natadmin
12Апр

Өрмекшілердің жақыннан түсірілген суреттерінен олардың қаншалықты дара, көрікті, тіпті тартымды тіршілік иелері екенін аңғаруға болады.

Автор: Джейсон Биттел. Фото: Хавьер Азнар

Экуадордың Ла-Манте қаласында, банан гүлінде отырған Cupiennius тұқымдасына жататын мына өрмекші өсімдік тозаңдандырушы жәндіктің жақын келуін асқан шыдамдылықпен күтіп отыр. Бұл буынаяқ­тыны Жер бетіндегі ең улы Phoneutria тұқымдасына жататын өрмекшімен жиі шатастырады.

Өрмекшілер алуан түрлі: олардың 50 000-нан аса түрі белгілі, соның ішінде негізінен су астын мекен ететін су өрмекшілері, Арктика шеңберінің солтүстігінде өмір сүретін арктикалық қасқыр-өрмекшілер және 43 жаста «қарттыққа» жететін алып тікенді өрмекшілер бар. Бірақ көп адам буынаяқтыларды басқа қырынан тануға талпынбайды да.

«Адамдар өрмекші жайлы ойлағанда, бірден қорқынышпен еске алады», – дейді мадридтік биолог әрі фотограф Хавьер Азнар. Ол өзі үш жыл өмір сүрген Экуадор тропикалық ормандарындағы өрмекшілердің суреттерінен әсерлі топтама жинаған. «Жақынырақ қарасаңыз, таңғажайып әлемді көресіз», – дейді ол. Қарама-қарсы беттен тесіле қарап тұрған Phidippus тұқымдасына жататын секіргіш өрмекшіні алып қараңыз. Азнар Солт. Америкада кездесетін бұл өрмекші адамға зиянсыз көрінгенін әрі өзінен қорықпағанын айтады. (Өрмекшілердің он шақты түрі ғана адамға қауіпті екені белгілі). Секіргіш өрмекшілердің бірнеше түрінің көру қабілеті жақсы. Олар күшіктікіндей көздерімен сізге қараса, онда сізді расымен көріп тұрғаны.

Phidippus тұқымдасына жататын секіргіш өрмекші саусақ ұшына жайғасты (Даллас қаласы, Техас штаты). Бұл өрмекшілердің иектері түрлі-түсті және табиғаты ізденімпаз келеді. Олар тор құрмайды, оның орнына жемтігін тұтқиылдан аулайды.

Сондай-ақ Оңт. Америкадан шыққан, Aphantochilus тұқымдасына жататын, құмырсқадан айнымайтын сүйкімді шаян тәрізді өрмекшілер бар. Жалпақ мүйізді тұмсықтары өздері аулайтын құмырсқаға ұқсас келеді, бұл олардың жемтігіне байқатпай жақындауына мүмкіндік береді. Жасырынудан шебер жыртқыштарды суретке түсірмек түгілі, табу қиын. Азнардың өзі оларды Экуадорда үш-төрт рет қана көрген.

Мысалы, Экуадорда өрмекшілердің Deinopis түрін суретке түсіру үшін оған бірнеше жыл қажет болды. Осы үлкен көзді, ұзын аяқты өрмекші дәстүрлі аудың орнына, жібектен төртбұрышты тор жасайды. Оны аяқтарымен ұстап отырады да өтіп бара жатқан жәндіктерге лақтырады. Алайда ол өзі қорқақ жәндік. Бірдеңе кенет жақындап келсе, құрған тұзағын алып жасырынып қалады. Осы көріністі камераға ілу үшін фотографтың жемтігін аңдыған жыртқышқа ұқсап ұзақ уақыт бойы үндемей, тапжылмай отыруына тура келген. Бір түні өрмекші шабуылға дайындалып жатқанда, Азнар мүмкіндікті қалт жібермей, камераға түсіріп үлгерді.

Экуадорда өрмекшінің көптеген түрі бар. Солдан оңға, жоғарыдан: тікенді өрмекші-тоқымашы (Gasteracantha cancriformis), секіргіш өрмекші (Psecas viridipurpureus), секіргіш өрмекші (Freya decorata), құмырсқаға ұқсас өрмекші (Aphantochilus rogersi).

Тоқымашы-өрмекші (Micrathena), секіргіш өрмекші (Breda lubomirskii), секіргіш өрмекші (Sidusa), тікенді өрмекші-тоқымашы (Gasteracantha cancriformis).

Жібек жіпке ілінген Micrathena тұқымдасына жататын өрмекші Экуадордың Тена маңындағы Амазонка тропикалық ормандарында жұмыртқаға арналған пілте тоқып тұр.

Сирек кездесетін шаян тәрізді өрмекші (Onocolus тұқымдасы) Экуадордағы Джама­Коак экологиялық қорығында жапырақпен астасып, көрінбей тұр.

Сіз тасбақа құмырсқасы (Cephalotes atratus) өмірінде соңғы көретін – түр-сипаты тасбақа құмырсқасына ұқсайтын өрмекшіге (Aphantochilus rogersi) қарап тұрсыз. Мұндай құбылғыштар жәндіктер арасына байқалмай барып, жемін ұстайды.

Джейсон Биттел – ғылыми журналист, National Geographic зерттеушісі. Ол қазір National Geographic үшін Солтүстік Американың тұмса табиғаты туралы кітап жазып жатыр.

6Апр

MAQSUT NARIKBAYEV UNIVERSITY (KAZGUU) Қазақстан тарихын оқытудың ерекше форматы аясында еліміздің киелі һәм тарихи жерлеріне студенттер  саяхатын ұйымдастыруды жалғастыруда

24Мар

Африкада, Сахарадан оңтүстікке қарай мекендейтін қара құтан (Egretta ardesiaca) жемтігін аулауда өте епті. Таяз сулардағы ұсақ балықтарды ұстау үшін ол қос қанатын қаусырып, қол­шатыр жасайды.

21Мар

Әр алты айда күн мен түннің теңелуі Жердегі тәулікті теңдей дерлік екіге бөледі. Мұның қалай болатынын және адамдар оны неге ежелден бері тойлайтынын біле жүріңіз.

15Мар

Нидерланд Корольдігі мен Тәжікстан Республикасының елшіліктері ұйымдастырған «Water=Life» көрмесіне әлемнің түкпір-түкпірінен келген фотосуретшілердің 19 үздік туындысы қойылған.