,3% құрайды.

Тәуелсіздік алған жылдары ел аумағындағы орман көлемі 3,9%-дан (1991ж.) 5,0%-ға (2022ж.) өсті.

Бүгінде Қазақстан Республикасы Үкіметі бекіткен 2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл Қазақстан» ұлттық бағдарламасы аясында, тұрғындардың қолайлы өмір сүру ортасын құруға, елдің экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталаған іс-шаралар атқарылуда.

Автор: Нұрсұлу Мырзахметова, журналист

Фото: Бекеновтердің отбасылық архивінен

11Қаз

National Geographic шығармашылық тобы дайындаған журналымыздың кезекті саны қолдарыңызға тигеніне қуаныштымын!

Журналымыздың осы санында басынан бұлт арылмаған Ауғанстанның қазіргі ахуалы туралы мол мағлұмат алуға болады. National Geographic тілшілері құрылысы сонау 1950-60 жылдары басталып, биліктің алма-кезек ауысуы мен сұрапыл соғыстардың кесірінен қайта-қайта бүлініп, ақыры толық аяқталмай қалған Ауғанстандағы ең үлкен автокөлік жолының өне бойымен жүріп, тұтас ауған елінің жағдайынан хабардар етеді.

Біз, адамзат баласы, өзімізді Жер бетіндегі ақыл-ой мен жоғары санаға ие бірден-бір ерекше жаратылыс иесі санаймыз. Солай болған соң өзге тіршілік иелерінде болуы мүмкін сана көріністері көбіне олардың өсіп-өнуі мен ұрпақ қалдыру мақсатындағы табиғи түйсіктеріне жатқызылып, ғалымдар оны терең ғылыми зерттеу нысанасы ретінде қарастырған жоқ.

Бірақ соңғы жылдары зерттеушілер кейбір жануарлар біздің сан қилы сезімдерімізден кем түспейтін эмоцияларға ие екенін көбірек айта бастады. Сондықтан біз бүгін осы бағыттағы зерттеушілердің қызықты тәжірибелерімен бөліскен, аң мен құстың сана түкпіріне үңілткен «Ақылды жануарлар. Олар не ойлайды?» деген тақырыптағы ғылыми-танымдық мақаланы назарларыңызға ұсынып отырмыз. Бұл зерттеулер табиғатпен етене байланыста болған халқымыздың алдындағы малы мен түз тағыларына қатысты таным-түсініктерін де растай түсетіндігімен қызықты деп ойлаймыз.

Ойлы оқырманымызды журналымыздың келесі қараша айындағы санында да мазмұнды мақалалар күтіп тұрғанын құлаққағыс еткім келеді. Соның бірі ежелгі Мысыр мәдениеті мен тарихына, әйгілі Тутанхамон перғауынға қатысты деректерге толы болмақ.

Ендеше, бізбен бірге болыңыз, қадірлі оқырман!

Құрметпен,

бас редактор Еркін Жақыпов

8Қаз

Сарайшық елді мекенінен 20 шақырым жерде жаңадан анықталған Қарағайлы мекенінен қыш ыдыс сынықтары, сәндік әшекей бұйымдар, мыс тиындар табылды. Бұл туралы ғалымдар Махамбет ауданында «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен «Көне керуен жолдары және оның бойындағы археологиялық ескерткіштерді зерттеу мәселелері» тақырыбында өткен далалық семинарда айтты, деп хабарлады Атырау облысы әкімдігінің ресми сайты.

Семинарға арнайы келген отандық және ресейлік ғалымдар керуен жолдарын барлау барысында «Канал», «Шойтас», «Құлпытас», «Ащысай» тұрағы және жаңадан анықталған алтынордалық «Қарағайлы» мекеніне барған.

Археолог Мадияр Елеуов және Вячислав Плахов бұл аймақта сауда жолы бойында үлкен мекен болғандығын айта келе, табылған ғимарат кесене деген пікір білдірді. Сонымен қатар, нумизмат Павел Петров табылған тиындар Өзбек хан кезеңіне жататындығын нақты айтты. Археолог Марат Қасеновтің пікірінше, бұл аймақта Сарайшықтан кейін күйген кірпіштен жасалған осындай кешен алғаш кездесіп тұр.

– «Қарағайлы» мекенінің батыс жағында шамамен 4-5 ғимарат орны төбешік күйінде байқалады. Оның біреуін зерттеген кезде қыш және саман кірпішпен аралас тұрғызылған ғимарат орны анықталды. Екі бөлмеден тұратын ғимараттың үлкен бөлмесінің көлемі – 4,8х4,8 м, кіші бөлме көлемі – 4,8х2,4 м. Қабырғасының қалыңдығы – 1,25 метр болса, сақталынған биіктігі – 80 см. Бөлмелердің еденіне қыш кірпіштер төселген. Сонымен қатар осы аралықта аз мөлшерде тас еңбек құралдарының жаңқалары да кездесті. Мұнда мәдени қабаты бойынша біраз халықтың тұрғанын байқауға болады. Ғимарат шамамен ХІV-XVІ ғасырға, Алтын Орда кезеңіне жататыны анық байқалады. Бұл Сарайшық пен Сарай Бату, Қажы Тархан арасындағы алғашқы ірі ескерткіш деп саналады,- деді музей-қорықтың бас инспекторы, археолог Айбек Тұрарұлы.

