natadmin
8Фев

Былтыр 7 қараша мен 3 желтоқсан аралығында Маңғыстау облысы Түпқараған ауданында Каспий теңізінің жағалауында жүргізілген рейд нәтижесінде 172 итбалықтың өлексесі табылды.

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Балық шаруашылығы комитеті итбалықтардың қырылу себептерін анықтау үшін Каспий итбалығын зерттеу және қалпына келтіру орталығы, Гидробиология және экология институты, Микробиология ғылыми-өндірістік орталығы және «Вирусология» ЖШС, «Қазақстандық қолданбалы экология агенттігі» ЖШС секілді ғылыми ұйымдарға, сондай-ақ Маңғыстау облысы экология департаменті, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық бөлімшелеріне жүгінді.

Ғылыми ұйымдар мен құзырлы органдардың өкілдерінен құралған топ итбалықтардың көпшілігі вирустық жедел пневмониядан өлген деген қорытындыға келді. Пневмония жануарлардың теңіздің қазақстандық бөлігіне күзгі шоғырлануы кезінде аралас тұмау мен морбилливирустық инфекциялардың өршуінен туған. Теңіз жануарларының иммунотоксикалық элементтермен және қосылыстармен үздіксіз улануы олардың иммунитеті мен жалпы дене төзімділігін төмендетеді. Нәтижесінде олар жұқпалы ауруларды тез жұқтыруға бейім болады.  

Қорыта айтқанда, теңіз жануарларының мекендейтін ортасының ластануы мен олардың вирустық инфекцияларды жаппай жұқтыруы пневмония індетін асқындырып, Каспий итбалықтарының қырылуына әкеп соқтырған.  

Фото: Сәкен Ділдахмет

8Фев

Күн сайын мыңдаған жер сілкінісі болады. Бұл мақаладан олардың әдетте қай жерде болатыны және қалай өлшенетіні туралы біле аласыз.

Күн сайын мыңдаған жер сілкінісі болып жатады. Олардың көбі әлсіз болғандықтан, сезіле бермейді. Бірақ қатты жер сілкінісі зор апатқа соқтыруы мүмкін — 2022 жылдың қыркүйегінде Тайваньда 6,8 балдық жер сілкінісінен кейін құлаған бұл көпірден ел үлкен зиян шекті.
СУРЕТ: ЧЕНГ ШОУ И, NURPHOTO / GETTY IMAGES

Кейде жойқын болатын,  ағылшынша темблор деп те аталатын шағын жер сілкіністері бүкіл әлемде күн сайын мыңдап болып жататынын елестету қиын. Олардың көпшілігі өте әлсіз болғандықтан, жұрт сезбей де қалады.

Бірақ 2023 жылдың 6 ақпанында Түркияның оңтүстігінде және Сирияда болған 7,8 балдық жер сілкінісі осы онжылдықтағы ең көп өлім әкел зілзаланың бірі болуы мүмкін, дейді ғалымдар.

Ұшар биіктен түсірілген суретте 2023 жылдың 6 ақпанында Сирияның солтүстік-батысындағы Идлиб провинциясындағы Бесния ауылында 7,8 баллдық жер сілкінісінен кейін құлаған ғимараттардың қирандылары арасында құрбандар мен аман қалғандарды іздеп жатқандар көрініп тұр.
СУРЕТ: ОМАР ХАДЖ КАДУР, AFP/GETTY IMAGES

Зілзала қай жерлерде жиі болады?

Планетадағы жер сілкіністерінің шамамен 80 пайызы жанартау белсенділігінің басым болуына байланысты Тынық мұхиттың «от сақинасы» деп аталатын жағалауында туады. Жер сілкіністерінің көбі тектоникалық плиталар, яғни жердің жоғарғы қабатын құрайтын алып тас плиталар бір-біріне соқтығысатын немесе сырғитын аймақтарында болады. 

