Ғылымның отбасылық өмірді кешірек бастауға мүмкіндік бергеніне талай жыл болды.
Енді туу көрсеткішін арттырудың ұтымды тәсілдері пайда болуы ықтимал

Ғылымның отбасылық өмірді кешірек бастауға мүмкіндік бергеніне талай жыл болды.
Енді туу көрсеткішін арттырудың ұтымды тәсілдері пайда болуы ықтимал
Еліміздің шығыс өңірінде дәрігерлік қызметті дамытуға атсалысқан азаматтар
Бүгінде жапондар – әлемдегі ең кәрі халық.
Біздің қоғамда, жалпы әлемде генетикалық модификацияланған азық-түлік өнімдеріне қарсы орнығып қалған түсінік бар: мұндай өнімдер зиянды. Бірақ не үшін және қай жағынан зиянды екенін дөп басып, нақты ғылыми дәйекпен ешкім айта алмайды.
Егер саламатты өмір салтын ұстанар болсақ, аурудың алдын алып, өмірді ұзарту үшін генетикамызға өздігімізбен өзгеріс енгізе аламыз.
Өзіңіз жақсы көретін, өрлеп шығатын биік жерді бір сәтке елестетіп көріңізші. Енді сол биікке шықтыңыз делік. Өзіңізге қарай өрлеп келе жатқан басқаларға қараңыз. Сіз адамдардың екі түрін көресіз. Біріншісі – қимылы ширақ адамдар. Көңілді күлімсіреген, серуеннен рақаттанып келе жатыр, тіпті терлемеген де. Олар діттеген жеріне жеткенде алатын әсерге асық.
Екінші топтағылар арпалысып келеді. Жолда он рет тоқтап, демалуға мәжбүр. Әр адымы ауыр, көп күш жұмсайды. Аһ. Уһ. Жеттік пе, жоқ па?
Сірә, сіз де осы екі топтың біріне жататын боларсыз. Олардың ауыр және жеңіл қозғалғандарынан бөлек, тағы қандай айырмашылықтары бар? Иә, дене бітімі мен жастары. Әлбетте, бұл олардың жалпы денсаулық жағдайы екені сөзсіз. Бірақ ненің ықтималдығы аз екенін білесіз бе? Олардың гені туғаннан солай берілген жоқ, бұл олардың өмір салты.
Ғаламат қайта жасару. Мен және қосалқы авторлар Питер Линнеман мен Альберт Ратнер үшеуміздің National Geographic басып шығаратын жаңа кітабымыз осылай аталады. «Ғаламат қайта жасару» – бұл сондай-ақ біздің ұзақ әрі жас адамдай өмір сүруімізге мүмкіндік беретін денсаулық сақтаудағы, медицинадағы серпілістер мен қоғамды, экономикамызды және келешегімізді геометриялық прогрессияда өзгертетін жетістіктер қарсаңында біз көріп тұрған трансформацияға арналған терминіміз.
Ғаламат қайта жасаруға дайындалу үшін өзгеруге дайын болу керек. Денсаулығыңыз жақсы болсын деп емес, қажет болғанда сауығуға мүмкіндік беретін денсаулыққа ие болу үшін. Алда ғажайып келешек тұрғаны сөзсіз. Алайда оның рақатын көру, ұзақ өмірдің ләззатын алу үшін сізге енді гендік инженер болуға тура келеді. Өмір салты мен генетика өзара байланысты, яғни сіз таңдайтын өмір салты көптеген геніңіздің қызметіне және сол арқылы тәніңіздің өз функциясын атқаруына ықпал етеді.
Адам генінің көрініс табуын зерттеулер адамның өмір салтына өзгерістер енгізуге шешім қабылдауы арқылы гендерінің «қосулы» не «өшірулі» болуына ықпал ете алатынын көрсетеді. Іс жүзінде сіздің таңдауыңыз әрекет етуші 1500 геннің шамамен 1200-іне және ұйқыда жатқан қалған 21 мың генге де әсер етуі мүмкін.