Ал сарайшықтанушы, археолог Вячислав Плахов картада керуен сарайлар көрсетілгенімен, бұған дейінгі зерттеу жұмыстары кезінде кездеспегенін жеткізді.

– Бұл біздің ең алғашқы табысымыз. Нысан батысқа жол тартқан саудагерлердің тынығуына таптырмас орын болғандығымен ерекше. Қайта жасақтауға болатындай күйде сақталған. Сондықтан көп уақыт созбай жұмыстарға кірісу керек. Әрине, мұның бәрі қаражат пен қажырлы еңбекті талап етеді,– деді сарайшықтанушы, археолог Вячислав Плахов.

«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдеи музей-қорығының археологтары былтырдан бері Ұлы Жібек жолының тармақтарын зерттеп келеді. Жүйелі жұмыстар жүргізудің нәтижесінде биылдың өзінде 10-нан астам алтынордалық тұрақ табылған.

Дереккөз: Атырау облысы әкімдігінің ресми сайты.

5Қаз

Фото: Олег Толстов

Шелек өзені. «Көлсай көлдері» МҰТП, «Тау Шелек» орманшылығының аумағы.

Фото: Олег Толстов

Күнгей Алатаудың солтүстік беткейіндегі мұздықтардан басталып, Шелек ауылынан 20 км солтүстікте Қапшағай көліне (су қоймасына) құяды. Бұрынғы Шелек, қазіргі Еңбекші қазақ ауданына қарасты ауылдардың егістіктерін сумен қамтамасыз ететін негізгі өзен. Оның суы Үлкен Алматы каналына да бұрылған.

4Қаз

Соғыс миллиондаған йемендіктің өміріне қауіп төндіріп тұрғанда тарихшылар, археологтер ежелгі мәдениет нысандарын сақтау үшін күресуде.

Йемен астанасы Санада жұмысшылар Әл-Джарафи отбасы иелік ететін 350 жылдық саз кірпішті резиденцияны қайта тұрғызды. 2014 жылдан бері көтерілісші хуситтер бақылауындағы қала Сауд Арабиясы мен БАӘ бастаған коалиция күштерінің әуе шабуылдарына ұшырап тұрады. 2015 жылы болған бір шабуылда 150 жыл Әл-Джарафи отбасының иелігінде болған үйге зақым келді.

Шаңды аңғардың түбінде тұрып, асқақтаған алып құрылысты көру үшін мойнымды создым: шамамен 2500 жыл бұрын теп-тегіс жонылып, балшықсыз қаз-қатар қаланған, шөл даланың зеңгір көгіне қарай 15 метр созылған тастар.

Қазіргі Йемен жерінде осы Ұлы Мариб бөгеті салынған кезде оның топырақ-тасты қабырғалары Хувер бөгетінен екі есе дерліктей үлкен аумақты алып жатты. Сақталып қалған зор шлюздер Йеменнің биік тауларынан 9600 гектардай бос алқапты алатын ауылшаруашылық оазисін нәрлендіре отырып, шығыстағы күн күйдірген шөлге қарай ағатын жаңбырлы маусымдардың су ағынын бақылауда ұстайтын күрделі жүйенің бір бөлігі болған. Соның барлығының ортасында гүлденген экономикалық орталық – Сабаның астанасы Мариб қаласы бар еді. Бұл патшалықтың атақ-даңқы Құран мен Інжілде аты Шеба патшайымы деп аталатын, әйгілі көшбасшы Билкистің атымен көбірек танылған. Марибтің ең дамыған шағында, б.д.д. 8-ғасырдан бастап осы бөгет Сабейдің астана әрі шөлдеген түйелер мен ашыққан саудагерлер үшін азығы мен суы мол аялдама ретінде гүлденуінің себепкері болды.

Кәдесый сататын жас саудагерлер туристер көп жиналатын Кавкабан алдындағы қиыршық тас үйілген кіреберісте келушілерді күтіп, ойнап жүр. 2016 жылдың ақпанында жасалған әуе шабуылында мыңжылдық рабат қирап, жеті адам опат болды.

Патшалық Арабияның оңтүстігінде гүлдей жайнады, Үндістаннан Жерорта теңізіне дейін созылған жұпар иісті сауда жолының қақ жүрегі саналатын осы жерде қарамай, мирра және басқа да хош иісті шайырлар саудаға түсетін. Саба да керуендік экономиканың аса маңызды нүктесі болды. Мұнда Шығыс пен Батыс арасында тасымалданатын піл сүйегі, інжу, жібек мата және құнды ағаш түрлері тәрізді бағалы заттарға салық салынатын.

