natadmin
23Қаң

Астанадан 100 шақырымға жуық жерде, Ақмола облысының Шортанды ауданына қарасты Бектау ауылында жасы жүзден асқан Бәтима әже тұрады. Дүниеге келген күні құжат бойынша 1922 жылғы 6 сәуір.

100-ден асқан Бәтима әженің 1 жастағы шөпшегімен түскен суреті National Geographic журналының қазақстандық мұқабасына басылған суреті

Моңғолияның Баян өлгий аймағында туып-өскен Бәтима Орманбайқызы ес біліп қалған шағында КСРО-мен бір мезгілде Моңғол Халық Республикасында жүрген байлардың малын тартып алу науқаны – ұжымдастыруды (1929-31 жылдар) көрген. Алайда ол кезең туралы көп ештеңе айта қоймайды. Тек бақуатты байдың қызы екенін, барған жері де бай болғанын, бірақ қиын заман туып, шиеттей бала-шағасы ашығып қалмауы үшін аянбай еңбек еткендерін айтады.

«Аяққа киер етік жоқтығынан, шарқаймен де жүрдік. Осы балаларым ашығып қалмасын деп, жанталаса тіршілік еттік. Кез келген жұмысты істедім», – дейді әже қасында отырған, жасы 67-ге келіп қалған төртінші баласына қарап қойып. – Аллаға шүкір, өсіріп жетілдірдік. Енді, міне, бәрі мені бағып отыр».

Бәтима әженің кіші ұлы Жанатханға мейірленіп, иіскеген сәті.

Расында да, ғасыр жасаған Бәтима әже – 8 баласынан бүгінде 37 немере, 60 шақты шөбере, 8 шөпшек сүйіп отырған қазақтың ақ жаулықты, кең пейілді анасы. Шөпшектерінің ішінде ең кішкентайы Әмір Тұңғышбайұлы бір жаста ғана екен. Ал өз балаларының алды Құмар ақсақал қазір 78 жасқа келген. Құмардан кейін Дұғар, Сайлаухан, Қаламхан, Құрметхан, Санатхан, Жанатхан есімді ұлдар мен Қадуан есімді қызды дүниеге әкелген. Сүт кенжесі Қадуан апаның өзі 60-қа аяқ басқан. Бәтима әже барлығын да жаңылмай таниды. Көп балалы ана атанғаны үшін кеудесіне таққан ордені де бар. «Құлағымның кейде дұрыс естімей қалатыны болмаса, өмірге өкпелеуге хақым жоқ», деген әже осы күніне тәубесін айтып отыр.

Әжей өзінің айтуынша, 16-17 жасында тұрмысқа шыққан. Өкінішке қарай, ері небәрі 37 жасында қайтыс болыпты. Кү­­йеуі қайтқанда балаларының алды 11-12 жас шамасында, ең кішісі құндақта болған сыңайлы. Бірақ қайғыға мойымай, тастүйін бекініп, алға ұмтылыпты. «Жасымызда жоқшылықты да, қиындықты да көрдік. Ішерге тамақ, киерге киім тапшы кезең еді. Дегенмен тірі адам тіршілігін жасайды ғой, 60 жасымда зейнетке шыққанға дейін Моңғолия өкіметінің малын бақтым. Осынша жасқа келуіме тамақтың тазасын, судың тұнығын ішіп, өзіміз қолдан дайындаған қоспасыз тағамдарды жегендігіміз, тұмса табиғатта тіршілік еткеніміз әсер еткен болар. Үнемі қозғалыста, ат үстінде жүрдік», – дейді. Қаламхан деген ұлы жас күнінде ат құлағында ойнаған анасы Қазақстанға көшіп келгеннен кейін де, мұндаға шейін атқа мініп тұрғанын айтады. Бәтима әже қазір осы ұлының қолында – қарашаңырақта тұрады. Өзге балаларының ауылдарына жиі барып тұрады, көрші-қолаңға да кіріп, әңгіме-дүкен құруды ұмытпайды. Әзілге де жоқ емес. «Қазір әже-апа деп отырсыңдар, былай шыққан соң, әлгі 100-ге келген кемпір не айтты деп жүрерсіңдер, – деп күліп қояды бізге қарап. – Қалжың ғой, сендер де балаларым сияқтысыңдар. Күнде келіп жатқан жоқсыңдар, сендер де менімен суретке түсіп алыңдар». Ғасырдың көзімен қуана-қуана селфиге түстік.