Мысалы, өзінің физикалық белсенділігіне, күйзелісті басқаруы мен диеталық режіміне өзгеріс енгізгеннен кейін ер адамдар қуықасты безінің қатерлі ісігінің өсуімен байланысты гендерді өшіріп, ісік жасушаларын жоюға әкелетін ақуыз өндіретін генді іске қоса алған. Тоқішек пен сүт бездері қатерлі ісігінде де дәл сол принцип: өмір салты ісікпен күресетін гендерді іске қосып, қолдайтын гендерді өшіріп тастайды.
Ғылыми деректер адам 60 жасқа келгенде денсаулықтың 75% нәтижесі өзінің таңдауларына қарай анықталатынын айтады. Мұны өз генін бағдарлау дейді: әрбір дұрыс әрекет жастықты қолдайтын гендерді оятып, кәрілік гендерін өшіреді. Бұл процесс миллиондаған жылдық эволюцияның нәтижесі. Дұрыс таңдау жақсы ақуыздарды көбірек бөледі, ал жаман гендердің іске қосылуы одан да көп әрі деструктивті гендерді оятады.
Тәніңіздің қалай жұмыс істеп, қалай әрекет етуін өзгерту мүмкіндігі, айналып келгенде, қаншалықты сау-саламатты ұзақ өмір сүруіңіз өз қолыңызда. Біз сізге өмір салтын таңдау арқылы оңтайлы денсаулық пен жастыққа талпыну үзілді-кесілді болуының үш негізгі себебін көрсетеміз.
Мықты іргетасты қазір қалауыңыз қажет. Сұмдық дерттен, оқыс оқиғадан не операциядан аман қалған адамдарды білетін шығарсыз. Олардың бұрын денсаулығы мен рухани ерік-жігері мықты болғаны, соның арқасында дертке қарсы тұрып, күйзеліске төтеп бергені айтылып жатады. Бұл таяудағы COVID-19 пандемиясына қатысты да ақиқат. Індеттен көз жұмғандардың 80%-дан астамы жасы 65-тен асқандар болса, бұрыннан семіздік, диабет, созылмалы өкпе дерті және иммундық дисфункция тәрізді аурулары бар адамдарда аурудың ауыр өту ықтималдығы жоғары болды.
Ұзақ өмір сүру туралы айтқан кезде де осы қағида жарамды: саламатты өмір салтын таңдау созылмалы аурулардың алдын алуға көмектесіп, ұзақ өмір сүруге бағдарлайды. Сөреден екпінді бастау жарыс бойында, тіпті мәреге дейін мықты болуды білдіреді.
Сіздің қанша рет қайта жасаруды бастан кешетініңіз белгісіз. Бәлкім, утопиялық 25- ғасырда бірнеше түймені басу арқылы әрбір шегілген шылымды, әрбір қуырылған картопты өшіріп тастауға мүмкіндік беретін катакомба ойлап табылар. Алайда көз жетерлік келешекте сіздің қайта жасару мүмкіндігіңіз шектеулі болатыны әлдеқайда айқынырақ. Олардың тиімділігін барынша арттыру қабілетіңіз дұрыс тамақтану, физикалық белсенділік, ұйқы, шылым шекпеу және күйзелісті басқару сияқты дәлелденген әдістермен өз биологияңызды түзетуге деген жауапкершілігіңізге тәуелді болады.
Қандай жағдайда да сіз өз миыңызға керексіз. Адам миы соңғы биологиялық шекара іспетті. Сондықтан ғылым бізге тәнімізді жұмыс істететін жасушаларды, гендерді және басқа да механизмдерді өзгертуге мүмкіндік берген күннің өзінде де, ми істен шықса, сіз де істен шығасыз. Жастық шағыңыз мейлінше ұзақ болуынан үміттенсеңіз, миды қорғау үшін ДНҚ-ның айырып-қосқыштарын өзіңіз жасау керек болады. Мұндағы қадамдар да тәніңізді қорғау үшін жасайтын шараларыңыз сияқты.