Марибтің қазіргі байлығы – осы аттас провинцияның құм-топырағы астындағы мұнай-газ қоры. Бұл қаланы йемендік хусит көтерілісшілері мен хуситтер экспансиясына қарсы жергілікті күштерге қолдау көрсететін Сауд Арабиясы мен БАӘ басшылық ететін коалиция арасындағы соғыстың стратегиялық нысанасына айналдырды. Йеменде осы соғыстың тұтанғанына 8 жыл болды. Ежелгі астана 2020 жылдан бері басты майдан алаңы әрі Йеменнің халық­аралық мойындалған үкіметінің соңғы астаналық бекінісі болып келеді.

Хуситтердің басқыншылығы салдарынан үй-жайынан айырылған балалар Марибтің шетінде, шөлдегі босқындар лагерінде ағаш айналасында уақыт өткізіп жүр. Бір кездері дүркіреген ежелгі Саба патшалығының астанасы болған Мариб мүлгіген мұнайлы қаладан азамат соғысының алғы шебіне айналды.

Бөгеттің тоспа желісінің сақталған қабырғалары бойымен алып құрылысқа тамсана, мыңдаған жыл бұрын Арабияның оңтүстігіндегі гүлденген шаһардың қажеттіліктерін қамтамасыз етуге керекті кешенді логистикаға таңырқай серуендеп келемін. Артынша таяу маңдағы таулардан артиллериялық атыстың таныс дауысы аңғарды жаңғырта естілді.

«Естідіңіз бе?» Йемендік көмекшім әрі аудармашы Аммар Дервиш сыбырлай сұрады. Келесі жарылыс шамалы қаттырақ естілді және сұрақ қайталанбай тұрып жауап қаттым. «Иә, естідім».

Жергілікті тайпаластардың тойына қатысушылар шамамен 3000 жылдық Аууам храмының орнына келді. Ежелгі сабалықтар мұнда суландыру және жер игеру құдайы Алмақаһқа табынатын. Марибтегі храмдарға қауіп төніп тұр, өйткені хуситтер қаланы жаулап алуға тырысуда.

Йемендегі қазіргі соғыс оның тарихи қазыналары үстінде жүріп жатыр. Оның ежелгі патшалықтары – Саба, Катабан, Майн, Хадрамаут, Химьяр, Аусан – Араб түбегіндегі өркениеттің қайнаркөзі. Бұл тарих гидравликалық инженерия ерлігінен егжей-тегжейлі жазбаларға дейінгі көпес халық пен кешенді, отырықшы өркениет туралы баяндайды.

Соғыс 2014 жылы солтүстіктегі көтерілісші хуситтер бұрынғы президент Али Абдалла Салехтың жақтаушылары көмегімен ел астанасы Сананы басып алған кезде басталды. Оның ізбасары Абдраббух Мансур Хади үйқамаққа алынды. Хади Сауд Арабиясына бас сауғалап қашып, бұл Саудия корольдігінің АҚШ пен басқа да Батыс елдерінің демеуіндегі өңірлік коалиция қолдауымен әуе шабуылдарын бастауына әкелді. Барлық тарап өздеріне тәуелді 30 млн тұрғынды ойлап жатқан жоқ, йемендіктер мен олардың тарихи мұрасына да қауіп төніп тұр.

СОЛ ЖАҚТА: Хувер бөгетінен екі есе ұзын Ұлы Мариб бөгеті б.д.д. алғашқы мыңжылдықта салынған және Йеменнің шығыстағы шөлінде мың жылдан астам тіршілік нәрін берген. Бүгінде тек биік әктастан салынған шлюздер қалған; Солтүстік шлюз 2015 жылы коалиция күштерінің әуе соққысынан бүлінген. ОҢ ЖАҚТА: Осы маңдағы Әл-Равдах босқындар лаге­рінде өмір сүріп жатқан жас жігіт қазіргі Мариб су қоймасының жағалауында тұр. Соңғы соғыс оты тұтанған 8 жыл ішінде коалиция күш­терінің әуе соққыларынан 19 000-нан астам йемендік жарақат алған не ажал құшқан. 4 млн-нан астам адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған.

Әуе соққыларынан музейлер жермен-жексен болған. Бірнеше буын ұрпақ өмір сүрген жүздеген көпғасырлық отбасылық үйлер, Исламға дейінгі храмдар бомбаның астында қалды, суфилік қасиетті жерлерді әскери содырлар қиратты. Осындай жағдайда аз, бірақ өз ісіне адал йемендік тарихшылардың, археологтер мен басқа да ел тарихына бейқам қарамайтын жандар ұлттық музейлерде, қоймаларда және әлі де топырақ астында бүркеніп жатқан Йемендегі көненің көзі саналатын ата-баба жәдігерлерін сақтап қалу бойынша астыртын миссияны орындауда. Олар өз жерлестерінің және қақтығыс салдарынан қоныс аударған миллиондаған адамдардың мүддесін есте ұстай отырып, бүгінгі ең өзекті мәселе – соғыс өртінен аман қалуды ойлаған йемендіктердің келешегі үшін күш жұмылдырған.

Автор: Иона Крейг, фото: Мойзес Саман

Мақаланың толық нұсқасын 2022 жылғы қыркүйектегі журналдан оқи аласыз