Бұл соққылар әдетте жер бетінде біртіндеп және байқалмай жүреді; дегенмен, тақталар арасында үлкен кернеу жиналуы мүмкін. Бұл кернеу тез босатылған кезде, ол сейсмикалық толқындар деп аталатын, көбіне тау жынысы және жер беті арқылы жүздеген шақырымдарға созылған күшті тербелістер тудырады. Басқа жер сілкіністері тақталар созылған немесе қысылған кезде дүмпу ошақтарынан алыс жерде болуы мүмкін.

Ғалымдар жер сілкіністерін олардың сейсмикалық толқындарының күші мен ұзақтығына негізделген магнитудалық бағалау арқылы өлшейді. 3-тен 4,9-ға дейінгі жер сілкінісі елеулі немесе әлсіз болып саналады; 5-тен 6,9-ға дейін – орташа және ауыр; 7-ден 7,9-ға дейін – күшті; және 8 немесе одан да көп болса – үлкен.

Жер сілкіністерінен кейін әрдайым кейінгі дүмпулер жүреді, олар негізгі жер сілкінісінен кейін пайда болатын және бірнеше аптаға, тіпті кейбір жағдайларда бірнеше жылға созылуы мүмкін кішігірім жер сілкіністері. АҚШ Геологиялық қызметінің мәліметі бойынша, кейбір жер сілкіністері үлкен жер сілкінісінің алдында болатын бастапқы дүмпулермен бірге жүреді.

Индонезияның Орталық Сулавеси провинциясында 2018 жылдың 28 қыркүйегінде 7,5 балдық жер сілкінісі мен цунамиден кейін құлаған кеменің алдында тұрған бала. Табиғи апат салдарынан 2000-нан астам адам қаза тауып, кем дегенде 210 000 адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды.
СУРЕТ: УЛЕТ ИФАНСАСТИ, GETTY IMAGES

Жер сілкінісінің залалы

Орта есеппен, жыл сайын әйтеуір бір жерде 8 баллдық жер сілкінісі болып тұрады және жыл сайын соның кесірінен шамамен 10 000 адам қаза табады. Қираған ғимараттар көптеген адамның өмірін қияды, алайда қирау көбінесе көшкін, өрт, су тасқыны немесе цунами сияқты табиғи апаттармен өрши түседі. Әдетте үлкен жер сілкінісінен кейінгі алғашқы күндерде пайда болатын кішігірім дүмпулер құтқару жұмыстарын қиындатып, одан әрі өлім мен апатқа әкелуі мүмкін.

Адам шығынын төтенше жағдайларды жоспарлау, білім беру және жер сілкінісінің әсерінен қирайтын емес, керісінше тербелетін ғимараттар салу арқылы болдырмауға болады.

Ескерту: Бұл мақала бастапқыда 2019 жылы жарияланған. Оның жаңартылған нұсқасына Эми Маккивер мен Дэн Вергано өз үлестерін қосты.

Ағылшын тілінен аударған Әлия Құлахметова

7Фев

«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы еліміздің мектеп кітапханаларын мемлекеттік тілдегі ғылыми-танымдық контентпен қамтамасыз ету ісіне айрықша ден қойып отыр. Осы мақсатты көздеген компания ақпанның 7-сі күні Қызылорда қаласында National Geographic редакциясымен бірлесіп, Қызылорда, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарының 900-ден аса мектебін журналымызға жаздырып беру жобасын бастады.

«Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың интеллектуал ұлт қалыптастыру жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыруға септігін тигізеді. Біз танымал ғылыми-танымдық және техникалық журналдарды оқу мәдениетін қайта жаңғырту осы бағыттағы маңызды қадам болатынына сенімдіміз», – деді ҚМГ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев №264 мектепте өткен жобаның тұсаукесер рәсімінде.  Оның атап өткеніндей, таңдау National Geographic-ке кездейсоқ түскен жоқ. Өйткені журнал әлемде 38 тілінде жарық көреді, ал жоғары сапалы контентін әзірлеуге дүниежүзінің әр тарапынан 3000-нан аса зерттеуші атсалысады. Бұл журналдың география ғана емес, тарих, биология, антропология, ғарыш және медицина мәселелерін де егжей-тегжейлі жазып-көрсетуіне мүмкіндік береді әрі оқырманның экологиялық таным-түсінігін кеңейтеді. Соңғысы қоршаған ортаның қауіпсіздігін ең маңызды құндылықтардың бірі санайтын компанияның саясатымен де үндесіп жатыр.

М.Мырзағалиев сондай-ақ National Geographic редакциясының жаратылыстану ғылымдарын көпшілікке танытумен қатар, мемлекеттік тілде сапалы контент ұсынудағы маңызды рөлін де атап көрсетті.

Іс-шараға Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов және National Geographic Qazaqstan журналының бас редакторы Еркін Жақыпов, қала мектептерінің география мұғалімдері, орта және жоғарғы сынып оқушылары қатысты.  Соған орай, Қызылорда облысы мектептеріне арналған жызылым сертификаты жаратылыстану пәні бойынша мектеп олимпиадаларының жүлдегері, №264 мектептің 9-сынып оқушысы Санжар Сұлтанбекке тапсырылды.

Ал іс-шара аяқталған соң National Geographic өкілдері жергілікті мектеп мұғалімдеріне әлемдік журналдың оқу-ағарту бағытындағы онлайн және офлайн ресурстарын сабаққа қосымша материал ретінде қолдану мүмкіндіктерін таныстырып, арнайы семинар-тренинг өткізді.

3Фев

National Geographic редакциясы экологиялық бағыттағы оқу-ағартушылық жұмыстарын жалғастырып, биылға жоспарланған алғашқы іс-шараны Астана қаласындағы Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектеп-лицейінің жоғарғы сынып оқушыларымен кездесу өткізуден бастады.

2Фев

Бүгінгі таңда биологиялық әртүрлілікті сақтау мәселесі арнайы мамандар мен табиғат қорғаушыларды ғана емес, әрбір адамзат баласын алаңдатуға тиіс маңызды түйткілге айналды. Адамның әсерінен туындаған экологиялық апаттар мен климат өзгерістері ғасырлар бойы қалыптасқан экожүйелерді бұзып, флора мен фаунаның биоалуандығына зардабын тигізіп жатыр. Бұл құбылыстан Қазақстан да шет қалып отырған жоқ. Біздің елде де көптеген аң мен құстың қатары сиреп барады. 1978 жылдан бері жарық көретін, қорғауға алынған жан-жануарларды тізімдейтін Қызыл кітаптың 2010 жылғы басылымына омыртқалы жануарлардың 128 түрі мен түршесі, омыртқасыздардың 96 түрі енген екен. Бірақ өкінішке қарай, бұл кітаптың өзі де «сирек», тұрақты жарық көріп отырған жоқ. Ал өсімдіктерге келсек, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті ұсынған мәлімет бойынша Қызыл кітапқа сирек кездесетін және жойылып бара жатқан 387 өсімдік түрі енгізілген.

Сондықтан Nationalgeographic.kz еліміздің флорасы мен фаунасын таныстыруға бағытталған «Қызыл кітап» атты жеке айдар ашып, оқырмандарымызға байтағымызда сиреп бара жатқан немесе жойылу қаупі төнген аң мен құс, сондай-ақ өсімдік әлемі туралы жүйелі мәліметтер ұсынуды жоспарлап отыр. Мұндағы мақсат – оқырман қауымға туған жерімізде, тұрған өлкемізде қорғауды қажет ететін, сиреп бара жатқан қандай жан-жануарлар бар екенін таныстыру, сол арқылы табиғатқа деген жанашырлықты ояту.

Материал Toyota Kazakhstan компаниясының қолдауымен дайындалды