Төменде сипатталған әрекеттер адамның биологиялық функциясына барынша ықпал ететіні дәлелденген. Сіз ылғи да мінсіз бола алмайсыз. Ұзақ өмір сүру уақытыңыздың көбін алатын істер жиынтығына тәуелді. Дұрысырақ шешімге қалай ұжымдасып келсек?
Біз ақпаратқа қолжеткізу нағыз кемелденген кезеңдеміз, медициналық көзқарас тұрғысынан бұрын-соңды болмаған денсаулық сақтау саласына иеміз. Бірақ миллиондаған адам өз таңдауымен байланысты денсаулық проблемаларынан, соның ішінде жүрек ауруынан, өкпе қатерлі ісігінен, инсульт, диабет және алжудан (иә, деректер деменцияның өрбу қаупінің 60%-ға төмендеуін саламатты өмір салтымен ұштастырады) көз жұмады не зардап шегеді.
Жақсы өмір салтына әдеттену үшін өзімізге мотивация беретін дұрыс жолды табу да оңай емес. Дегенмен қолымыздағы азды-көпті мәлімет іске асқан әдістер туралы. Өмір салтын жақсы жағына сәтті өзгерте алған адамдарға ортақ бірнеше фактор бар: олар 6 көрсеткіш бойынша «нормаға» қол жеткізеді.
Бұл – біз қанағаттанатын денсаулық көрсеткіштері немесе тән саулығы мен бақуаттылыққа қатысты «қалыпты» деп есептейтін термин.* Ең саламатты тән – осы беттің төменгі жағында берілген 6 негізгі көрсеткіштегі мақсаттарға сай келетін тән. Сол себепті зор денсаулық барометрі «6 норма + 2» формуласы, яғни осы 6 көрсеткіш пен тағы 2 факторға: терапевт дәрігерге уақтылы қаралуға және екпелердің күшінде екеніне көз жеткізуге сүйенеді.
Олар технологияларды пайдаланады. Маркет-плейсте денсаулығыңыз бойынша шынайы уақытта ақпарат беретін трекерлер толып тұр. Қадамдар, белсенді болған минуттар, жүрек қағысы, калория, ұйқы сапасы сияқты көрсеткіштерді қадағалап отыра аласыз. Бұлар сізге осы мақсаттарға жетуге көмектеседі. Жаттықтырушы нұсқауымен қолдансаңыз құба-құп.
Олар қаржылық ынталандыруларды пайдаланады. Бұл – адамның негізгі реакциясы: елеулі қаржылық ынталандыру қашанда мінез-құлықты өзгертудің қозғаушы күші болған. Осы ынталандыруларды жасаудағы үлкен ауыртпалық денсаулығын күтетін не түзейтін қызметкерлерді үкімет пен кәсіпорындар қалай ынталандыратынына келіп тіреледі. Денсаулықты жақсарту арқылы қаржылық жағдайыңызды түзейсіз. Медициналық шығындар азайып, жұмыс өнімділігіңіз артады, мансаптық жолыңыз да ұзарады және пандемиялық ауруларға ұшыраймын деп те аса алаңдамайсыз.
Олардың бір не бірнеше досы бар. Сізге ортақ мақсатқа жетуде бір-бірін қолдайтын адамдар қауымынан тұратын өз экожүйеңіз керек. Ол бір адам, шағын топ не бір мақсатты діттеген үлкен қауым болуы мүмкін. Көбіміз сауығуға барар жолда осындай қолдаушылардың кейбір комбинацияларын көреміз. Мінез-құлықты өзгерту жолында бір немесе бірнеше жолдастың болуы табыстылыққа көбірек меңзейді.