Мына суретте Бәтима әженің біз барғанда жиналып үлгерген үрім-бұтағының бір ширегі – екі ұлы, келіндері, немерелері, жиені, шөберелері, шөпшегі.

АВТОР: Нұрсұлу Мырзахметова
ФОТО: Ерболат Шадрахов

18Қаң

Біздің қоғамда, жалпы әлемде генетикалық модификациялан­ған азық-түлік өнімдеріне қарсы орнығып қалған түсінік бар: мұндай өнімдер зиянды. Бірақ не үшін және қай жағынан зиянды екенін дөп басып, нақты ғылыми дәйекпен ешкім айта алмайды.

30Жел

Марстағы құм төбелердің осы көрінісін NASA-ның Марсты барлау орбиталық аппараты бортындағы HiRISE камерасы қысқы күн тоқырауынан кейін қырау басқан сәтте түсірген.

21Жел

Астанада ұлттық спорт түрлері бойынша «Алтын тұғыр-2022» сыйлығының жеңімпаздары марапатталды. Көкпар, бәйге, дәстүрлі садақ ату, аударыспақ, құсбегілік, жамбы ату, теңге ілу, асық ату және тоғызқұмалақтан үздік спортшылар арнайы жүлделер мен сыйлықтарға ие болды.

Атап айтқанда,  «Үздік құсбегі» аталымының «Бүркіт» түрі бойынша – Бақдәулет Бабажан, «Ителгі» түрі бойынша – Таңат Оспанқұлов, «Қаршыға» түрі бойынша – Бексұлтан Сейітжан.

 «Үздік бәйге аты» аталымы бойынша – ат иесі  Ұлан Омаров (Талхиз атты 4 жасар байтал).

«Үздік көкпар командасы» – Ұлттық құрама.

«Үздік асық ату командасы» – Ерлер және әйелдер ұлттық құрамасы.

«Үздік жамбы ату спортшысы» – Айкөз Ерелхан.

«Үздік теңге ілу спортшысы» – Бәйдібек Сабыров.

«Үздік аударыспақ спортшысы» – 70 келі салмақ бойынша Әлем чемпионы Шыңғыс Ержанов және 90 келіден жоғары салмақ бойынша Әлем чемпионы Данияр Смайлов.

«Үздік тоғызқұмалақ спортшысы» – ерлер арасында Ғалымжан Темірбаев, әйелдер арасында Әсел Далиева.

«Үздік дәстүрлі садақ ату мергені» –  Қанат Қасымхан.

Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжановтың айтуынша,  18 жыл бұрын құрылған қауымдастықтың қатары бүгінде жаңа федерациялармен толығып жатыр.

‒ Бүгінде ауыл-аймақтарда мыңдаған спорт секциялары ашылып, сол жерде 300 мыңнан аса адам ұлттық спортпен айналысады. Биыл қыркүйек айына дейін қауымдастық құрамында 5 федерация болған, олар: көкпар, бәйге, теңге ілу, жамбы ату және аударыспақ. Жақында бізге тоғызқұмалақ, асық ату, садақ ату және құсбегілік федерациялары қосылып, барлығының саны тоғызға жетті. Мақсатымыз – ұлттық спортты бұқаралық сипаттан кәсіби деңгейге көтеру. Испанияда – коррида, Францияда – Тур де Франс, Бразилияда – карнавал, Арабияда – саятшылық сияқты спорт түрлері ұлттың салт-дәстүріне негізделген. Қазақтың спорттың ойындары да халықаралық аренада ұлттық бренд ретінде танылуға әбден лайық, ‒ дейді ол.

 «Дәстүрлі садақ ату» федерациясының вице-президенті, бас жаттықтырушы Диас Ахметов те соңғы үш жылмен салыстырғанда, садақ ату спортына келгендердің қарасы көбейіп, 50 адамнан 2 мыңға өскенін айтады.

– Барлық өңірінде садақ ату спорты жақсы дамып келе жатыр. Астанада орналасқан федерациямыздың филиалдары жер-жерде ашылды. Нәтиже де көріне бастады. Мысалы, Түркияда өткен дүниежүзілік көшпенділер ойындарында оқушым Қанат Қасымханның дәстүрлі садақ атудан күміс жүлде алып келгені біз үшін жетістік. Сонымен қатар, биыл елімізде тұңғыш рет осы спорт түрінен республикалық чемпионат өтті, ‒ дейді Диас Ахметов.

Автор: Нұрсұлу Мырзахметова, журналист

Фото: Жасұлан Жұмабеков