Олар маңызды ұсақ-түйекке мән береді. Питер Линнеман жақсы формада болды, операция алдында сауықтыру жаттығуымен айналысты. Операциядан кейін де тоқтатпады. Нәтижесінде тез, құлан-таза сауығып кете алды. Питердің физиотерапевті келесі сценарий көп пациентке тән дейді: олар операцияға әлсіз күйде жатады және кейінгі сауықтыруға мән бермейді. Маңызды емес деген оймен қолдарын бір сілтейді. Көбіміз денсаулығымызға осылай қараймыз: майда-шүйдеге бас ауыртып қайтемін? Бұл соншалықты маңызды ма? Иә! Кішкентай шешімдер жинала береді, ұзақ өмір сүрген сайын тіпті көбейе береді.
Ғылым сізге жұмақ бағын – ұзақ өмір мен ұзақ жастық шақ, тіпті одан да жақсысы – жасөспірім шақтың ұзару мүмкіндігін ұсынғалы жатыр. Бірақ оны пайдалану өзіңізге байланысты.
Майкл Ройзен, м.ғ.д, Кливленд клиникасында саламатты өмір салты бойынша құрметті бас маман, Кес Уестерн Резерв ун-ті Лернер медициналық колледжінің Кливленд клиникасында профессор, New York Times № 1 атаған 4 бестселлердің авторы.
*Зор денсаулықтың 6 көрсеткіші
Ұзақ өмір сүруге әсер ететін оңтайлы денсаулықтың алты негізгі көрсеткіші:
Ескерту: Осы және өзге де қызықты материалдарды National Geographic журналының қазан айындағы санынан оқи аласыздар.
Нәресте күніміздегі алғашқы сезім – басқалардың жаныңды тыныштандыратын аялауы. Қазір зерттеушілер құшақтасу мен қол алысудың денсаулық пен адами болмысымыз үшін қаншалықты маңызды екенін анықтауда.
2018 жылдың қыркүйек айының түстен кейінгі бір мезгілі еді. Солтүстік-каролиналық Брендон Прествуд есімді азамат өнеркәсіптік конвейер лентасы сол жақ білегі мен қол ұшын бытшыт қылған өндірістегі оқыс жайттан 6 жыл өткенде, зайыбының алдында не күлерін, не жыларын білмейтін жүйке жұқартарлық күтуге толы ерекше күрделі күй кешіп тұрды. Прествудтер отбасының айналасына жиналған шағын топ ішінде біреу қызықты көріністі бейнетаспаға түсіру үшін ұялы телефонын көтерді: көрікті әйел және шынтағынан саусақ ұштарына дейін ақ протез таққан сақалды жігіт, оның жейдесінің астында иығына қарай қойылған үстел электр құрылғысынан сымдар тарайды.
Прествудтің денесі тері арқылы, яғни протез емес, тікелей мағынасында денесінің өзі осы сәтте желіге қосылып тұр. Невролог, терапевт, психолог және биомедицина инженерлерінің халықаралық желісі жүзеге асырған өршіл сынақтар сериясы аясында Прествуд Кливлендтің Кейс Уестерн Резерв университеті хирургтеріне сол қолының шетіне тілік жасап, титімдей электр өткізгіштерді жүйке талшығы мен бұлшықеттерге жалғауға рұқсат берді. Хирургтер осыдан кейін инежіптей қырық сегіз сымды қолының ішімен және иығы арқылы өткізді. Артынша оларды жауып тұрған жамауды шешкен сайын Прествуд терісінен сымдардың қылтиып тұрғанын көре алатын. «Иә, солай, бұлар сым, – дейтін Прествуд өз-өзіне, – қолымнан шығып тұрған сым».
Ол зерттеушілер эксперименталдық қол протезін – ішінде қозғалтқыштары бар және саусақтары датчиктермен жарақталған жаңа буын протезін тағуды үйретуі үшін Кливлендке бірнеше ай тұрақты түрде барып келіп жүрді. Бұл құрылғылар сауықтыру сарапшыларының үлкен қызығушылығын оятты. Бірақ Кейс Уестерн Резерв тобының діттегені жаңа протездер қамтамасыз ететін жетілдірілген басқару функциясы ғана емес еді. Зерттеушілерді расымен еліктірген нәрсе – әр жолы Прествудті зертханада отырғызып, сымдарын компьютерге қосқан кездегі адамның сезіну күйін бақылау болды.
Өйткені бұл терінің, жүйкелер мен мидың таңғалдырар күрделі әрекеттесуі: соны түсіну, өлшеу және адами деңгейде қайта сезінту. Мұны сипаттау аса ғылыми тәсіл болмаса да, Брендон Прествуд соның жарқын мысалы.
Сенсорлық қалына келтіру зертханасында зерттеушілер Брендонды сынақтардан өткізіп жатқанда үміт отын жаққан нәрселер де болды, айталық Прествуд протез қолымен пенопласт блокты қысқан кезде, ол пенопластқа қысым түсіргенін сезді. Байланыс бар. Жоқ саусақтарынан шаншуды сезінгендей болды.
Эми Прествуд Кливлендтегі зертханалық тәжірибелер кезінде күйеуінің қасында бола алмады. Тек қыркүйектің сол бір күні түстен кейін, Мэрилендтегі зерттеу симпозиумына барған кезінде ғана иығына сымдармен жалғанған эксперименталдық протез киген Брэндон екеуі қол жетер жерде қатар тұрды. Сол видео Брендонның телефонында сақталған. Ол жерден бар көретініңіз: үлкен бөлмеде бір-біріне қарап тұрған екі адам, бірінші рет билейін деп тұрған жасөспірімдердей сенімсіз, ебедейсіз қалыпта. Брендон аяқтарына, протез саусақтарына қарап езу тартады. Ол зақым алмаған оң қолымен Эмиге сол қолын нұсқайды: «Бермен кел».
Адамның сезінуі туралы кеңейіп келе жатқан ғылыми әдебиет қазір ғылыми деректерге, келешек бойынша пайым-парасат және фантастикалық ұсыныстарға бай – бірақ осы видеода мен сипаттағым келіп тұрған төрт секундтық бір бөлік бар: Эмидің саусақтарымен Брендонның протез қолының айналасын ұстаған сәті. Брендонның басы селк етіп, көздері бақырайып кетті. Аузы ашылып қалды. Эми оған қарап тұр, бірақ Брендон анық ештеңе көрмеген күйі тіп-тік қадалып қалған. «Мен сезіне алдым, – деді ол маған, – мен кері байланысты сездім. Оған қолым тигенін сездім. Көзімнен жас ақты. Ол да жылады деп ойлаймын».
Эми де жылаған еді. Ол маған видеоны көрсеткен күні біз пандемияның қақ ортасында отырған едік: Жер бетінде адамдар бір-біріне қалай жақындауды, қашықтықты қалай қысқартуды, қалай жанасуды түсінуге тырысып жатқан мезгіл еді.
Бәлкім пандемияда душ пердесі немесе ілмелі целлофан арқылы құшақтасып жатқан адамдардың суреті есіңізге түсер. Мына журналда ерекше жан тебірентер сәт жарияланған: кір ілетін жіпке қыстырылған мөлдір түсті мата; арасын перде бөлген анасы мен қызы бірнеше айдан кейін алғаш рет құшақтасуда. Мұндай сәттегі күй мен сезімді білемін: өз қызым да кесел індет кесірінен артқы аула арқылы қашықтан жүздесулер кезінде осыған ұқсас нәрсе жасаған. Сол құшақтасудың мейірімін әлі ұмытпаймын. Иә, кедергі арқылы. Әлсіз, сырғанақ. Пластмассадай. Тоқырау деп ойларсыз. Бірақ Ливерпульдегі Джон Мур университетінің нейроғалымы Фрэнсис МакГлоун айтқандай, менің «қажеттілік жағдайым» оны байқайтындай өте жоғары еді. «Ол дәрумен жетіспеушілігіне ұқсайды, – дейді МакГлоун, – қайтадан қуат алуыңыз керек».
Қазір неврологтер мен психологтердің көбіміз үшін интуитивті түрде анық деп көрінетін нәрсені түсіндірер биологиялық маркерлері бар: көп адамға деннің саулығы үшін басқалардың қасында болғаны, жан тыныштандырар жанасуы қажет. Мына академиялық сипатта естілетін сөздерге мән беріңіз:
Жанасу әлеуметтік әрекеттесудің фундаменталдық аспектісі болып саналады және ол адам баласының фундаменталдық қажеттілігі… Әлеуметтік жанасу күйзеліс жағдайында жанасуды қабылдаушы адамды тыныштандырады…, мидың қауіп-қатермен байланысты бөліктерінің белсенділігін түсіреді.., жүйке жүйесіндегі күйзеліс жолының іске қосылуына ықпал етуі мүмкін, күйзеліс гармондарын азайтады … Оның гипоталамуста шығарылатын нейропептид – окситоцин бөлінуіне ықпал ететіні анықталды… Окситоциннің жоғары деңгейде болуы сенімнің жоғары болуымен, ынтымақтастықты мінез-құлық, бейтаныстармен араласу, басқаларыдың эмоцияларын әлдеқайда тиімді түрде түсіну және конфликтілерді конструктивті түрде шешумен байланыстырылады. Бұл федералдық сот процесіндегі адамды жалғыз қамауға қарсы шағымнан алынған. Калифорния түрмесіндегі қамаудағылардың атынан шағымды көтерген заңгерлер түрменің көп жыл бойына қамалғандарды оқшаулап ұстау тәжірибесі конституцияға сәйкес келмейтін, қатал және әдеттен тыс жазалау екенін уәж етіп дауласты. Бейбіт келісімнің егжей-тегжейлі деректері әлі де сотта талқылануда. Берклидегі Калифорния университетінің психология профессоры Дэкер Келтнер жазған сарапшы есебі осындай. Ол жанасу ғылымы бойынша дәріс беріп, осы саладағы зерттеулерге жетекшілік етіп келе жатқанына 15 жылдан асқан. «Бұл біздің әлеуметтік байланысымыздың ең ежелгі және негізгі тілі деп те айтуға болады», – деді ол маған.
Ол ең ежелгі эволюция дегенде мына нәрсені айтқысы келеді: адам баласы сөйлеп үйренгенге дейін, ғылыми мақалаларда жазылғанындай, «тактильдік коммуникацияны» пайдаланған. Жекелей алғанда ең бастапқысы мынадай: жанасу – бұл іштегі нәрестенің алғашқы қабылдайтын сезімі. Нәрестенің дүниеге келгенде және келгеннен кейінгі бастапқы айлардағы ең маңызды әрі толық жетілген сезімі де осы.
Психологиядағы ең ықпалды және жанасу жөніндегі жаға ұстатар зерттеулердің бірінде балалар, дәлірегінде зертханалық маймыл балалары зерттеу объектісі болған. 1950 жылдардың аяғында Висконсин университетінде істейтін психолог Харри Харлоу жетекшілік еткен топ оларды бірі жалаң сымнан, екіншісі жұмсақ түкті матамен қапталған маймыл пішіндес екі суррогат қойылған торға оқшаулайды.
Харлоудың экспериментінде тек сымды суррогат қана сүт береді. Сәби макактар одан сүт ішіп, қарындары тойған соң немесе қорыққан кезде жұмсақ «анаға» жүгіріп, оны құшақтап қысып алатын болған.
Харлоудың интернет желісінде тарап кеткен ескі видеосы жаға ұстатады: Харлоу онда көрерменге байсалды қалыппен тордағы жалғыз бала маймылдың түкті матаға жабысқаны туралы әңгімелейді. Алайда осы психологтің сол кезде сорақы саналған бір айтпағы бар еді. Бала тәрбиесі бойынша осы дәуірдегі батыстық ықпалды тұлғалар балаға абсолютті керек деңгейден артық жанаспауға және нәрестелер мен кішкентай балаларды құшақтау және сүюді еркелетудің ескірген түрі деп қарауға кеңес береді (олар балаларыңыз әлсіз және тәуелді болып өседі әрі бұл санитарияға қарсы деген уәж айтатын).
Харлоудың маймылдармен эксперименті қазіргі адамдар үшін этикалық тұрғыда жиіркенішті, бірақ осы тәжірибелер – адамдардың жоғарыда айтылған абыройлы мамандардың қателескенін түсінуіне себеп болды. Макаканың балалары Харлоу «жанасу тыныштығы» деп атаған нәрсеге мұқтаж болғаны сондай, олар тұрақты азық көзін жұмсақ жанасуға айырбастаған.
Харлоудан кейінгі зерттеулер жанасу тыныштығының күші мен химиясын одан әрмен еселеп дәлелдей түсті. Терінің теріге дұрыс жанасуы сәбилердің денсаулығында да нақты жақсаруға әкеледі: жүрек қағысы, салмағы, инфекцияларға төзімділігі жақсарады. Нәрестелерге арналған инкубаторлар мерзімінен бұрын не салмағы жетіспей дүниеге келген сәбилерді қорғайтын стерильдік оқшаулау үшін жасалған, бірақ кей ауруханалар «кенгуру ана махаббаты» деп аталатын хаттамамен емдейді, ол бойынша шақалақ туа салысымен анасының жалаңаш көкірегіне қойылады және мүмкін болғанынша бірнеше сағат қатарынан сол жерде қалады. Анасының кеудесіне терісі тиіп жатқан сәбилерде омырау сүтімен тікелей тұрақты байланыс болады әрі ананың қорғаныш микроағзаларын сіңіре алады. Ауруханалық зерттеулер ана науқастанғанда немесе басқалай себеппен сәбиді ұзақ мерзім ұстай алмайтын жағдайда басқа бір ересек адам да кенгуру әдісімен уақытша алмастыра алатынын көрсетті. Ананың немесе әкенің, яки қажетті мейірімді түсінетін кез келген басқа адамның физикалық жылуы мен жанасуы жаңа туған шақалақтың өмірін сақтауға көмектеседі.
Тайлер – Брендон Прествуд және тағы 8 пациентпен жұмыс жүргізетін көппрофильді топтың жетекшісі. Бір жолы одан колледждегі инженер мамандығынан сезу органдарын қалпына келтіру тәжірибелеріне қалай келгенін сұрадым. Оның ойлы жауабы «Сайтан алғыр!» және «Сұмдық керемет» деген тіркестерді де қамтыды. Электринжиниринг – күшті! Нейрондық желілер де солай. Сайып келгенде нейрондық желілер дененің ішкі электрін қолданады; бұл – сигналдарды жоғары-төмен таситын электрлік импульстер. «Мен мидың құдіретіне тәнті болдым. Әлі күнге мініп жүрген машинамыз қалай жұмыс істейтініне таңданамын», – дейді Тайлер.
Нейроғылым мен инжинерияның түйісу тарихы терең. Мәселен, 1960 және 1970 жылдары ғалымдар сал ауруына шалдыққан адамдардың бұлшықеттерін белсендіру үшін операция әдісімен теріге орнатылған не жалғанған электрлік стимуляция мен электродтарды табысты қолдана бастады. Тайлердің 21 ғасырдағы параллель нейроинжинерия мәселесіне зайыбы, зейнеттегі эрготерапевт Джойстың пациенттермен ампутациядан кейінгі жұмысы назарын аудартты. Жанасу ше? Зерттеушілер жаңа технологияларды ауыспалы аяқ-қолға енгізе отырып, кейде пайдаланатын «шынайы дерлік» жақын күйде сезінуге қол жеткізе ала ма? Датчиктері бар протез имплантталған электродтармен бірге аяқ-қолының бірі ампутацияланған адамға құрылғы арқылы тірі дене бөлігіндей жанасу сезімін сезіндіре ала ма?
Кейс Уестерн Резерв және тағы 6 зерттеу орталығының зерттеулері сұрақтың жауабын «иә» дегенге келтіреді. «Мұның сынаққа қатысушының барлығына өзекті екенін анықтадық. Қандай сөздерді қолданасыз?» – деп сұрады Тайлер. «Болмашы шаншу». Әдеттегі сезілетіні. Көп жағдайда салыстыру мүмкіндігі жоқ. Бұл бұрын олар сезінген ешбір нәрсеге ұқсамайды». «Салқын су тамшысындай», – дейді бір пациент. Немесе бұл аяқ-қолыңыз ұйып қалғаннан кейін қайта қалпына келіп жатқандағы шаншуға ұқсайды. «Мен кейде тызылдау деген сөзді қолданамын, бірақ ол тым күшті, – деді Прествуд маған, – әлдекім тігін инесінің ұшымен терімді теспей, жай тигізіп тұрғандай».
Әрбір орталық импланттар мен протездердің өз комбинацияларын сынап көруде; Швецияның Чалмерс технологиялық университетінде істейтін инженер Макс Ортис Каталанның жетекшілігімен салынған суреттерде Чалмерс ғалымдары жасаған құрылғы бейнеленген. Негізгі идея мынадай: айталық, білегінен толық айырылған Прествуд сияқты ампутацияға ұшыраған пациенттің қол-аяғының қалған бөлігінде үзілген жүйкелер бар. Осы жүйкелер әлі де миға белгі жібере алады, ми оны пациенттің айырылып қалған қолаяғынан деп қабылдайды; бұл фантомдық аяқ-қолды сезіну себептерінің бірі болуы мүмкін.
Яғни бар гәп белгі беруді қалпына келтіруде тұр. Осы эксперименталдық протездерге орнатылған датчиктер беткі қабатпен жанасуды, айталық үстел үстіне тиген протез саусақ электр белгілеріне айналдырады. Ол деректерді компьютерге жібереді, компьютер мидың осы жанасуды дұрыс бөлікте қабылдауы үшін тітіркендірілуге тиіс жүйкелерді анықтайды (Сұқ саусақ? Бас бармақ? Неке жүзігі тағылған саусақтың екінші буыны?). Компьютер импульстарды пациенттің имплантталған сымдарымен электродқа жібереді, ол жоғарыдағы жүйкелерге биологиялық-электрлік импульстарды жібере отырып, көрсетілген жүйкені тітіркендіреді. Ғажап: сенсорлық ақпарат, мінсіз жағдайда дұрыс ақпарат миға қарай бет алады.
Автор: Синтия Горни, фото: Линн Джонсон
Мақаланың толық нұсқасын журналдың 2022 жылғы маусымдағы санынан оқи аласыз.
Халықаралық денсаулық сақтау, биомедицина және медициналық-демографиялық зерттеулер саласындағы маман Алмаз Шарман National Geographic оқырмандарына пандемия, ұзақ өмір сүру және болашақ мамандықтар жөніндегі өз пайымдарымен бөлісті
Дәстүрлі қытай медицинасында өте жоғары сұранысқа ие бұл қорқақ мақұлықтың дүниежүзіндегі заңсыз саудасы қызып тұр.
Хьюстондағы Техас балалар ауруханасында былтыр маусым айында кесар тілігі арқылы дүние келген Кейси Отто Хобелт. Ол туған кездегі плацентаның денеге бітуі (бала жолдасы жатыр бұлшықетіне жабысып өсетін ауру түрі) мәселесін шешу үшін 30 жастағы Лорен Дениске Хобелттің шұғыл түрде гистерэктомия жасауына тура келді.
Үнемі жаныңыздан табылатын, аналитикаға сүйенетін, сізге индивидуалді тұрғыда көңіл бөлетін медицина қандай?